1- жүргізуші Армысыздар бұл кештің қонақтары,
Халқымның әрқашан да қонақ – бағы!
2 – жүргізуші Армысыздар, ұстаздар, асыл жандар,
Шуақ болып көңілге шашылғандар!
Білім беріп біздерге талмай, тынбай,
Ғылым, ілім, оқуға шақырғандар!
1- жүргізуші: Аяулым, Бүгін бізде үлкен мереке. Бүгін ұстаздар қауымының төл мерекесі. Олай болса бүгінгі күн ұстаздарға арналмақ. Ұстаз - ұлағатты есім. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттерге күндей жарық береді.
Ақырын жүріп анық бас.
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деп Абай атамыз айтқандай, шәкірттерінің өзінен озғанын калаған ұстаздар қауымы, мерекелеріңіз құтты болсын!
2- жүргізуші: Денсаулықтарыңыз мықты болсын, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын, біздей шәкірттеріңіз көп болсын!
1- жүргізуші: Егер өткен күнге біраз шегінер болсақ, осыдан он бір жыл бұрын біз қолына әліппе ұстап, мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер едік. Ал бүгін..
2 – жүргізуші: Ал бүгін біз ер жетіп, ұясынан ұшқалы тұрған бала қыран тәрізді көкке самғауға дайын тұрмыз. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деген осы екен. Бүгінгі таңда біз 11 - сыныпты аяқтап, мектеппен қоштасқалы тұрған жас ұрпақпыз. Сондықтан бүгін біз 11 жыл бойы үздіксіз білім берген ұстаздарымызды құрметтеп, мерекелік кешімізді сол жандарға арнаймыз!
Екі жүргізуші бірге: «Мерекелеріңіз құтты болсын!»
Ән. Ұстазым. Идрисова Жанайым мен Сагынбекова Зейнеш
1-жүргіуші: Сен қалай ойлайсың, Аяулым? Менің ойымша, кез-келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі ұстаздық-өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.
2-жүргізуші: Нұрсұлтан, мен осы сөзің дәлелді бола түсу үшін мына жыр шумақтарын қосайын. Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы – деп ақын Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, біздің мектебімізде сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Әрине, ұстаз жүгі–ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
1-жүргізуші: Ендеше, Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,
Көңілді күндер тусын алдан әлі
Ән-шашу әсем әуен, түрлі өнер,
Бүгінгі күн сіздерге арналады.
Ұстаз туралы ән сіздерге арналады, аяулы ұстаздар, қабыл алыңыздар!
Алдарыңызда «Ұстазым менің» әнімен 5 сынып оқушылары Сивадилова Жұлдыз бен Шарымова Элмира
2-жүргізуші: Күллі өмірін жеткіншекке арнаған
Мұғалімді ардақтайды барша жан
Ол мектептен шықпаса да қыс- жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған
Бала десе ойламайды өз қамын
Көрсем дейді күнге де кол созғанын
Шәкірттерін өзінен де озғанын.
1- жүргізуші: Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.
2-жүргізуші: Нұрсұлтан екеуміз ұстаздар туралы нақыл сөздер айтып жарысып көрсек қайтеді?
1-жүргізуші: Ал ендеше баста.
2-жүргізуші: «Ұстаз болу-өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау»,
1-жүргізуші: «Ұстазға қарап шәкірт өседі»
2-жүргізуші: «Аспаз көрген ат таныр, ұстаз көрген хат таныр»
1-жүргізуші: «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла»
2-жүргізуші: «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы»
1-жүргізуші: Аяулым, екеуміз Ұстаз туралы қанша мақтау сөз айтсақ та тауыса алмаспыз. Ендеше, қымбатты ұстаздар, шәкірттеріңіздің өздеріңізге арналған өлең-шумақтарына кезек берелік.
Ақбота: Әр сабағың өтіп жатыр білінбей,
Перне басқан оркестрдің үніндей
Әр баланың жүрегіне жол тауып,
Тұрасың сен, дирижер боп күлімдей.
Әр сабаққа кіресің сен сыйынып,
Жыр оқисың нөсер болып құйылып
Қас-қабағын қалт жібермей шәкірттің,
Қарайсың-ау нұр жүзіне сүйсініп
Жалын атып, от боп, бірге жанасың,
Білім беріп, содан бақыт табасың
Бар өмірің өрнектеліп баламен,
Жасарып бір мәңгі жас боп қаласың.
Элмира: Мұғалім-ұстазысың балалардың,
Болашақ ғалымдардың, даналардың
Өмірде сенің алар орыныңды
Бәрі де жеткізе алмас бағалардың
Өткізіп өз алдыңнан талай бала,
Бойына құйдың ақыл , ой мен сана
Сарп етіп сан жылдық еңбегіңді,
Ақылшы, тәрбиеші, болдың аға
Атағым Алатаудай болып биік,
Тұрса да төбем өсіп көкке тиіп
Алдыңда әрқашанда тағзым етіп,
Тұрармын «Ұстазым!» деп басымды иіп.
Жұлдызай: Ең аяулы есім ғой «Ұстаз» деген,
Бар тіршілік бақытты ұстазбенен.
Ұстазды жеткізгенше мұратына
Білім іздеп лапылдап жаңа берем
Ұстаздың оттай ыстық алақаны,
Болған соң ойлайтыны-бала қамы
Баладан ұстазыма мың сан алғыс
Өйткені ол ұстазымның ақ арманы.
Дина: Ұстаз бізді білім беріп өсірген
Қатемізді әрқашанда кешірген
«Өмір жолы-қиын жол» деп әрдайым
Тәрбиелеп, ақылды ғып өсірген.
Анамдайсыз, менің асыл ұстазым,
Өтті бізбен көктем, күз, қыс, жазың
Жылдар бойы тәрбиелеп, аялап,
Болашаққа байтақ бір жол нұсқадың.
Есенгали: Ғұлама, білгіш ғалымнан
Оқушы жас жалыннан,
Мархабатты ойшылдан,
Мал өсірген қойшыдан,
Жазушыдан, ақыннан
Ғарышкерден – Батырдан
Өнері асқан актерден,
Ырыс қазған шахтерден,
Мың бұралған бишіден,
Ой тербеткен күйшіден,
Оқыған жас-кәріден
Оқушының бәрінен,
Ұстаздарға мың сәлем!
Жұлдыз: Білімнің кілтіндей “Әліппе” ұстатқан,
Оқуға іркілмей Тоқуға ұстартқан.
Қамқоры ұл, қыздың – Мұғалім – ол біздің.
Қиынға төзуге үйреткен қашанда,
Жаманнан безуге, Жақсылық жасауға.
Қамқоры ұл, қыздың – Мұғалім – ол біздің.
Бексұлтан: Жүресің құйып санама
Біз үшін сенсің, мұғалім,
Ұстаз да, ғалым, дана да.
Қыр-сырын зерттеп заманның,
Ұлылығын айтып бабамның
Өнеге, өріс беретін
Барометрі сенсің адамның.
Сағыныш сазы толқытқан,
Арнамақ сөздің мәйегін.
Шәкірттерің оқытқан
Келіп тұр жолдап сәлемін!
Мадина: Даналықтың ұстаз боп жалғап ісін,
Еңбек еттің балауса арман үшін.
Сен - ертеңгі бәйтерек болашақтың
Бүгінгі күн тер төккен бағбанысың.
Таныдың да мінезін әр баланың,
Ұштай түстің ұл - қыздың арман - әнін.
Шәкіртіңнің болашақ биігінің
Іргетасын алдымен сен қаладың.
Парыз жүктеп қыз бенен сенімі ұлдың,
Армандарын ақ қанат сен ұғындың.
Мұңайса да, қамықса бала жаны,
Шипагері екен деп сені білдім.
Нұрбек: Болмысыңмен осындай дараландың,
Асқақтығын ұқтырып балаға ардың.
Сен өйткені осынау мамандықты
Жүрегіңмен әу баста қалап алдың.
Болса кейде сабақ пен дәптерде мін,
Кейде ақталмай жатса да төккен терің.
Кешіріммен қарадың шәкіртіңе,
Жөн сілтедің, бірақ та жек көрмедің.
Берсең әділ беріп ең бағасын да,
Түскен сайын шәкірт боп бала сынға.
Жүректерге тәліммен із қалдырып,
Сен мыңдардың жүресің санасында.
Мерген: Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиеті бас иелік мәңгілік!
1 жүргізуші: «Ұстаз» ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.
2-жүргізуші: Ұстаз-шәкірт алдында сыйлы адам. Ұстаз жайлы айтылар сыр да, жыр да көп. Ұстаз сенімін ақтау-адамгершіліктің белгісі. Мұғалімнің жүрегі соғып тұруы үшін: жауаптылық, қажырлылық,, білімділік, жүректілік, сүйіспеншілік, сабырлылық керек екен.
2-жүргізуші: Асыға сәлем жолдап жүректен біз
Бірге өсіп ен жайлаған ұл менен қыз,
Тәтті күй, асқақ ән мен әсем биді,
Сіздерге тарту етіп ұсынамыз,- дей келе алдарыңызда 5 сыныптың мың бұралған биші қыздарды ортаға шақырамыз.
1- жүргізуші: Қазақта жақсы сөз бар, «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген, ендеше сахна төрінен ұстаздар өмірінен аздап әзілге орын берсек.
2-жүргізуші: Әзіл – қалжың отауы. ҰСТАЗДАР ӨМІРІНЕН.
Мұғалімдер кім болуды армандайды?
Мұғалімдер әсте әртіс, жазушы, сот, бастық, сылақшы, майлаушы, немесе еден сыпырушы болуды армандамайды. Өйткені:
-Әр мұғалімнің жұмыс бөлмесі, отыратын жұмыс үстелі, қармағында 9-10 оқушысы бар, кішігірім бастық емес пе? Ашса алақанында, жұмса жұдырығында, – дегендей ұрыс, төбелес жөніндегі бала мен ата-ана дауын да бір өзі шешіп отырады.
-Әр мұғалім өз сабағының шебері, яки режиссері, көбінесе басты рөлде де өзі ойнайды. Әртіс демей көр, кәне. Көпшілік көрініске де өзі қатысады.
-Бір тыным жоқ. Кабинет тазалығы да өз мойнында. Демек, майлаушы да өзі, сылаушы да өзі. Безендіруші де өзі.
-Жазушыларға келер болсақ, тіпті кейбір жазушыларыңыз да, мұғалім құсап күнде жазуға отырмас.
-Соңғы кезде бухгалтер мен кассир де өздері.
Ұстаздарымыз сан алуан қосымша мамандықтар меңгеруде. Ендеше қай мекемеге қандай мамандық иесі өте зәру болса, 2-3 айлық жазғы демалыс кезінде біздің ұстаздарды шақыруларыңызға болады.
Ән: «Ұстазым менің ұстазым» хормен барлығы айтады.
2 -жүргізуші: Нұрсұлтан, Мұғалімдер бізден емтихан алғанды жақсы көреді, осы сәтті пайдаланып, біз де ұстаздарымыздан сынақ алып көрсек қайтеді?
1-жүргізуші: Сен сонда ұстаздарымызбен орнымызды ауыстырып көрсек қайтеді дегің кеп тұр ма?
2-жүргізуші: Иә, иә, тура солай, бүгін ұстаздар оқушы болсын, біз мұғалім болып емтихан алып көрейік.
1-жүргізуші:-Ендеше тыныштық сақтаңыздар! Мұғалімдерге арналған емтиханымызды бастаймыз. /Мұғалімдерге шарлар үлестіріледі. Әр шардың ішінде сұрақтар бар. Мұғалімдер шарды жарып, сұрақтарға жауап беруі керек/.
Сұрақтар:
1. Домбырада – жетеу, сырнайда – алтау, қобызда бесеу. Бұл не? /әріп/
2. Бұл санда қанша әріп бар болса, сонша сан бар. Ол қай сан? /Жүз/
3. Жел соққанда тау ық бола ма? /Ық болады/
4. Теңізде қандай тас болмайды? /Құрғақ/
5. Ертістің ортасында не бар? /Т әріпі/
6. Өзі судан шығады, бірақ судан қорқады. Бұл не? /Тұз/
1-жүргізуші: Енді, ұстаздар, кезек-кезек билет алыңыздар. Сол билеттегі сұрақтарға дұрыс жауап берулеріңізді сұраймыз.
№1 билет. Сыныпта сіз үшін ең сүйікті оқушы болу керек пе?
№2 билет. Сабақта ұйықтап қалған оқушыны оятасыз ба?
№3 билет. Сабаққа жиі кешігіп келесіз бе?
№4 билет. Ата-аналарға балалардың тәртібі туралы хат жазасыз ба?
№5 билет. Сабақта анекдот айтқан кезіңіз болды ма?
№6 билет. Түрік сериалдарын үзбей көресіз бе?
№7 билет. Ватсапқа аптасына неше рет кіресіз?
№8 билет. Сіздің ең жақын досыңыз бар ма?
№9 билет. Бір ән орындап беруіңізді сұраймыз.
№10 билет. «2» деген бағаны алып көрдіңіз бе? я болса, не үшін?
2-жүргізуші:Көп рахмет сіздерге, ұстаздар! Барлығыңыз да емтиханнан сүрінбей өттіңіздер.
1-жүргізуші:Жақсы жандар жанымызда әрқашан
Ұлағатты сөзін биік ұстаған
Ардақты ұстаз асыл анаң секілді
Тәрбиелейді балапандай жасыңнан
2-жүргізуші: Ұстаз мейірі-Ана мейірімі пара-пар,
Тұла бойға қуат болып таралар
Көп жасаңдар бұл өмірде шуақ боп,
Айналайын білім берген ұстаздар.
1-жүргізуші: Ұстаз мектепте ұстаз болса, отбасында ол - аяулы ана. Осы ән сіздерге арналады, аяулы ұстаз-аналар! «Ұстазым менің» әнімен 5 сынып оқушылары Оразалы Дина мен Шахмашова Ақбота
2-жүргізуші: Білесіңдер ме, достар, ұстаз деген қанша мамандықтың иесі екенін?
1-жүргізуші: Оны санау қиын шығар, бірақ ұстаз, ең алдымен, шәкіртіне бағыт беретін педагог, оның ойын тыңдайтын психолог, оқушыға сабақ түсіндіргенде кейде актер де, әнші де, тіпті биші де болады емес пе?
2-жүргізуші:: - Биші, ол да мүмкін бе? Негізі, мен ұстаздардың билегенін көрмеппін, ұстаздар көзге қатал болып көрінеді емес пе?
1-жүргізуші:: Ендеше, көрмесең, байқап көр. Қазір сахнаға біздің сыныптас жолдастарымыз «Твист» биімен шығады. Ал ұстаздарымыз оқушыларды қолдап, бірге билейді.
2-жүргізуші:: А - а - а, сонда ұстаздар өз заманында болған мектептегі дискотеканы бір есіне түсіреді десеңші.
1-жүргізуші:: Ендеше, тамашалайық. «ТВИСТ» биі.
2- жүргізуші: Қадіріңді кезінде
Білмепті ғой ұланың.
Қазір әрбір сөзіңе,
Елеңдейді құлағым.
Бірдей етіп ұстадың.
Демей бізге бөтенсің.
Кейде акылын ұстаздың,
Сағынады екенсің.
Сол ұстазға жаны нұр,
Демек үлкен адаммын.
Есейсек де бәрі бір,
Баяғы шәкірт, балаңмын-деп қанша есейіп кетсек біз сіздерді ешқашан ұмытпаймыз.
1-жүргізуші: Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздар сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
/Көңілді күй, сахнаға оқушылар шығады, олар ұстаздарға біркелкі бас иеді/
Ән: «Ұстазым бір өзіне арнадым ән»