«ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН БАЛАЛАРҒА АРНАЙМЫН»
Менің ұстанымым:
«Жүректен шыққан жылы сөз, жан жылуын жылытар».
Сара Алпысқызы Назарбаева 1992 жылы өсіп келе жатқан ұрпақтың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етумен байланысты мәселелерді шешетін, балаларға адамгершілік-рухани білім мен тәрбие беруде қоғамға нақты көмек көрсететін «Бөбек» атты республикалық балалар қайырымдылық қорының негізін қалады.
Қазақстан Республикасының «Бөбек» қоры жобасының негізгі идеясы, болашақ жас ұрпақты жалпы адамзаттық құндылықтарды салт-дәстүрді құрметтеуге жеке тұлғаның үйлесімді дамуын қамтамасыз етуге, нарықтық ала-сапыран заманда бүгінгі күн талабына сай жауап бере алатын, жаңаша ойлай білетін, ішкі жан дүниесі рухани бай адамгершілігі мол қасиеттерге толы жас ұрпақты тәрбиелеу болып табылады. С. А. Назарбаеваның бастамасымен негізі қаланған рухани – адамгершілік білім беру жобасы «Өзін – өзі тану» пәні балалардың болашаққа деген жарқын, асыл армандарға жетелеуін, қоршаған әлемді тереңірек білуде негізгі өмірді шынайы көңіл – күйде дұрыс шешім қабылдауға көмектесуге бағытталған. Бүгінгі күнде бұл жоба еліміздің барлық мектептерінде жүзеге асып, нәтижелі түрде өз жалғасын табуда.
«Өзін-өзі тану» пәні мектеп бағдарламасына енгізілгеннен кейін ондағы негізгі идеяны түсініп, толық қабылдап өз еркіммен ынта білдіріп, сабақ бере бастадым.
Бала – кең әлемдегі ең пәк, ең таза асыл жан. Оның ойының тазалығы, арының тазалығы оны қоршаған ортаға байланысты болмақ. Бала осы ортаны қалай қабылдап, танып білсе, оның алдынан кең әлемнің есігі де солай ашылмақ. Бүкіл ел болып егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскерлі, жігерлі де батыл, өзіне – өзі сенімді, толеранттық және интеллектуалдық дүниетанымдық деңгейі биік өмірге деген көзқарасы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеу барысында мен үшін «Өзін – өзі тану» пәнінің алатын орны ерекше деп толық айта аламын. Әр сабағымда оқушыларымның бойына рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптері мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға тырысамын.
Оқушылардың жас ерекшелігіне сай арнайы бекітілген өзін–өзі тану бағдарламасының тақырыптарын меңгеру барысында шытырман өмірмен тығыз байланысқан қисынды жағдаяттарды толеранттық яғни адамгершілік амалдарының жолымен шешу мәселелерін қарастырып өзара талқылау, сараптау барысында балалар мен олардың ата – аналары жақсы мен жаманды айқын түрде айырып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп өз бетінше ой қорытып, нәтижелі қорытынды жасауды тырысып бағады.
Шынайы өмірде балалармен бірге қиялға беріліп, болашақ туралы ойлану, армандау, тілек тілеу, жақсылық пен жамандық туралы, табиғат пен өз денсаулығына қамқор болуды және ата-баба дәстүрін бойға сіңіре отырып, адамдардың өмірін жақсарту жөнінде ойлану үрдістері бала мен ата – ананы мұғалімді де еріксіз бір жетекке алғандай. Берілген тақырыптарды оқып үйрену барысында адам баласының жүрегінде ерекше сезімдер еріксіз ояна бастайды. Оқушылардың бойынан күнделікті өмірде шынайы қуана білу мен қатар қуаныш сезімдерін жүрегімен сезе білу қабілеттері де жетіледі. Өмір сүруге деген құлшынысы армандаған тілектері мен ниеттері айқындала түсіп, қоршаған ортаға деген көзқаратары мүлде өзгереді. Оқушылар бір-бірімен адами дұрыс қарым -қатынас жасаудың негіздерін үйреніп қана қоймай, өз бойларынан адамгершілік құндылықтарын ұштай бастайды. Оқушылар күнделікті өмірде кездесетін кикілжің жағдаяттарды шешу кезінде толераннтық қарым-қатынас жасаудың негізін басшылыққа ала отырып, бейбіт жолымен шешудің тиімді жолдарын іздестіріп, татулық, бірлік келісімдікті сақтауға тырысады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың айтуы бойынша “Қазақстанның болашағы жас ұрпақтың қолында. Ал, жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында”. Сондықтан мұғалімнің жүрек жылуын балаларға риясыз таратуының нәтижесінде әр оқушының жүрегінде жылы сезімнің ізі қалады деген үміттемін. Осыған орай өз әдістемелік тәжірибемде «Адам болам десеңіз...» атты тақырыпты әрқашан басты назарда ұстап, бастауыш сынып мұғалімі ретінде күнделікті білім беру барысында «Өзін – өзі тану» пәнін басқа да пәндермен тығыз байланыстыра отырып, баланың ашылуына, оның жеке басына ғана тән құнды қасиеттерінің дамуына жағдай жасап, өзіне деген сенімін арттырып, өзінің жасаған қылықтарына деген жауапкершілік сезімдерінің пайда болуына ықпал етіп, шешімін таба алмай жүрген және іштей оны күйзелтетін сұрақтардың жауаптарын табуға жол сілтеп, оқушының жан досына айналу мен үшін керемет сезімдердің бірі деп санаймын. Өзін-өзі тану пәнінің адам баласына беретін қасиеті мен құндылықтарын тани отырып, өз жеке басымның балалар мен өмірге деген көзқарасым өзгергенін сезінемін.
Жүрек жылуынан шыққан мейірім тек балалық сезіммен ғана қалып қоймай, өмірлік жолыңда жалғасын таба білсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Өсіп келе жатқан жас жеткіншекке ата – ана мен Отан алдындағы борышы жайында адалдық, ар-намыс әдептілік, мейірімділік сияқты рухани - адамгершілік құндылықтарын баланың жас жүрегіне тек қана жүректен шыққан жылы сөз арқылы ұялатуға тырысамын. Жүрегімнен шыққан әр бір жылы сөз бен жылы сезім тек қана баланың емес, оған үлгі болатын өмір жолында басты ұстазы болатын ата – анасының да жүрегінде рухани-адамгершілік қуаттың оянуына да негіз бола алады деп есептеймін.
«Өзін-өзі тану» пәнінің балаларға, ата-аналарға, ұстаздарға берер көмегі зор, бүкіл адамзатқа өзінің жүрегінің жылуын сыйлап, өмірге деген жақсы көзқарасын оятып, бір-біріне деген қарым – қатынастарын жақсартып, өмірдің дұрыс жолына бағыттаған, адамның рухани жан дүниесін байытып, көкірек көзін ашуға көп көмегін тигізіп отырған ұстаздарға ризашылығымды білдіремін.
Иманкулова Ш. А, бастауыш сынып мұғалімі
«Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №1 мектеп-лицей» ММ
2018 жыл