Сабақтың тақырыбы: «Ана – сарқылмайтын күш»
Сабақтың мақсаты:
Аналар мерекесі қарсаңында оқушыларға ақын-жазушылар өз шығармашылығында аналар бейнесін қалай сомдай білгенін меңгерту және қазақтың әулие аналары мен батыр қыздарын еске түсіру арқылы оқушы білімін нығайту.
Ақын-жазушылардың аналар образын ашудағы сөз қолданыстары: көркемдегіш, бейнелі сөздерге назар аударту арқылы оқушының сөз байлығын дамытып, өз ойларын еркін де шебер жеткізе білуге дағдыландыру.
Бар адамзат анасына сүйіспеншілігін ояту. Ананың еңбегін ақтауға, ардақтауға, анаға деген махаббаттарын берік ұстауға, ананы үлгі тұтып, әрқашанда сыйлай да аялай білуге және көркем де сыпайы сөйлеп шығармашылық қабілеттерін аша білуге баулу.
Сабақтың түрі: Аралас.
Сабақтың әдісі: Мәнерлеп өлеңдер оқу, талдау, ән айту, компьютерлік көмек.
Көрнекіліктер: Ана туралы нақыл сөздері бар плакаттар, гүл, шар,музыка, компьютер
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі:
Оқушыларды тәрбие сағатының мақсатымен таныстырып, сабаққа даярлау.
ІІ. Кіріспе бөлім: (слайдпен жұмыс.)
Құрметті оқушылар, ұстаздар, ата-аналар! Міне, көктемнің алғашқы мерекесі – х/а әйелдер күні де келіп жетті. Бұл күні адамдар да, тіпті табиғаттың өзі де аналарымызды даңққа бөлеп тұрған тәрізді. Көктемнің алғашқы айында қар әлі кетпесе де, біздің көңілімізді көктемнің алғашқы мерекесі жылытары сөзсіз.
Адам бойындағы барлық жақсы қасиет күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған. Сондықтан да алдағы мереке барлығымызға құтты болсын дей келе, қазақ әдебиетінде орны ерекше ақын-жазушыларымыздың шығармаларындағы ана тақырыбын ашып, ана махаббаты мен анаға деген махаббаттың қаншалықты екенін бүгінгі «Ана – сарқылмайтын күш» атты тәрбие сағатымызда ашу.
АНА. Бұл сөз әрбір халықтың тілінде бар. Барлық тілде бұл қасиетті сөз нәзік, мейірімді, жылы естіледі. Ананы жырлаймын деп тебіренбеген ақын, ана бейнесін мүсіндеймін деп ойға батпаған суретші, қалам сермемеген жазушы жоқ шығар. ендеше, кезекті қазақ жерін мекендеген адамзатқа тіршілік берген аналарымыздан бастайық.
ІІІ. Жалпы қазақ әдебиеті өз бастауын х/а әдебиетінен алған.
Ауыз әдебиетіндегі батырлар жырлары мен ғашықтық жырларда кездесетін, бізге үлгі боларлық қандай аналарды білесіңдер?
Құдіреті жыр тудырған аналар
Кім екен бұл Қыз Жібек пе, Баян ба?
Әлде ару Қарлыға ма, Құртқа ма?
Әлде гүл ме өсіп тұрған даламда?
Кім болса да, періште ғой ғажайып,
Әттен, шіркін, кетпесе екен азайып! – дегендей,
аты аталған аруларымызбен қоса Ақжүніс, Айсұлу, Айман-Шолпан сынды аналарымызды айта аламын.
ІҮ. - Тарихымызда өздерінің ерекше қасиеттерімен ойып орын алатын қазақтың қандай
әулие аналарын білесіңдер?
Айша бибі әулие – халық аңызы бойынша Зеңгі бабаның қызы. Берік махаббаттың, қайсарлық пен өжеттіктің рәмізді бейнесі. Кесенесі Тараз қаласында.
Қарашаш ана – перзентке зар әйелдер мен ерлі-зайыптылар ынтымағын дәнекерлеуші, бәле-жала, өсектен арашалаушы. Қожа Ахмет әулиенің анасы. Кесенесі Сайрамда қаласында.
Елімізді, жерімізді сыртқы жаудан қорғауда ерен ерлік көрсетіп, аттары аңызға айналған батыр қыздардан кімдерді білесіңдер?
Томирис – патша болған әйел.
Айбике – Бұланбай батырдың жары. Айтолқын – Абылай ханның қызы.
Бопай – Кенесарының қарындасы. Гауһар – Малайсары батырдың қарындасы.
Назым – Қабанбай батырдың қызы.
Мәншүк, Әлия – ҰОС қатысқан Кеңес Одағының батырлары.
Ләззат пен Сабира – 1986 ж. Желтоқсан оқиғасында қайсарлықтарымен танымал батыр қыздар.
Ү. Әдебиетіміздегі келесі кезеңдердің бірі – ХХ ғасырдың бірінші жартысы. Бұл кезеңде өз өлеңдеріне тарихи шындықты арқау еткені үшін қамауға алынып, жазықсыз құрбан болған арыстарымыз – қоғам қайраткерлері ана тақырыбынан тыс қалған жоқ.
Осыған байланысты туған кімдердің, қандай өлеңдерін білесіңдер? Анаға деген сағыныш қалай суреттеледі?
Ахмет Байтұрсыновтың «Анаға хат» өлеңінде
Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді хақ тағалам?
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбым жоқ,
Өкімет өр зорлыққа не бар шараң?! –
деп, анаға деген үлкен махаббаты мен зор сағынышын жеткізеді.
... Тәңірі ием, өзің алшы панаңа,
Тас бауырлар зарға құлақ сала ма?
Баласынан тұтқын болып сарғайған
Кім жеткізер сәлемімді анама?
Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даланы сағындым.
«Қарашығым, құлыным!» - деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым!- деп, анаға деген шексіз сағынышын білдіреді.
Және де «Анама» атты өлеңінде:
Жаным анам – жібек тілді, ақ көңіл
Жазу болып, шегер болсам ұзын жол.
Шет жерлерде теріс жолдан сақтарға
Жан балаңа ақ батаңды бере гөр!.. – деп жібектей нәзік сөздерімен ананың ақ батасын тілейді.
Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын?
- Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын.
Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
- Сендер қайтып келсеңдер адам болып,
Еш арманым болмас еді өлгенімше... – деп ананың балағы деген сағынышын, қамқорлығын әдемі жеткізіп, анаға құрмет көрсету – адам баласының парызы екенін терең түсіндіреді.
ҮІ. - ХХғ. Орта шенінде соғыс жылдарына арнап жазылған шығармалардан да ананың балаға, баланың анаға деген сағыныштарын байқауға боларлық туындылар молынан ұшырасады. Бізге таныс қандай шығармаларды білесіңдер?
Өмірге рух себуші, тіршілік иесі ананың қоғамдағы рөлі Ғабит Мүсіреповке үлкен ой салып, соғыс жылдарындағы қазақ анасының ұлттық бейнесін шебер жасап, «Ана туралы балладалар» жазды. Ол анаға қарсы келер алып күштің жоқтығын және Ана махаббаты, Ана құдіреті, Ананың ақ сүті – бүкіл жауыздыққа, басқыншылыққа қарсы киелі күш екенін дәлелдеп берді. (модуль)
Ал, Сырбай Мәуленов «Ана махаббаты» өлеңінде (модуль)
Іреңі кіріп даланың
Біткелі соғыс неше жыл,
Жас селі шайып жанарын Боранды желдей уілдеп.
Жалғызын күтіп шеше жүр. Хабары қолда тұрса да,
Сенбейді өлді дегенге Дейді бұл жай бір лақап хат.
Ойлайды ұлын тірі деп. Болар ма күшті мұншама
Қосады атын өлеңге Аналық алып махаббат!
– деп, ананың жол күтуі, қимастық, үміт үзбеу, күту, сенбеу секілді сезімдерін ақын әсерлі жеткізе білген.
ҮІІ. Осындай отты жылдарымыздан кейінгі – бүгінгі қазақ әдебиетіміздегі аналардың орны қандай екен?
- Венн диаграммасы
| Мұқағали Мақатаев «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы | Ұқсастық АНА | Шыңғыс Айтматов «Найман-Ана» романнан үзінді |
| Шарасыз Қатыгездік жасады Күнаға батты Аққуды атты Баласы қайтыс болып, өзі есінен ауысты | Балаға деген махаббаты шексіз, мәңгілік, Баласын қорғаған бейкүнә жан, Баласы үшін құрбан, Баласына жанашыр, Елжірейді, Сүйеді өсіреді | Жігерлі Қайратты Жауыздыққа қарсы батыл қадам жасаушы Баласы тірі болса да жоқтау айтады Мәңгүрт ұлдың құрбаны өзі қайтыс болып, ұлы есінен ауысады |
Сонымен қатар Мұқағали Мақатаевтың «Сәби-Ана», «Анашым» өлеңдерінде, «Ару Ана» поэмасында анаға алғыс білдіріп, ана алдындағы парыздарға тоқталады. Мысалы: ананы өзіне қуат беруші күшке тенейді. Ананың ақ сүтін ақтау, оған кір келтірмеуді арым деп санайды. Алыста жүрген анасына деген сағынышты Кең-байтақ Отаны арқылы басады. Біліммен сусындап, елге қызмет етуі анасынан келген бағы деп есптеп ерекше алғысын білдіреді.
Төлеген Айбергенов «Ана» өлеңінде анаға деген махаббатын керемет теңеулермен жеткізе білген: (модуль) Ай, Құдірет, Жер, тарқамайтын мереке, сонымен қатар ана әрқашанда балаға керек, әлем анамен ғана сұлу, білімге жол сілтеуші, өмір жыры, құлақтан кетпес әлдиі дей келіп, ананы сыйлау үшін даналықтың қажеті жоқ ,- дейді.
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,
Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан
Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам....
Ана керек! О, адамдар, ана керек адамға,
Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,
Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.
Клип көрсету, «Қарттар үйі», оқушы пікірін тыңдау.
Фариза Оңғарсынова. Әйел – Ана тақырыбын ашуда, аналар жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Мәселен:
Мезгіл бұршақ жаныңа салып таңба,
Қайратыңнан қайысып, налып қалма.
Сені іздейтін аға бар тарыққанда,
Інілер бар дем берер жабыққанға,
О, Аналар!..
Бір ақиқат – бәрібір жоғалмайсың,
Жоғалмайтын жоқтаушы халық барда, - деп аналарға, жалпы әйел қауымына рухани күш береді.
Исраил Сапарбай «Анаңнан асыл бар ма екен?!» деген өлеңінде ананы асыл жан, көңілі судай тасыған, өзегін өртке шалдырған, көкірегі жарық шырақтан, жұбаныш, тыныштық тілеуші деп сипаттайды.
Тыныштық тілеп тағдырдан Шыбын да жаны шырқырап
Өзегін өртке шалдырған. Шығатын ылғи алдыңнан.
Жабырқау мұңды жанарын Сағынған сайын әр сөзі
Жолыңа қарап талдырған. Жадыңда мәңгі жаңғырған –
Анаңнан асыл бар ма екен?!
ҮІІІ. Қорытындылау
Оқушы шығармашылығы: өлеңмен, қара сөзбен.
Ән «Ана туралы жыр» немесе «Анаға сәлем»
Аналарды, ұстаздарды құттықтау.