«Хайуанаттар паркі шапалақтаулармен»
Барлығы шеңбер жағалай отырады. Жаттықтырушы: «Қазір «Хайуанаттар паркі» ойыны болады және әрқайсыңа кім болатынын, қандай жануар, құс немесе балық болатынын таңдау қажет», - дейді. Барлық қатысушылар кезекпен кім болатындықтарын айтады. Содан соң оларға нұсқаулық беріледі.
«Біз алақандарымызбен шапалақтаймыз. Екі рет тіземізге және екі рет ауада. Барлығы бір уақытта шапалақтайды, ойынды жүргізетін бір адам ғана сөйлейді (басында бұл әдетте жаттықтырушы болады). Ауада шапалақтай отырып, сонымен бір уақытта екі рет өзімізді, яғни, қандай жануар екенімізді атаймыз. Тіземізге шапалақтай отырып, екі рет біздің хайуанаттар паркінде бар кез келген жануарды атаймыз. Соған сәйкес, енді кімді атаса, сол сөйлей бастайды: ауада екі рет шапалақтай отырып, өзін атайды, және екі рет тізесіне шапалақтай отырып, хайуанаттар паркінен біреуді атайды. Қателесуге: ырғақтан жаңылуға, жоқ жануарларды атауға, бір рет шапалақтауға немесе сөйлеуге болмайды. Қателер жазаланады: жануардың атауы – дыбысқа, дыбыс – қолмен қозғалысқа, қолмен қозғалыс аяқпен қозғалысқа алмастырылады».
Түрін өзгерткен «хайуанаттар паркі»
Ойынның нұсқаулығы сол қалпында қалады, бірақ жаза өзгертіледі. Дыбыс пен қозғалыс бір-біріне алмастырылмайды, ал бір-біріне қосылады. Яғни, үш рет қателескен адамның, оны атаған кезде, дыбыспен бірге тағы да қолдарымен және аяқтарымен қозғалыстар жасауына тура келеді.
«Ботаника бағы»
Бәрі шеңбер жағалай отырады. Жаттықтырушы: «Қазір «Ботаника бағы» ойыны болады және әрқайсыңа кім болатынын, қандай өсімдік (гүл, ағаш, бұта және т.б.) болатынын таңдау қажет», - дейді. Барлық қатысушылар кезекпен кім болатындықтарын айтады. Содан соң оларға нұсқаулық беріледі.
«Бұл ойында бір бос орындық және ортада жүргізуші тұрады. Отырғандардың барлығына өздерінің оң жақтарындағы орындықты бақылап отыру қажет. Ол босаған кезде, тез сол орындықты екі рет ұрып, сонымен бір уақытта екі рет біздің ботаника бағынан кез келген өсімдікті атау қажет, бірақ өзін емес. Кімді атаса, сол өз орындығын босатып, жаңа ұрған орындыққа отыруы тиіс. Жүргізуші жаңа ғана босаған орындыққа, оны ұрып, өсімдікті атап болғанша, отырып үлгеруі тиіс. Егер оны ұрып, өсімдікті атап қойса, орын бос емес деп саналады да, ол ары қарай жүргізеді. Немесе қателескен адам жүргізеді. Ұрып немесе айтып үлгермеу, бір рет ұру немесе бір рет айту қате болып саналады».
«Хайуанаттар паркі – 2»
Отырып та, тұрып та ойнауға болады. Әрқайсысы қандай жануар болатынын таңдайды да, осы жануарды дыбыстармен және қимылдармен бейнелейді. Шеңбердегі барлық адамдар кім болатындықтарын көрсеткеннен кейін, ойын басталады: біреуі бірінші болып өзін және бірден басқа біреуді көрсетеді. Ол, өз кезегінде, өзін және тағы біреуді көрсетеді және т.с.с. Бұл ойында қателер жазаланбайды, бірақ егер оны тренингтің екінші және одан кейінгі күндері өткізсе, ол өте көңілді өтеді.
«Үйір»
Барлығы шеңбер жағалай тұрады да, жаттықтырушы шеңбер бойынша әрқайсысының құлағына оның қандай жануар болатындығын айтады. Бір түрлі жануарларды таңдаған дұрыс, мысалы, тек құстарды немесе тек мысық тұқымдастарды және т.б. Жануарлардың саны қатысушылардың санына байланысты алынады. Бір үйірде үш-төрт адам болған жақсы, тиісінше, егер топта тоғыз адам болса, үш үйір және жануарлардың үш түрі болады, ал егер 11-12 болса, төрт үйір және т.б. Ары қарай қатысушыларға тапсырма беріледі: сөз айтпастан, дыбыс шығармастан, барлығы ауызша емес түрде (яғни, қимылдардың көмегімен) өздерін, яғни, жаттықтырушы атаған жануарды көрсетуі және сонымен бір уақытта өз үйірін табуы тиіс. Мысалы, жаттықтырушы шеңбер жағалап жүреді де, қатысушылардың құлағына: «Сен үйрексің, сен тауықсың, сен бүркітсің, ал сен қарғасың», - деп айтып шығады. Ал содан кейін басында – үйрек, тауық, бүркіт, қарға – және осылай шеңбердің аяғына дейін. Содан соң ойынның басталуына бұйрық беріледі. Барлығының қанаттары бар болғандықтан, басында бір үйірге жиналады. Содан соң айырмашылықтарын көріп, бір үйірден екіншісіне ауыса бастайды. Бәрі болғаннан кейін, кімнің кім екендігін сұрауға болады, және бүркіт тауықтарға түскенде немесе осыған ұқсас бірдеңе болғанда күлкілі болады.
«Хайуанаттар паркі оянады»
Барлығы шеңберге тұрады. Біреуі шеңбердің ортасына шығады да, қандай да бір жануарды көрсетеді. Жануардың оянып жатқанын бейнелеп көрсету керек. Ал қалғандары оның соңынан қайталайды. Шеңбердің ортасына барлығы кезекпен шығады. Бұл сергіту жаттығуын екінші немесе одан кейінгі күндері өткізген дұрыс.
«Шым-шытырық»
Барлығы шеңберге тұрады. Жаттықтырушы: «Көздеріңді жұмыңдар», - деген тапсырма береді. Барлығының көздерін жұмғандарын күтеді де, содан соң: «Қолдарыңды 45 градустық бұрыш жасап, жоғары көтеріңдер және бір-бірлеріңе қарсы шеңбердің ортасына қарай жүріңдер», - дейді. Содан соң: «Өз қолдарыңмен басқа адамдардың қолдарын тауып, ұстаңдар», - дейді. Жаттықтырушы қатысушылардың тапсырманы орындағанын күтеді, кейде оларға қолдарды табуға көмектеседі. Нәтижесінде шиеленіскен көп адамдар шығады. Ал содан соң соңғы бұйрық келеді: «Қолдарыңды ажыратпай, көздеріңді ашпай және бірде-бір сөз айтпай, тарқатылуларың, яғни, қолдарыңнан ұстап, тегіс шеңберге тұруларың қажет».
Бұл сергіту жаттығуын бірінші күні де өткізуге болады.
«Өз жұбыңды тап»
Барлығы шеңберге тұрады. Жаттықтырушы: «Қазір бастарыңды төмен түсіріңдер. Мен үшке дейін санай бастағанда, «бір» дегенде, бастарыңды көтеріп, көзбен өздеріңе жұп табуларың керек, ал «үш» дегенде, бір мезгілде қолдарыңмен бір-бірлеріңді көрсетулерің керек», - деген тапсырма береді.
Егер топта ойыншылардың тақ саны болатын болса, жаттықтырушы ойнайды. Егер жұптар үйлеспесе, тағы да қайталауға болады.
Егер барлық жұптар үйлессе, көздерін жұмып, үш рет айналып түсіп, көздерін ашпастан, өз жұптарын табуларын өтінуге болады.
«Өз жұбыңды тап – 2»
Ойын үшін көзге тағатын таңғыштар қажет болады. Екі-үш ойнайтын жұп таңдалады. Қалған қатысушылар шеңберге тұрып, қолдарын ұстасады. Ойнайтын жұптардың көздері таңылады да, шеңбердің сыртқы шегімен жүргізіледі және өз осінің айналасында айналдырылады. Олардың міндеті – жаттықтырушы команда бергенде өз жұбын табу. Ол үшін олар өз әріптесінің атын ғана атай отырып, бір-бірін шақыра алады.
«Бойына қарай сапқа тұру»
Барлығы шеңберге тұрады, көздерін жұмады, содан соң жаттықтырушының айтуымен өз айналасында үш рет айналып түседі. Содан соң жаттықтырушы: «Көздеріңді ашпастан, сөйлеместен, дыбыс шығармастан бойларыңа қарай сапқа тұруларың қажет», - дейді.
Тапсырманы күрделендіруге болады – екі топқа тізілу. Жаттықтырушы қалаған жағдайда ойнайды.
«Соқыр теке»
Бір қатысушының (жүргізушінің) көзі таңылады. Адамды ұстап алғаннан кейін, жүргізуші оның кім екендігін атап, оның киімін сипаттап беруі қажет.
«Соқыр теке керісінше»
Бір адамнан басқасының бәрінің көздері таңылады. Барлығы тұрады да, содан соң таңғышы жоқ адамды ұстайды. Ұстаған адам өз таңғышын оған береді де, ойын жалғасады.
«Ерекше эстафета»
Қатысушылар екі командаға бөлінеді. Жаттықтырушының айтуымен қатысушылар мына тапсырмаларды орындаулары тиіс:
үшбұрыш жасап жүгіру! Бірақ үшбұрыш бойымен емес, ал нақ сол үшбұрыш болып. Үшбұрыштар қалай жүгіреді?
енді, басқа жаққа, үзік сызық болып жүгіру;
шаршы болып жүгіру;
қисық сызық болып жүгіру;
қатар түзіп жүгіру;
аралас және т.б.
Жан-жағына қараудың қажеті жоқ – мұнда жалғыз дұрыс шешім болмайды. Әркім қалай жүгіру керектігін өзі шешеді.
«Түйін түю»
Бұл ойын үшін ұзындығы 2-3 м жіп қажет. Барлығы сапқа тұрады да, жіптің бойымен біркелкі бөлініп орналаса отырып, оны екі қолдарымен ұстайды. Міндет – жіптің тура ортасында түйін түю, бірақ бұл кезде жіптен қолдарын ажыратуға немесе оларды жіптің бойында жылжытуға болмайды.
«Шаршы»
Ойын үшін ұзындығы 3-4 м, шеңбер жасап байланған жіп қажет. Барлығы шеңберге тұрады да, жіптің бойымен біркелкі бөлініп орналаса отырып, оны екі қолдарымен ұстайды. Жаттықтырушы көздерін жұмып, шаршы, үшбұрыш, ромб шығатындай етіп тұруға бұйрық береді. Пішіндерді жасау кезінде сөйлесуге болады, бірақ көздерін ашуға болмайды.
«Орын алмастырыңдар...»
Барлығы шеңберде отырады, шеңбердің ортасында бір жүргізуші тұрады (басында бұл әрқашан жаттықтырушы болады). Артық орындық алынып тасталады да, шеңбердің ортасында тұрған адам: «Ал қазір ... адамдардың барлығы орындарын алмастырады», - дейді де, отырғандардың көпшілігіне қатысты шартты айтады. Мысалы: бүгін кофе ішкен, метромен жүрген, қара аяқ киімдегі және т.б. Осы белгі қатысты болатын барлық қатысушылар орындарынан тез тұрып, басқа босаған орынға отырулары тиіс. Егер бұл сізге қатысты болса, сол орында қалуға болмайды, сондай-ақ оң жақтағы немесе сол жақтағы орындарға да отыруға болмайды. Жүргізуші бірінші босаған орынды алады. Орынсыз қалған адам жүргізуші болады да, келесі шартты атайды және т.б.
«Киім ауыстыру»
Бір қатысушы есік сыртына шығады. Топтың қалған қатысушылары киімдерінің бір бөліктерін ауыстырады. Кірген адам кімнің үстінде өз киімі еместігін анықтап, затты иесіне қайтаруы тиіс.
Ойынның нұсқасы: бір қатысушы сондай-ақ есік сыртына шығады, қалғандары қандай да бір белгісі бойынша екі жартыға бөлінеді. Кірген адам сол бойынша бөліну жүзеге асырылған белгіні анықтауы тиіс.
«Шиыршық»
Топ екі командаға бөлінеді. Әрбір командаға бөлменің көршілес бұрыштарына сапқа тұруға, қолдарынан ұстасып, тығыз шиыршыққа оралып, содан соң қиғаш сызық бойынша қарама-қарсы бұрышқа өтуге және кері қайтуға тапсырма беріледі, кімнің жылдамырақ орындайтындығы тексеріледі. Тапсырмалар жүйелі түрде орындалады.
«Есім»
Өзін қысқартып, еркелетіп қойылған атпен атау қажет. Әркім кезекпен шеңбердің ортасына шығады да, өзін еркелетіп қойылған атпен атайды. Қалғандарының бәрі осы аттарды олардың соңынан қайталайды. Мұндай сергіту жаттығуынан тренингтің жаңа күнін бастаған жақсы.
«Тербету»
Бұл ойынның ережелерін алдымен айтып беру керек, ал оған ойыншылар өз қалаулары бойынша қатысады. Қатысушылар өте тығыз шеңберге тұрады. Бір қатысушы (қалауы бойынша) шеңбердің ортасына тұрады да, көзін жұмып, артқа немесе алға қарай шеңберде тұрғандардың созылған қолдарына құлайды. Топ оны шеңбер бойынша бір жақтан екінші жаққа мұқият тербетеді. Шеңбердің ортасындағы адам денесін босаңсытып, аяқтарын тізелерінде бүкпей тұруы тиіс. Содан соң ортаға басқа ықылас білдіруші тұрады және т.б.
«Алыптың басы»
Жүргізуші таңдалады, қалған қатысушылар «алыптың басын» «ойнайды». Бұл үшін рольдерді былайша бөлу керек: біреуі – сол көздің, екіншісі – оң көздің, үшіншісі – мұрынның, төртіншісі құлақтың және т.б. ролін ойнайды. Содан соң «алыптың басын» еске түсіретіндей пішін түзілуі үшін сондай мизансценаны құрастыру қажет. Егер қатысушылар көп болса, тағы біреулерге сол және оң қолдардың ролін де беруге болады. «Бастың» алдында жүргізуші тұрады да, ең қарапайым манипуляцияларды жасайды. Мысалы, ол көзін қысуы, содан соң есінеуі, түшкіруі, құлағын қасуы және т.б. мүмкін. «Алыптың басы» барлық осы қарапайым әрекеттерді дәлме-дәл қайталауы тиіс. Жаттығуды сәл баяулатылған қарқында орындауға болады.
«Бұлақ»
Қатысушылардың тақ саны қажет, сондықтан қажет болған жағдайда жаттықтырушы да ойнайды. Қатысушылар жұппен бір-бірінің артынан тізіліп тұрады, қолдарынан ұстасады және қабысқан қолдарын жоғары көтереді. Өткел пайда болады. Жүргізуші өткелден жұмулы көздерімен өтеді де, әлдекімді қолынан ұстап, өзімен алып кетеді. Соңына дейін жетіп, олар жұп құрайды да, өткелдің аяқ жағына барлығының соңынан барып тұрады. Жұпсыз қалған қатысушы жүргізуші болады.
«Жартас»
Барлық қатысушылар, «жартасты» бейнелей отырып, бір-бірлерінен ұстанып, бір сызықтың бойына өте тығыз тұрады. Табандары – «жартастағы» дөңестер сияқты. Әрқайсысы кезекпен «шыңыраудың шетімен, жартастан ұстанып» өтеді де, сызықтың аяқ жағына барып тұрады. Шыңыраудың бойымен аяқтарын табандарға тақап басып өту қажет, сондықтан да қатысушыларда басқалардан ұстану қажеттігі пайда болады.
«Қошеметпен амандасу»
Тренингтің екінші күнін бастау үшін жақсы ойын. Қатысушыларға арналған нұсқаулық: «Қазір бәрің тұрасыңдар да, бір-бірлеріңмен амандасасыңдар. Әрқайсың әрқайсыңмен амандасуларың қажет. Бірақ жай ғана амандаспай, қошеметпен амандасу керек. Ерекше қошеметпен амандасқан дұрыс. Бірақ қошеметті сендер тек өздеріңмен амандасатын бірінші адам үшін ғана ойлап табасыңдар. Ары қарай сендер өздеріңе айтылатын қошеметтерді тыңдайсыңдар да, оларды естеріңде сақтап, келесі адаммен амандасқанда, оған осы қошеметті айтасыңдар. Содан соң тағы да өздеріңе айтылған қошеметті тыңдайсыңдар да, қайтадан оны келесі адамға айтасыңдар. Және осылай топтағы әр адаммен амандасып болғанша жалғасады. Осылайша, сендерге өздеріңнің қошеметтерің қайтып оралуы мүмкін».
Ер адамдарға әйелдерге арналған қошемет және керісінше айтылғанда, өте күлкілі болады.
«Қошеметпен амандасу – 2»
Бұл ойынды тренингтің соңғы күні берген дұрыс.
Барлық қатысушылар тұрып, әрқайсысына қошемет немесе тілек айта отырып, бір-бірлерімен амандасулары керек. Бірақ әр қатысушы үшін өз қошеметі мен тілегін ойлап табу қажет. Осылайша, егер, мысалы, топта 12 адам болса, әрқайсысы 12 қошемет немесе тілек ойлап табулары тиіс болады.
«Тіл қатпай амандасу»
Әрқайсысы әрқайсысымен амандасуы тиіс болады, бірақ сөздердің көмегімен емес, ал денеге қол тигізбей, қандай да бір өзіндік немесе ерекше сәлемдесу қимылдарының арқасында.
«Тіл қатпай амандасу – 2»
Нұсқаулық сол күйінде қалады, бірақ денеге қол тигізе отырып, амандасу қажет.
«Дене шынықтыру жаттығулары»
Бір қатысушы қандай да бір қозғалысты көрсетеді, ал қалғандарының бәрі оны төрт рет қайталайды. Және осылай шеңбердегі әрқайсысы қозғалыс көрсетеді де, барлығы тағы да қайталайды. Бұл жаттығуды шеңбер бойынша қозғала отырып жасауға болады.
«Сезімді шеңбер бойынша беру»
Барлығы шеңберге тұрады да, көздерін жұмады. Бірінші болып бастаған адам көзін ашады да, ауызша емес тәсілмен, жанасудың көмегімен екінші адамға қандай да бір сезімін білдіреді. Содан соң көзін жұмады. Сезім білдірілген адам көзін ашады да, үшіншісіне өзінің не сезінгендігін жеткізіп, содан соң көзін жұмады. Үшінші – төртіншісіне және т.б. Содан кейін бәрі кері тәртіпте, өздерінің қандай сезімді білдіргендіктерін айтып шығады.
«Қиялдағы затты шеңбер бойынша жіберу»
Барлығы шеңберде отырады. Бірінші адам зат ойлап табады да, оны қолдарымен көрсетеді (атамайды), онымен сондай-ақ ауызша емес әлдене істейді де, көршісіне табыс етеді. Ол оны алып, осы затпен әлдене істеуі, содан соң ары қарай тапсыруы тиіс. Осылай, затты бастаған адамға табыс еткенше, бәрі ойнап шығады. Содан соң кері тәртіпте барлығы не алғандықтарын және нені табыс еткендіктерін айтады. Қозғалыстарды қайталауға болмайды.
«Қозғалысты шеңбер бойынша жіберу»
Барлық қатысушылар шеңберге тұрып, сонымен бір уақытта, жаттықтырушының командасы бойынша қандай да бір қозғалысты (дене шынықтыру жаттығуын) көрсете бастайды. Оны төрт рет жасап, сол жақтағы көршісінің қозғалысын да төрт рет көрсетеді. Соған сәйкес, сол жақтағы көрші де басқа адамның қозғалысын жасап жатады. Сондықтан, бір қозғалысты қайталап болып, төрт реттен кейін келесі қозғалысты қайталау қажет болады. Осылайша әрқайсысына оның өзінің қозғалысы қайтып келгенше жалғасады. Қарқынды жылдамдатуға болады.
«Ұшады – ұшпайды»
Барлығы шеңберге тұрады. Жаттықтырушы нұсқаулық береді: «Мен әр түрлі заттарды не жануарларды атаймын. Егер мен ұшатын әлденені, мысалы, ұшақты немесе торғайды атасам, сендер қолдарыңды көтерулерің, ал егер ұшпайтын болса, көтермеулерің қажет». Қандай да бір уақыт өткеннен кейін, қателескендерді ойыннан шығарып, жеңімпазға дейін ойнауға болады.
«Ергежейлілер мен алыптар»
Барлығы шеңберге тұрады. Жаттықтырушы нұсқаулық береді: «Мен не «ергежейлілер», не «алыптар» деген екі сөздің бірін айтамын. Егер «ергежейлілер» десем, сендер барлығың жүрелеп отыруларың, ал егер «алыптар» десем, тұруларың керек».
Жаттықтырушы әдейі дұрыс емес командалар беруі мүмкін, мысалы: «Кастрюльдер! Пималар! Қақпалар!» және т.б. Қандай да бір уақыт өткеннен кейін, қателескендерді ойыннан шығарып, жеңімпазға дейін ойнауға болады.
«Тыйым салынған жеміс»
Бөлменің ортасына орындық қойылады. Бүкіл топ орындықтың кез келген жағынан тұрады. Ортадағы орындық тыйым салынған жемісті білдіреді. Әрбір қатысушы кезекпен орындыққа жақындап, онымен тыйым салынған жеміс ретінде не істейтіндігін пантомимамен көрсетуі тиіс.
«Саусақтармен гомеостат (саусақтарды тастау)»
Барлығы шеңберде отырады және жаттықтырушының командасы бойынша қандай да бір саусақтар санын тастайды. Тастау есеппен жүзеге асырылады (бір, екі, үш, төрт...). Топтың міндеті – келісіп алмастан, бірдей саусақтар санын тастау.
«Сап»
Барлығы бір сапқа тұрады. Жаттықтырушы барлығын әр түрлі жаққа қаратып, санай бастайды. Әрбір санаған сайын бәрі 90 немесе 180 градусқа кез келген жаққа бұрылыс жасайды. Топтың міндеті – келісіп алмастан, бір жаққа қарап тұру. Есеп 120-ға да және т.б. жетуі мүмкін. Бұл жаттығу топтағы ұйымшылдықты күшейтуге көмектеседі.
«Бүршіктер, түйнектер, жаңғақтар»
Барлық қатысушылар үштіктерге бөлінеді. Біреуі – бүршік, екіншісі – түйнек, үшіншісі жаңғақ аталады. Жүргізуші, үштіктердің арасында тұрып, үшеуінің бірін дауыстап атайды, мысалы, «Бүршік». Бүршік аталған ойыншылардың бәрі орындарымен алмасулары тиіс, ал жүргізуші кез келген босаған орынға тұруға тырысады. Егер оған оның сәті түссе, орынсыз қалған ойыншы жүргізуші болады.
Егер жүргізуші: «Түйнектер!» - десе, үштіктегі түйнектер болып табылатындар орындарымен алмасады. Егер: «Жаңғақтар!» - десе, «жаңғақтар» орындарымен алмасады. Ойын меңгерілгенде, жүргізуші үштіктердегі екі ойыншыны шақыра алады, мысалы: «Бүршіктер! Жаңғақтар!» Шақырылғандар сондай-ақ орындарымен алмасулары тиіс. «Себет», - деп те айтуға болады. Онда үштіктердегі барлық ойыншылар басқа үштіктердегі ойыншылармен орын алмасулары тиіс.
Шақырылғандарға қандай да бір басқа үштікке жүгіріп өтпей, орындарында қалуға болмайды. Ондай ойыншы жүргізуші болады.
«Бос орын»
Барлығы шеңберге тұрады. Жүргізуші таңдалады да, ол шеңбер жағалай жүгіріп (сыртқы жағынан), ойыншылардың біріне қолының ұшын тигізеді. Осыдан кейін ол шеңберді жағалай кері жаққа жүгіреді, ал жарысқа шақырылған адам оған қарама-қарсы ұмтылады. Кездескен кезде, олар бір-бірінің қолдарын алып, бір-бірімен амандасулары тиіс. Осыдан кейін, жүгірулерін жалғастыра отырып, олар шеңбердегі бос орынды алуға ұмтылады. Кім екінші болып жүгіріп келсе – жүргізуші болып қалады.
«Мен ең сұлумын»
Бұл сергіту жаттығуы үшін екі жеңсіз көйлек (немесе алжапқыш) және екі үшкіл орамал қажет. Қатысушылар екі командаға бөлінеді. Әрқайсысы мәреде бір-біріне шүйделерін беріп, сап түзеп тұрады. Командалардың алдында 8-10 метр қашықтықта орындықтар қойылады, оларға бір жеңсіз көйлек пен үшкіл орамалдан қойылады. Жаттықтырушының белгісі бойынша команданың бірінші қатысушысы орындыққа жүгіріп келіп, жеңсіз көйлекті киеді де, үшкіл орамалды басына тағып, дауыстап: «Мен ең сұлумын», - деп айтады. Содан соң жеңсіз көйлек пен үшкіл орамалды шешеді де, оларды орындыққа қойып, мәре сызығына қайтып оралады. Оның соңынан келесі қатысушы дәл соны жасайды.
«Кішкене көпір-диагностик»
Еденге бормен ені 5 см және ұзындығы 3 м «тақта» салынады (егер болса, нағыз тақтаны қоюға болады). Топ екі бөлікке бөлінеді. Бірінші жұп – бірінші топтан бір қатысушы, екінші топтан бір қатысушы – тақтаның қарама-қарсы жақтарына тұрады да, бір-біріне қарсы жүреді. Олардың міндеті – тақтадан түспестен және артқа жылжымастан, бір-бірінің жанынан өтіп кету. Содан соң екінші жұп және осылай аяғына дейін.
Бұл сергіту жаттығуын топ «қызған» екінші және одан кейінгі күндері жасаған дұрыс.
«Күлдіру»
Барлығы шеңберге тұрады да, байсалды дене қалпында қалшиып қалады. Жүргізуші шеңберде жүріп, тұрғандарды қалай болғанда да (бет-аузын тыржыңдатып, дене қимылдарымен және т.б.) күлдіруге тырысады. Тек адамды қозғауға және қытықтауға болмайды. Күліп қойған адам өзі жүргізеді. Бұл сергіту жаттығуының нұсқасы – күліп қойған адамдар жүргізушіге қосылады да, қалғандарының «сиқырларын жояды».
«Күлдіру – 2»
Барлығы шеңберге тұрады. Жүргізуші өзінің көршісін, мысалы, мұрнынан ұстап алады. Қалғандарының бәрі шеңбер бойынша дәл осыны кезекпен жасап шығулары тиіс. Шеңбер тұйықталғанда, жүргізуші қайтадан көршісін енді құлағынан, шашынан, тізесінен және т.б. ұстап алады. Барлық қатысушылардың міндеті – күліп қоймау. Күліп қойғандар ойыннан шығады. Ойын бір жеңімпаз қалғанға дейін жалғасады.
«Кім кімнен шапалақтау/жер тебу жағынан озады?»
Топ екі бөлікке бөлінеді. Барлығы бір мезгілде жер тебе немесе шапалақтай бастайды. Қаттырақ шапалақтаған немесе жер тепкілеген адам жеңіп шығады.
«Әңгіме құрастыру»
Барлығы шеңберде отырады. Бірінші қатысушы бір сөйлем айтады. Келесі қатысушы алдыңғы сөйлемді қайталап, өзінің сөйлемін қосады. Әңгіменің тақырыбын беруге болады («Детектив», «Адами жақындық», «Өзін-өзі реттеу» және т.б.).
Бұл сергіту жаттығуын доппен өткізуге болады. Бірінші адам бірінші сөйлемді айтып, біреуге допты лақтырады; допты қағып алған адам алдыңғы сөйлемді қайталайды да, өз сөйлемін қосып, допты ары қарай лақтырады.
«Шеңбер бойынша сурет салу»
Барлығы шеңберде отырады. Әрбір қатысушыда таза қағаз парағы мен қалам. Бір минуттың ішінде барлығы өз парақтарына әлдененің суретін салады. Ары қарай өз парақтарын оң жақтарындағы көршілеріне береді. Бір минуттың ішінде суретті жалғастырып, тағы да оң жақтағы көршісіне береді. Ойын парақ өз иесіне қайтып оралғанша жүреді.
«Баржа»
Доппен жүргізілетін ойын. Барлығы шеңберге тұрады. Қолында добы бар қатысушы ойынды: «Бізге баржа жүзіп келеді және ... алып келеді», - сөздерімен бастайды. Қандай да бір нақты әріпке басталатын затты атау (мысалы, «б») және допты шеңбердегі біреуге лақтыру қажет. Осылайша, әрқайсысы шеңбер бойынша сөз орамын қайталап, «б» әрпіне басталатын өз сөзін айтады да, допты лақтырады.
Допсыз да ойнауға болады. Онда сөз орамын және затты шеңбер бойынша айтады.
«Доппен бірге қошемет, тілек, сұрақ»
Барлығы шеңберде отырады немесе түрегеп тұрады. Бастаған адам қандай да бір қошеметті, тілекті айтады немесе қатысушылардың нақты біреуіне сұрақ қояды да, оған доп лақтырады. Допты ұстап алған адам да біреуге допты лақтырып, сонымен бір уақытта қошемет немесе тілек айтуы тиіс. Егер сұрақ қойылса, алдымен сұраққа жауап беріп, содан соң өз сұрағыңды қойып, кімге сұрақ қойсаң, сол адамға доп лақтыру керек. Допты әлі қатыспаған адамға ғана лақтыруға болады.
«Шеңберден шығу»
Топ қаққа бөлінеді. Әрбір шағын топтан бір ерікті таңдалады. Екеуі де есік сыртына шығады. Қалғандары қолдарынан ұстасып, екі жеке шеңбер құрып тұрады. Оларға мынадай нұсқаулық беріледі: «Қазір әрбір шеңбердің ортасына басқа шеңберден қатысушы келіп тұрады. Оның міндеті – кез келген тәсілдермен, тек сөз айтпастан шеңберден шығу. Сендердің міндеттерің – тек жақсы, сыпайы түрде өтінген жағдайда ғана шығару».
Есік сыртындағыларға арналған нұсқаулық: «Қазір сендер кіресіңдер де, сендердің командаларың әрқайсысы өз шеңберінде тұрғандарын көресіңдер. Сендер басқа команданың шеңберінің ортасына барып тұруларың керек. Сендердің міндеттерің – кез келген тәсілмен шеңберден шығып, өз шеңберлеріңе қайтып оралу, бірақ бірде-бір сөз айтпау қажет».
Мәнісі: өз шеңберіне өткізулерін дене қимылдарымен өтіну.
«Соқыр мен жетектеуші»
Барлығы жұп құрып тұрады. Егер қатысушылардың саны тақ болса, біреуі ойнамайды немесе жаттықтырушымен жұп құрады. Жұптарда кім бірінші, кім екінші болатындығын келіседі. Екінші нөмір көздерін жұмады. Біріншісі серіктесін жаттықтырушы жүрген жаққа алып жүреді. Сөйлесуге болмайды. Жұптардағы ықпалдастық тек қолдар арқылы ғана. Соңында кедергі жасауға болады – жаттықтырушы өз серіктесімен бірге есіктің ойығын қолдарымен жауып тастайды. Талқылауда бірнеше сұрақ қоюға болады: сендерді қалай алып жүрді? кедергіден қалай өттіңдер? әлдене туралы өтініш білдіргілерің келген жоқ па?
«Екеулеп сурет салу»
Барлығы жұп құрып, бір-біріне жақын отырады. Екі адамға бір парақ қағаз пен бір қалам беріледі. Жаттықтырушы үнсіз, 10 секундтың ішінде әрқайсысы қандай сурет салатындығын ойлап табуларын өтінеді. Содан соң, бір мезгілде, бір қаламды ұстап, екеуі жұппен өз суреттерін салады. Соңында, өзара келіспестен, не шықса, соның астына оның атауын жазады (атауды бір мезгілде жазу керек). Талқылау кезінде суреттер жерге, шеңбер құрып қойылады.
«Ергежейлілер мен алыптар»
Топ екі бөлікке бөлінеді. Біреулері «алыптар», екіншілері «ергежейлілер» болады. «Ергежейлілердің» бойлары – 10 сантиметр, ал «алыптардың» бойлары – 3 метр. Топтарға мынадай нұсқаулық беріледі: «Қазір сендер әрбір топтың ішінде, сендердің ойларыңша, қазір біз отырған бөлменің кеңістігі «алыптар» мен «ергежейлілердің» ортасында қалай бөлінуі керектігі туралы келісулерің тиіс. Сондай-ақ бұл туралы басқа топпен қалай келісетіндіктеріңді ойластыруларың керек, өйткені, бес минуттан кейін сендерде келіссөздер басталады».
Мәнісі: әлденені не үшін бөлу керек?