Тақырыбы: «Бауыржан Момышұлы – батыр тұлға»
Мақсаты:
а) Қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы болған, Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі, Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның халық қаһарманы Бауыржан атамыздың өмір жолдары, ерлік күресі, халқына сіңірген еңбегі жайлы таныстыра отырып, келешек ұрпақты өз Отанын сүюге, оның намысы мен абыройын қорғауға даяр болуға, елінің болашағы үшін тер төккен тұлғаларды ұмытпауға тәрбиелеу.
ә)Батыр ағаның ерліктері мен еңбектері арқылы өткен тарихымызға қызығушылығын арттыру;
б)Тарихи тұлғаларды құрметтеуге тәрбиелеу, оқушылырды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа баулу;
Көрнекілігі: Б. Момышұлының сүреті, мультмедиа проекторы, кітап көрмесі, нақыл сөздері т.б
Тәрбие сағатының түрі: кіріктірілген.
Өтілу барысы:
Мұғалім: Әр азамат туған елінің өткені мен бүгінін біле отырып, болашаққа қадам басады. Болашаққа рухани мәдениетімен қатар ұрпағының ұлттық қасиеттерін сақтауда тарихын үлгі етеді. Осындай қазақтың үлгі етер ұлдарының бірі, халық жүрегінде ойып із қалдырған, ұлттық рухты ел санасына сіңдірген Бауыржан Момышұлы - ержүрек жауынгер, атақты қолбасшы, әскери жазушы. Ең бастысы - әр қылығымен, әр көзқарасымен, бар болмысымен қазақтың намыстан жаралған халық екенін мойындата алған тұлға. Бауыржан Момышұлының отызға енді ілінген шағынан-ақ есімі аңызға айналды, даңқы әлемді шарлады. Ұлтжандылықтан жаралған батырлық бейнесі тарих белдерін аралап, жыл өткен сайын “тот баспас саф алтындай жарқырап” әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қаһарманына айналды. Өзі үшін емес, халқы үшін, сол елінің аты үшін бейбіт өмірде де күрестен, ерлік пен табандылықтан қайтпаған Бауыржан Момышұлының өрлік бейнесін Қасым ақын былай жырлайды:
Нақ сол кезде естідім ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын,
Үстінде туған елдің тұрды толқын
“Бауыржан Момышұлы” - деген бір үн.
Ержүректілік көрсеткен, өз заманында–ақ аты аңызға айналған.
Жоспары:
Бауыржан Момышұлы кім?
Бауыржан Момышұлы – патриот жазушы.
1-оқушы: Кешіп өтіп кешегі от-жалыннан,
Дүниеге ерлігімен танылған,
Кең жауырынды, Талғардай тік иықты.
Бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан.
Қалтыраған атынан жау ордасы,
Панфиловтың жорықтағы жолдасы,
Даңқ туын майдандағы көтерген
Гвардия бөлімінің қолбасы
Мол тартқан қан майданның ғаламатын,
Жаттатқан сұм жауға да қазақ атын.
Жан аға, жақсы аға, жетпес баға,
Кім сүймес Бауыржандай азаматын
2-оқушы
Қаһарға толы қабағы,
Шоқ шашқан отты жанары.
Ерліктің нағыз адамы,
Батыр ата Бауыржан.
Тұнығы болып тереңнің,
Биігі болып өр елдің.
Өрнегін салған өнердің,
Ақын ата Бауыржан.
Сөзбенен салып суретті,
Майдан даласын гүлдетті.
Нақышы ойға нұрды екті,
Жазушы ата Бауыржан.
Пейілі дархан жұмақ бақ,
Жайдары жаны нұры аппақ.
Турашыл жанға тұрақтап,
Ақылшы ата Бауыржан.
Өнерге толы құшағы,
Ерліктің мәңгі мысалы.
Азаматтықтың нышаны,
Біртуар ата Бауыржан.
Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суы татиды шекер, балдай
Қызғалдақ, қалың егіс, көк жоңышқа
Сенен артық жер, шіркін, өтер қандай, –
деп өзі жырлағандай Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – Момыш, шешесі – Рәзия. Әкесі жаны жомарт кісі болған. Отбасыларында 4 қыздан кейін, әкесі Момыш 50-ді еңсерген шағында Бауыржан дүниеге келіпті.. Әкесінен аздап хат таныған Бауыржан көрші Евгеньевка ауылындағы орыс мектебінде оқып,. 1921 жылы Шымкент қаласындағы №7 мектепте болашақ атақты ақын Әбдiлда Тәжiбаевпен бiрге оқиды Бауыржан ата алғаш еңбек жолын 18 жасында Сарысуда мұғалімдіктен бастайды. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң , қаржы саласында екі жылдай жұмыс істейді. Бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi, атаның алғашқы мамандығы финансист-банкир болған. Ата Ленинградтың финакадемиясын бiтiрген. Қазiргi "Тұран Әлем" банкiсi ол кезде "Промстрой" деп аталған. Осы банктiң негiзiнде "Тұран Әлемнiң" 80 жылдық мерейтойындағы "Алғашқы қазақ банкирлерi" деген тiзiмде Бауыржан ата екiншi болып тұр. Баукеңнің зайыбының аты Бибіжамал. Ұлы Бақытжан және қызы Шолпан, немересі, Ержан
Бауыржан Момышұлы атақ-даңқтан кенде адам емес. Ол Суворов Жоғарғы Орденімен марапатталды. Бірінші дәрежелі «Қызыл Ту Ордені (2 рет)», «Ленин Ордені» мен «Отан Соғысының Ордені», «Әскери шайқастағы еңбегі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Қызыл жұлдыз», «Еңбек Қызыл Туы», «Халықтар достығы» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. «Кеңес Одағының Батыры», Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.
Ел аузындағы әңгімелер Б.Момышұлының мінезінің тік болғандығын айтады.Оның бойында қазақы қасиеттер молынан болды. ”Момышұлы” деген тегінің өзі үлкен бір қайсарлықтың арқасында солай аталды. Кеңес заманында қазақтың тегіне шектеу қойып, -ев немесе -ева деген жалғауларды жалғатып қойған шақта Бауыржан Момышұлының қайсарлығы ғана өзінің қалаған тегін алып жүруге мүмкіндік берді. Бірде әскери қызметтермен жүріп, үлкен лауазымды адамдардың алдында мәлімдеме жасайды екен. Сол кезде Кеңес Одағының талай мансапты қызметтерін атқарған Анастас Микоянның: ”Неге тегіңіз Момышев емес Момышұлы?” деген сұрағына ”Сіздің тегіңіз неге Микоев емес Микоян?” — деп, қарсы сұрақ қою арқылы жауап қайырады. Бұл дегеніміз нағыз өжеттік, қайсарлық. ”Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” деген халық нақылына келтірілген өмірдің мысалы.
Бауыржан батыр шындықты жаны сүйетін, өте қайсар, өтірікшілер мен қорқақтарды жек көретін ержүрек адам болды. Ол өз халқының -нағыз патриоты. Бауыржан Момышұлы – өз халқымыз және бүкіл әлем халықтары арасында өз еліне, халқына, тіліне, Отанына, дініне деген елжандылық, патриоттық бейнесімен ерекшеленген дара тұлға.
Бауыржан Момышұлы –патриот жазушы.
Бауыржан Момышұлы – халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы ретінде танылса, оның шығармаларының негізгі тақырыбы жас жауынгерлердің ерлік – елжандылық, Отанын, елін-жерін сүюге тәрбиелеу, ұлттар достығы болды. Бауыржан Момышұлы қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Көрнекті жазушының жазып қалдырған «Офицердің күнделігі» (1952), «Бір түннің тарихы» (1954), «Біздің семья» (1956), «Москва үшін шайқас» (1959), «Жауынгердің тұлғасы» (1958), «Майдан»(1961), «Майдандағы кездесулер» (1962), «Генерал Панфилов» (1963), «Ел басына күн туса»(1970), «Ұшқан ұя» (1975), «Адам қайраты» (1981) т.б шығармалары сонымен қатар 37 дәптер күнделік жазған батыр бейбіт өмірдің қаруын қалам етті. Осылайша қазақ әскери әдебиетінің негізі қаланды.
«Бауыржанның жыр дәптерінен»
Мен кім едім, мен едім,
Мен де мыңның бірі едім.
Қызықпай баққа, атаққа,
Адал еңбек ұлы едім.
Қызмет еткен халыққа
Ақ ниет мыңның бірі едім,
Атақсыз солдаттың бірі едім.
Ата аруағы қолдады.
Адал еңбек еткен соң.
Панфиловтан бата алдым.
Жау қаһарын төккен соң.
Артыма ерді мың солдат,
Тағдырын маған тапсырып.
Рузаға жеткен соң,
Ер ұлдары мың солдат
Белуардан қан кешіп,
Сынға түсті бекініп,
Отқа түсіп, су кешіп,
Жүзден аса соғыста,
Бес-алты рет қоршауда
Бал орнына у ішіп.
Бауыржан атаның кітаптары әскери өмірбаяндық жайттарды арқау етіп, патриотизмді, адалдықты, ерлікті, бірлік пен туысқандықты ту етті. Оқ пен оттың ортасында жүріп, қазақтың болашағын ойлаған Бауыржан Момышұлы соғыстағы қазақ жауынгерлеріне қазақтарды өз ана тілінде шығатын газет пен әдебиеттің ескерусіз қалдырмауын ескертеді
Бауыржан атамыз халықты ерлікке, патриоттыққа тәрбиелеуде артына көптеген мақал-мәтелдер қалдырған. Мысалы:
Үлкенді ізетте, кішіні күзетте көр.
Ерлік тәрбиеден туады.
Ерлік бірлікте емес, жүректе.
Отанда опасызға орын жоқ.
Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тік тұрып өлген артық.
Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады.
Барлық халық пен барлық ұлт ұлы және тамаша нәрселерді жасауға қабілетті.Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп оларды сүйе білуге тиіс.
Екі сөзді — ер емес, серт — ер серігі.
Қарабет болып қашқанша,
Қайрат көрсетіп өлген артық.
Қой бастаған арыстан тобынан арыстан бастаған қой тобы артық.
Халықтың ізгі дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз.
Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет етуден аянба.
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе.
Қазақ халқының хас батыры Бауыржан Момышұлының жүрек жұтқан батырлығын, оның соғыс өнеріне енгізген жаңалығын дүние жүзі әскерінің мойындағаны рас. Бұған мысал ретінде Бауыржан атаның соғыс тактикасын еврей, түрік жұрты өздерінің маңдайалды әскери мектептерінде ерекше пән ретінде оқытып жатқандығын, сонымен бірге, кезінде кубалықтардың соғыста дәл осы қазақтың батыр ұлының соғысу тәсілін пайдаланып, жеңіске жеткендігін айтса да жеткілікті. Егер ақылы кемел саналатын жұрттың өзі қазақ баласының ойлап тапқан өнеріне сүйеніп жатса, бұл-ұлтымыздың асқан даналығын тағы бір мәрте дәлелдей түсетіні ақиқат. Бір сөзбен айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ баласы қарапайым лейтенант, полковник шенінде жүріп-ақ «мен» деген маршалдар мен генералдардың қолынан келмеген әлемдік әскер тарихында өзіндік жол салып кетті..
Бауыржан ата даңқы марапатқа лайық. Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл қоғамдық ұйым атынан жыл сайын Бауыржан Момышұлы атындағы Құрмет белгісін беріп келеді. Ел ішіндегі ондаған асқар бел азаматтар, елтұтқа тұлғалар белгіні омырауына тағып, мерейі үстем болды. №1санымен нөмірленген ең алғашқы құрмет белгісі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді
Бауыржан Момышұлы туралы естеліктер
Бақытжан Момышұлы, Кішкентай кезімнен әкеме тартқым келді. Бірақ сәл өсе келе түсіндім. Мен ешқашан да әкемнен озбаймын да, артық та болаймын, мен әкемнің көлеңкесімін. Бірақ ондай адамның көлеңкесі болу да үлкен бақыт.
Әзілхан Нұршайықов, Бауыржан атамыздың басынан өткеннің бәрі ақиқат. Ал ақиқаттан аңыз тарайды. Сол ақиқатты естіген адам, өзінің ойын қосып, жалғап кете береді. Баукеңнің өмірі ақиқат. Сол ақиқатқа негізделген аңыздар содан тараған. Оны өтірік деуге және болмайды.
Мамытбек Қалдыбай, Біз Бауыржанымызбен мақтанамыз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Біз оған жақындауымыз керек , Бауыржанның биігіне көтерілуге тырысуымыз керек. Бүгін Бауыржандай ұлтшыл болып, өз ұлтын Бауыржандай сүю керек. Сонда ғана қазақ халқы өркениет көшіне өз құндылығымен кіретіні сөзсіз.
ДмитрийСнегин, Мәскеу түбіндегі шайқастарда тұңғыш рет көргенде-ақ мен оны бұрыннан білетіндей сезінгем. Бәлкім,ол бір аспан астында туылып, бір жерде өскендігімізден де болар. Бәлкім, ол бізді соғыс табыстырып, достығымыз қанмен бекігендіктен бе екен?
Генерал - полковник, әскери ғылымдарының докторы И.М.Глушко,
Момышұлының дәрістерін біздер барлық уақытта, қызыға, асыға күтетінбіз.Момышұлы тіпті де әскери шен- шекпенге қарамай,сонымен қатар барлық тындаушыларға талап қоя қарайтын.
Тәкен Әлімқұлов, Бауыржан Момышұлы әскери тақырыпқа жазған әңгімелерінде, повестерінде нақты дерек, тарихи шындық басым. Оған бастан кешкен, көзбен көрген, бөгдеден естіген нәрселері сұрыптала қосылып, әлеуметтік-қоғамдық мағынасы басым сипатталады.Оның пірі-шындық.”
« Солдат болам мен ертең » әні орындалады.
Мұғалім:
Биылғы жылы біздің сыныбымыздың оқушысы Азат №5 «Ата мұрасын сақтаймыз және көбейтеміз»атты ғылыми жоба байқауында Бауыржан атаны зерттеп, қалалық сайыстан ,облыстық сайыстан 1 – орын алды. Жас ізденуші, Азатты өзінің еңбегі мен жасалған жұмыстарының барысын таныстырып өтуге ортаға шақырамыз.
Қорытынды
Қазақ халқының біртуар батыр Ұлы Бауыржанның Кеңес үкіметі мен қазақ халқы үшін жасаған ерліктері мен еңбектері өте зор. Сөз өнері дертпен тең, әдебиет- ардың ісі дегенді жадында ұстаған батырдың әр бір шығармасы өнегеге толы, тұнып тұрған тәрбие.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түпкірінен сөз келгенде, - деп батырдың өзі жазғандай 100 жасқа толған тойы Қазақстанның, бүкіл әлемнің жер-жерінде аталып өтіп жатыр. Бауыржан атамыз сияқты өмірі өнегелі істерге толы қасиетті тұлғаны жете біліп, оларды мәңгі есте сақтау – біздің қасиетті борышымыз.