СДЕЛАЙТЕ СВОИ УРОКИ ЕЩЁ ЭФФЕКТИВНЕЕ, А ЖИЗНЬ СВОБОДНЕЕ

Благодаря готовым учебным материалам для работы в классе и дистанционно

Скидки до 50 % на комплекты
только до

Готовые ключевые этапы урока всегда будут у вас под рукой

Организационный момент

Проверка знаний

Объяснение материала

Закрепление изученного

Итоги урока

Әдеби сазды кеш

Нажмите, чтобы узнать подробности

Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби-сазды кештің жоспары

Просмотр содержимого документа
«Әдеби сазды кеш»

Тәрбиелік іс шараның түрі: әдеби-сазды кеш


Кештің мақсаты:

Ақиық ақын, артына айрықша өшпейтін із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, әндері мен поэмаларымен танысу.

М.Мақатаевтың өлеңдері мен әндері арқылы оқушыларды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелеу.


Кештің көрнекілігі: М.Мақатаевтың суреті, шарлар, ақынның шығармасы мен өміріне арналған көрме. Сазды музыка.


ӨТІЛУ БАРЫСЫ


І. ҰЙЫМДАСТЫРУ.

1. Кеш «Аққу» биі арқылы ашылады.

2. Кіріспе сөз.

1-жүргізуші:

Армысыздар, қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы, жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық-шынымен бақытты халық.


2-жүргізуші:

-Иә, Мұқағали- ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол-бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дауыстардан толы алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды.


ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ.

1-жүргізуші:

-Қымбатты ұстаздар, қонақтар, оқушылар! Ақиық ақынның шығармашылығына арналған атты әдеби-сазды кешімізді бастаймыз.

Бүгінгі кешіміз төрт бөлімнен тұрады.


І бөлім «Жазылар естеліктер мен туралы» естеліктер айтылады

ІІ бөлім «Поэзия жүрек тілі» М.Мақатаевтың өлеңдері мен әндері шырқалады.

ІІІ бөлім «Аққудың қанатына жазылған сыр». Поэмадан үзінді

ІҮ бөлім «Жас ақындар арнауы» оқушылардың өлеңдері


1-жүргізуші:Олай болса, І бөлімге кезек берелік

Аламан бәйгеге оза шауып, өлең-жырда шамасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Олай болса, қыран тағдырлы ақын Мұқағали ағаның өмір жолынан деректерге назар аударайық.

/Интерактивті тақтадан Мұқағали Мақатаев туралы бейнеролик жүреді/

Ақиық ақын 1931 жылдың 9-ақпанында Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Мұқағалидың әкесі Сүлеймен шаруа адамы болған. Бастауыш сыныпты Қарасазда оқып, орта мектепті Нарынқолда интернатта оқып бітіреді. Мектепте оқып жүрген кезде ең алғашқы өлеңдерін бастаған болатын. 1948 жылы орта мектепті бітірісімен, мәдени-ағарту саласында түрлі қызметтер атқарды. Мектепте әдебиет пәнінен сабақ берді. Аудандық газетте әдеби қызметкер болып істейді.


2-жүргізуші
Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.


1-жүргізуші
«Айтылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы.»

Иә ,ақын туралы естеліктер де жазылып, лебіздер айтылуда.Алдымен ақынның өз өмір жолы туралы жазылған «Менің анкетам»өлеңін тыңдап көрелік.


3. Диалог

- Туған жерің?

- Ұланымын, Қарасаз деп аталатын ауылдың.

- Туған жылың?

- 1931. Құрдасымын Шәмілдің.

- Жынысың кім?

- Еркекпін ғой, еркекпін! Және-дағы тәуірмін...

- Партияда барсын, ба?

- Жоқпын. Бірақ, коммунистік көзқараспен қараймын.

- Шыққан тегің?

- Шаруамын. Бар тірліктен бағалы оны санаймын.

- Білімің ше?

- Орташа ғой. Алайда өзім жоғарыға балаймын.

- Ана тілің?

- Қазақша. Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.

- Қайда істедің?

- Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал. Оқымаған, дипломсыз демесең,
Бір басымнан бар мамандық табылар.

- Міндеттісің бе әскерге?

- Міндеттімін. Біздің әлі жас кеуде.

Жауынгердің ұлымын ғой,

Жанын қиған Мәскеуге.

- Сөгіс алып көрдің бе?

- Ол жағынан періште едім дей алмаймын Мен мүлде.

Ойлы-қырлы бүл өмірде болады ғой мүлт кету,

Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де...

- Шетелдерде болдың ба?

- Болғамын жоқ. Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.

Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен,

Осы отырған орнымда-ақ.

- Мекен-жәйің?

- Мекен-жәйім - жер менің.

Жерде жүрген ақын деген пендемін.

Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,

Мен өмірді жырлау үшін келгемін!


2-жүргізуші: Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол өз замандастары мен кейінгі ұрпағының өзін өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын ала сезді ме?


1-жүргізуші:

Ақ ұлпа жерді жапқанда,

Ағаштар сырға таққанда.

Бозарып атқан ақ таңда,

Бозарып тұрып ақпанда

Есіңе мені алғасың,- деп толғанады ақын. Ендеше кезекті әнге берейік.


3. Ән: «Есіңе мені алғайсың »


2-жүргізуші: Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,

Аңызыма неге нәр тамызбайын.

Қара өлеңі қазақтың қаза болса,

Қара көзден неге қан тамызбаймын,- деп өзі жырлағандай, кезекті ІІ бөлім ақын өлеңдеріне берейік.


1-жүргізуші:

Отан!! Отан!

Сен болмасаң, не етер ем?

Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,

Өмірден бұл өксуменен кетер ем.

Жалғыз Отан – мекенім, – деп тайға таңба басқандай жазып кеткен ойлары, бүгінгі, болашақ ұрпақтың бәріне айтылған ақыл-өсиет. Бұл сөздерді әрбір қазақ жүрегіне үкі етіп тақса да артық етпейді. Отанды сүюдің, оған құлай берілудің – асқақ үлгісі бұл. Ендеше ақынның Отанына, туған жері Қарасазға, қазақ еліне арнаған өлеңдеріне кезек берелік /«Үш бақытым» , «Отан туралы», «Отан», «Туған жерге», «Қазақ жері» өлеңдері оқылады/


Кір жуып, кіндік қаны тамған туған жері, ғажайып өлкесі туралы толғанысы ерекше болатын.Қарасазға деген ақын махаббатын сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Келесі тыңдайтындарыңыз Туған елге деген сағыныш.


5. Ән: «Қарасаз».


2-жүргізуші:

«Поэзия! Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе, Неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім,» – деп жырлаған Мұқағали ақын шындығында да поэзиямен егіз дүниеге келген сияқты.


1-жүргізуші:

Поэзия – адам жанын тебіренткен, айтылмай, бейнеленбей тынбайтын өктем рухтың бейнесі; Ақынның өзге жұрттан артықшылығы - бүкіл болмыспен, табиғатпен табысып, кез келген кісі әсерлене бермейтін кұбылысқа тебіренетіні, кез келген кісі әсерлене бермейтін нәрседен әсерленетіні.. Ендігі кезекте поэзия әлеміне саяхат /«Поэзия» , «Фариза», «Шеше», «Сәби ана», «Өмір» өлеңдері/


6. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді көрініс көрсетеді


2-жүргізуші:
Махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына соқпай кететін ақын жоқ. Өйткені махаббат мәселесі – бұл мәңгілік тақырып. Бірақ әр ақын өз сезімін, өзінің ішкі жан дүниесін әр қалай шығарады. Ақынның сезімінде жасандылық жоқ. Махаббатта бір қуаныш, бір үміт, бір өкініш, бір күдік болатындығы жасырын емес.
Олай болса Махаббат лирикасына арналған жырларын тыңдасақ.
/«Ғашықпын», «Лашынға», «Үнсіздік», «Махаббатпа» өлеңдері оқылады/


7. Ән: «Мен деп ойла»


1-жүргізуші:
Мен сені сағынғанда,

Қарамай жауындарға, дауылдарга,

Қарсы қарап жүземін ағындарға,

Кеудемде қимылдаған жаным барда,

Мен сені сағынғанда,

Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.

Ия, махаббат әлемін Мұқағалидай жырлаған адам кем де кем шығар. Ол «нағыз махаббатты армандады», ол махаббатқа бас иді, оның кеудесі сарқылмас сағынышқа толы, ал сағына білген адам сүйе біледі, сағына білген адам өзге жанды түсіне алады, жұбата да алады.


8. Музыка ойнап, сахнада «Махаббат моналогы» оқылады.


1-жүргізуші:
Жас толқын жатырқамай қабылдайтын ақынның өз өлеңдерін болашаққа аманат еткен күнделiктерiнен үзiндi тыңдайық. Күнделігінен Мұқағали бейнесінде:

Өзінің «Күнделігінде» ақын 1976 жылдың 14 ақпанында былай деп жазыпты :
«- Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамау-ларыңызды өтінем. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанында түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті. Басы және аяғы бар. Ол кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның құдды дауысындай. Жалған күйініш, жалған махаббат пен қуаныш, өтірік патриотизм және тағы-тағылар поэзияның жаулары. Көпшіліктің көңілін аулау үшін, рухыңның ыңғайын табу үшін жазу керек. Әрбір жазатын адам оқырманды күлдіріп абыржыта алады (бәрі оның шеберлігіне байланысты), бірақ оның жанына кіріп, есіңде мықтап қалу үшін барынша ашық, сезімтал әрі түсінікті болу қажет. Кейде қарапайым түсіне білетін көпшілік сенің образдарың мен прообраздарыңды артқы қатарға ысырып тастайды. Әрбір оқырман көркем шығармадан өзін, өз жанының бөлшегін іздейді.Сондықтан мен өзімнің «Менім» арқылы жасырмай, жаппай өмірімнің шежіресін жасап шықтым. Жанымның мұңы мен қуанышы - бәрі сонда. Солар басқа жүректерге өз сәулесін түсіруге тиіс деп ойлаймын.Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным, бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитек-тоникасына зер салыңдаршы. Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным!».


2-жүргізуші:
Мұ­қа­ға­­лиын ел-жұрты шын құрметтейді, шын қа­­дірлейді. Жырларын жатқа айтады, жер-жерде «Мұқағали оқуларын», еске алу кештерін өткізіп, ақын рухына тағзым ете­ді. Жоғарғы жақтың ешбір нұсқауын­сыз, бұй­рығынсыз-ақ жалпыхалықтық кө­лем­де ме­рекеленетін бірден-бір той – Мұ­қа­ғали то­йы.


1-жүргізуші:
Жылдар өтер... әлі небір ақындар дүниеге келер. Бірақ қара өлең құдіретін аспанға көтерген Мұқағали есімі қашанда биіктен көрінер. Мұқағали поэзиясы әрбір мезгілмен бірге, әр ұрпақпен бірге.


9. Ән: «Саржайлау»


1-жүргізуші: Міне, бүгінгі кешке қатысқан тыңдарман қауым, Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанық болдыңыздар деп ойлаймыз.


2-жүргізуші: Жылдар тізіліп өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түседі. Оның рухани қазынасын ұлт иелігіне асыратын XXI ғасырдың жастары-сендерсіңдер!


1-жүргізуші: «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан -жылға, ғасырдан- ғасырға жалғаса бермек! Мұқағали-мәңгілік өмір!


2-жүргізуші:
«Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» деп өзі айтып кеткендей мәңгілік жасай бермек!Ақынның ой айтудағы өткірлігі, батылдығы біздерге өнеге, тәлім, сабақ берері сөзсіз. Ия, өлең өлмейді. Ендеше өлеңді жазған ақын да өлмейді. Мұқағали Мақатаев көз жұмған жоқ! Осымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтің жылдығына арналған поэзия кешіміз аяқталды. Жыр әлемінде кездескенше аман сау болыңыздар!


1-жүргізуші: Келесі көріскенше амандықта болайық.