ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАР
Мектеп жасына дейінгі балалардың дидактикалық ойындары
Ойын - бала өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. Бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы құбылыстар мен заттарды ойын арқылы түсініп ұғынады.
Белгілі психолог Е. А. Аркиннің пайымдауынша, ойын және ойыншық балалар өмірін сипаттайтын бірден - бір жалпы ұғым: «Балақай өсімдік сияқты өз ішінен өсіп жетіледі. Және бұл үрдіс қатал түрде әр жеке баланың өзіне ғана тән. Бала тіршілігінің негізгі заңдарының бірі осындай».
Кезінде К. Д. Ушинский, В. А. Сухомлинскийлер балабақша тәрбиеленушісі – балалық үшін оларды тәрбиелейтіндей орта туғызу, жағдай жасау керектігін атап көрсеткен болатын.
Оқу мен тәрбиеге байланысты жұмыстарды үйлестіруде іздестіру барысында С. Т. Шацкий қазірге дейін маңызын жоймаған мынадай пікір айтқан еді: «Біздің қолымызда күш пен қаржы болғандықтан, біз тек арнаулы мектеп ғимараттарындағы емес, одан тыс жерлердегі педагогикалық үрдістерді зерттеуіміз керек».
«Балалардың ойын әрекетін ұйымдастыруды қалай жақсартуға болады? Бұл мәселе педагогикалық үрдісте қандай орын алады?» деген сұрақтарына жауап іздеп көрелік. Ойын әрекеті балалардың бағалы өмірінің алғашқы күнінен бастап – ақ маңызды орын алады. Алайда жақсы, дұрыс ұйымдастырылған ойын ғана тиісті, қалағаныңдай нәтиже бере алады. Ойын мектепке дейінгі тәрбиешілердің бірден - бір көмекшісі болуы керек деген.
Дидактика - термині гректің «дидактос», яғни үйрететін деген сөзден шыққан. Дидактикалық құралдар оқу міндеттеріне сай арнайы әзірленеді.
К. Д. Ушинский мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшеліктерін ескерсе, былай деп жазады: «Бала табиғатты көрнекілікті аса қажетсінеді. Балаға өзіне белгісіз бес сөзді жалаң үйрете бастасаңыз, көп уақытты зая кетіріп, босқа қиналасыз. Ал енді жиырма сөзді суреттермен байланыстыра үйретсеңіз, бала оны лезде қағып алады. Сіз балаға қарапайым ғана ойыңызды қанша түсіндірсеңіз де, оңай ұға қоймайды. Дәл сол ойды күрделі суреттер көрсете баяндасаңыз, ол сізді тез түсінеді».
Дидактикалық ойын – оның аты айтып тұрғандай, баланың ақыл - ойын дамытып, таным түсініктерді ажыратудағы әдістердің бірі. Ойын арқылы оқыту – мектеп жасына дейінгі кезеңнің, негізгі ерекшелігі. Білімді меңгеру және оны бекіту үшін, дағды мен әдет қалыптастыруда балаға қайталау және жаттығу қажет. Егер баланың ойлауы образды, эмоциялық әсерде болса, ол соғұрлым жақсы нәтиже береді, сондай - ақ білім қызғылықты әрекетпен байланысты болса, баланың іс - әрекетімен іштей қабысып жатса, ондай білімді бала дұрыс меңгереді. Бала әрбір затты ұстап, дәмін татып, сан рет байқап көреді. Балабақшада бала психикасының дамуына ойын әрекеті шешуші рөл атқаратындығы туралы белгілі ғалымдар (Ж. Аймауытұлы, М. Жұмабаев,
Ш. Құдайбердіұлы, С. Торайғыров, Т. Тәжібаев т. б) өз еңбектерінде айтып кеткен. Педагогикалық үрдісті жетілдіруде ойынның алар орны жөнінде қазақстандық ғалым Н. Құлжанова да зерттеген. Ойын бала үшін еліктеу, инстинкт күнделікті негізгі іс - әрекет және өмірі деп дәлелдеген. Н. Құлжанованың айтуы бойынша ойынды әдептілік, тәрбиелік мақсатқа пайдалану – болашақ өміріне түзу жол салу, үлкендерге еліктеу және өмірдің талаптарына сай бейімдеу деп түсіндірген.
Баланың тәрбиесіндегі мектепке дейінгі мекемелердің, әсіресе дидактикалық ойындар арқылы баланың математикалық қабілеттерін оятудың әсерін Ресей ғалымдары Т. В. Лодкина, А. И. Захаров, В. С. Мухина, А. М. Леушина, Е. И. Щербакова, Е. О. Смирновалар атап көрсеткен. Дидактикалық ойындардың ықпалын баланың сезініп, түйсінуі және сөз түрінде бейнелеуінің маңызын А. В. Запорожец, А. Д. Кошелева және т. б. белгілеген. Бір нәрсе жасауға тырысу, бірге ойнау, бір нәрсемен шұғылдану, ортақ мақсат қою және оны жүзеге асыру ісіне өздері қатысуға талпыныс пайда болады. Мұның бәрі де баланың жеке басының қоғамдық бағытын анықтайды, оның өмірге белсенді ұстанымын бірте - бірте қалыптастырады.
Дидактикалық ойын баланың қоршаған дүние туралы түсінігін кеңейтіп және оны бекітіп нақтылай түседі.
Бала бақылау, оқыған кітап, естіген ертегі арқылы айналасын таниды. Олардың түсінігі алғашқы кезде айқын болмайды. Тәрбиеші баланың түсінігін дидактикалық ойындар арқылы нақтылап, дамытып саналы түрде түсінуін өрістетеді. Мысалы, бір заттың түсін атаңдар? Бояудың қандай түрін білесіңдер? Үй жануарларының үшеуін атаңдар. Бала дидактикалық ойын арқылы әр затқа байланысты жаңа білімді меңгеріп, түсінігін тиянақтайды.
Әрбір дидактикалық ойын ойлай білуге баулып, сөздік қорын өсіреді, ақыл - ой қызметін қалыптастырады.
Дидактикалық ойын адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болып табылады. Дидактикалық ойынмен ұйымдастырылған сабақ балаларға көңілді жеңіл келеді. Сондықтан дидактикалық ойынды іріктеп алуға нақтылы сабақтың мақсаты, мүмкіндіктері мен жағдайларын ескертуге ерекше назар аударған жөн.
Дидактикалық ойын – балалар үшін оқу да, еңбек те. Ойын - айналадағы дүниені танудың тәсілі. Ол балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймай, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. Педагогикада дидактикалық ойындарға былай анықтама беріледі: дидактикалық ойындар дегеніміз – балаларға белгілі – бір білім беріп, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру мақсатын көздейтін іс - әрекет.
Дидактикалық ойындардың мақсаты:
1. Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдылар жайында түсінік беру;
2. Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды қалыптастыру;
3. Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды тиянақтау және бекіту;
4. Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды қайталау және пысықтау;
5. Бағдарламада анықталған білім, білік және дағдыларды тексеру.
Дидактикалық ойынның міндеті:
1. Баланың қызығушылығын туғызу;
2. Баланың белсенділігін арттыру.
Балабақшадағы тәрбиелеу - оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс - әрекет кезіндегі тілдік қарым - қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.
Бейнелеу өнері бойынша пайдаланатын дидиктикалық ойындар
Бейнелеу өнері бойынша пайдаланатын дидиктикалық ойындардың маңызы.
Мектепке дейінгі кезеңде бейнелеу іс - әрекеті баланың жеке басының жан – жақты дамуына, айналадағы дүниені белсенді түрде тануына, алған әсерлерін сурет салуға, мүсіндеуге және қиып жапсыруда пайдалана білу қабілетін жетілдіруге жәрдемдеседі.
Бейнелеу өнері – эстетикалық тәрбиенің ең ықпалды және өзгермейтін басты құралы. Эстетикалық тәрбие барысында мына міндеттерді шешу қажет:
- баланың эстетикалық қабылдауын, сезімі мен ұғымын, көркемдікті қабылдау қабілетін үздіксіз дамыту және талғамын қалыптастыру;
- баланы өмірдің көңілді сәттерін сезе білуге, айналадағы әдеміліктерді көре білуге, жағымды да сазды әуендерді тыңдай білуге және оларды сүйе білуге баулу;
Бейнелеу іс - әрекеті барысында тәрбиенің сенсорлық, ақыл - ой, эстетикалық, адамгершілік және еңбек пен дене тәрбиесінің алуан түрлі жақтары жүзеге асырылады. Дидактикалық ойындар тәрбиелеудің аса маңызды құралының бірі болғандықтан, ол балалар меңгерген дағдыларды бекіту немесе үйрету үшін ғана емес, сол алған білімдерін іс - әрекетте пайдалана білуге, жұмыс барысындағы икемділік – дағдыларымен қарулануға, ақыл – ойының дамуына, белсенділігінің арттыруына, өз бетінше әрекет етуіне жәрдемдеседі.
Геометриялық пішіндерге арналған дидактикалық ойындар
Мақсаты: Балаларға біреуі артық немесе кем санды тауып, атауды үйрету.
Көрнекілік: Ою-өрнектер, геометриялық пішіндер салынған карточкалар жиынтығы, геометриялық пішіндер.
Барысы: Балалар геометриялық /ұшбұрыш, шаршы, дөңгелек және с.с./ пайдаланып, мұғалімнің тапсырмасына үндеместен жауап беруі тиіс.
Тәрбиеші тапсырма береді, балалар оны орындайды.:
а/дөңгелектерден біреуін артық етіп, ұшбұрыштарды қойыңдар /үш дөңгелек салынған сандық карточканы көрсетеді/;
б/мұндағы дөңгелектерден біреуін кем етіп, шаршыларды қойыңдар /бес дөңгелек салынған сандық карточканы көрсетеді/;
в/дәл осындай пішінді көрсетіңдер /дөңгелекті көрсетеді/және осыларға сәйкес тапсырмаларды көрсетіндер.
Ойын соңында қорытынды шығарылады. Қатені аз жіберген қатар ұтып шығады.Ойынның барысында балалардың зейіні, қол қимылының жылдамдығы, дәлдігі қалыптаса бастайды және санауды, біреуі артық немесе кем санды тауып, оны атауды үйренеді.
«Дәл осындай пішінді тап»
Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту, пішіндерді атауға, ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: бала саны бойынша құлыптың суреттері, геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: алдарындағы сиқырлы құлыпты ашуды ұсыну. Құлыптың кілттері де сиқырлы, геометриялық пішіндерден құралған екенін айту. Әр бала құлыпқа сай келетін кілтті алып, құлыпты ашады.
«Үйдің есігін жабайық»
Ойынның мақсаты: заттарды өлшемі бойынша салыстыруға, жуан және жіңішке заттарды ажыратуға жаттықтыру. Ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: үйдің, есіктің суреттері.
Ойынның мазмұны: қағаздан қиылған, есігі жоқ үйдің суретін балаларға тарату. Жуан және жіңішке есіктерді үйдің өлшеміне сай келтіріп салуды ұсыну.
«Вагондарға дөңгелек таңдау»
Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, қасиеттерін білуге жаттықтыру, ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: қағазға салынған вагондар, әртүрлі геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: Балалар вагондарға лайық дөңгелектерді әртүрлі пішіндердің ішінен табады.
«Үй құрылысының ретін көрсет»
Мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін, қабылдау, ес, зейін процесстерін дамыту.
Құрал-жабдықтары: баланың саны бойынша әртүрлі түсті жолақтар, пішіндер, үй суретінің үлгісі.
Мазмұны: Балаларға үйдің суретінің үлгісін көрсету. Балаларға әртүрлі жолақшаларды, пішіндерді таратып беру. Үлгіге қарап осы пішіндерден үйді құрастыруды ұсыну.
«Бет орамалға лайық жамауларды табу»
Мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру; логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.
Құрал-жабдықтары: бала саны бойынша қағаздан жасалған бет орамалдардың үлгісі, әртүрлі пішіндер.
Мазмұны: Балаларға бет орамалдардың үлгісін таратып беру. Алдарындағы пішіндердің ішінен әр орамалға лайық жамауды табуды ұсыну.
« Жұбын тап»
Мақсаты: геометриялық пішіндерді ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру; білімдерін бекіту, ойлау қабілеттерін дамыту.
Құрал-жабдықтары: әртүрлі ретте орналасқан геометриялық пішіндердің суреттері.
Мазмұны: Балаларға геометриялық пішіндер орналасқан суреттерді тарату. Үлгі ретінде бір суретті көрсетіп, дәл осындай суреттін жұбын табуды ұсыну. Суреттердің дұрыстығын тексеру үшін оларды салыстыру.
«Әдемі кілемшелер»
Ойынның мақсаты: бөліктерден кілемше жасауға үйрету; қабылдау, ес, зейін процесстерін дамыту; ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Ойынның құрал-жабдықтары: қағаздан жасалған кілемшелер, геометриялық пішіндер.
Ойынның мазмұны: Балалар геометриялық пішіндерді берілген кілемшелердің үстіне қойып, құрақ құрайды.
«Таныс пішіндер доминосы»
Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту; көп заттың ішінен біреуін таңдауға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: пішіндер бейнеленген суреттер.
Ойынның мазмұны: Балаларға суреттерді таратып беру. Жүргізуші бірінші суретті үстелдің ортасына қояды, қалған балалар сурет сәйкес өзінің суретін қояды, суретте бейнеленген пішінді атайды. Ойын осылай жалғаса береді.
«Гараждар»
Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту; ойлау қабілеттерін дамыту; жағымды көңіл-күйлерін қамтамасыз ету.
Ойынның құрал-жабдықтары: бала саны бойынша суреті бар рульдер, дәл сондай суреті бар гараждар.
Ойынның мазмұны: Балалар жүргізуші болады. Қолдарына суреті бар рульдерді таратып беру. Белгі бойынша балалар көліктерін жүргізіп ойнайды. «Көліктеріңді гараждарыңа апарып қойыңдар» - деген кезде, рульдегі суретіне ұқсас суреті бар гараждың жанына барып тұра қалады.
«Өз үйіңді тап»
Ойынның мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; қабылдауын дамыту; ойынның ережесін сақтауға үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: түрлі-түсті дөңгелектер.
Ойынның мазмұны: Балаларға түрлі-тісті дөңгелектер тарату, түсін атау. Үйлерін көрсету. Белгі бойынша балалар дөңгелектерінің түсі бойынша үлкен шеңберлерге тұра қалады.
«Зейінді бол»
Мақсаты: Күрделі геометриялық суреттен үшбұрышты, төртбұрышты, шеңберді көрсете білу.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер кескінделген суреттер /5–сурет/.
Барысы: Тәрбиеші көрсеткіш таяқшамен бірінші /екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы/ суретті нұсқап, балаларға мынадай сұрақ қояды: Суреттен қандай таныс пішінді көресіңдер? Әрбір суретте өзара ұқсас неше пішін бар?
Есептеу кезінде аз қателескен қатар ұтып шығады.
«Мынау қай пішін?»
Мақсаты: Геометриялық пішінді сипалап анықтау арқылы айта білу.
Көрнекілік: Картоннан жасалған геометриялық пішіндер 5–түрі.
Барысы: Бала топқа қарап тұрып, қолын артқа ұстайды. Тәрбиеші оның қолына геометриялық пішінді ұстатады. Бала оны сипап байқап, балаларға көрсетпей атын атайды.
«Кім зейінді?»
Мақсаты: Белгілі геометриялық пішіндерден әртүрлі нәрселер құрастыру.
Көрнекілік: Сіріңке қорабында таратпа геометриялық пішіндер.
Барысы: Тәрбиеші төмендегі бейнелерді геометриялық пішіндерден алып бейнелер құрайды. Жылдам болған бала мадақталады.
«Қандай пішін шықты?»
Мақсаты: Таяқшалардан таныс геометриялық пішіндер құрастыра білу.
Көрнекілік: Әрбір балаға 10 данадан санағыш таяқшалары
Барысы: Тәрбиеші балаларға үш таяқша алып, олардан пішін құрастыруды ұсынады. Қандай пішін шықты? Енді төрт таяқша алып, пішін құрастыру ұсынылады.
Қандай пішін шықты? Тәрбиеші тағы да бір таяқша алып, оны шаршының, төртбұрыштың үстіне қоюды ұсынады. Қандай пішін шықты?
«Біркелкі пішіндерді сана»
Мақсаты: Пішіндерді танып, топтастыра білуге үйрету. Ойлау қабілетін, қол қимылын жаттықтыру.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер суреттері бар, таратпа суреттер. (15 дана)
Барысы: Әр балаға пішіндер суреттері бар, суреттер таратылып беріледі. Суреттерден біркелкі пішіндерді санап атау.
«Бос торларды сәйкес пішіндермен толтыр»
Мақсаты: Геометриялық пішіндерді танып, атай білуге үйрету. Бос торларды сәйкес пішіндермен толтырту.
Көрнекілік: Әр балаға жеткілікті таратпа суреттер.
Барысы: Балаларға суреттер таратылып беріледі. Суреттердегі бос торларды сәйкес пішіндермен толтыр.
«Қандай пішін жетіспейді?»
Мақсаты: Геометриялық пішіндерді атай білуге үйрету. Қай пішін жетіспейтінін тапқызу.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер. (Қораптан алу)
Барысы: Тақтаға геометриялық пішіндер қойылады. Балаларға көздеріңді жұмыңдар деп, бір пішінді алып қояды. Балалар қай пішін жетіспейтінін табады.
«Пішіндерді боя»
Мақсаты: 1.Түстерді тани білуге үйрету.
2.Ойын элементтерін пайдалана отырып математикаға қызығушылықтарын арттыру.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер
Барысы: Балаларды ұйымдастырып, оларға ақ бет қағаздағы пішіндердің суреттері таратылып беріледі. Бұл суреттегі пішіндер боялмаған. Тәрбиеші балаларға тақтаға боялған пішіндерді ұсынады. Балалардың міндеті сол тақтадағы түстеріне қарап алдарындағы пішіндерді сондай түспен бояйды. Мұндай ойын балалардың түсінулерін және шапшаңдықтарын шыңдайды.
Өлшемдер туралы дидактикалық ойындар
«Сиқырлы суреттер»
Ойынның мақсаты: балалардың логикалық ойлау қабілетін, ес, зейін, қабылдау процесстерін дамыту.
Ойынның кұрал-жабдықтары: әр түрлі сурет бөлінділері.
Ойынның мазмұны: Балалар алдарындағы үлгі бойынша бөлінділерден сурет құрайды. Сурет бойынша әңгіме құрауды ұсыну.
«Сиқырлы қапшық»
Ойынның мақсаты: заттарды белгілі бір қасиеттері бойынша салыстыруға, топтастыруға үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: түсі, өлшемі, пішіні бойынша әр түрлі ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: Балалар «Сиқырлы қапшықтың» ішіндегі затты ұстап көріп, пішінін анықтайды, ойыншықты алған соң атын атап, түсін айтады.
«Көзіңді жұмып, қолыңмен анықта»
Ойынның мақсаты: Ұзын-қысқа, жуан-жіңішке, үлкен-кіші ұғымдарын бекіту.
Ойынның құрал-жабдықтары: қарындаштар, таяқшалар.
Ойынның мазмұны: Балалар сипап – сезу арқылы заттың ұзын - қысқалығын анықтау. Ұзындығы әртүрлі қарындаштар алынады. Жүргізуші бір баланы шақырып, оған «көзіңді жұм да, қарындаштың ұзын-қысқалығын анықта» деген тапсырма береді.
«Зейінді бол»
Ойынның мақсаты: Биік және аласа ұғымдарын бекіту; логикалық ойлауын дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: биік және аласа заттар бейнеленген суреттер немесе ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: Балаларға биік және аласа заттардың суреттерін немесе ойыншықтарын қарастыруды ұсынады. Әр суретте не бейнеленгенін анықтау. Биік затты көрсеткенде балалар орындарынан тұрады, аласа затты көрсеткенде бастарын төмен түсіреді.
«Ұзын-қысқа»
Ойынның мақсаты: өлшемдердің қасиеттерін қабылдауға үйрету; тапсырманы орындауға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұзын және қысқа жолақшалар.
Ойынның мазмұны: Балаларға ұзын және қысқа жолақшаны көрсету. Өлшемін анықтау. Жолақшаларды таратып беру. Үстелдің үстіндегі жолақшалардың ішінен ұқсас жолақшаны табуға тапсырма беру.
«Шамдар»
Мақсаты: қасиеттері бойынша заттарды топтастыруға, түстерді, өлшемдерді ажыратуға жаттықтыру; зейіндерін дамыту.
Құрал-жабдықтары: бала саны бойынша әртүрлі шамдар
Ойынның мазмұны: Балаларға шамдарды таратып беру, шамдардың түсін, өлшемін анықтауды ұсыну. Балалар тәрбиешінің шамын өздерінің шамдарымен салыстырады. Белгі бойынша тәрбиешінің шамына ұқсас шамдары бар балалар ортаға жүгіріп шығады.
«Қолымда не бар?
Ойынның мақсаты: ұзын-қысқа, жуан-жіңішке , үлкен-кіші, оң-сол жайлы білімдерін бекіту. Түйсіну сезімдерін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұсақ тастар, жаңғақтар.
Ойынның мазмұны: Баланың қолына үлкендігі әртүрлі заттарды ұстату. Мысалы, үлкен және кіші тастар. Бала қолына қарамастан, сипап-сезу арқылы үлкен-кіші заттың оң және сол қолында екенін анықтайды. Қалған балалар оның жауабынын дұрыстығын тексереді. Жуан-жіңішке, ұзын-қысқа өлшемдері бойынша жұмыс осылайша жүргізіледі.
«Қуыршақ қонаққа дайындалуда»
Ойынның мақсаты: ұзын-қысқа, жуан-жіңішке, ұзындығы бірдей деген өлшемдерді салыстыруға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұзындығы, жуандығы, түсі әртүрлі ленталар.
Ойынның мазмұны: Қуыршақ қонаққа барады, киімін киюге, шашына бантик таңдауға көмектесуді ұсыну. Көп бантиктердің арасынан ұзындығы бірдей екі бантикті табу керек. Әдемі бантиктермен қуыршақтың шашын әсемдеу.
«Тапсырманы орында»
Ойынның мақсаты: үлкен және аз заттарды ажыратуға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: үлкендігі әртүрлі ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: бір баланы ортаға шақырып, оң қолына үлкен ойыншықты, сол қолына кішкентай ойыншықты ал деп тапсырма береді. Ойын осылай жалғаса береді.
«Қай қолымда көп»
Ойынның мақсаты: аз және көп заттарды ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: әртүрлі ұсақ заттар–моншақтар, түймелер
Ойынның мазмұны: ортаға бір баланы шақырып, оң және сол қолына көп және аз заттарды ұстатады. Бала алдымен көз мөлшерімен қай қолда зат көп, қай қолында аз зат бар екенін анықтайы. Одан кейін заттарды қатарымен қойып, қай қатарда көп, қай қатарда аз зат тұрғанын салыстырады.
«Сипаттамасы бойынша тап»
Ойынның мақсаты: ұзын-қысқа, кең-тар, биік-аласа ұғымдарын бекіту.
Ойынның құрал-жабдықтары: жануарлардың, құстардың ойыншығы.
Ойынның мазмұны: балалар аю, түлкі, қасқыр, қоянның ойыншықтарын қарастырады. Әр ойыншықты анықтап атын атайды. Ойнаушылардың біреуі бөлмеден шығып кетеді, басқа ойнаушылар ойыншық туралы жұмбақ құрастырады. Жұмбақ құрастырғаннан кейін жұмбақты шешетін баланы шақырады.
«Көп және біреу»
Ойынның мақсаты: көп және біреу қатынастарын білуге үйрету; заттардың тең, тең емес топтарын салыстыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: көп және бір зат бейнеленген суреттер.
Ойынның мазмұны: балалар берілген суреттерді қарастырады. Көп зат және бір зат бейнеленген суреттерді бөліп, екі жаққа қояды.
«Түрлі-түсті жолақтар»
Ойынның мақсаты: түстерді атауға, салыстыруға жаттықтыру; берілген тапсырманы орындауға ынталандыру; достық қарым-қатынастарын тәрбиелеу.
Ойынның құрал-жабдықтары: қағазға желімделген әртүрлі жолақшалар.
Ойынның мазмұны: балаларға жолақшаларды көрсету, түстерін атау. Берілген жолақшаның түсі бойынша үстелдің үстіндегі дәл осындай жолақшаны табу.
«Ұзын және қысқа»
Ойынның мақсаты: өлшемдердің қасиеттерін қабылдауға үйрету; тапсырманы орындауға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: ұзын және қысқа жолақшалар.
Ойынның мазмұны: балаларға ұзын және қысқа жолақшаны көрсету. Өлшемін анықтау. Жолақшаларды таратып беру. Үстелдің үстіндегі жолақшалардың ішінен ұқсас жолақшаны табуға тапсырма беру.
Кеңістіктер туралы дидактикалық ойындар
«Кеңістік»
Мақсаты: балаларды кеңістікті бағдарлауға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін, қабылдау, зейін процесстерін дамыту.
Құрал-жабдықтары: әртүрлі заттар бейнеленген суреттер.
Мазмұны: Балалардың алдында үлкен бөлменің суреті тұрады. Балаларға суреттерді таратып беру. Суреттерді орындарына орналастыруды ұсыну. Мысалы, балықты аквариумға салу, гүлді үстелдің үстіне, суретті қабырғаға ілу. Ойын осылай жалғаса береді.
«Жоғарыда-төменде»
Ойынның мақсаты: жоғары–төмен ұғымдарын пысықтау. Байқағыштықты, зейін, қиялды дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: құстардың, жануарлардың суреттері.
Ойынның мазмұны: Бала қораптың ішінен бір суретті алып, атын атап, орнын анықтап үлкен суретке бекітеді. Мысалы, ұшақ жоғарыда аспанда ұшады, балық төменде су ішінде жүзеді.
«Оң және сол»
Ойынның мақсаты: үлкен және аз заттарды ажыратуға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: үлкендігі әртүрлі ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: Бір баланы ортаға шақырып, оң қолына үлкен ойыншықты, сол қолына кішкентай ойыншықты ал деп тапсырма береді. Ойын осылай жалғаса береді.
«Суреттерді орналастыр»
Ойынның мақсаты: заттарды топтастыруға жаттықтыру, өз бетінше тапсырманы орындауға дағдыландыру, ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: тор көз салынған қағаз беттері, әртүрлі суреттер.
Ойынның мазмұны: Балалар берілген суреттерді әр бағанмен жолға олардың бірі ғана келетіндей етіп, шаршы тор көздерге орналастырады.
«Танып ал да, атын ата»
Ойынның мақсаты: заттың түр-түсін, пішінін, атын атауға жаттықтыру; сөздік қорын молайту; ойлау қабілетін дамыту.
Ойынның құрал-жабдықтары: әр түрлі ойыншықтар немесе суреттер.
Ойынның мазмұны: Балаларға әртүрлі ойыншықтарды көрсету. Ортаға бір-бір баладан шақырып, бір ойыншықты алып, оның түр-түсін, пішінін, қасиетін анықтауды және сол ойыншық жайлы әңгіме құрауды немесе тақпақ айтып беруді ұсынады.
«Тәулік бөліктері »
Ойынның мақсаты: тәулік бөліктері жайлы білімдерін бекіту; тәулік бөліктерін атауға, ажыратуға жаттықтыру.
Ойынның құрал-жабдықтары: суреттер
Ойынның мазмұны: Балалар кезектесіп суретті алып, тәуліктің қай бөлігі екенін айтады, сол сурет бойынша әңгіме құрайды.
«Сипаттамасы бойынша тап»
Мақсаты: Ұзын-қысқа, кең-тар, биік-аласа, үлкен-кіші ұғымдарын бекіту.
Көрнекілік: Топтағы жануарлар бейнелейтін ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: Сөреге аю, қоян, қасқыр, түлкі т.с.с 5-6 ойыншықтар қояды. Әрбір ойыншықтарды анықтап қарап, атын қайталайды. Балалардың біреуін бөлмеден шығарып, ойыншықтар туралы жұмбақтар құрастырады, м: «Ұзын құлақ, қыли көз, қысқа құйрық-бұл қай аң? Жұмбақтарды құрастырып болған соң, баланы шақырады. Егер ол жұмбақ дұрыс шеше алмаса, қолына сол ойыншық беріледі де, жұмбақ қайта айтылады.
«Қалай жүріп, нені тапқың келеді?»
Мақсаты: Кеңестікті бағдарлай білуге үйрету. Оң-сол, алдында- артында ұғымдарын бекіту.
Көрнекілік: Кез-келген ойыншықтар немесе суреттері.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші ойыншықтарды топтың әр жеріне қояды: баланың оң жағына-машина, сол жағына-доп, алдына-қуыршақ, артына-зымыран қойып былай дейді: «алдыңда қуыршақ, оң жағында машина, сол жағыңда доп, артыңда зымыран, қалай жүріп, нені тапқың келеді?»
«Доппен ойнау»
Мақсаты: «Жоғары-төменде», «астында-үстінде», «сол жақта-оң жақта» ұғымдарын бекіту.
Көрнекілік: доп.
Ойынның мазмұны: 1-вариант. Балалар екі командаға бөлінеді. Жіп керіліп, оның екі ұшынан ұстап тұруға болады.
«Доп төменде» деген бұйрық берілісімен екі бала /әр командадан/ бірден допты жіптің астынан алып өтеді де, «доп жоғарыда» деген бұйрық берілісімен жіптің үстінен лақтырады. Әрі қарай ойынды ойыншылардың келесісі жалғастырады. Ешқандай қате жібермеген команда ұтып шығады.
2-вариант: Балалар сапқа тұрады. Доп бірінші баланың қолында «доп оң жақта» деген бұйрық айтылғанда доп оң жаққа беріледі. «Тоқта» деген бұйрық бойынша допты сапта тұрған балалардың біреуі ұстап қалады. «Доп сол жақта» деген бұйрық бойынша доп сол жаққа беріледі.
Тапсырманы дәл әрі тез орындаған балалар жеңімпаздар атанады.
«Ойыншықты тап»
Мақсаты: Кеңістікті бағдарлай білуге үйрету.
Көрнекілік: Топтағы ойыншық.
Ойынның мазмұны: Тәрбиеші ойыншықты тығып қойып, бір баланы тақтаға шақырады. Тәрбиеші нұсқауымен, мысалы: 1 адым алдыға оңға бұрыл, 2 адым алдыға тура жүр деп ойыншыққа дейінгі жолды айтып отырады. Бала айтылған нұсқаумен дұрыс жүріп отырса, ойыншықты табады.
«Жоғарыда–төменде, биік-аласа»
Мақсаты: жоғары- өмен, биік-аласа ұғымдарын пысықтау.
Көрнекілік: Көгілдір аспан, жасыл алқап, өзен бейнеленген сюжетті суретті плакат тақтада. Қорапта ұшақтың, құстар түрлері, балық түрлері, аңдар түрлері қатырма қағаздан жасалған.
Барысы: Тақтаға бір бала шақырып қораптағы бір бейнені алып, атын атап, орынын анықтап сюжетті суретке іледі. Мысалы: Ұшақ жоғарыда-аспанда ұшады, балық төменде-су ішінде жүзеді, - деп сипаттап айту керек.
Сандық құрамды ажыратуға арналған ойындар
«Карточкаға қандай сан жазылған?»
Көрнекілік: Суретті карточкалар.
Барысы:
1 вариант: Тәрбиеші карточканың бетіндегі 2 түсті дөңгелекті төмен қаратып қолына ұстап тұрады да, балаларға былай дейді: «Карточкада екі сан» бейнеленген. Егер оларды қоссақ 5 болады. Карточкада қай сандар бейнеленген? «Балалар түрліше жауап береді». Балалардың біреуі карточкада жазылған сандарды атаған кезде тәрбиеші карточканы топқа көрсетеді.
2 вариант: «Егер тоғыздан біреуін кемітсендер, сендер менің қолымдағы санды табасындар». Балалар бұл санды атайды. Жауабын бірнеше баладан сұрау керек. Тәрбиеші сандық карточканы балаларға алдын ала көрсетеді.
Бірінші болып дұрыс жауап берген бала ұтып шығады.
«Автобус»
Мақсаты: Санның құрамын пысықтау.
Көрнекілік: Сандық карточкалар.
Барысы: Алаңға бормен тікбұрыш /автобус/ сызылған. Екі бала бақылаушылар болып, бетіне «5»цифры жазылған үлкен карточканы ұстап тұрады. «Автобусқа» сандық карточкаларында бейнеленген дөңгелектердің қосындысы
5 болатын /жол ақысы/ балалар ғана жұптасып отырады.Ойын басталды дегеннен кейін әрбір бала өз сыңарын іздеп табуға тырысады /2 және 3, 3 және 25, 1 және 4, 4 және 1/. Жұптар бірінен соң бірі сапқа тұрады, «автобусқа» кіреді, өздерінің сандық карточкаларын көрсетеді, ал «бақылаушылар» жұптардың дұрыс таңдалуын тексереді.
«Сан құрастыр»
Мақсаты: Санның құрамын пысықтау.
Көрнекілік: Суретті карточкалар.
Барысы: Тәрбиеші бетіне бір сан, мысылы «6» саны жазылған карточканы көрсетеді. Әрбір бала қосындысы «6» санын құрайтын екі сандық карточкаы көрсетуі тиіс.
Мысалы: бір карточкада 5 дөңгелек, екіншісінде–1 дөңгелек, біреуінде–3, екіншісінде-3 шаршы және с.с.
«Ою құрастыру»
Көрнекілік: Бірнеше бөліктерге бөлінген ою элеметтері.
Мақсаты: Балаларды сандардың ретін, құрамын оңай табуға, таңбаны айыра білуге дағдыландыру.
Барысы:
1-вариант. Оюдың элементтерін жекелеп қиып, мысалы 4 қошқар мүйізді 2-ге бөліп, 8 бөлікті балаларға таратып береді. Түстерін сәйкестендіру, бөліктерін қиюластыру арқылы ою-өрнек құрастырылады.
2 вариант. Ою бөліктерінің келесі бетіне сан жазылады.
Өрнекті құрастыру санға сәйкес орындалады.
«Поезд құрастыр»
Мақсаты: 1-ді қосу таблицасын қайталату.
Көрнекілік: 1-ді қосу таблицасы берілген карточкалар, 0+1, 1+1, 2+1, т.с.с.
Барысы: Тәрбиеші карточкаларды балаларға таратып береді, оларды вагондар, ал бір баланы тепловоз деп тағайындайды. Балалар қолдарындағы карточкаларына қарай отырып, алдымен «тепловозға» ретімен тіркелуі тиіс.
«Заттарды сана»
Мақсаты: 1.Балалардың назарын дамыту, байқағыштықтарын арттыру. 2.Көкеністер санымен сандарды тауып қою. 3.Ойын арқылы көкеністер түрлері туралы білімдерін бекіту.
Көрнекілік: Көкеністер суреттері, сіріңке қорабындағы сандар.
Барысы: Тәрбиеші балаларға көкеністердің суреттерін таратып береді. Бір суретте бірнеше көкөністер түрлері болуға тиіс. Балаларға қойылатын талап көкөністер санын анықтау.
«Дыбыс арқылы санды тап»
Мақсаты: Есту мүшелері арқылы баланың ойлау қабілетін анықтау.
Көрнекілік: Сіріңке қорабындағы таратпа сандар.
Барысы: Тәрбиеші қарындашпен үстелді дыбыс шығатындай етіп тықылдатады. Балалар тыңдап отырып алдарындағы цифрларынан тиісті санды көрсетеді.
«Тез ойла»
Мақсаты: 1.Балалардың заттарды салыстыру, оң жақ, сол жақ сияқты түсініктерін дамыту. 2. Кеңестікті бағдарлай білуге үйрету. 3. Ойын арқылы шапшандыққа, тез ойлауға баулу.
Көрнекілік: Топтағы заттармен.
Барысы: Тәрбиеші балаға өзінің алдында, оң, сол жақтарында нелер тұрғанын айтқызу. Кеңістікті бағдарлай білуге үйрету.
«Қанша? Қандай?»
Мақсаты: 1. 10–ға дейін санауды бекіту.
2. 1-ші, 2-ші ұғымдарымен таныстыру.
Көрнекілік: Сандар («Шалқан», «Бауырсақ» ертегісі бойынша)
Барысы: Әр топтағы заттардың санын анықтау. Қораптан керекті санды алып қойып, ертегіні әңгімелеу, сандармен ретін анықтау. «Шалқан» ертегісі бойынша атасы бірінші, апасы екінші, қызы үшінші, т.б. пайдалана кетуге болады.
«Әрі қарай кері сана»
Мақсаты: 10 көлеміндегі сандарды кері қарай санауды қайталау.
Көрнекілік: Доп, сандық карточкалар.
Барысы: Тәрбиеші көлемдегі санды көрсетеді де, бір баланың атын атап: «Әрі қарай кері сана» - дейді. Ол : «Тоғыз, сегіз, жеті» деп санай бастайды.Тәрбиеші балалардың біреуіне қарап, доп лақтырады. «Жеті» - дейді. Допты тосып алған бала «үш, екі, бір» деп жалғастырады.
«Жазылмай қалған сандарды ата»
Мақсаты: 1. Балалардың сандардың реті туралы білімдерін бекіту. 2.Ойын ойнау арқылы байқағыштыққа, тез орналастыруға баулу. 3.Ойын элементтерін пайдалана отырып математикаға қызығушылығын арттыру.
Көрнекілік: 15 дана сіріңке қорабындағы сандар.
Барысы: Тәрбиеші балаларға текшелер таратып береді. Ол текшелерде сандар жазылады, сандар ретімен толық жазылмайды. Мысалы: 1 3 6 8 9.
Балалардың міндеті сол қолдарындағы текшелерден жазылмай қалған санды анықтап атау. Егер сандар ретін анық атап шықса, жұлдыздармен марапатталады. Ал егер сандар қатарындағы жоқ санды таба алмаса, текшедегі бар сандардың құрамын анықтайды.
«Қуыршақтардың сыйлықтары»
Мақсаты: 1. Сандар мен олардың құрамы туралы білім беру.
2. Ойын ойнау арқылы шапшандыққа, өз бетімен жұмыс жасау дағдыларын дамыту.
Көрнекілік: Қуыршақ, шарлар.
Барысы: Қуыршақтың сыйлық шарлары таратылып беріледі. Балалар ол шарларды үрлеп, қандай түсін және қанша екенін айтады. Үрленетін шарлардың түстері үш түрден аспауы керек. Шардың санымен артық, қандай түсті шардың кем екенін балаларға айтқызу.
«Жәндікте неше аяқ бар?»
Мақсаты: 1.Балалардың санау және есептеу дағдыларын қалыптастыру. 2.Жәндіктер туралы түсініктерін жаңарту. 3.Ойын элементтерін пайдалана отырып математикаға қызығушылықтарын арттыру.
Көрнекілік: Ойыншық жәндіктер
Барысы: Тәрбиеші балаларға бірнеше суреттер таратып береді. Бұл суреттерде әртүрлі жәндіктер суреттеледі. Балалардың міндеті осы суреттегі жәндіктердің қанша аяғы бар екенін анықтау. Ол үшін суреттердегі жәндіктердің аяқтарын санап сол суреттің астына кеспе цифрлар арқылы белгілеп отырады да соңынан ең аяғы көп жәндіктің суретін салу ұсынылады.
«Нешінші?»
Мақсаты: «Нешінші?» ұғымын қалыптастыру.
Көрнекілік: Топтағы 10 түрлі ойыншықтар.
Барысы: Тақтаға 10 түрлі ойыншықтар суреті ілінеді. Ортаға бір бала шығып, қатардан бір ойыншықты алады. Балалар қатардан нешінші затты алғандығын алақандарын шапалақтау арқылы көрсетеді. Ойыншықтың атынатау керек. Ойын барысында «нешінші?» деген ұғымды қалыптастыру. Балалардың сөздік қорын дамыту, қызығушылығын арттыру.
«Қай қолымда көп?»
Мақсаты: Заттардың екі жиынтығын салыстыра білуге үйрету.
Көрнекілік: Асықтар, топтағы ұсақ заттар.
Барысы: Балалар екі топқа бөлінеді, оның әрқайсысы алма-кезек тәрбиешінің үстеліне өз өкілін жібереді. Бір бала қолын артына ұстайды. Алдымен тәрбиешінің одан соң балалардың бірі оның қолына текше, түйме әртүрлі ұсақ нәрселерді ұстатады. Бірақ ол бір қолда көп, екіншісінде аз болуы керек. Бала алдымен көз мөлшерімен нәрсенің қолында көп екенін анықтау. Қай қатарда көп, қай қатарда аз екенін салыстыру керек.
«Қол соғу»
Мақсаты: Тез, дәл қимыл жасау, есту қабілетін жетілдіру, ретімен санауды, қанша, қанша болса сонша ұғымдарын қалыптастыру.
Көрнекілік: Тәрбиешінің және әрбір баланың алдына тілі бар дөңгелек/1-сурет/ .
Барысы:
1-вариант: Тәрбиеші қол соғады. Балалар санайды. Тақта алдына шақырылған бала тәрбиешінің неше рет қол соққанын айтуы немесе дөңгелектің тілін саны сонша қара дөңгелекшелер тұрған бөлікке қаратып қоюы тиіс.
2-вариант: Ойын күрделенеді. Балалар үндемей, қол соғу санын есептейді, әрқайсысы дөңгелек тілін өздігінен жылжытады. Тәрбиеші қатарларды аралап, ойын ережесінің дұрыс орындалуын тексереді.
Ойын екі-үш рет қайталанған соң, қорытындысы шығарылады. Ойыншылары қателеспеген қатар ұтып шығады.
«Өзара айырмашылығын тап»
Мақсаты: 1.Суреттерді салыстыра отырып, айырмашылығын тапқызу.
2.Сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, ойлау қабілетін жетілдіру.
Көрнекілік: бала санына (15 дана) суреттер жинағы.
Барысы: Әр балаға суреттер таратылып беріледі. Суреттерді салыстыра отырып, айырмашылығын тапқызу.
«Қанша болса, сонша»
Мақсаты: Сандарды тани білуге үйрету. Берілген тапсырманы дұрыс орындай білуге жаттықтыру.
Көрнекілік: Сандық карточка.( «Кеспе сан» қалтасынан алу)
Барысы: Тақтаға 3 бала шығарып, сандық карточканы көрсетіп, карточкада қандай сан тұрса, сонша қимыл көрсету. Тапсырманы сандарды өзгерте отырып, 2-3 рет қайталау.
«Керісінше айт»
Мақсаты: Тәулік жөнінде түсініктерін кеңейту. Қарама-қарсы мағыналы сөздермен жауап бере білуге үйрету.
Көрнекілік: доп
Барысы: Балаға допты беріп қарама-қарсы мағыналы сөзбен жауап беруді сұрайды. Мысалы: «таң» десе, бала «кеш» деп жауап береді.
«Неше саңырауқұлақ немесе көкеністер?»
Мақсаты: Артық-кем ұғымдарын бекіту.
Көрнекілік: Кәрзеңке, санырауқұлақтар, көкеністер. (15 дана)
Барысы: Тәрбиеші балаларға былай дейді : «Саңырауқұлақтың саны үштен кем, бірден артық. Неше саңырауқұлақ бар? Кәрзеңкеге көкеніс түрлерін салғызып жаттығуды қайталайды.
«Апта күндері»
Мақсаты: Апта күндерін атап, есте сақтай білуге үйрету.
Көрнекілік: Апта күндерін шартты түрде белгілейтін 1-ден 7-ге дейін дөңгелектермен дайындалған карточка.
Барысы: Арнайы дайындалған карточканы көрсетіп, таныстыру. Апта күндерін атату, карточканы таратып беру. Тақтаға шыққан бала карточкаға сәйкес өз апта атын білу керек. Тәрбиеші бұйрығымен, «дүйсенбі» бір адым алдыға десе, тұрып қалмай алдыға шығу керек. Бұдан соң балалар кезекпен ауысып тақтаға шығады.
«Қиындыларды дұрыс бөл»
Мақсаты: Қиындыларды түсі мен ұзындығы бойынша айыра білуге жаттықтыру.
Көрнекілік: Әрбір балаға ұзындықтары мен түсі әртүрлі, мысалы: 2 қызыл, 1 жасыл, 2 сары, ең ұзын-сары, ең қысқа-қызыл, ұзындықтары бірдей: қызыл, жасыл, сары қиындылар жиынтығы.
Барысы: бірнеше тапсырмадан тұрады.
1- тапсырма: балаларға барлық қызыл қиындыларды сол жаққа, сары қиындыларды оң жаққа, жасыл қиындыларды ортаға қоюды тапсырады.
2- тапсырма: бірдей қиындыларды бірінің үстіне бірін тізіп қою.
3- тапсырма: оң жаққа ең ұзын, сол жаққа ең қысқа қиындылар қою.
4- тапсырма: қиындылардың ең қысқасынан бастап, ең ұзынына қарай реттеп, бір қатарға қою.
Тапсырманы дұрыс орындаған столдағы балалар жеңімпаз атанады.
«Қандай сандар жетіспейді?»
Мақсаты: Сандарды тани білуге, аталған сан арасындағы санды атай білуге үйрету.
Көрнекілік: сіріңке қорабындағы таратпа материалдағы сандар.
Барысы: тәрбиеші екі санды атайды, мысалы: 3-5 десе, балалар қораптан сол сандарды алып, ортасындағы санды қою керек.
«Көрші–көрші»
Мақсаты: Сан құрамын атап, неше бірліктен тұратынын, сандарды салыстыра білуге үйрету.
Көрнекілік: Кеспе қалтадағы сандық карточкалар: 1-10.
Барысы: Тәрбиеші бір санды атайды, м:7 санын. Тақтаға бір бала шығып аталған санды «кеспе қалтадағы» сандар арасынан 7 санын алып қояды. Тәрбиеші: осы санның көршілерін көрсетіндер дегенде , екі бала шығып 6 және 8 санын көрсетеді. Әр бала өз санын түсіндіру керек, м: 7 саны 6 санынан 1-уі артық, 8 санынан 1-уі кем, 7 бірліктен тұрады.
Ойын: «Табиғат мейірімді».
Ойын шарты: Тәрбиеші сөйлемді өзі бастап береді. Балалар сөйлемді әрі қарай жалғастырады.
- Жер-Ана мейірімді, өйткені ол ... (көкөністер мен жемістерді өсіреді).
- Күн мейірімді, өйткені ол ... (жарығын, жылуын береді).
Дидактикалық ойын: «Қай ағаштың жемісі?»
Ойын шарты: Алма, алмұрт, шие ағаштары және жемістері көрсетілген. Әр жемісті сәйкес ағаштарға тауып ілу керек.
Дидактикалық ойын: «Не жасырынғанын тап.»
Ойын шарты: балаларға ұннан пісірілген нан түрлерін көрсету.
Балалар көздерін жұмады, бір суретті педагог алып қояды. Балалар қай сурет жоқ екенін табуы керек.
Дидактикалық ойын: «Қай зат артық?»
Ойынның шарты: Үстел үстіне оқу құралдары мен ойыншықтар араластырылып қойылады. Сөмкеге оқу құралдарын жинап, артық заттардың атын атау керек.
Дидактикалық ойын: «Досым - менің мақтанышым».
Ойынның шарты: Балалар бір-біріне гүл ұсыну арқылы өз достарының бойындағы жақсы қасиеттерін айтады.
- Елжан, сен менің мейірімді досымсың.
- Жайна, сен ақылды қызсың. Осылайша ойын жалғаса береді.
Дидактикалық ойын: «Дәмін тап».
Ойын шарты: педагог жемістер мен көкөністерді кесіп, алдын ала дайындайды. Балалардың көздері жұмулы, ортаға кезекпен шығып, жемістердің дәмін татып, қандай жеміс екенін табуы керек.
Дидактикалық ойын: «Менің отбасым».
Ойын шарты: балалар шеңберге тұрады. Допты бір-біріне лақтырып, отбасы туралы жаңсы сөздер айтады.
- Менің отбасым ... (тату).
- Менің отбасым ... (көңілді).
Ойын осылайша жалғаса береді.
Дидактикалық ойын: «Кім жоқ?»
Ойынның шарты: Педагог тақтаға мамандық иелерінің суреттерін іледі, балалар суреттерді көреді, көздерін жұмады, көздерін ашқанда қай суреттің жоқ екенін табу керек.
Дидактикалық ойын: «Сөйлемді жалғастыр».
Ойын шарты: Бастаушы берілген суреттерге қарап, сөйлемді бастайды, келесі бала аяқтайды.
- Мен анама ... (көмектесемін).
- Мен ініме ... (қамқор боламын).
Дидактикалық ойын: «Жалғасын тап».
Ойын шарты: Бастаушы бала сөйлемді бастап береді, балалар аяқтайды.
- Менің ойыншығым ... /әдемі/.
- Мен қуыршақпен ... /ойнаймын/.
- Допты жоғары ... /лақтырдым/.
Дидактикалық ойын: «Айырмашылығын тап».
Ойын шарты: Қаланың және ауылдың суреттері берілген.
Балалар суреттерге қарап, қала мен ауылдың айырмашылығын табады.
Дидактикалық ойын: «Қай қала екенін тап».
Ойынның шарты: Ойын үшін Қазақстан картасын пайдаланамыз. Балаларға Қазақстандағы бірнеше қалалардың аты беріледі. Картадан сол қалаларды тауып, жанына белгілерін іледі: Астана - Бәйтерек, Алматы - Қазақстан қонақүйі, т.б.
«Ватмандағы саяхат»
Ойынға ватман мен бояулар керек. Бұл ойынды топпен немесе жеке балаңызбен ойнауға болады. Сіздің ұсынысыңыз: «Біз бүгін бірге ватманға саяхатқа шығамыз. әрқайсымыз кезекпен ватманға жақындап суреттер саламыз. Ойынның талабы қылқаламды немесе маркерді ватманнан үзбей сурет саламыз. Егер маркерді ватманнан үзсеңіз онда басқасы келіп, өз суретін сала бастайды. әр қасында 10 сек ғана бар. әртүрлі сызықтарды салуға, түрлі-түсті бояуларды қолдануға рұқсат.» Тауық пен балапандар
Мақсаты: Дауысқа еліктеу қабілетін, кеңістікті бағдарлауды дамыту.
Қажетті құралдар: Қораз бен балапандардың бастарының суреттері салынған баскиімдер (балалардың саны бойынша).
Ойын барысы: Тәрбиеші қоразды, ал балалар балапандарды бейнелейді. «Қораз балапандарымен көгалда қыдырып жемді шұқып жейді» (саусақтарымен еденді тықырлатады).
Қораз:
Мен қоразбын,қоразбын
Жалқаулармен аразбын
Таңды бұрын қарсы алып
Елді оятам жар салып.
Ку-ка-ре-ку!-деп нықтап
Айтты өзінше ақылды
Әке-шешең сендерге
Тамақ іздеп кетеді,
Менің күнім «таң атты»,
«күн батты»мен өтеді.
Қызмет етіп теп-тегін
Жүрмеймін босқа,жетеді,
Тым болмаса көңілімді
Көтерсеңдер не етеді?
Балапандар:
Қыт-қыт-қыт-қыт,иә-деп,
Сүйер бар балақан,
Мен-сары балапан.
Енеме еремін
Көгалды шоқып көп
Дән іздеп теремін.
Тәрбиеші балалардың өзінен соң «ку-ка-ре-ку, қыт-қыт-қыт-қыт» дыбыс тіркестерін анық айтуларына қол жеткізуі қажет.
Сылдырлайды мөлдір су
Мөлдір суға қолды жу
Жуынсан сен әрдайым
Аппақ болар маңдайын
Тазалықтың досы-су
Мынау – сары қарындаш
Мұнымен күнді бояймын.
Мынау –қоңыр қарындаш
Мұнымен құмды бояймын
Мынау –жасыл қарындаш
Мұнымен күнді бояймын
Мынау –көк қарындаш
Мұнымен суды бояймын
(Түрлі-түсті қарындаштарды көрсету арқылы сергіту сәтін жасайды)
Сергіту жаттығу
1.Орнымыздан тұрайық,
Алақанды ұрайық.
Бір отырып, бір торып,
Біз бір дем алайық.
2. Күн ұйықтайды.
Күн оянады.
Жел соқты.
Жаңбыр жауды.
Бұлт шатырлады.
Күн ашылды.
Жел басылды.
3. Ұшты-ұшты құлын ұшты.
Ұшты-ұшты мұрын ұшты.
Ұшты-ұшты кептер ұшты.
Ұшты-ұшты дәптер ұшты.
Ұшты-ұшты қарға ұшты.
Ұшты-ұшты арба ұшты.
4. Бала, бала балақан,
Кәне, қайсы алақан.
Саусақтарын әйбат,
Былай-былай ойнат.
Топ-топ басайық,
Жалаудан күн жасайық.
Жаса, жаса алтын күн
Жаса, жаса жарқын күн
5. Қане қанат жазайық,
Қарлығашқа ұқсайық.
Ұшып-ұшып алайық,
Орнымызға қонайық.
Білімде алда болайық.
6. Оңға, оңға түзу тұр,
Солға, солға түзу тұр.
Артқа қарай бір адым
Алдыға қарай бір адым
Жоғары төмен қарайық
Орнымызды табайық.
7. Сағаттың тіліндей
Иіліп оңға бір,
Сағаттың тіліндей
Иіліп солға бір,
Оң аяқ, сол аяқ
Жаттығу оңай-ақ.
8. Ақ қоян-ау, ақ қоян,
Бетіңді жушы,
Қолыңды сүртші,
Айнаға қарашы,
Шашынды тарашы,
Киіміңді киші,
Мектепке қарай жүрші,
Орныңа отыршы,
Сабағыңды оқышы
9. Ұшып келді бір топ қаз,
Қонған жері, бірақ саз.
Сазды шоқып, тағы шоқып,
Ұшып кетті бір топ қаз.
10. Ормандағы аюдың,
Құлпынайы көп екен.
Теріп-теріп алайық,
Қалтамызға салайық.
11. Бетімізге жел соғады,
Тербеледі ағаштар.
Тына қалса қатты жел,
Тоғай биік көрінер.
12. Бас бармағым - әкем,
Балаң үйрек – шешем,
Ортақ тірек – ағам,
Шылдыр шүмек апам,
Кішкентай бөбек – мен.
Бір үйде біз нешеуміз?
Бір үйде біз бесеуміз.
13. Біз жазғамбыз, біз жазғамбыз.
Саусақтармыз жолды.
Әрі-бері дем алдырып,
Қайта жазу жазамыз.
14. Отырып-ақ орныңда
Айдың көлді кешемін
Сен білмесең егерде
Былай ескек есейін.
15. Ұзын құлақ, сұр қоян
Естіп қалып сыбдырды,
Ойлы-қырлы жерлермен
Ытқып-ытқып жүгірді.
16. Бір, екі, үш
Қолға қалам аламыз
Әдемі етіп жазамыз
17. Жел соқты гу-гу
Жаңбыр жауды тырс-тырс
Жаңбыр басталды
Күн ашылды.
18. Бір, екі, үш
Жинап алдық күш
Төрт, бес, алты
Біз жазамыз мықты
Дәптерімізді ашайық
Көрсетілген үлгіге,
Әдемі етіп жазайық
19. Бір, екі,
Тарта шеті.
Үш, төрт,
Ерінбестен бас көтерт
Бес, алты,
Қолын артқа.
Жеті сегіз
Отыр дейміз
20. Балық жүзді таза суда,
Бір керіліп, бір жиырылуда.
Жүзіп, жүзіп шаршағанда,
Тығылады тасты құмға.
21. Көкке қарай шығамыз
Шанамызбен
Төмен қарай құлдилап,
Біз сырғанақ тебеміз.
22. Бақа, бақа балпақ
Басың неге жалпақ
Көзің неге тостақ
Бұтың неге талтақ.
23. Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек
Айдай толған кезімде,
Би билеймін дөңгелеп.
24. Қаз қанатын жайды
Аққу мойынын созды
Үйрек келіп қонды
25. Бір – таңертең тұр
Екі – шынығып бекі
Үш – тазала тіс
Төрт – сабындап жу бет
Бес – сүртін тез
Алты – үйді жина
Жеті – киін енді
26. Бір, екі, үш –
Қарлығаш боп ұш.
Төрт, бес, алты –
Қарлығаш боп қалқы
Жеті, сегіз, тоғыз,он –
Қарлығаш боп қон
27. Нан қоқымын шашпандар
Жерде жатса баспаңдар
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар.
28. Бір, екі, үш,
Қане, қанат қағамыз.
Бір, екі, үш,
Қарлығаш боп ұшамыз.
Бір, екі, үш,
Жинап алдық күш.
29.Соз қолыңды оң жаққа,
Соз қолыңды сол жаққа.
Қолды айналдыр бұлданбай
Шеңбер жасап тұрғандай
30.Желкілдеген желменен,
Жел егінді тербеген.
Өсірді оны дихандар,
Тамшылаған терменен.
31.Жаздық, жаздық өзіміз,
Талды әбден көзіміз.
Әуенімен әндердің
Әдемі қимыл жасаймыз.
32.Жел улейді у-у
Құйын келіп билейді зу-зу
Қатты, қатты жел соқты гу-гу
Жапырақтар қол соқты ду-ду
33.Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ,
Қосып едім екеуін,
Болып шықты он саусақ.
34,Тауға шықсаң –қалың қар,
Сайға түссең- қалың қар,
Шырша үсті-қалың қар,
Жерді бассаң- қалың қар.
Байқаңдар, қар астында,
Ұйықтап жатқан аю бар.
«Бас киімдерді ою өрнекпен әшекейлеу».
Ойын шарты: Бас киімдерді ажыратып, атын атап (сәукеле, бөрік, тақия т.б.)оны тиісті ою өрнекпен әшекейлеу.
Саусақ жаттығулары
Саусақтарым кішкентай
Қылқаламды меңгерді
Айналыпты шеберге
Жұмыс істеуді үйренді
Қағаз қайшы аламын,
Суретті де саламын.
Суретті де саламын
Нобайынан шықпаймын
32