Күні: 06.02.2016 ж.
Сынып: 7А
Пәні: Қазақстан тарихы.
Сабақ тақырыбы: «Қазақ хандығының құрылуы» /§36/
Сабақ мақсаттары:
Оқытушылық:
Дамытушылық:
Тәрбиелік:
Сабақтың түрі: жаңа білім беру сабағы.
Әдіс-тәсілдері: әңгімелеу, сұрақ-жауап, тестілеу, картамен жұмыс.
Көрнекіліктер: қанатты сөздер/плакат/, карта, суреттер.
Сабақ барысы:
Ұуымдастырушылық кезеңі. Оқушыларды түгендеу, оқу құралдарын тексеру, сынып бөлмесінің сабаққа дайындығын тексеру.
Үй жұмысын сұрау /§35/
Жаңа тақырып:
Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасуы.
Қазақ хандығының құрылуы, Керей мен Жәнібек. ХVғ. соңғы ширегіндегі хандықтың нығаюы.
Қазақ халқының қалыптасу кезеңдері.
«Қазақ» атауы туралы болжамдар мен зерттеулер
. Қазақ жүздері. Этникалық территориясы.
Мақсаты: Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы тарихын оқыту болып табылады. Себебі еліміздің дамуы тарихының түп-тамырын және оның азаттық үшін жүргізген күресін, мемлекеттілігін және басқада даму жолдарын білу жас буынның халқы мен отанына деген құрметін, өзіндік көзқарасын қалыптастырады.
Таќырып бойынша негізгі ұғымдар: ру, тайпа, халыќ, ұлт, этнос, антропология, этногенез, этноним, алаш, жүз, ақсүйек, қарасүйек, ұлыс, билер кеңесі, хан кеңесі, ауыл, арыс, хандық, би, бай, жатақ, төленгіт, “Қасым ханның қасқа жолы”, “Есім ханның ескі жолы”, “Жеті жарғы” заңдар жинағы.
Әбілқайырдың 40 жыл басқаруына қарамастан, мемлекеттің сыртқы саясттағы бағыты нәтижесіз, ішкі жағдайы тұрақсыз болды. 1457 жылы Әбілқайырдың ойраттардан жеңілуі жағдайды мүлдем шиеленістіріп, ханның дәрменіздігі халықтың наразылығын тудырды. Әбілхайырдың Қазақхандығының құрылуына, Жәнібек пен Керей билігінің нығаюына бөгет жасаудағы әрекетінен ештеңе шықпады. 1468 жылы қыста Әбілқайырдың Жетісуға жасаған жорығы оның өліміне байланысты тоқтап қалды. Осы уақыттағы династиялық бөлінушілік, басқарушылар арасындағы бірліктің болмауы, халықтың көпшілігінің көшіп кетуін, саяси бөлінуді күшейтіп, мемлекеттің толығымен әлсіреуіне әкелді.
Шығыс Дешті Қыпшақтағы осы оқиғалардан кейін Қазақ хандығының дәуірі басталады. 1459-1460 жылдардың Қазақстан үшін маңызы зор. Себебі Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханның «көшпелі өзбек мемлекетінен» ірге аударып, қазіргі Батыс Жетісу аймағында көшті. Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын бұрынғы Моғолстан және қазіргі Жетісу жерлерінде құрды. Дәлірек айтқанда, құра бастады, өйткені алғашқы қазақ мемлекетін құру бір мезетте мүмкін емес еді. Бұл іс уақыты жағынан ұзақ және құрылымы жағынан өте күрделі болды. Қазақ хандығының, қазақ мемлекетінің құрылу себептері әлеуметтік-экономикалық факторлардың тұтас кешенінде, қоғамдық қатынастардың әрі дамуында жатыр.
Ақ Орда мемлекетінде, Әбілқайыр хандығында, Ноғай Ордасы мен Моғолстанда мемлекеттік даму, шаруашылық, мәдениет саласында монғолдар жаулап алуының кері зардаптарын біртіндеп жоюмен бірге ХIV-ХV ғасырларда қазақ халқының одан әрі бірігу, топтау процесі жүріп жатты. Әрине, бұл мемлекеттердің Қазақ хандығының құрылуында өзіндік орны бар.
Қазақ хандығының пайда болу тарихы ХV ғасырдың екінші жартсынан басталады. Ол Қазақстан жерінде ХIV-ХV ғасырларда болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестердің заңды қорытындысы. Қазақ хандығының құрылуы кезеңі мәселесінде зерттеушілер пікірлері әр алуан. Олар 1450-1465/1466 жылдар аралығындағы мерзімді көрсетеді. К.И.Петров 1450, У.Г.Хворост 1451, Б.А.Ахмедов пен А.П.Чулошников 1455-56, В.П.Юдин 1465-66, Т.И.Сұлтанов 1459-60 жылы болған деп айтады. Қазақ хандығының құрылуын түрлі деректерге, ғылыми зерттеулерге сүйене отырып ХV ғасырдың екінші жартысына, дәлірек айтқанда 1465-1466 жж. жатқызу пікірі басым. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілқайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды жылы қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбасы аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілқайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466) билей бастады». Бұл басқада деректермен дәлелденедіСырдария өңірі мен Қаратау - қазақ хандарының Батыс Жетісудағы иеліктеріне ең жақын болды. Жәнібек пен Керей хандар бірінші кезекте осы жерлерге, соның ішінде Созақ, Сығанақ және басқа қалаларға деген құқықтарын бекітуге талпынды. Бірақ қазақ хандарының Шығыс Дешті Қыпшақ үстінен билік жүргізу үшін күресінің далалық аймақтардан гөрі Түркістанда өрістетілуінің басты себебі бұл аймақтың экономикалық әрі стратегиялық маңыздылығынан туды.
1. Сырдария алқабындағы қалалар далалық аудандар халықтары үшін сауда-экономикалық байланыстардың маңызды орталықтары болды;
2. Қалалар өз заманы үшін тамаша бекіністермен ұзақ мерзімді қоршауға төтеп бере алар еді;
3. Қалыптасқан дәстүр бойынша олар Қазақстан өлкесіндегі бұрынғы мемлекеттік құрылымдардың әкімшілік-саяси орталықтары болатын. Сырдарияның төменгі және орталық сағаларының жерлері қазақтың көшпелі тайпалары үшін қысқы жайылымдар ретінде қажет болды. Бұл үшін Түркістан мен Қаратауға қожалық ету қажет болды.
Қазақ хандығы құрылған алғашқы жылдардың өзінде-ақ қазақ хандарын Сыр бойындағы қалалар мен тұтас Түркістан үшін күрес жүргізуге итермелеген де осы себептер болды. Ал, Шығыс Дешті Қыпшақта Шайбанилердің билігін қайта қалпына келтіруге әрекеттенген жауы Мұхаммед Шайбаниге де толығымен қатысты еді. Талас-тартысқа Мауараннахрда Темір әулеттері, Моғолстан хандары Жүніс пен оның ұлы Сұлтан Махмуд та араласты. Отыз жылға созылған бұл тартыста қазақ хандары берік күшке ие бола бастады.
Жалпы бұл күрестің қортындысы ХV ғасырдың аяғында - Қазақ хандығының құрамына Созақ, Сығанақ, Сауран қалаларын қосып алу болды. Ал ХVI ғ. бірінші ширегінде Қасым ханның (1512-1521) тұсында Қазақ хандығы өзінің ең жоғарғы қуаттылығына жеткен кез болды.
Сонымен, Қазақ хандығы - Қазақ мемлекеттігінің пайда болуы Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Түркістанның кең-байтақ аумағындағы әлеуметтік-экономикалық процестердің заңды қорытындысы болды. Мемлекет ел өміріндегі қазақ қоғамының шаруашылық жағынан оқшауланған этникалық автономиялы бөліктерін біріктірген аса маңызды интеграциялаушы күш болды. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы мен дамуының қазақ халқының құралуы мен топтасуында, қазақ этносы дамуында, осы этностың тұтастығын сақтауда аса зор маңызы болды.
Өкінішке орай Қазақ хандығының мемлекеттік рәміздері туралы мағлұматтар бізге дейін толық жетпей отыр. Жәнібек пен Керей, Қасым мен Есім хан, Тәуекел мен Тәуке, Әбілқайыр мен Абылай сынды ел билеушілеріміздің, қол бастаған баһадүрлеріміздің қай-қайсының да өз байрағы болғаны тарихтан мәлім. Мысалы, ел жадында ерекше сақталған рәміздердің бірі – Абылайдың ақ туы. Ол бір түсті төрт бұрышты ақ мата. Шашақты бауы бар. Қазақтың ұлы ханының туының түсі – Шығыс ғұн (375-454 жж.), Ақ ғұн рәміздерімен реңдес болып келген.
Қазақ халқы әлемнің басқа халықтарына тән болған заңдылықтар негізінде қалыптасты. Этногонез процесінің жалпы схемасы: жеке рулар, тайпалар, тайпалық одақтар, халықтар, ұлттар - осылармен бірге тілдер де дамыды. Тұтас алғанда, халықтың құрылуы - ұзақ мезімді процесс, оның түпкілікті қалыптасу уақытын белгілі бір кезеңімен байланыстыру қиын. Алайда азды-көпті тұрақтанған пікірге қарай, қазақ халқының қалыптасу процесі негізінен ХІV-ХV ғасырлардың өліарасында аяқталған деуге болады. Қазақ тілі қыпшақ тілі негізінде қалыптасты. Қазақтың этникалық қауымы мен этникалық санасы жердің, тілдің, жалпы мәдени жетістіктердің, әдет-ғұрыптардың шығу тегі ортақтығының әсерінен пайда болды.
Мемлекеттілікке дейінгі және ерте мемлекеттік кезеңдерден тұратын потестарлық билік дәуірі далалық мемлекеттіліктің династиялық дәуірін дайындады. Алайда, қазақ халқының табиғи даму процесі мен өзіне тән егемендігінің қалыптасуы Қазақстан тарихында неше дүркін этнополитогенезді не тоқтататын, не Қазақстан мемлекетін қалыптасудың жалпы бағытынан бұрып алып кететін қоғамдық құбылыстың ықпалына түсті. Бұлардың қатарына миграциялық толқындар, шекараның айқыныздығы, этникалық топтардың жойылуы не араласып кетуі жатады.
Сонымен, Қазақ хандығы - Қазақ мемлекеттігінің пайда болуы Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Түркістанның кең-байтақ аумағындағы әлеуметтік-экономикалық процестердің заңды қорытындысы болды. Мемлекет ел өміріндегі қазақ қоғамының шаруашылық жағынан оқшауланған этникалық автономиялы бөліктерін біріктірген аса маңызды интеграциялаушы күш болды.