Шығарма және оның түрлері
Шығарма дегеніміз - оқушылардың тілдік және әдебиеттік білімдері мен өзінің таным, түйсік, көзқарасының тәжірибелеріне сүйене отырып өз ойын жүйелі, әдеби тіл қалыбында бере білуге машықтандыратын жазбаша тәжірибелік жұмысының бірі. Тіл пәндерінен шығарма жаздырудың мақсаты мен міндеті осы мазмұннан туындайды.
Шығарма - қандай да бір болмасын материалды өздігінен байланыстырып мазмұндап тұтас жаттығулар жиынтығының жалпы анықтауы. Шығарма оқушының мәтінді ұғынуына, тіл заңдылықтарына орай ойын, сапасын тереңдетіп, ой-пікірін жүйелі жазбаша шығармашылықпен жеткізуге баулиды. Білімін көтереді, эстетикалық сезімін, талғамын, ұлттық танымын байытады. Шығармашылық жұмыстар - оқушылардың тілін дамыту барысындағы тәжірибелік жұмыстардың бірі. Шығарма - тіл дамыту жұмыстарының ішінде оқушылардың өзіндік ойын, тілін, сөйлеу мәнерін қалыптастыру ісіне тікелей қатысы бар пәрменді жұмыс түрі. Шығарма жазу арқылы оқушылардың тақырыпты өз бетінше әңгімелей білуге, жоспар жасап, мәтінді жоспарға сай жүйелі айта білу, ойын жинақтап, белгілі мәселе төңірегінде өз пікірін жеткізуге жаттығады. Ойды екінші біреуге түсінікті, нақты, жүйелі айтып не жазып жеткізу үшін мектеп оқушыларына да мынадай дағдылар қалыптастырылады: естіген, оқыған, айтылған мәселені есте сақтап, сапалы түсіне білу; бір мәселе не тақырып жөнінде өз ойын басқаға нақты, дәл, жатық, әсерлі жеткізіп айта білу; ойын сауатты, мәдениетті, жүйелі жаза білу. «Шығарма» терминін бастауыш мектеп балаларының жұмыстарына қолданғанда, оқушылардың өмірде өз көрген-білгендерін белгілі бір тақырып ауқымында түсінікті түрде, жүйелі әңгімелеп беруін айтамыз.Шығармада көлемі үлгілік оқу бағдарламасында белгіленген.
Бастауыш сыныптарда балалардың жазатын шығармаларын мынадай топқа жіктеуге болады:
1) Оқушылардың оқыған яки естіген әңгімелеріне байланысты;
2) Топсеруен бойынша;
3) Өнер саласына (сурет, кино, қуыршақ театрының спектакльдері т.б.) байланысты;
4) Оқушының іс-әрекетіне (ойын, еңбек, т.б.) байланысты тақырыптар.
1. Оқушылардың оқыған яки естіген әңгімелеріне байланысты шығарма жұмысы. Бастауыш сынып оқушыларының сөйлемді дұрыс құру дағдысын қалыптастыруда оларды үйде немесе сыныпта оқыған шығармалары мен үлкендерден естіген ертегі, әңгімелері бойынша сөйлетіп, үйретудің пайдасы зор. Шығарманың бұл түрінің білімділік, тәрбиелік мәні де зор. Мұндағы ұтымды мәселенің, бір ұшы бала өзін қоршаған айналаға сын көзімен қарап, жақсы мен жаманды, еңбекқорлық пен жалқаулықты, іскер мен кертартпаны, кішіпейілділік пен дөрекілікті байқайды; бұлар жөнінде өз сезімін білдіреді. Бұл жұмысты мұғалім алдын ала, жан жақты ойластырып, дұрыс ұйымдастыра білуі қажет. Балаларды сөйлеткенде олардың сөйлемдерінін, қысқа әрі түсінікті, жүйелі құрылуна назар аударған жөн. Ол үшін мұғалім жетекші сұрақ қойып отырады. Сұраққа жауап беру арқылы оқушылар естіген, оқыған әңгімелерінің мазмұнын өз сөздерімен айтып үйренеді және тілдік көркемдікті пайдаланып, нәрлі ойларын еркін білдіруге әдеттенеді. Оқушылардың оқыған, яғни естіген әңгімелерінің мазмұны бойынша шығарма жаздыруды ұйымдастыру жолдары:
1) Оқушылар оқыған немесе естіген әңгімелерінің сақтай отырып, өз сөздерімен еркін шығарма жазады.
2) Оқыған немесе естіген өнгімелерінің үлгісіне еліктеп, өздері ойдан шығарып жазады.
Бұл жұмыстың екеуінің де пайдасы мол. Әңгіменің мазмұнын сақтай отырып жазған шығармада оқушылар әңгімедегі оқиғаға, құбылыстарға өз білгендерін қосып, одан алған әсерлерін білдіреді. Бұл - оқушының шығармашылық қабілетін дамытады, тілін ұстартып, ойын жүйелі баяндауға төселдіреді. Шығарманың бұл түрлерін «сендер мынадай әңгіме окыдыңдар, сол бойынша шығарма жазыңдар» деген сияқты беру арқылы ұйымдастыруға болмайды. Бұл жұмыста мұғалім үлкен шеберлікпен, дұрыс басшылық етуі тиіс.
Оқушылар тіпті өздері жақсы білетін әңгімелерінің мазмұнын да бірден өз сөздерімен жазып бере алмайды. Сондықтан алғашқы кезде оқыған мәтіндердің мазмұны мұғалімнің көмегімен әңгімеленеді де, кейін балалардың өздері айтып және жазып бере алатын болады.
2. Топсеруен (экскурсия) бойынша шығарма жұмысы (саяхат, серуен)
Бастауыш мектепте мұғалімдер көбінесе шығарманы табиғат құбылыстарына, жыл маусымдарына байланыстыра жаздырады. Өйткені табиғат құбылыстарын балалар күнбе-күн көріп, байқап жүргендіктен, өздері білетін таныс нәрсені баяндау оларға көп қиындық келтірмейді. Мысалы, қыс мезгілін алсақ, балалардың қысқы ойыны, шаңғы, коньки тебу, аққала соғып ойнайтын ойындары, т.б. туралы шығарма жаздыруға болады. Бұл құбылыстардың қайсысы болсын шығарма жаздыруға болатын тақырып.
Оқулықта жыл маусымдарына байланысты табиғаттағы өзгерістер, табиғатқа және өндіріс орындарына топсеруен нәтижесінде жиналған мағлұматтарды, жинаған материалдарын қорытуды топсеруенге байланысты шығарма деп топтастырылған. Өйткені, даладағы егістік шаруашылық т. б. еңбекті, табиғаттағы өзгерістерді балалар топсеруенге шығу арқылы немесе айналаға жіті қарап, зер сала отыру арқылы бақылайды. Мысалы, қыста ағаштардың бұтағының жапырағы түсіп әрінен айырылып, көктемде олар жанданып, жапырақ сала бастайтынын, қыста мал пішенде тұратынын, ал көктемде жайылымға шығатынын т.б. байқайды. Бұл өзгерістердің себебін білу арқылы балалардың дүниетанымы кеңейіп, білім қоры артады. Сонымен қатар балалар өндіріс орындарындағы еңбекпен де экскурсия жасау арқылы танысады. Мұның барлығы шығарма жазуға қажет болып есептеледі. Бірақ шығарма жазу дағдысына төселмеген бастауыш мектеп балалары, әсіресе 1-2-сынып оқушылары бақылау арқылы жинаған материалдарын өз беттерімен бірден жазып кете алмайды. Сондықтан оларға мұғалімнің көмегі керек, 1-2-сыныптардағы шығармалардың барлығы дерлік басшылығымен өткізілетін үйрету шығармасы болып есептеледі.
Оқудың алғашқы күндерінен бастап-ақ мұғалімдер балалардың көңілін табиғаттағы өзгерістерге аударып, оны байқап жүруді үйрете бастайды, кейін бірте-бірте балалар байқаған белгілерін дәптерлеріне түсіруді, табиғат күнтізбесін жасауды үйренеді. Мұндай жұмыстар бірде балаларды ауа райын, желдің бағытын, бұлттың аспанда бар-жоғы сияқты әңгімелер арқылы өтсе, бірде көл жағасына немесе өндіріс орындарына топсеруенге шығарылып, әңгіме өткізу арқылы ұйымдастырылып отырады.
Балаларды топсеруенге шығарып, онда алған әсерлерін әңгімелеп жазып беруге үйрету жұмысы мектептерде түрлі-түрлі ұйымдастырылып жүр. Мұғалімдердің бір тобы топсеруеннің болатын күнін, мезгілін балаларға күні бұрын хабарлаудан бас тартады. Олар балалардың көңілі алаң болады деген оймен ескертусіз, балаларды бірден далаға алып шығып, ағаш, шөп, өсімдіктердің өзгерісін езі айта бастайды да, содан соң сүрақ-жауапқа көшеді.
Ал мұғалімдердің екінші тобы топсеруеннің жоспарын алдын ала жасайды: топсеруенге қай күні, не мақсатпен баратындары, онда, не көретіндері, не нәрселерге көңіл аудару керектігі, не жөнінде сұралатын күні бұрын ескертіліп, сол топсеруенге алдын ала дайындық жұмысы жүргізіледі. Топсеруенде балаларға қанша сөз үйретілетіндігі де алдын ала анықталады. Осы екі әдістің соңғысы әдістің тиімді екенін көрсетілген. Топсеруеннің мақсаты, көңіл аударатын мәселелері белгілі болған соң балалар өз беттерімен де бақылай жүреді және не істейтіндері мәлім болған соң ұйымдасқан түрде жүреді.
3) Өнер салаларына байланысты шығарма жұмыстары.
Көркемөнердің түрлі саласына байланысты, сурет өнері, кино, мүсін т. 6. бойынша шығарма жаздыру бақылау мен байқауға сүйенеді. Өнердің бұл салаларымен танысу, әсіресе суретте бейнеленгендерді талдап, таразылау - бастауыш сынып оқушылары үшін өте күрделі де ауыр еңбек. Өйткені, суретші баяндап отырған сырды ұғыну кішкене балалар үшін оңайға соқпайды. Балаларды әр саладағы көркеменерді түсіне білетіндей, жан жақты дамыған мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу үшін көркемөнердің әр саласымен таныстыруды бастауыш сыныптан бастау керек. Өнер саласына байланысты шығарма жүргізу, біріншіден, педагогиканың бақылау мен байқау принципіне негізделсе, екіншіден, көрнекілік принципін жүзеге асырып, оқушының көру сезіміне ойына әсер ету тілін дамытады, эстетикалық талғамын арттырады. Суреттерді пайдалану жөнінде де әдістемелік әдебиеттерде мынадай нұсқау берілген:
1) Мұғалімнің кіріспе әңгімесі.
2) Оқушыларға берілетін бағыт.
3) Суретті окушылардың байқап, қарап шығуы.
4) Суреттің мазмұнын анықтау.
5) Оқушылардың сұрақтарына мұғалім жауап береді.
6) Суреттің мазмұны мұғалімнің сұрауы негізінде баяндалады.
7) Суреттің мазмұнын ашатын жоспар жасау.
8) Дайын жоспар бойынша суреттің мазмұнын оқушылардың өздері айтып беруі.
9) Сөздік жұмыстары.
10) Дайын жоспарға сүйеніп, шығарма жазу.
11) Сабақтың мақсаты мен мазмұнына қарай, осы аталған жұмыстардың бәрі немесе кейбір түрлері ғана орындалуы мүмкін.
Сурет бойынша жаздырылатын шығармада мынадай жағдайлар ескеріледі.
1) Балалар сурет бойынша жұмыс жасауға алдын ала дайындалған жағдайда және оларға ұсынылған суреттің мазмұны толық талқыланса ғана тиісті нәтиже күтуге болады.
2) Сурет бойынша шығарма жаздыру жоғары сыныптарда да (4-сыныптан бастап) жүйелі түрде бастауыш мектепте берілген дағдыға негізделе жүргізілуі тиіс.
Кинофильмдер бойынша шығарма жұмыстары: Бастауыш мектептерге арналған қысқа фильм-әңгімелер мен фильм-очерктердің тақырыптары алуан түрлі. Бұл фильмдер оқушыларға жыл мезгілдері, жан-жануарлар, балалар өмірі, ауыл мен қала өмірі, т.б. туралы көркем тілмен баяндап береді. Бұларды мұғалім әдебиеттік оқу, дүниетану, жаратылыстану сабақтарында пайдаланады.
Тіл дамыту жұмыстарында фильмдердің қандай түрлерін көрсетуге болады:
1) Қысқаметражды көркем фильм. Мазмұны алуан түрлі фильмдерді мұғалім балалардың жас шамасына лайықтап, іріктеп алады. Фильмнің мазмұны балаларды ұйымшыл болуға баулып, еңбексүйгіштік пен отаншыл рухта тәрбиелеуге тиіс екені еш уақытта естен шықпауға тиіс.
2) Табиғатты суреттейтін фильмдер. Бұл фильмдер балалардың тілін дамытумен қатар, оларды байқағыштыққа тәрбиелейді. Мұғалімнің сұраулары арқылы балалар фильмнің қажетті жерін салыстыра отырып, ондағы өзгерістерді байқайды, ол байқағандарын әсерлі тілмен көркемдеп айтып беруге талпынады.
3) Мультфильмдер. Түрлі ертегілер, күнделікті өмір негізінде жасалған мультфильмдерді балалар қызыға қарайды; олардың мазмұнын ұғып, түсінеді. Кішкене балалар мұндай фильмдерді нақты шындықтың көрінісі ретінде қабылдайды.
Мектептерде кино көрсету арқылы шығарма жаздыру жұмысы мынадай жағдайда өтеді.
1) Фильм көрсетілер алдында мұғалім кіріспе әңгіме өткізеді;
2) Фильм көрсетіледі (мұғалім түсіндіріп тұруы қажет);
3) Фильмнің мазмұны талқыланады;
4) Фильм қайтадан көрсетіледі (мұнда мұғалім қайтадан көрсетудің тиімділігін ескере отырып, оны қалай көрсетуді ұйымдастырады);
5) Сөздік жұмысы;
4) Оқушының өз іс-әрекетіне байланысты шығарма жұмыстары.
Оқушылардың өздері туралы және олардың тікелей қатысы бар мәселелер жөнінде жазылатын шығарма жұмыстары оқушының іс-әрекетіне байланысты шығарма деп топталды. Бұл топқа енгізілген шығармалар тақырыбы балалар үшін тартымды, өйткені мұнда балалар өздері істеген істері жөнінде жазады. Мысалы: балалардың еңбек әрекетіне байланысты «Біз ағашты қалай отырғыздық?», «Мен үйде кеше не істедім?», «Мен анама қалай көмектестім?», «Біз қалай кезекші болдық?», «Мен құсқа қалай ұя жасадым?», «Мен киімдерімді қалай тазалаймын?», «Жексенбі күні қалай сырғанақ тептік?" т.б. тақырыптарға шығарма жаздыруға болады.
Шығарманың бұл түрін балалар өз беттерімен жинаған материалдары бойынша жазады: мұнда балалардың ойнаған ойындары немесе үйде, мектепте, қалада айналысқан істері жоспармен ұйымдастырылмайды. Мәселен, балаларға: кеше үйде қандай жұмыс істегендерің жөнінде жазыңдар деген тапсырма берсе, олардың әрқайсысы өзі істеген жұмыстарын жазады. Шығарманың бұл түрін үйден жазып келуге тапсыруға да болады. Бұл топтағы шығармалар сипаты, мазмұны жағынан алуан түрлі болып келеді; бастауыш сынып оқушыларына не ұнайтынын, оларға не жақын екендігін шығарманың осы түрінің қорытындысынан аңғаруға болады, балалар сөйлемді өз қалауынша құрап, ойын еркін білдіреді, шығарманың бұл түрі оқушылардың қаншалықты шығарма жазу дағдысының қалыптасып, тілінің дамығандығын байқау мақсатында жүргізіледі.
Оқушылар бастауыш сыныпта қабырға газетіне мақала жазуды, туысына немесе жолдасына хат жазуды үйренеді. Қысқа түрде хат жаза білу шығарманың ең маңызды түрі болып саналады. Хаттың ең қарапайым, жай түрі үйретіледі. Хат жазу үшін тақырыпты өздері күнде көріп жүрген оқиғалардан алуы керек. Хат жазу - өз бетінше дербес орындалатын және сапалы мәтін құра білуге, өз ойын дәл әрі логикалық байланыста бере білуге жаттығудың бірден-бір адамға қажетті үлкен мәні бар жазба жұмыстарының бірі. Хат жаздыру жұмысын жолдастарына, ата-әжелеріне, үй ішіне, туған-туыстарына, жақын таныстарына жаздырудан бастаған дұрыс. Оқушылар жұмысқа кіріспес бұрын ең бірінші өздеріне мына сұрақтарды қоюға дағдыланулары керек:
- кімге жазам?
- не жайлы жазғым келеді?
Не жайында жазуға болатынын мұғалімдер оқушылардың есіне салып, нұсқау берулеріне болады, атап айтқанда:
- өз бастарынан кешкен қуанышын,
- өмірінде жаткан қызықты, таңғажайып оқиғалар;
- алға қойған жоспарлары;
- қаласы, мектебі, достары жайлы;
- көмек, ақыл-кеңес сұрау;
- белгілі адамдармен болған кездесулерден алған әсері;
- өзіне қажетті бір нәрсені сатып алу, т. б.
Осындай тақырыптар арқылы оқушылар әңгімелесу үрдісінде түрлі жайттарды айтуға болатынын және хатты әр адам өзінше жазатынын ұғына біледі. Хат жазуға байланысты үйге берілген тапсырма түрінде мектептін мекенжайына, мұғалімінің атына хат жазып, ұйымдастыруға да болады.
Бұл жұмыс түрі оқушыларды мазмұндама, шығарма жазуға дайындайтын, шығармашылық жұмыс жазуының басқышы бола алады деп айтамыз. Мұндағы басты талап оқушы өз ойын әрі толық, әрі тұжырымды етіп жүйелі түрде қағазға түсіру, яғни бір-бірімен жалғасты бірнеше сөйлемдерден тұратын тиянақты мәтін құрау болып табылады.
Хаттың ерекше түрі - құттықтау ретінде жазылатын хат. Олар мереке қарсаңында жазылады. Балалар хатты жолдастары мен туыстарына ғана жазып қоймайды, сонымен қатар басқа мектептердің оқушыларына да жазады.
Сонымен, шығарма мен мазмұндама жұмыстары дидактикалық принципке сүйеніп, жүйелі түрде жаздырылады. Шығарма мен мазмұндаманы түрлендіре жүргізу оқушылардың белсенділігін арттырады.