СДЕЛАЙТЕ СВОИ УРОКИ ЕЩЁ ЭФФЕКТИВНЕЕ, А ЖИЗНЬ СВОБОДНЕЕ

Благодаря готовым учебным материалам для работы в классе и дистанционно

Скидки до 50 % на комплекты
только до

Готовые ключевые этапы урока всегда будут у вас под рукой

Организационный момент

Проверка знаний

Объяснение материала

Закрепление изученного

Итоги урока

Табиғатты аялайық!

Нажмите, чтобы узнать подробности

Тәрбие сағатының  тақырыбы:«Табиғатты аялайық!» 

Тәрбие сағатының мақсаты: Балдалардың табиғатпен үйлесіміділік, табиғатты аялау туралы түсініктерін кеңейте отырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру,  табиғатын қорғауға, сүюге тәрбиелей отырып, жанашырлық және жауапкершілік сезімдерін қалыптастыру 

Тәрбие сағатының  міндеттері: 

Білімділік: Балаларға табиғат, қоршаған орта туралы түсініктерін кеңейте отырып, табиғатқа деген махаббат құндылықтарының мәнін ашу;  

Дамытушылық: Шығармашылық қабілеттерін, жақсылық жасай білу іскерліктерін, ойлау қабілетін дамыту, өз ойын еркін жеткізе білуге дағдыландыру.

 Тәрбиелік: Табиғатты қорғауға, елін, жерін сүюге, мейірімділікке, ізгілікке тәрбиелеу жалпы экологиялық тәрбие беру, табиғат-анаға сүйіспеншілікпен қарауға жетелеу. 

Тәрбие сағатының әдіс-тәсілдер: Әңгімелеу, жұмбақ, мақал-мәтел, сұрақ – жауап, талдау, түсіндіру, топпен жұмыс.

Сабақтың барысы:

I. Тыныштық сәті:  «Табиғатқа ойша серуен».

Ыңғайланып денелеріңді түзу ұстап отырыңдар. Аяқ-қолдарыңды айқастырмай, қолдарыңды тізеңізге қойып, көздеріңді жұмып, терең тыныс алыңдар. Әрбір тыныс алған сайын неғұрлым көбірек босаңсып, сабырлы болуға тырысыңдар. Қазір біз кең табиғат аясына серуенге шығамыз. Енді жаймен есікке қарай беттеп, есікті ашып далаға шығамыз. Таза ауаны жұтып, шашымызды желбіреткен желдің лебін және бетімізді сәл-пәл қыздырған күн сәулесін сезінеміз. Жаймен ары қарай жүре бастаймыз. Келе жатқанда абай болыңдар, жол бойындағы жәндіктерді басып кетпеңдер. Бір минут тоқтап айналаға көз салыңдаршы. Табиғаттың әсемдігі мен балғындығын сезінеміз. Гүлдердің біріне жақындап, еңкейіп, оның нәзіктігі мен жұпар исін иіскеңдер және хош иісін жұтыңдар. Гүлдер, гүлдер мен ағаштардың иісі, жапырақтардың сыбдыры, құстардың дауысы және жәндіктердің ызыңы қандай ғажап. Жаймен орманға ене түсейік, қараңдаршы, ағаштар биіктей әрі қалыңдай түсті. Алаңқайға шығып, осында бірнеше минут демалыңдар. Түбіне барып отырғың келетін ағашты таңдаңдап. Ағашқа жақындап діңінен құшақтап, оның қуаттылығын сезін, ондағы өмір қуатын сезінуге және ұғынуға тырыс. Енді оның діңіне арқаңызды сүйеп отырыңдар.  (Осы жерде 1-2 минут үзіліс жасалады).

Бізге бақытты сезіну қалайша жеңіл, әрі тез. Дәл осы сәтте табиғаттың неткен ғажап екендігін, оны қалайша сүйетінімізді бен қадірлейтінімізді, бірде бір тірі жәндікке зиян тигізбес үшін қамқорлық жасауды түсінеміз. Біраз табиғаттан қуат пен жігер алдық, енді кері қайтуға дайындалайық. Орнымыздан тұрып, айналаға тағы бір көз қырын салайық. Келген жолымызбен кері қайтайық, жолымыздағы жәндіктерді басып кетпей ақырын аңдап басайық. Міне, үйіміздің алдына да келдік. Айналамызға тағы бір қарайық, таза ауаны терең жұтыңдар, есікті ашып, өз орындарыңа қайта жайғасыңдар. Осы жым-жырттық, тыныштық, балғын сезімді өздеріңде сақтап отыра тұрыңдар.

Енді жаймен көзімізді ашып күлімсірейміз, жан-жағымызға қараймыз,  керілеміз.

-Балалар көз алдарыңа не елестеді?

-Қане кім айтады? 

Балалардың жауабы:

II. Ойланайық-пікірлесейік:

Балалар мен сендерге бір жұмбақ жасырайын, шешуін тауып көріңдерші:

Ақ түсті, Көк түсті, От түсті, Тот түсті Төрт түсте құлпырған жер үсті.

Жауабы: (қыс, көктем, жаз, күз), бізді қоршаған орта, жылдың төрт мезгілі

Дұрыс айтасыңдар балалар, бұл жұмбақтың шешуі жылдың төрт мезгілі.

Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?

Қыс мезгілі.

Дұрыс айтасыңдар. Балалар,сыртқа айналамызға қарасақ біз нені көреміз? Қырау басқан талдарды, қыстап қалған құстарды, қармен ойнаған балаларды, мұржадан шықққан түтінді көреміз. Дұрыс айтасыңдар. Олай болса бәріміз тақтаға назар аударайықшы. Балалар суретте сендер нені көріп тұрсыңдар?

- Жылдың төрт мезгіліндегі орман, тау, өзен, көлдер - Біз оларды не деп атаймыз?.

 - Бізді қоршаған орта, табиғат. - Иә, балалар, бізді қоршаған орта, табиғат деп атаймыз.

Бүгінгі біздің тәрбие сағатымыздың тақырыбы:«Табиғатты аялайық!» деп аталады. 

 III. Топтастыру: 

Балалар, табиғат дегеніміз не?

  • Бізді қоршаған орта.
  • Дұрыс айтасыңдар балалар.
  • Ал,бізді қоршаған ортаға нелер жатады?

Ал, табиғатты аялау дегенді қалай түсінесіңдер?

Табиғатты қорғау, ластамау, күтіп таза ұстау, адамның бір бөлшегі деп қарау керек.

IV. Ойын: «Кім көп біледі?» (Жұмбақ жасыру) Мақсаты: Балаларды тапқырлыққа, есте сақтау қабілетін дамытуға баулу. Шарты: Жұмбақтың жауабын дұрыс таба отырып, жауап қандай түспен берілсе сол түстерге бөлініп топ болып отыру.

I-топ ауа күлгін түс, II- топ көгілдір түс,  III- топ өсімдіктер жасыл түс.

Сатайын десем ауыр кілем,  Сатпайын десем тәуір кілем (Жер)

 

Көзге ілінбейді, Жұтсаң білінбейді. (Ауа)

 

Дәмі де жоқ, түсі жоқ Пайдаланбас кісі жоқ. (Су)

 

Сырылдатады шәйнегін, Ұнатпаса да жұрт, мейлі. Тереземіздің әйнегін Жуады, бірақ сүртпейді.   (Жаңбыр) Көк жиекті шай табақта, Алтын алма тербеледі. Кейде бүркер алма жүзін, Ұлпа мақта перделер. (Күн)

 

Қонақтап күнде қонар су бетіне, Сүйсінер барлық адам келбетіне. Тұлғасы су ішінде көрінеді, Таңырқап қарап тұрсам суретіне. (АЙ) Шымылдық ішінде қап-қара Ұйықтап жат, дала, жат, қала.  (Түн)

Түндегі көп шырақты жағып кеткен Кім келіп таң алдына алып кеткен?    (Жұлдыздар)

 

Киіз үйімнің төбесі Түбітке толы. О несі?    (Бұлттар) Аяқсыз жетіп барады, Қолсыз есік қағады. (Жел)

 

Арыстан арқырады, Орман жарқырады. (Найзағай)

Дүниеде бір қарбыз бар солмайтұғын, Жаз шіріп, қыста үсіп тоңбайтұғын. Жаһанның жерін, суын, жәндіктерін, Іші кең бәрін салса толмайтұғын. (Көк, аспан)

 

V. Бейнеролик: Ендеше назарымызды бейнероликке аударайық.

  1. Балалар бейнероликтен не түсіндіңдер?

Табиғатты қорғауды, таза ұстауды. Біз күнделікті көшеде немесе аулада жүріп қолымыздағы алма немесе сағыз, конфет қағаздарын тастай саламыз. Мұның барлығы дұрыс емес екен. Біз қоқыстарды лақтырып тастау арқылы айналамызды ластайды екенбіз. Сондықтан табиғатты барынша таза ұстап қорғауымыз керек.

  1. Табиғатты қорғау не үшін керек?

Егер біз табиғатты таза ұстамасақ, айнала ластанады, ауа ластанады, сондай-ақ өзен көлдер ластанады. Ал, экология бұзылса өсімдіктер мен өзен көлдердегі балықтарға, орманды, далалалы жердегі аң құстарға зияны көптеп тиеді. Табиғатты  өзімізді қорғау болып саналады.

Табиғатты қорғау неден басталады?

Ең бірінші күнделікті тұтынып жүрген заттардың қалдығын кез келген жерге лақтырып тастамауымыз керек. Тазалық, табиғатқа қамқамқорлық ең бірінші тұрып жатқан үйіміздің іші мен ауласынан басталады. Таза ұстау бірінші өзімізге пайдалы, екіншіден табиғатқа пайдалы.

Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар балалар.

Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ,

Мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ - деп бекер айтылмаған.

 

VI. Диспут:  «Тіршілік негізі».

  1. «Өмір өзегі –ауа».
  2. «Тіршілік көзі –су».
  3. «Табиғат байлығы –өсімдіктер»

Сұрақ: Балалар, тіршілік негізі, өмір өзегі не деп ойлайсыңдар?

Темірлан:  «Өмір өзегі –ауа».

Табиғат байлықтарының ішіндегі тіршілік атаулының өмір өзегі –ауа.  Тіршілікте не дейсің ғой ең қымбат,  Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат.  Ал адамға ауа қымбат бәрінен,  Ауа қымбат, алатұғын дем қымбат.  Расында да ауадан қымбат еш нәрсе жоқ . Адам бар –жоғы бір-екі минут ғана дем алмай тұра алады. Сондықтан дана халқымызда « Ауадай қажет» деген сөз бар. Бірақ сол ауамыз қаншалықты таза екеніне ешкім толық жауап бере алмайды. Өзіміздің Тараз қаласын алып қарасақ, қаланың үстінен қою бұлт сияқты тұманды көреміз. Бұл автокөліктен, заводтардан шыққан түтіндер ауамыздың мөлдірлігін бұзып жатыр. Қазіргі кезде Тараз қаласының маңында төрт заводтар орналасқан олар  Былғары өңдеу зауыты, Қазфосфат зауыты, Хим зауыты және Амангелді газ өңдеу зауыттары бар. Әрбір зауыттан  шығып жатқан улы түтін қаламыздың ауасын ластағандықтан адамдар көптеген ауруларға шалдығуда. 

Денис:Мен сөзімнің соңында барша адамдарға былай демекпін: Ей, адамдар, Табиғат –ана саған дем ал деп ауаны сыйлады, өйткені ол өте мейірімді. Сен оның сенімін ақта, ауаны ластама!  Болмасын ауа ешкімнің арман -мұңы,  Ауадан асқан жан жоқ жалғанда ұлы.  Ойлашы кімге керек боламыз біз,  Жұтудан таза ауаны қалған күні. 

 

Тәрбиеші: Ия, балалар, ауасыз өмірді елестету мүмкін емес. Ауаны ластамау әрқайсымыздың борышымыз. Ал тіршілікті сусыз елестету мүмкін бе?  II- топ «Тіршілік көзі –су» тобына сөз берейік.  

Мейрамбек: Су тіршілік көзі. Суды біз ішеміз, бау- бақшаны суғарамыз. Сусыз тіршілік жоқ. Егер су жоқ болса жер бетінде тіршілік болмас еді. Даламыз, орман тоғайларды шөл басып, тіршілік тоқтап қалады.

Есім: «Тіршілік көзі –су» деп аталады. Судың қаншалықты маңыздылығы бар екен? Табиғаттың көркін ажарландырып, жер бетін саялы баққа айналдыратын байлық көзі –су. «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Қазақстан Республикасында мол сулы өзендер, көлдер теңіздер бар осы мол суды өлшеусіз, есепсіз пайдалану судың азаюына әкеп соғып отыр. Мысалы Арал теңізіне Сырдария өзені мол су әкеп қоректендіріп отырды. Кейінгі уақытта осы өзен суын көп мөлшерде күріш, мақта өсіруге пайдаланды. Соның салдарынан Арал теңізінің суы азайып, ол тартылып қалды. Тартылған су астынан тұзы шығып, кеуіп, ұшып ауа құрамына кіруде. Арал аймағының жағдайы осындай болды Ал Каспий теңізі мұнайдың қалдығымен ластанып, балықтар улануда. Міне бұл да адам қолымен жасалған қатыгездік. Көп жерлерде ауыз су жеткіліксіз.  Аркаша: Ойлау керек Арал жайын , ел жайын,  Пәк табиғат тозып жатыр жыл сайын.  Өзімізді асыраушы табиғаттай –Ананы 

Азаматтық арыңменен аялауға тұр дайын!  Тәрбиеші: Сонымен су –табиғаттың жаны, қара жердің сәні дедік. Ал табиғатты әдемілікке бөлеп тұрған не? Ол –өсімдіктер. Ендеше «Табиғат байлығы –өсімдіктер» тобына сөз берейік.

Есімжан: «Табиғат байлығы –өсімдіктер» деп аталады.Табиғат байлығының бір тобы –жер бетіндегі әдемі өсімдіктер.Олар туралы не айтамыз?  Өсімдіктер, ағаштар табиғатымызды түрлендіріп тұрған түкті кілем сияқты. Халқымыз өсімдікті өмір өзегі деп алып, одан қамқорлығын еш аямаған. «Әкеңнен мал қалғанша тал қалсын» деген көрнекті сөз соның айғағы. Ысырапсыз пайдаланғандықтан өсімдіктердің кейбір түрлер азайып бара жатқандықтан олардың 300-ге жуығы Қызыл кітапқа енгізілді. Қызыл Кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз жинаса олардың әрбір данасына 360 теңге көлемінде айып төлейді. (Бұл 2005 жылғы 12 қыркүйектегі №1186 Қазақстан Республикасының қаулысы). Елімізде сонымен қатар « Жасыл ел» бағдарламасы бойынша көптеген істер атқарылып жатыр. Менің ойымша, әрбір азамат оларды қорғаудың маңызын саналы түрде ұғынбаса, біздің керемет жасыл бағымызды ешқандай тиым салу құтқармайды. Сондықтан мен осы отырған барлығыңызды өз өлкелеріңіздің өсімдіктерін біліп, оларды қорғауға шақырамын.  Көзін ашып, бақ өсір бұлағыңа,  Айналсын құтты қоныс тұрағыңа .  Жайқалсын өлкемізде саялы бақ,  Бөленіп күннің нұрлы шуағына. 

Тәрбиеші:  Расында да, өлкемізді саялы баққа айналдыру әрқайсымыздың қолымыздан келеді. Ол үшін тек табиғатты қорғай білуіміз керек.

Сұрақ: Айтсақ әніміз, ардақтасақ сәніміз, табиғаттың көркі не деп ойлайсыңдар?

Рустам: Табиғаттың сәні де, әні де қалықтай ұшқан құстар.Олардың әсем әндері бойымызды балқытып, еріксіз еліктіреді. Олар –біздің қанатты достарымыз. Олар –табиғат сақшылары. Егістіктің, бау-бақшаның сенімді серігі. Сондықтан ата-бабамыз құстарды қадірлеп, құрметтеген. Қазақстанда құстардың 480 түрі бар екен. Соның ішінде азайып кеткен құстар Қызыл кітапқа енгізіліп, қорғауға алынды. Ата-бабамыз құсты аса қадірлеген. Ертеде жоңғар шапқыншылығы кезінде ауыл адамдары елін-жерін тастап қаша жөнелген екен. Сол ауылда Төле би атамыз ғана қозғалмай, киіз үйін жықпапты. Қалмақтың әскер басы себебін сұраса, Төле би үйінің төбесін көрсетіпті. «Қарлығаш шаңырағыма ұя салды, балапандары әлі жас, ұша алмайды» депті. Жас әскер басы Төле бидің адамгершілігіне риза болыпты. Содан Төле би атамызды «Қарлығаш би» атапты, ал қарлығашты «Әулие құс» деп атаған екен.

 

Сұрақ: Құстарды табиғаттың әні десек, табиғаттың сәнін келтіретін тағы да нелер деп ойлайсыңдар?

Ибрагим: Табиғаттың сұлу мүсіні , көрікті келбеті – хайуанаттар.

Хайуанаттар әлемiн табиғаттан бөлiп қарауға болмайды. Жануарларсыз, аңдарсыз қоршаған орта мүлдем тыныш қызықсыз болар едi. Шыңдарын көкке тiреген таулар, өсiмдiгiн жайған жазықтар, жонын күнге сүйгiзген қырат-белдер, арнасынан асып-тасыған өзендер, жапырағы сыбдырын салған ормандар — бәрi-бәрiнiң шырайын келтiретiн ұшқан құс пен жүгiрген аң.

Бақытжан: Қазiр жер бетiнен көптеген аңдар мен құстардың түрлерi жойылып кеткен. Ал, жойылар алдында тұрғандары қаншама! Мұны ғалымдар пiкiрiнен де, хайуанаттар әлемiнiң жанашырларының дабылынан да аңғаруға болады. Әлемдiк "Қызыл кiтаптың" шығу салдары да адам баласын ойлантса керек. Көптеген табиғи апат салдарлары, қолдан жасалған қиянаттар олардың тiршiлiк ету аясын тарылтып қана қоймай, не басқа жаққа қоныс аударуына немесе жер бетiнен құрып кетуiне әкелiп соқтырған. Бұл Қазақстан аумағында да орын алған жағдаяттар. Балқаштың қамысын мекен еткен жолбарыстардың бүгiнде өзi тұрмақ iзiн таппай қалғанымыз осы айтқанымыздың айқын дәлелi. Жалғыз жолбарыс қана ма? Құба жондарды кесiп өтiп, үйiрiмен суатқа келетін құландар қайда? Қала бердi атын ғана естiп, өзiн көрмеген басқа да аңдарымыз қаншама? Сондықтан қоршаған ортаға қамқорлық, ондағы тiршiлiк иелерiне мейiрбандықпен қарау, мейлi ол аң-құс болсын, мейлi ол кесiртке, немесе жылан болсын тіпті ол мейлі инелік болсын табиғаттың бiр бөлшегі ретінде қарауымыз керек. 

 

Тәрбиеші:  -Иә, балалар, табиғатты қорғау туралы әсем сөздер айтылды. Адам табиғат перзенті. Сондықтан туған еліміздің, жеріміздің табиғатын, байлықтарын қорғау – баршамыздың міндетіміз.

Сұрақ:Табиғатты келесі ұрпаққа жеткізу үшін не істеуіміз керек?

Есім: Қазақстан Республикасының Конституциясының 38-бабында «Қазақстан Республикасының азаматы табиғатты қорғауға және оның байлығын сақтауға міндетті» деп жазылған. Сол себепті де елімізде жойылып кету немесе жойылу алдында тұрған өсімдіктер мен аң құстарды сақтап қалу үшін  көптеген қорықтар құрылған.

«Қорық» сөзі аң-құсты аулауға қатаң тыйым салынған жерлерді белгілеу үшін қолданылады. Атап айтсақ Қазақстанда  қорықтар бар. Олар:

  1. Ақсу-Жабағылы қорығы 1926 жыл
  2. Наурызым қорығы 1934 жыл
  3. Алматы қорығы 1931 жыл
  4. Барсакелмес қорығы 1939 жыл
  5. Қорғалжын қорығы 1968 жыл
  6. Марқакөл қорығы 1976 жыл
  7. Үстірт қорығы 1984 жыл
  8. Батыс Алтай қорығы 1992 жыл
  9. Алакөл қорығы 1998 жыл
  10. Қаратау қорығы 2004 жыл

 

Тәрбиеші: Өте жақсы, балалар бүгін біз табиғаттың тамаша туындыларына саяхат жасағандай болдық. Табиғат-Ана адамзат баласына бар қажетті нәрсенің барлығын да беріпті.Ол бізге дем алсын деп ауа берді, ішсін, бар қажеттіне жаратсын деп мөлдір су берді, ғажайып жасыл әлем сыйлады, орман-тоғайымыз әдемі болсын деп құсы мен әдемі аңдарын берді, қысқасы біз өмірге қажеттінің бәрін Табиғат- Анадан алады екенбіз.  

Табиғаттан бабамыз ала берген секілді, Дархандықты қазаққа дала берген секілді. Еркелікті ерікті желден алған секілді, Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді -деп Қадыр Мырзалиев атамыз жырлағандай, адамдар құстар мен хайуанаттарға қарап табиғатты, ауа райын болжай білген.

VII. Ел ішінде кең тараған халық болжамдары.

Құс жүнін үрпитсе, жаңбыр жауады, ауа райы өзгереді.

Сары шымшық ысқырса- шынымен күз болғаны.

Қарға қарқылдаса -қар жауады.

Жыл құсы қаптап кетсе -көктем ерте келеді.

Көкек қатты әрі жиі шақырса –күн жылиды.

Сауысқан шақылдаса, қонақ келеді.

Ерте көктемде қарға суға шомылса, күн жылиды.

Жаз жауынды, күз жылы болса, қыс ұзақ болады»

«Мысық жылы жерді паналаса- аяз болады»

«Қыс аязды болса, жаз ыстық болады»

«Аспанда жұлдыз көп болса, күн жылы болады»

«Құстар жоғары ұшса күн суытады, төмен ұшса күн жылы болады»

«Ұзақ дейтін құстың бір түрі бар, ол келсе қыс аяғы ұзаққа бармайды»

 

VIII. Шығармашылық жұмыс:  «Егер мен ..... ». Үш топ: 1) Шағын әңгіме; 2) сурет салады; 3) өлең шығарады;

Шағын әңгіме:

а) « Егер табиғатқа тіл бітсе...» 

Егер табиғатқа тіл бітсе оның адамға қояр сұрағы көп болар еді.Мысалы ең бірінші сұрақ: Неге бізді ластайсыңдар?,

Екінші сұрағы: Неге бізді өмірімізден қиясыңдар?

Үшінші сұрағы: Неге бізді сыйламайсыңдар? Шыныда да табиғаттың сұрағы неге деген сұрақтан басталар еді.Себебі адамның табиғатқа келтіріп  жатқан зияны көп. Мүмкін табиғат біреулерге рахмет айтар ма еді, табиғатты қорғағандарға, таза ұстағандарға. Табиғатты барынша қорғай білейік. ә) «Егер мен суретші болсам...»   сурет салу: апликация

б) «Егер мен ақын болсам...» 

өлең шығару:

Табиғат - жаны нәзік жаратқаннан, Жауапсыздық келтіреді оған нұқсан. Адамдар немқұрайлық танытпаса, Байлығын төгіп берер асып - тасқан

 

IX. Мақалдың жалғасын тап (суретпен жұмыс)

1 ) Нөсер алдында  найзағай - ойнайды.

2) Күркіреген  бұлттың - жаңбыры аз.

3) Боранды күні -  ит пен бала құтырады.

4) Алпыс күнде  тасыған су, - Алты күнде қайтар.

5) Көлдің көркі - құрақ,  

    Таудың көркі - бұлақ.

6) Бұлақ көрсең, көзін аш.

7)Бір тал кессең, он тал ек.

8)Жер - қазына,

 Су - алтын,

 Мал - байлық

9)Жауынмен жер көгереді,- Батамен ел көгереді.

10) Жел дауылды шақырады,- Бұлт жауынды шақырады.

11) Таумен тасты су бұзар,- Ел арасын қу бұзар.

12 ) Ағаш тамырымен мықты, - Адам достарымен мықты.

X. Сергіту сәті: «Қамқорлық».

Біз ұқыпты баламыз,

Табиғатқа панамыз.

Шашылса егер үйіміз,

Жуып- шайып аламыз.

Ластанса егер ауламыз

Тез сыпырып аламыз

Біз әдепті баламыз,

Табиғатты қорғай аламыз.

XI. Жағдаяттарды талдау:

1-жағдаят

Балалар, зейінімізді бері аударып, мына бір жағдаятқа, бейнесюжетке  назар аударайық

Сұрақ:

  1. Балалар бейнероликтен неі түсіндіңдер?
  2. Қоршаған ортаны қорғау неден бпсталады?
  3. Ол үшін не істеу керек?

2- жағдаят

Енді екінші бейнесюжетке  назар аударайық

Сұрақ: 

  1. Қалай ойлайсыңдар балалардың іс-әркеті дұрыс па?
  2. Өз сыныптарыңда осындай жағдай болса не істер едіңдер?
  3. Балалардың іс-әрекетін қайталар ма едіңдер?

XII. Табиғатқа тілек айту:

 Балалар, табиғаттың маңызын білдік. Адамзат үшін табиғаттың орны ерекше, енді табиғатқа тілегімізді жазайықшы «Тілек ағашына» балалар өздерінің табиғатқа деген тілектерін жазып шығады.

  1. Гүлдей бер, Жер-Ана!
  2. Аспанымыз ашық болсын!
  3. Тоғайымыз аң мен құсқа толсын!
  4. Жеріміз кең болсын!
  5. Суымыз тұнық болсын!
  6. Гүліміз жайқалып өссін!
  7. Суымыз мөлдір, таза болсын!
  8. Өзен, көліміз, теңізіміз балықтарға толсын!
  9. Орманымыз қызыл, жасыл гүлдерге толсын!
  10. Күніміз жарық болсын!
  11. Ауамыз таза болсын!
  12. Ұлан байтақ жеріміз көркейе берсін!
  13. Қаламыз гүлдене берсін!

XIII. Рефлексия:

Балалар бүгінгі тәрбие сағаты сендерге ұнады ма?, Бүгінгі тәрбие сағатынан не түсіндіңдер? Балалардың жауабы.

Балалар, бүгінгі сабаққа өте жақсы қатысып, сұрақтарға жауап бере білдіңдер.

XIV. Қорытынды:

Табиғат – тіршілік бесігі ал адам – табиғаттың бір перзенті. Табиғат - тұнған асыл қазына. Оны қорғап қамқорлық жасау, игеріп ел игілігіне жұмсау - баршамызға ортақ іс. Табиғат – баршаның ортақ үйі. Біз өзіміз осы туған табиғаттың төл перзенті екенімізді ұмытпайық! Оған дәлел ақындарымыздың мына өлең шумақтары:

Қасиетті, қайырымды Жер – ананың

Мейірімінен өмірге нәр аламын,

Аялы алақанмен аялау да,

Азаматтық борышы әр адамның!

Атамекен жанға жайлы сая, бау,

Ар алдында күнә болар табиғатты аямау.

Қанымызға сіңген екен,

Ақ сүтімен Ананың

Туған жердің табиғатын аялау!-деп бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

 

 

 

Просмотр содержимого документа
"Табиғатты аялайық!"


Скачать

Рекомендуем курсы ПК и ППК для учителей

Вебинар для учителей

Свидетельство об участии БЕСПЛАТНО!