Тәрбие сағатының тақырыбы: Бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар
Тәрбие сағатының мақсаты: Болашақ мамандардың қазақ халқының бала тәрбиесі дәстүрлерінің өзекті негіздері: тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, рухани – материалдық және мәдени құндылықтары төңірегіндегі танымын, рухани-мәдениет саласындағы білімін кеңейте отырып, өз өмірі мен кәсіби іс- әрекетінде ұлттық бала тәрбиесі тәжірибесін қолдануға баулу. Ұлттық рухының кемелдене түсіп, туған халқына қызмет ету бағытындағы парызыдылық қасиетінің қалыптасуына бағдар беру.
Тәрбие сағатының түрі : өнеге сабағы
Көрнекілігі: бейне материалдар, сахналық көрністер, слайдтар
Әдіс – тәсілдері: әдеби – музыкалық монтаж, бейне әдіс, сұрақ – жауап, сахналық көрініс.
Қолданылған әдебиеттер:
Жоспары:
1-бөлім: «Бабалар аманатына адалдық – ұрпақ парызы»
2-бөлім: «Тәрбие тамыры – ұлттық құндылықтарда»
3-бөлім: «Түйін сөз»
Тәрбие сағатының барысы:
Кіріспе сөз:
Оқытушы: Құрметті қонақтар, білім алушылар! Бүгінгі тәрбие сағатының негізгі мақсаты өз халқымыздың салт-дәстүрлері, асыл қазыналары, асыл мұралары туралы түсініп, жүректерімізге жеткізе отырып, ұлттық таным мен тәрбиеге баулу болып табылады.
Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін жасағандардың бірі – қазақ халқы. Халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері ғасырдан бері жинақталып келе жатқан алтын қазығымыз. Сол тәжірибе, танымның, ұлттық құндылықтарымыздың бірегейі халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып үлгілері мен өнегелері. Ал біздер мен сіздер осы құндылықтардың заңды жалғастырушысы мен қорғаушыларымыз. Ұлтымыздың мақтанышына айналған ұлттық құндылықтарымыз ұлттығымыздың негізі. Ендеше, сіздерді ұлттық құндылықтарымызды тануға шақырамын.
1-бөлім. «Бабалар аманатына адалдық – ұрпақ парызы»
(сахнада ұлттық киімде қыздар, батырлар отырады: /музыка әуені, экранда елбасының бейнесі/
Әсел: Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық қасиет пен ділімізді танытатын мына бір сөздері «ұлтым» деген, «қазағым» деген әрқайсымыз үшін қашанда өнеге-үлгі:
Эльвира: «Менің атам да, анам да – қазақ. Менің жаным, жүрегім – қазақ. Қазақпын деп айтуға ешқандай намыстанған кезім жоқ. Намыстанбаймын ба. Қайта тіл, діл, өмір, тіршілік сыйлаған туған халқыма бар есті тірлігімде қарыздар болып өтуге бармын. Ұлттың ұлы болмай тұрып, адамзаттың перзенті болу мүмкін бе? Мүмкін емес.»
Әсел: «Құдай қазаққа қырын қарамаған, пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, астын-үстін толтырып кен берген, мейірбан, ақ көңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген. Садағаң кетейін, айналайын халқым, сенің мүддең жолында бойдағы қуат, ойдағы нәрдің бәрін сарп етуге бейілмін.»
(Қобыз үні, экранда табиғаттың видеосы)
(Кимешек киген төрт ана бейнесі)
Айым: Ұлттық құндылығымыздың бастауы – тіліміз. Тіл жоқ жерде ұлт та жоғалады. Тіл- бөбектің үні, тіл-ананың әлдиі,тіл-бесік жыры. Ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келген асыл қазына- тіл, мемлекеттігіміздің тұлғасы, тәуелсіздігіміздің тұғыры. Аңызақ желге, сылдырлап аққан бұлақ суына құлақ тоссаң, бабалар үнін естисің, қобыз бен домбыра күйіне құлақ салсаң тағы да бабалар үнін естисің. Тіл арқылы тереңде жатқан тарихтың тағылымын, мәдениеттің, әдебиеттің ұлағатын танисың. Тіл- ар өлшемі. Тәлім-тәрбие тілден басталады. Олай болса тілге құрметпен қарау-рухы мықты, өткенімізді саралап, болашағымызды болжай білетін ұрпақ тәрбиелеу.
(Сахнаға батыр, абыз киімдер киінген ұлдар)
Іңкәр: Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан ғайыр алқап көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бері ірге тепкен ата қонысы. Ұшқан құстың қанаты талатын осынау кең далаға біздің ата – бабамыз ғасырлар бойы ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қорғап келген. Ұлттық тарих- ұлттығымыздың куәсі.
Ән. «Туған жер», орындайтын: Дауытбекова Гүлім.
/ Төрт ана орындарынан тұрады/
1 ана: – Тілді құрметтеу-елді құрметтеу екенін жадыңда ұста, жас ұрпақ!
2 ана: – Қазақ тарихы – ата-балалар қанымен, төгілген терімен жазылған көне тарих. Ей, жас ұрпақ, тарихыңды таны, сол арқылы елдігіңді таны!
3 ана: – Жас ұрпақ! Туған жерің – түп қазығың, тамырың екенін біл! Еліңе адал қызмет ететін ұл мен қыз болыңдар!
4 ана: – Ей, жас ұрпақ! Тәрбие, өнеге негізі салт-дәстүрді танып, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырар адал перзент болыңдар!
(Күй ойнап тұрады)
Ұран сөздер:
Асмира: – Қазақ халқын ұлт санатында сақтап келе жатқан Ана тіліміз аман болсын!
Балауса: – Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болсын!
Үнзиля: – Бүкіл ұлтты ұйыстыратын тәуелсіздігіміз туған тіліміздің мерейін үстем ете түссін.
Айгерім: – Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білейік.
Сымбат: – Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан!
2-бөлім. «Тәрбие тамыры – ұлттық құндылықтарда»
Дәстүрің – дәулетің, салтың – санаң, ғұрпың – ғұмырыңдемекші халқымыздың ғасырлар бойы жасап кеткен тарихы — бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес үлкен қазына, мұра. Бұл мұраларымыз имандылық, ғибраттық, әдет- ғұрпымен, салт-дәстүрімен қымбат. Осынау ұрпақ тәрбиесінің қымбат қазынасын мұралыққа алған біздер оның ішіне үңіліп, одан өз болмысымызға керек-жарақтарымызды алуға тиіспіз.
М.Әуезовтың «Ел болу үшін, бесігіңді түзе» деген сөздің мән-мағынасына ой салсақ, ол – тәрбие ұрпақты дүниеге келтіруден басталады; сол тәрбиенің дәстүрлік, салт-саналық бастаулары мен бағдарларын жан-жақты пайдаланып, даналықпен дамыта білу керек деген өсиеттің мәнін ұғамыз.
Ән. «Тойға тілек», орындайтын:
3-бөлім: «Түйін сөз»
- Бірлік, Татулық және Отанға деген сүйіспеншілік елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің арқауы. Осы үшуі біріккенде ғана Елбасы айтқандай «Мәңгілік ел» болу идеясы жүзеге асырылады.
- / «Бірлік» сөзін көтеру/:
Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ.
- / «Тарихи сана» сөзін көтеру/:
Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек. Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз.
- / «Толеранттылық» сөзін көтеру/:
Біз бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдырдық.
- /”Мәңгілік ел» сөзі арттан көтеріледі/:
Біз осы құндылықтарды қазақстандықтардың әрбір болашақ буынына аялай ұсынуымыз керек.
- Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын!
- Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын!
1-2 жүргізуші: Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!
Қорытынды мұғалім сөзі: ….
Елбасы Н. Ә. Назарбаев: «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады.» дегендей бүгінгі тәрбие сағатында ұлттық құндылықтарымыздың өнегелі беттерін парақтай отырып, Отан, тіл, салт-дәстүр, тарих, тәрбие құндылықтарын танып, жүрегімізге қалдырдық деп ойлаймын. Болашақ ұстаз ретінде ел болашағын ұлттық құндылықтарды танып, бағалайтын, оны сақтап, жалғастырар ұрпақ тәрбиелей беріңдер демекпін.
1 – жүргізуші: Аталар сөзімен өсіп өнген,
2 – жүргізуші: Бабалар бұлағынан нәр алған,
1 – жүргізуші: Даналар өсиетінен тәрбие алған,
2 – жүргізуші: Ұлылар тәрбиесіне тағзым еткен
1 – жүргізуші: Кешіміздің қадірменді қонақтарын ортаға сөз кезегіне шақырамыз.