ТАРИХ САБАҒЫНДА САРАЛАУДЫ ҚОЛДАНУ
Чекетаева Роза Сарқытбекқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ ШҚО ПҚ БАИ
аға оқытушысы, т.ғ.к.,
Мамырбеков Мұрат Алпысұлы
ШҚО, Көкпекті ауданы, Раздольное
негізгі мектебінің тарих пәні мұғалімі
Инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс [1]. Сабақта тапсырма сараланып берілсе алымы нашар оқушы өз күшіне сенімін жоғалтпай, күштілер орташалар қатарына түспей сыныпта алға ілгерілеу жүреді, бүкіл сынып қамтылады.
Дәстүрлі оқытуда оқушылардың жеке қабілеттеріне бейімделу мүмкіндігі аз. Бағдарлама орташа оқушыға бейімделген. Ал ынтасы, алымы төмен оқушылармен жұмыс істеу, оларды алға ілгерілету үшін не істеу керектігі әрбір мұғалімді мазалайды. Сыныпта сонымен қатар басқа оқушылардан білім, білік, дағдысы бойынша көш ілгері оқушылар отыр. Мұғалімдер сыныптағы алымдары үш түрлі оқушыларды толық қамтуы мүмкін немесе керісінше не ұмытып кетеді, не керісінше соларға көп көңіл бөліп қояды. Сабақтың интерактивті және инклюзивті болуын қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылса аталған кемшіліктерге жол бермеуге болады. Деңгейлік саралаудың мәні – бір сыныпта бір бағдарламамен және бір оқулықпен оқи отырып, оқушылар оқу материалын әр түрлі игереді.
Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша сабақтың мақсаттары оқу мақсаттарымен келісілген болуы керек. Яғни, сабақ мақсаттары оқушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, SMART форматында құрастырылады. Мысалы, сабақтың тақырыбы «Түрік қағанатына Истемиге 567 жылы Византия неліктен елші жіберді?», осы сабақта қол жеткізілетін оқу мақсаты «6.3.2.4 – Византияның дипломатиялық саясатын оның көршілес елдермен қарым-қатынасының мысалында қарастырып, сипаттау». Осы оқу мақсатынан сараланған сабақ мақсаты шығады.
Барлық оқушылар: Византияның дипломатиялық саясатының бағытын анықтайды.
Оқушылардың басым бөлігі: Византияның көршілес елдермен қарым-қатынасын Түрік қағанаты мысалында қарастырады.
Кейбір оқушылар: Византияның дипломатиялық саясатын, көршілес елдермен қарым-қатынасын сипаттайды.
Сабақтың қысқа мерзімді жоспарының ішінде осы сабақ мақсаттарын ашатын тапсырмалар берілуі керек. Байқап отырғанымыздай саралау сабақтың мақсатынан басталып тұр.
Материалды игеру деңгейін, оны оқу жылдамдығын (қарқынын) және бақылау тәсілдерін таңдауға оқушыларға ерік бере отырып, нәтижеге жете аламыз. Осылайша, оқушыларды өзгермелі өмірге дайындаудан күтілетін нәтиже үдерісін шығу үшін мұғалімдерге оқу бағдарламасы шеңберінде шектеліп қалмауға мүмкіндік беретін жаңа дайындық түрі қажет болады. Пән мұғалімі әртүрлі оқушылар үшін тиімді оқу тәжірибесін ұсынып, әр баланы жеке тұлға есебіне де, ұжым мүшесі ретінде де табысқа жетуіне, өз білімі мен дағдыларын дамытуды жалғастыруына көмектесу үшін жұмыс жүргізе алуы қажет.
Тарих сабақтарын оқытуда деңгейлік саралаудың негізгі мақсатты бағыттары төмендегідей:
Қайталау деңгейдегі тапсырмалар білім берудің міндетті деңгейінен тұрады. Бұл жерде ең бастысы анықтаушы ретінде міндетті дайындық деңгейін атауға болады. Оқушыларға мұндай тапсырмаларды орындау үшін дайын алгогритм беріледі, олар алгоритмге сүйене отырып, тапсырманы біртіндеп орындайды. Мысалы, атлас картадан Түрік қағанатының аумағын кескін картаға түсіруге тапсырма беріледі. Атласта барлығы нақты көрсетіліп оны бала кескін картаға көшірсе де оған орындау үшін алгоритм беріледі. Түрік қағанатының қамтыған аумағының шекарасын кескін картаға түсіріңіз, жаулап алған жерлерін белгіленіз деген сияқты тапсырманы орындау үшін қадамдарды көрсетеміз. Немесе келесі бір тапсырмада: оқулықтан «Византия не үшін түрік қағаны Истемиге елші жіберді?» мәтінін оқып шығыңыз. Тақырып бойынша берілген кестені толтырыңыз. Византия не үшін түрік қағаны Истемиге елші жібергендігін түсіндірініз. Өтіліп жатқан тақырып бойынша әңгіме жоспарын құрыңыз.
Осы жерде тиімді оқыту және оқудың сегіз тәсілінің модельдеуін көруге болады. Модельдеу барысында іске асып жатқан ойлау үдерістерін түсіндіре отырып мысал ұсыну барысында оқушыларды бір мезгілде пән мазмұны туралы ойлануға және сарапшы ретінде әрекет етуге жетелейді. Оқушылардың өз бетінше жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, тапсырманы кезеңдерге бөледі, рефлексия жасауға ынталандырады. Модельдеу дегенде бір заттың моделін жасау турғысынан қарастырылмайды, модельдеу оқушыға тапсырманы орындаудың жолын көрсету, қадамын беру мағынасында қарастырылады. Ерекше көмекті қажет ететін оқушылардың ресурстармен қамтамасыз етілгендігіне немесе берілген матеиалды мұғалімнің, сыныптасының көмегімен алатындығына көз жеткізуіміз керек.
Орта (өнімді) деңгейдегі тапсырмалар жаңа материалды жалпылауды қажет етеді, қорытындылар жасауға, жаңадан туындаған жағдайларда өз білімін қолдана білуге итермелейді. Мұнда оқушыларға мұғалім берген дайын мәліметтерді немесе мәселенің жалпы шешімін негізге ала отырып, тапсырманы орындау ұсынылады. Мұғалім берілген тапсырманы шешудің бір нұсқасын өзі көрсетуі мүмкін, ал оқушылар ойланып, өздерінің шешу жолдарын жүзеге асыруы тиіс [2]. Мысалы, өтіліп жатқан тақырып бойынша тезис әзірлетуге кәртішке, оқулықтың сұрақтары бойынша (өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар) тапсырмаларды орындатуға болады.
Жоғары (шығармашылық) деңгей, шығармашылық элементтерден құралған тапсырмаларды орындаудан тұрады. Блум таксономиясының талдау, жинақтау, бағалау сатылары кіреді. Мектеп оқулықтарында көбіне шартты * белгісімен тапсырма деп көрсетіледі (сурет 1). Салыстыру, талдау, қорытынды жасаумен қатар шығармашылық ойлауды талап ететін қиындығы жоғары тапсырмаларды шешу кезінде берілген мәселенің бірегей шешімдерін табу керек. Оқушыларға тапсырманың тек сипаттамасы ғана беріледі, ал шешу әдісін олар өздері табады. Мысалы, жоспар және тезистерде қамтылған элементтерді қамтитын конспект құрғызу. Бұл топқа жататын оқушылар тапсырмаларды өз бетінше орындайды, осылайша «күшті» балаларға өз қабілеттерін барынша көрсетіп, тиісті бағасын алуға мүмкіндік туады. Оның жетістіктері материалды игеру бойынша қажетті шағын талаптарды оқушының орындағанының айғағы болып табылады. Бұл деңгейдің негізінде материалды игерудің жоғары деңгейі қалыптасады.
Осылайша ілгерілмелі үдеріс бойынша оқушы алғашқы (төменгі) сатыдан бастап, өз мүмкіндігіне сәйкес деңгейге дейін көтеріле алады. Оқушылардың алға ұмтылуына мұғалім ықпал ете отырып, оқушыны өзі орындап отырған тапсырма деңгейінен келесі деңгейге жеткізуге жұмыс істеу қажет.
Тапсырма арқылы саралауда күрделігіне қарай алға ілгерілеп отыратын тапсырма арқылы саралауға болады.
І-деңгей.
Оқулықта берілген мәтінді оқып Византияның дипломатиялық саясатының бағыттарын анықтаныз.
Византия қай мемлекеттермен дипломатиялық байланыстар жасағанын картадан көрсетіңіз.
ІІ-деңгей.
Берілген қосымша мәтінді оқып (оқып отырған мұғалімдерге ескерту бұл дереккөз арқылы саралауға да жатады), екі билеушінің сарайларының ұқсас жақтары мен айырмашылықтарын салыстырыныз.
| Земархтың айтуы бойынша Менандрдың«Агафия тарихының жалғасы» деген еңбегінен | Византияда болған герман елшісінің жазбаларынан |
| Қаған шатыр ішінде екі дөңгелекті алтын тақ үстінде жайғасыпты. Бұл қос дөңгелекті алтын тақты қажет кезінде бір атқа жегіп жүруге болады екен. Земарх варварлардың әдет-ғұрпы бойынша тізе бүгіп, бас иіп амандасып, өзінің сыйлықтарын тапсырды. Бұл сыйлықтарды тиісті адамдар қабылдап алды. Бұдан кейін олар күні бойы той тойлады, соның ішінде шатырдың ішінде де тамақтанды. Келесі күні олар басқа бөлмеге жайғасты, мұнда алтын жалатқан ағаш тіреулері бар, төрт алтын тауыс бейнелі аяқтары бар алтындатылған тақтаға отырды. Бұл бөлменің алдында қораптары күміске, тағамдарға толы себеттер тиелген көп арбалардан көз сүрінгендей еді. Арбалардың үстінде жасалу сапасы біздің елдегіден кем түспейтін төрт аяқты күміс бұйымдар да көп еді. Қағанның алтыннан жасалған төрт тауыс құс көтеріп тұратын төсегі, түрлі аңдардың күмістен жасалған бейнелері византиялық өнер үлгілерінен кем түспейтін еді. Түрік патшасының сән-салтанаты осындай екен | Константинопольде император сарайына тіркесе салынған таңғажайып салтанатты әсем зал бар. Император тағынын алдында жезден жасалған, бірақ алтынмен апталған ағаш тұр. Оның бұтақтары қоладан соғылған. Әр алуан құстарға толы. Әр құс өзіне ғана тән айрықша әуенмен сайрайды. Ал император тағының шебер жасалғаны соншалық, әуелі ол тіпті аласа жер деңгейімен бірдей сияқты, одан кейін әлгіден анағұрлым биігірек, ақыр соңында ауада қалықтап тұрғандай болып көрінеді. Өте үлкен тақты, сақшылар тәрізді, алтындалған арыстандар қоршаған, олар құрықтарымен жерді айбарлана сабалап, ауыздарын арандай ашып, тілдерін салақтатып, зор дауыспен гүрілдейді. Мен, белгіленген рәсім бойынша, императордың алдында оны құрметтеп үшінші рет иіліп, басымды көтергенімде император мүлде басқа киімде залдың нақ төбесінде тұрғандай болып көрінді |
ІІІ-деңгей.
Параграфтағы мәтінді, берілген қосымша деректерді пайдаланып салыстыру кестесін толтырыңыз.
| Салыстыру сұрақтары | Византия | Түрік қағанаты |
| Иранмен қақтығыстардың саяси себептері қандай? | | |
| Билеушілердің есімдері | | |
| Елшілікті жіберудегі мақсат, мүдделері | | |
| Елшілері | | |
| Елшіліктің нәтижелері | | |
| Тарихи құжаттар мен мәліметтер, деректер | | |
Тапсырма арқылы саралауда оқушылардың қажеттіліктеріне қарай (көмек керек пе, әлде түрлі тапсырмалар беру керек пе?) сараланады. Мысалы оқушыларға кәртішкемен тапсырмалар беруге болады.
Қолдауды көп қажет ететін оқушыларға:
Византияның дипломатиялық саясатының дұрыс берілген бағыттарын көрсетіңіз:
а) Саяси, экономикалық, мәдени;
ә) Қоғамдық, саяси;
б) Мәдени, рухани.
Қолдауды аз қажет ететін оқушыларға:
Византияның сыртқы саясатының негізгі бағыттарын жазыңыз:
1)_____________________________________________________
2) ____________________________________________________
3) ____________________________________________________
Қолдауды қажет етпейтін оқушыларға:
Византияның сасанилер, эфталиттер, түріктермен сыртқы саясатта қандай дипломатиялық байланыс жасағаның жазыңыз:
1) Сасанилер ________________________________________
2) Эфталиттер ______________________________________
3) Түріктер _________________________________________
Білім деңгейі әр түрлі оқушыларға арналған тапсырмалар да саралау тапсырмаларына кіреді. Сабақта тақтаға немесе конвертке үш түрлі түсті қағазға жазылған сұрақтарды беруге болады. Оқушыларға түс бойынша сұрақтардың қиындық деңгейлері айтылады.
Жасыл түс: Византия көрші мемлекеттермен қандай байланыстар жасады?
Сары түс: Түрік қағаны Истемиге 568 жылы Византия неліктен елші жіберді?
Қызыл түс: Византияның сыртқы саясатының қандай ұтымды және ұтымсыз жақтары болды?
Осылайша қиындық деңгейіне байланысты сұрақ арқылы саралауда барлық оқушылардың жауап беруіне мүмкіндік беріледі. Мұғалім сұрақ қойғанда да саралап қояды. Егер сыныптағы С оқушыға қиын сұрақ қойсаныз әрине жауап бере алмайды, ал сұрақты оның алымы бойынша саралап қойсақ ол жауап бере отырып өзіне деген сенімділігі арта түседі. Бірақ оқушы сұрақтың, тапсырманың сол деңгейінде қалып қалмай алға ілгерілеуі керек. Оқушылар мұны үнемі байқап қойып мұғалімдерге айтып жатады басқа балаларға жеңіл сұрақ қойдыңыз, маған қиын сұрақ қойдыңыз деп. Сабақта жабық та, ашық та сұрақтар қолданылса тиімділігі артады. Жоғары деңгейлі сұрақтарды қолдану арқылы оқушылардың жоғары деңгей ойлау дағдыларын іске қосуға ынталандырамыз. Жабық сұрақтардың жауабы оқулықта бар, ашық сұрақтар талдауды, жинақтауды, бағалауды қажет етеді. Көбіне оқушы оқулықтан алған білімін біліп, түсінуі бойынша ашық сұраққа жауап іздейді. Білмесе түсінбейді, түсінбесе қолданбайды, білімін қолдана алмаса талдай алмайды.
Тапсырма арқылы саралаудан басқа сыныптағы саралау жұмысының жалпы ортақ қабылданған дереккөздер, қарқын, қорытынды, диалог және қолдау көрсету, бағалау, жіктеу тәсілдері бар. Сонымен қатар дарынды балаларға арнап оқу қарқынын күшейту, қайталауды және машықтану уақытын азайту, бұл уақытты тапсырманы кеңейтуге пайдалануға болады. Дарынды оқушылармен қатар, дарындылығы байқалмаған оқушыларға да оқуға қолдау көрсетсе маңызды [3].
Қабілеттері ұқсас оқушыларды топқа біріктіріп, оларға өз қажеттілігіне қарай тобын ауыстыруға мүмкіндік беру де нәтижеге жетелейді. Қазіргі таңда ғалымдар «барлығына жарамды» моделі бір адамға да онша пайдалы емес, ең оңтайлысы – «біреуіне жарамды» оқыту деп отыр.
Әдебиеттер
1.Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы «13» мамырдағы № 292 қаулысына 6-қосымша. «Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы.
2. Мұғалімге арналған үлестірме материалдар. Жаңартылған білім мазмұны бойынша «Дүниежүзі тарихы» және «Құқық негіздері» біліктілікті арттыру курсы. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ. Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016.
3. Тиімді оқыту мен оқу. Үлестірме материалдар. 3 апта. 4 күн. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ. Педагогикалық шеберлік орталығы, 2016.