ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
«ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ФИЛИАЛЫ
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ
БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ИНСТИТУТЫ

ЖОБА ЖҰМЫСЫ
«Мектеп жасына дейінгі балаларды халық ойындар арқылы ұлттық мәдениет көздеріне тарту»
Павлодар, 2016ж
Дайындағандар
1. Аугазина Алия Каирбековна Лебяжье ауданы, Жамбыл ауылы МҚКК «Күншуақ» балабақшасы.
2. Елдес Ақбөпе Нұрланқызы Ақтоғай ауылы, МҚКК «Айгөлек» балабақшасы.
3. Конурбаева Жаркынай Каршыгаевна Ертіс ауылы, МҚКК «№ 2 балабақша».
4. Кудайкулова Дина Сансызбайқызы Қозыкеткен ауылы, «Балдаурен» шағын орталығы.
5. Смыкова Нургуль Мухтарбековна Павлодар қаласы, МҚКК «№ 9 балабақша».
6. Хамитова Асель Муратовна Ақсу қаласы, МҚКК «№ 2 балабақша».
Мазмұны
Кіріспе..................................................................................................................... 4 -5
Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қазақ халық ойындары........... 6-10
Үш-бес жасар балалар тобына арналған ұлттық ойындар жүйесі............... 11-12
Мектеп жасына дейінгі балаларды халық ойындары арқылы тәрбиелеу.... 13-16
Қорытынды ....................................................................................................... 17
Қолданылған әдебиеттер тізімі ....................................................................... 18
Кіріспе
Ұлттық ойындар, қазақтың ұлттық ойындары — ежелгі заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауық түрлері. Бүгінгі бізге жеткен ұлт ойындарының тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. 1-мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тараған. Ұлттық ойындарды меңгеру барысында балалар мен жасөспірімдер әр түрлі жаттығулар жасау арқылы денесін шынықтырады, ой-өрісін дамытады. Қазақ ұлты, негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қо-йып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойындарды орайластырып, дамытып отырған. Мұны бір ойынның бірнеше нұсқаларының болуы да айғақтайды (Мыс., белбеу тастау, орамал тастау, ханталапай, жаяу көкпар, т.б.). Қазақ қоғамындағы ұлттық ойындардың негізі, оның шығу тегі көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерден басталады. Олардың көбі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізделген. Ойындардың басты тәрбиелік мәні — болашақ ұрпақты келешек кәсіптерге баулу, мамандандыру, яғни олар дәстүрлі ұлттық педагогиканың бір саласы болып табылады (Айгөлек, Алтыбақан, Ақ сүйек, Соқыр теке, Таяқ жүгірту, Көрші т.б.).
Тақырыптың өзектілігі: ХХІ - ғасыр білімділер ғасыры болғандықтан бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі, ой - өрісі жоғары, жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті болып тұр. Тәрбие мен білімнің алғашқы дәні - мектепке дейінгі тәрбие ошағында беріледі. Бала денсаулығының мықты болып, қозғалыс, дене құрылысының дұрыс жетілуі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады.
Ұлттық ойындар - қазақ халқының ерте заманнан қалыптас-қан дәстүрлі ойын-сауықтардың бір түрі. Оның бастауы алғашқы қауымдық қоғамда шыққан. Ұлттық ойындар негізінде әр халық түрлі-түрлі жаттығулар жасау жолымен дене шынықтыру ісінің негізін салды. Бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығын жақсартуда пайдасы зор.
Ұлттық ойындар - ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатыр-ған байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан, ұлттық ойындар-ды үйренудің, күнделікті пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, ұштаса береді.
Ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға лайық-тары «Көкпар», «Орамал алу», «Тақия жасыру», «Алтын қақпа», «Ақ серек-Көк серек», «Айгөлек», «Ақ сандық - Көк сандық», «Ақ сүйек» баланың көзін жұмғызып алаңдағы ағаш ішіне сүйекті лақтырып жіберіп, іздеу т.б. ойындар ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдылыққа үйрету іске асырылады. Яғни, таңертеңгі қабыл-дау кезінен кешке баланың үйге қайтуына дейінгі уақыт аралығындағы күн тәртібіне сәйкес дене тәрбиесі күні бойғы тәрбие түрлерімен біртұтас сабақтас жүргізіледі. Сондықтан да, бағдарлама бойынша арнайы өтілетін тақырыптық тәрбие сәттерінің арасында әуелі дене сергіту, жұмыс соңында ырғақты қимыл-қозғалыс ойындарын өткізу көзделеді.
Ең бастысы ата-бабадан қалған өнер мен өнеге, үлгілерінің лайықтыларын баланың сана сезіміне құйып көзіне көрсете отырып, ойын арқылы бойына сіңіріп, оларды әдептілікке, мейірімділікке ізеттілікке, туысқандық пен бауырмалдыққа, үлкенге - құрмет, кішіге - қамқорлыққа баулып, адамдық қасиеттерді ұғындыру, қалыптастыру болып табылады.
Жоба жұмысының мақсаты:
Мектеп жасына дейінгі балаларды халық ойындары арқылы ұлттық мәдениет көздеріне тарту тақырыбын қарастыру.
Жоба жұмысының міндеттері:
. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қазақ халық ойындарына тоқталу;
. Үш-бес жасар балалар тобына арналған ұлттық ойындар жүйесі;
. Мектеп жасына дейінгі балаларды халық ойындары арқылы тәрбиелеу.
Күтілетін нәтиже: Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, олардың жауынгерлік рухта ержетуін ұқыптылықпен қадағалаған. Оларды аяғын басып жүре бастаған кезінен бастап ұлттық ойындарға икемдеп баланың епті, шымыр болып өсуіне тәрбиелейді. Ұлттық ойындар балаларды тапқырлыққа турашылдыққа, шымырлыққа, балалардың туған жерге, Отанға деген сүйіспешлігін арттырады. Кез –келген елдің баласы ойынмен ержетеді. Бірақ әр халықтың бала болашағына көңіл бөлуі әрқилы.Осы тұрғыдан алғанда қазақ елі өзге халықтардан оқ бойы озып тұр деуге толықтай негіз бар.Баланың байсалды да байыпты болып қалыптасуы- ұлттық ойындардың тамырынан нәр алуында жатыр. Ұлттық ойындар бала тәрбиесінде негізгі екі жауапты рөл атқарады: біріншіден, жаттығулар жасап, ұлт ойындарын ойнаған кезде дене дамуы жақсарса, екіншіден, ұлт ойындарының мазмұнын, ойлау тәртібін түсіндірген кезде ұлттық әдет – ғұрпымыздан, өткен өмірімізден хабар алады. Егер балабақшада жұмыс стилі ұлттық дәстүр, салт – санаға бағытталған болса, мысалы, барлық топ бөлмелері, залдар қабырғаларындағы тұскиіз,ою, сырмақ, домбыра, қамшы, ер сияқты заттардың өзі күнделікті баланың көз алдында болғандықтан осы бұйымдарға көздері қанық болып өседі. Ойын – мектеп жасына дейінгі балалар іс-әрекеттерінің негізгі түрі. Ойын – баланың, бүкіл балалар коллективінің дамуында басты роль атқарады. Балаларға ұлттық ойындар арқылы халқымыздың тарихын, мәдениетін таныстыру қолға алынған.
Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қазақ халық ойындарына тоқталу
Халық ойындары – қазақ халқының ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын — сауықтарының бір түрі. Оның бастауы алғашқы қауымдық қоғамда шыққан. Халық ойындары негізінде әр халық түрлі – түрлі жаттығулар жасау жолымен дене шынықтыру ісінің негізін салды. Бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығын жақсартуда пайдалы аса күшті екені баршаға аян. Балалар тек ойнап қана қоймайды, сонымен бірге ойлайды, аңғарады, көп нәрсені білуге, зерттеуге талпынады. Яғни, қазіргі заман ағымына қарай белсене қатысады. Халық ойындары балаларға тәрбиелік мәнімен, дене бітімінің әсем де сымбатты болып бітуге пайдасы зор. Бір-ақ мысал ретінде: «Қуыр-қуыр, қуырмаш» ойыны балалардың саусақ маторикасын дамытуға, тіл байлығын жетілдіруге, көңілін көтеруге қолдануға болады. Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен ойната отырып жан-жақты тәрбиелейміз.
Ойынды ойнау барысында балалардың жас ерекшілігі ескеріледі. Әр түрлі ойынның өтілу барысында, оның ережесін сақтап, яғни 3 кезеңнен тұратынын ескеруіміз керек:
Ұлттық ойын ойнатудың негізгі мақсаты :
балалардың денсаулығын нығайту;
денені шынықтыру;
мәдениетін қалыптастыру;
өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі жетілдіру.
ойынды ойнату мен үйретудің міндеттері:
қажетті дене қозғалыс дағдыларын, танымдық-қозғалыс белсенділігін арттыру;
қалыптастыратын дене жаттығуларының негізгі түрлерімен балаларды таныстыру;
денсаулықты нығайтуға бағытталған қозғалыс әрекеттерімен дене жаттығуларының негізгі түрлерін балаларға меңгерту;
қызығушылығын қалыптастырып дамыту;
ойынға қойылатын әдістемелік талаптар:
ойынның мақсатын нақты анықтап керекті көрнекіліктер мен материалдарды алдын-ала дайындап, оңтайлы жерге қою.
ойынға кірісер алдында оның жүргізілу тәртібін балаларға әбден түсіндіру.
ойынға балалардың түгел қатысуын қамтамасыз ету.
ойын үстінде шешім қабылдай білуіне, ойлана білуіне жетелеу.
ойын түрлерін бағдарламаға сай іріктеп алу.
ойынды баланың жас ерекшелігіне қарай түрлендіріп пайдалану.
қарапайым ойыннан қиын ойынға көшу.
міндетті түрде ойынның қорытындысын жариялау қажет.
Ұлттық ойындардың маңыздылығы
Ойын балаларының қызметіндегі психикалық процесті (сезіну, қабылдау, ойлау, елестету, ес, ықыласын, тілін) белсендіреді. Ойын ерікті түрде құрылады.
Ойын шығармашылық қабілетті дамыту үшін барынша мүмкін жағдай жасайды.
Ойын барысында балалар қанағаттанарлық, қуаныш алады. Ойын кез келген оқу материалын еліктіретіндей, қызықтыратындай жағдайға әкелуге көмектеседі.
Сабақ барысында немесе сабақтан тыс кезде баланы ұлттық ойын арқылы өмірге тәрбиелеу үздіксіз процестің жалғасы. Халықтың ұлттық ойындары - жас ұрпақтың қалыптасып өсіп-өнуіне әсер ететін факторлардың бірі және дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты. Ойын - дене қозғалысы, шыныққан денесінің шеберлігі, көңіл көтеру, дем алу, бас қосып бірлесіп әдет-ғұрыпты жалғастыруға үндесу. Мектеп оқушыларына дене күшін, қозғалыс дағдыларын дамытуға байланысты ұлттық ойындар түрлері физиологиялық, психологиялық тұрғыдан қазіргі заман талабына сай ары қарай дамытуды қажет етеді. Мектепте оқушыларға ұлттық ойындардың құндылығын насихаттаумен қатар, оларды қолданудың озық тәжірибелерін жинақтау және дамыту керек. Ұлттық ойындар екі топқа бөлінеді, спорттық және ақыл ойға арналған ойындар болып. Спорттық ойындарға: кыз қуу, кокпар, ақсүйек, арқан тартыс т. б жатса, ақыл ойға арналған ойындарға тоғызқұмалақ, асық ойындары жатады. Ұлттық ойындарға мына ойын түрлері жатады: «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Асық», «Ақсүйек», «Арқан тарту», «Қыз қуу», «Көкпар», «Күміс алу», «жамбы ату». Бұл ойындар баланың еңбекке деген қарым - қатынасы мен ойлау қабілеттерін арттырады және баланы шымыр да епті, зерек те алғыр, тапқыр да парасатты болып өсуге тәрбиелейді.Ұлтымыздың асыл қазынасы болған ұлттық ойындарымызды жоғалтып алмай, ұрпақтан - ұрпаққа жетуін насихаттау, халқымыздың, баршамыздың міндетіміз деп білейік. Қазақтың ұлттық ойындарын дене тәрбиесі сабағында жоспарға енгізу арқылы өткізу жас буынды тәрбиелеуде теңдесі жоқ әдіс десек болады. Әр сабақ сайын ұлттық ойынның үш-төрт түрін алып, солардың ойнау тәсілін үйретіп отырса, жетілдірсе, қайталау арқылы пысықтап отырса, әрбір бала жадында сақтайды да, оны ойнай біледі. Алдымен ұлттық ойындарды мазмұны мен күрделілігіне байланысты және балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, төменгі, орта және жоғарғы сынып оқушылары ойнайтын ойындар деп бөліп алу керек. Мысалы, орта сынып оқушыларына эстафеталық қозғалыс ойындарын ұйымдастыруға болады. Көп қозғалыс пен күшті талап ететін де ұлттық ойын түрлері бар, соларды әр дене шынықтыру пәнінде қолдану балалардың шымыр да ширақ боп өсуіне әсер етеді.
Қорыта айтқанда, қазақтың ұлттық ойындары - баланың зерек те ақылды, шымыр да ширақ боп өсуінің басты құралы. Оны оқыту процесінде қолдану - тиімді əдіс. Ойын балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылыстарын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. Ойын арқылы балалар қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ойнау процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен рөл атқарады. Сөйлесе жүріп, балалар өзара пікірлесіп, әсер алысады. Ойын баласының жан-жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын
жетілдіретін, белсенділігін арттыратын, басқа адамдармен қарым-қатынасын реттеп, құрдастарымен ұйымшылдығын арттыруға негіз бола алады.
Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының түрлері өте көп. Солардың қай-қайсы да адам игілігіне қызмет етуге бағытталған. Сондай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындар болып табылады. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдылықты, дененің шынығуын қажет етеді. «Асық ату», «Түйілген орамал», «Қыз қуу», «Ұшты-ұшты», «Соқыртеке», «Түйе мен бота», «Арқан тарту» т.б. ұлттық ойындар баланың сөздік қорын молайтуға, өмір тәжірибесін кеңейту, ептілік қабілеттерін жетілдіруге өз әсерін тигізеді. Ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға лайықтары «Көкпар», «Орамал алу», «Тақия жасыру», «Алтын қақпа», «Ақ серек-Көк серек», «Айгөлек», «Ақ сандық – Көк сандық», «Ақ сүйек», «Теңге алу» т.б.
Ұлттық ойын баланың дамып жетілуіне, адамгершілік қасиеттерінің артуына, психикасына да тигізетін әсері мол. Шындығына келсек, адамның өмір сүруінде қазақтың ұлттық ойындарының атқаратын маңызы ерекше. Басқаны былай қойғанда, әр ұлттық ойын оған қатысушыны өмір сүруге бейімдеп ғана қоймай, қиындықтан қорықпай, қарсы тұра білуге үйретеді. Мысалы, бір ойын шеберлік пен ептілікке, енді бір ойын талғампаздыққа, ал енді бір ойын қиын-қыстау кезеңде тез шешім қабылдап, оңтайлы жол таба білуге баулиды. Оның үстіне ұлттық ойындардан спорт пен патриоттық тәрбие айқын аңғарылады. Мұның өзі қазақтың ұлттық ойындарының бала тәрбиесінде маңызы зор екеніндігін дәлелдейді.
Балаларға рухани - адамгершілік тәрбие берудегі ұлттық ойындардың маңызы
Дана халқымыз, данышпан халқымыз бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Елдің, халықтың болашағы бала тәрбиесін өте маңызды екенін түсіне отыра, балаға жан-жақты рухани жан-дүниесі таза болсын деп адамдыққа үйреткен. Жас бала жас шыбық секілді, қалай исең солай майысады, қалай айтсаң солай көнеді. Жаңадан нәрестелі болған екі жас қарияның алдына келіп: - Баламызға тәрбие берсеңіз деп едік, - дейді. Сонда кемеңгер: - Сәбилеріңнің туғанына қанша болды?» - деп сұрайды.
Ойын түрлері:
«Асық ату» - Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі.
Ұлттық ойындары көбінесе әр халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, шаруашылың мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлт ойындары да осыған икемделеді. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатынан шыға бермейді. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған.

«Түйілген орамал»
Жүргізуші ойынды өзі бастайды.Ең алдымен балаларды айналасына жинап алады да «1,2,3» - деп дауыстайды.Осы кезде балалар жан-жаққа бытырай қашады. Ал ойын жүргізушісі қолында түйілген орамалы бар баланы қуалайды. Ол орамалды басқа біреуге лақтырады қағып алған бала қаша жөнеледі. Осылайша ойын жүргізіледі,түйулі орамалды алғанша қуалай береді. Ұсталған ойыншы көпшілік ұйғарымымен ортада тұрып өнер көрсетеді. Одан кейін ойын жүргізуші ауыстырылады. Ойын ойнап болған соң балалар шеңбер жасап тұрады.
«Қыз –қуу»
Балалар арасынан бір ер бала,бір қызды(ағаш атпен)қуады.Бала қызға жетіп қолынан ұстаса ол жеңіске жеткені.Кейде қызды 2 бала да қуады қай бала бұрын жетіп қыз қолын ұстаса сол бала жеңіске жетеді.
"Ұшты-ұшты" — ұлттық ойын.
«Ойынды үй ішінде де, сыртта да ойнауға болады. Ойынға қатынасушылар орталарынан ойынды басқарушы сайлап алады. Ойын бастаушы ойынға қатынасушыларды столды айналдыра отырғызады немесе шеңбер құрғызып дөңгелене тұрғызады да, ойнаушылардан оң жақ сұқ қолын столдың үстіне тигізе көтеріп, «ұшты-ұшты» деп отыруларын сұрайды, өзі де солай істеп көрсетеді. Бұдан кейін ол:
— Мен ұша алатын затты атап, «ұшты» деп қолымды көтергенде, бәрің де тез қолдарыңды көтеріп, алақандарыңды жазып, «ұшты-ұшты» деп қалықтатып тұрасыңдар. Бұл «ұшқандарың»: «Мысалы, «қаз ұшты» десем, сендер де «ұшыңдар». Енді мен әдейі өздеріңді жаңылдыру үшін әлгі затпен аты ұйқас тағы бір ұша алмайтын нәрсені атап, «ұшты» деп қолымды көтерсем, онда сендер ұшпайсыңдар. Мысалы, «қаз ұшты». Бұл жағдайда ұшпайсыңдар. Ұша алатын затты атағанда ұшпай қалған, сол сияқты ұша алмайтын затты атағанда «ұшып кеткен» ойнаушы ұпай тартады,— деп түсіндіреді.
Бұдан кейін ұпайдың шарты туралы келісіп алады. Мысалы, бір ұпай 2 ауыз ән салу, не 3 жұмбақ шешу, не 3 жаңылтпаш айту немесе өз көлеңкесімен сөйлесу, көзін байлатып ортаға шығып, «Соқыр теке» болу, т. б. ұпай көбейген сайын бұл сияқты шарттар да көбейе береді. Ойын басталады:
Ұшты, ұшты, ұшты — тарғақ ұшты! (ұшады)
Ұшты, ұшты, ұшты — жарғақ ұшты! (ұшпайды)
Ұшты, ұшты, ұшты — үкі ұшты! (ұшады)
Ұшты, ұшты, ұшты — түлкі ұшты! (үшпайды)
Ұшты, ұшты, ұшты — бүркіт ұшты! (ұшады)
Ұшты, ұшты, ұшты — іркіт ұшты! (ұшпайды)
Ұшты, ұшты, ұшты — үйрек ұшты! (ұшады)
Ұшты, ұшты, ұшты — бүйрек ұшты! (үшпайды)
Ұшты, ұшты, ұшты — кекілік ұшты! (ұшады)
Ұшты, ұшты, ұшты — кекілің ұшты! (ұшпайды)
Ұшты, ұшты, ұшты — қызғыш ұшты (ұшады)
Ұшты, ұшты, ұшты — сызғыш ұшты! (ұшпайды)
Осы тәртіппен ойын жүргізіле береді. Ойын қатынасушылардың сезімталдығын шыңдап, тез жедел ойлай біліп, нақты әрекет жасауға, іштей жинақы болуға қалыптастырады.
Соқыртеке.
Ойыншылар дөңгелене тұрады. Ортаға орамалмен көзі байланған адамды – «соқыртекені» шығарады. Шеңбер бойынша тұрған ойынға қатысушылар «соқыртекені» түрткілейді. Ол сол кезде түрткен ойыншыны ұстап алып, атын айтуға тиіс. «Соқыртекенің» тыныш тұрған ойыншыны да ұстап алуына болады. Ұсталынып қалған ойыншы «соқыртекеге» айналып, ойын жалғаса береді.

Түйе мен бота.
Ойын көгалды жерде немесе спорт залда өтеді. Балалардың санына шек қойылмайды. Бұл ойын орыс халқының «мысық-тышқан» ойынына ұқсас. Оның басқарушының нұсқауымен бір бала түйе болады, екіншісі ботаның роліне сайланады. Қалған ойыншылар өзара қолдарынан ұстап, шеңбер бойына қатарға тұрады. Түйе шеңбердің сыртында, ал ботасы ішінде қалады
Түйе шеңбердің сыртында жүріп ботасына үйге жүр дейді. Бота жоқ, үйге бармаймын дейді. Түйе ботасын әкетпек болып қуа бастайды. Ал бота шеңбер бойымен айнала қашады. Ойын шарты бойынша бота шеңбердің ішіне кіріп-шығып, еркін қозғалып жүре алады. Ал түйені аса еркіне жібермей, кей кездерде шеңбердін ішіне еркін кіріп-шығуына әртүрлі кедергілер жасалады, яғни шеңбер бойындағы ойыншылар қысып қалады. Ақырында түйе алдап жүріп ботасын колға түсіргенде, бота жібер дейді. Түйе жібермеймін дейді. Осы сәтте шеңбер бойында тұрған ойыншылар түйені қоршап, ұстап алып:- «шөк, шөк» деп түйені шөгеруге тырысады. Түйе оған көнгісі келмегенімен көпшілік болып шөгереді, яғни жүресінен отырады.
Содан кейін ойыншылар сапқа тұрып, кезек-тесіп ботадан бастап шөккен түйенін үстінен бір-бірлеп секіре бастайды. Ойын шарты бойынша түйе жүресінен екі колын жерге тіреп отырады да, үстінен секіргендерді орнынан козғалмай қолымен ғана ұстай алады. Осы кезде түйе үстінен секірген ойыншылардын кайсысын бірінщі ұстаса, сол түйенің ролін ойнайды да, екінші ұстағаны ботаның ролін ойнайды. Осылайша ойынды қайта жалғастыруға болады. Түйенің үстінен секірген ойыншы оған колымен, болмаса аяғымен тиюіне болмайды. Түйенін үстінен секіргенде мүмкіндік болғанша алысқа түсуге тырысады.
«Арқан тарту»
Екі топқа бөлінген балалармен немесе екі баламен ойналады. Арқанның екі жағынан екі бала немесе екі топқа бөлінген балалар тартысады. Қай топ арқанды өз жағына тартып, алып келсе сол топ жеңіске жетеді. Екі бала тартысқанда қай бала өзіне қарай арқанды тартып екіші баланы құлатса, құламаған бала жеңіске жетеді.

Үш-бес жасар балалар тобына арналған ұлттық ойындар жүйесі
Үш-бес жасар балалар тобына арналған ұлттық ойындар жүйесі:
Енді ғылыми-тәжірибелік эксперимент жұмыстарында пайдаланылған ұлттық ойындарға талдау:
- жүгіру элементтері бар ұлттық ойындар;
- секіру элементтері бар ұлттық ойындар;
- еңбектеу және өрмелеуге арналған ұлттық ойындар;
- лақтыру және қағып алу ойындары;
- тепе-теңдікті сақтауға байланысты халық ойындары;
- жалпы даму жаттығу элементтерін қамтыған ұлттық ойындар.
Жүгіру дағдысын жетілдіретін ұлттық ойындар:
-Ақсерек көксерек
-Жаяу көкпар
-Қоян
Балалардың дене құрылымын шынықтыру аяқ қол бұлшық еттерін түрлі ойындар арқылы жүгіру элементтерін меңгертіп, жалпы дене дамуы дене шынықтыру сабағында берілген жүгіру сынақтарын орындалуы жүгіруге байланысты.
Секіру элементтері бар ұлттық ойындар:
-Жүрелей секіру
-Арынды арқан
-Түйе мен бота
-Қарғымақ
Секіру элементтері бар ұлттық ойындарды ойнату арқылы баланың аяқтар шынығады.
-секірудің барлық түрлерін үйреніп, ойын элементтерімен қоса өз бетінше секіру түрлерін, секіру жаттығуларын, секіру дағды-икем бірліктерін меңгереді.
Еңбектеу элементтері бар ұлттық ойындар:
-Қара сиыр
-Қосқұлақ
Еңбектеу элементтері бар ойындарды ойнау арқылы баланың ептілігі дамиды.
Лақтыру және қағып алу элементтері бар ұлттық ойындар:
-Сандық толтыру
-Ұршық доп
-Ошақ лақтыру және қағып алу элементтерін меңгерту, бүкіл дене лақтыру және қағып алуға байланысты түрлі жаттығулар мен қимылдар қол сүйектерін және дене мүсінін қатайтады.
Тепе-теңдікті сақтау элементтері бар ұлттық ойындар:
-Тепе-теңдік
-Аларман
Тепе-теңдікті сақтау және дене құрылысын дұрыс меңгере білу баланың дене құрылысымен қатар нерв жүйесі, өзіндік ептілік, тапқырлыққа баулиды.
Жалпы даму жаттығу элементтерін қамтыған ұлттық ойындар:
-Сақина салу
-Қайық-шылар
-Үлек пен тайлақ
Жалпы даму жаттығулары бар ұлттық ойындар:
- дене шынықтыруға байланысты түрлі ойындарды, жаттығуларды жасап дағдыланады.
- шапшаңдық, ептілік, төзімділік, спортқа бейімділік қасиеттері дамиды.
Ойынды ойнау барысында балалардың жас ерекшілігі ескеріледі. Әр түрлі ойынның өтілу барысында, оның ережесін сақтап, яғни 3 кезеңнен тұратынын ескеруіміз керек:
- ойынды өткізер алдындағы дайындық жұмыс;
- ойынның басталуы мен ойналу барысы;
- ойынның аяқталуы.
Дене тәрбиесі іс -әрекеті мазмұны негізінен қимылды, ұлттық ойындардан тұрады. Ойын кезінде жасалатын қимыл-қозғалыстар балалардың ептілік , шапшаңдық, күштілік, батылдық, төзімділік қабілеттерін дамытады. Денсаулығын нығайтып, ақыл – ойын өсіреді. Ойын барысында балалар бір-бірімен жақын араласып, тату, ұйымшыл болып өседі.
Сонымен бірге ойын ойнау негізінде бала:
- көңілді болып жақсы демалады;
- денесі қимылдап, бойы сергейді, миы тынығады;
- ойынға қатысушылар бір-бірін тез түсінеді, ұйымшылдыққа үйренеді.
Ойынды ойнату мен үйретудің мақсаты:
- ұлттық ойындар дене шынықтыру іс-әрекетінде кең қолдана отырып, балалардың дене тәрбиесін дұрыс жолға қою, спорттық шеберліктерін, мүмкіндіктерін арттыру;
- қазақ халқының ерлік-жауынгерлік тарихын ұрпаққа ерліктің өшпес үлгісін қалдырған хас батырлардың өмір өнегесімен таныстыру, өз жерін, өз елін қорғай алатын ел жанды, ұлттық намысы мол жігерлі бүлдіршіндерді тәрбиелеу;
- жас ұрпақты өздігінен білім деңгейін көтеруге үйретіп өзін-өзі тәрбиелеуге дағдыландыру.
Ұлттық ойын ойнатудың негізгі мақсаты :
- балалардың денсаулығын нығайту;
- денені шынықтыру;
- мәдениетін қалыптастыру;
- өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі жетілдіру.
Ойынды ойнату мен үйретудің міндеттері:
- қажетті дене қозғалыс дағдыларын, танымдық-қозғалыс белсенділігін арттыру;
- қалыптастыратын дене жаттығуларының негізгі түрлерімен балаларды таныстыру;
- денсаулықты нығайтуға бағытталған қозғалыс әрекеттерімен дене жаттығуларының негізгі түрлерін балаларға меңгерту;
- қызығушылығын қалыптастырып дамыту;
Оқу іс-әрекеттерінде бағдарламаның мазмұнына қарай сергіту жаттығулары ретінде қолдануға болады. Дене шынықтыру іс-әрекеттерінде қимылды ойын ретінде ұлттық ойындарды алуда тәрбиешінің өз еркінде.
Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық ойындар арқылы тәрбиелеу
Қазақтың ұлттық ойындары жүгіру, секіру элементтеріне бай. Ойындарды көп ойнап, жүгіріп, далада, таза ауада жүру – жас ағзаның дұрыс та сергек өсуінің көзі болған және де балалар ойын ойнаған кезде ерлікті, өжеттікті, батылдықты, шапшаңдықты сонымен қатар, мінез-құлық ерекшеліктерін, білек-күшін, дененің сомданып шынығуын қалыптастырады. Сондықтан ұлттық ойындарды оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану қоғамымыздың ұлттық идеологиясын нығайтудағы өзекті мәселелердің бірі. Демек, халқымыз ұлттық ойындар арқылы жастарды өмір сүруге дағдыландырып, қиындыққа төзе білуге, қиын сәттен жол таба білуге машықтандыруды басты мақсат еткен. «Хан дойбысы» ойын түрлерін спорттық, «Хан талапай», «Төрт асық», «Атпақыл», «Қақпақыл», «Омпы», «Сасыр» ойындары дәлдікті ептілікке, серіктесті таба білуге, онымен тіл табысуға үйретеді. Ойында адам қарсыласының әлсіз және күшті жақтарын дұрыс анықтауға ерекше мән береді. Оның күш қабілетін тура бағалау ережесіне енеді. Қорыта айтқанда ұлттық ойындар - салауатты өмір салтын мұрат тұтқан арманшыл, елі мен жерінің қамын ойлайтын, ұлтқа тән барлық қасиетті қадір тұтатын, дара тұлға – жаңа адамды тәрбиелеп шығарудың маңызды құралы.
Бала тәрбиесі әрқашанда күнделікті өмірдің ең басты да жауапты мәселесі ретінде қарастырылып келген. Ал қазіргі қоғамда ұрпақты жан-жақты дамыту,оны жеке тұлға ретінде жетілдіру ісіне айрықша көңіл бөлініп,бүкіл тәрбие мен білім беру мазмұнын жаңарту көзделуде.
Ұлттық ойындарды мектепке дейінгі ұйымдардың оқу тәрбие жұмысында пайдалану тәрбиешіден үлкен білімділікті, шеберлікті, соның нәтижесін көруге деген құштарлық пен төзімділікті, сабырлықты қажет етеді. Өйткені ол, бір күндік немесе бір жылдық іс-әрекеттің жемісі емес,ұзақ жылғы тірнектеп жиылған еңбектің жемісі болып табылады. Ұлттық ойындарды оқу-тәрбие жұмысына пайдалану педагогикалық жүйенің жалпы заңдылықтарына бағынады. Ұлттық ойындар өзінің табиғатында , жаратылысында ұлттық өнегені бойына сіңіріп,бүкіл ұлтқа тән қасиеттерді өз бойына дарытып,толығып,жетілу арқылы ,өзінің жан-жақты тәрбиелік қасиетін шыңдай түседі.
Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп қана қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы таным-түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікті үйренеді. Ойын үстінде дене қимылы арқылы өзінің денсаулығын нығайтады. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай оларды көзқарасының, мінез - құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған.
«Ұлттық ойындар – халық мұрасы» атты Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілік
Сабақтың тақырыбы: «Ұлттық ойындар – халық мұрасы»
Сабақтың мақсаты: Балаларға «Қазақтың ұлттық ойындары» туралы мәлімет беру.
Сабақтың міндеттері: Білімділік: Халқымыздың ұлттық ойындарының қалай қалыптасқандығы, оның атадан балаға, үлкеннен – кішіге мұра болып жалғасып отырғандығы туралы мағлұмат беру.
Дамытушылық: Ұлттық ойын түрлерінің мазмұнын түсіндіре отырып, жарыс түрінде көрсетіп, қызығушылықтарын арттыру.
Тәрбиелік: Ата-бабамыздан бізге жеткен баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз ұлттық ойын екендігін біліп өсуге, денсаулығын шыңдай түсуге, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Қолданылған көрнекіліктер:
Ұлттық ойын түрлері салынған сурет, ұлттық ойынға байланысты слайд.
Сабақтың жүру барысы:
Ұйымдастыру бөлімі:
Балалардың сабаққа назарын аудару.
Балалар:
Ерали
Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар,
Босқа қарап, тұрмаңыздар!
Дамира
Наурыз тойы басталды, қызықтан тыс қалмаңыздар!
Сабина
Наурыз келсе құт келгені, халайық!
Дамира
Шашу шашып, ел боп қарсы алайық!
(Бағила әжеміз шашу шашады).
Тәрбиеші:
Наурыз мейрамы шығыс халқының көне күнтізбесінде жаңа жыл басы деп саналады. Наурыз сөзі иран тілінің «нау»-жаңа, «рыз»-күн деген сөздерінен алынып, жаңа жылыдң бірінші күні деген ұғымды білдіреді. Бүгінгі тәрбие сағатымыз да осы «Ұлыстың ұлы күні - Наурыз» мейрамында ойналатын ұлттық ойындар жайлы. «Ұлттық ойындар –халық мұрасы» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер.
Ұлт ойындары атадан – балаға, үлкеннен – кішіге мұра болып жалғасып отырған. Ойын тек адамның дене күш – қуатын молайтып, оны шапшандыққа, дәлдікке т.б тәрбиелеп қана қоймай, адамның ақыл – ойының толысуына, есейіп өсуіне де көп пайдасын тигізеді. Манашұлы Тұяқпай жырында: «Балалармен ойнайды, ойнап жүріп ол бала кеудеге ақыл ойлайды» - деп түйіндейді.
Бұдан көретінімз ойын тек көңіл көтеру мен ермек үшін жасалмаған, қайта халықтың жазу өнері әлі дамымаған, оқу орны болмаған кезде өз ұрпақтарын өмірге әзірлеу мүмкіншіліктерін пайдаланатын іс-әрекет қызметін атқарған. Қазақтың ұлт ойындары тақырыпқа өте бай және алуан түрлі болып келеді.
Тәрбиеші: Ал, балалар кім қандай ұлттық ойын түрлерін біледі?
Балалар: көкпар, күрес, тақия тастамақ, арқан тарту, аударыспақ, қыз қуу, теңге алу және т.б.
Тәрбиеші: Бұл ойындарда қандай мінез – құлықта болуды қажет етеді деп ойлайсыңдар?
Балалар: өжеттікті, батылдықты, шапшаңдықты, табандылықты, тапқырлықты.
Тәрбиеші: Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар.
Ойыншылар дөңгелене тұрады. Ортаға орамалмен көзі байланған адамды – «соқыртекені» шығарады. Шеңбер бойынша тұрған ойынға қатысушылар «соқыртекені» түрткілейді. Ол сол кезде түрткен ойыншыны ұстап алып, атын айтуға тиіс. «Соқыртекенің» тыныш тұрған ойыншыны да ұстап алуына болады. Ұсталынып қалған ойыншы «соқыртекеге» айналып, ойын жалғаса береді. Ойыншылар:
Соқыр теке
Соқыр теке бақ, бақ
Біз айтамыз тақпақ.
Мықты болсаң, кәнеки
Бірімізді тап, тап.
Соқыр теке: Альмира
Мен текемін бақ, бақ.
Қимылдаңдар сақ, сақ.
Ал ұстадым мінеки.
Шығып кеті-ау қап, қап.
Тәрбиеші:
Қазақтың ұлттық ойындарының көптеген түрлері бар. Бұл ойындар бос уақытты көңілді өткізуге, денсаулықты шыңдай түсуге, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасын біліп өсуге, тілді дамытуға көп жәрдемдеседі.
Осындай ойын түрлерінің бірі – жұмбақ айту. Бұл ойын – қол бос кездің бәрінде айта беруге болады. Жұмбақ айту ой – өрісті кеңейтуге, сауатты молайтуға үлес қосады. Оның шешуін табуда бала ізденеді, сұрайды, ойланады. Осының бәрі сауатын ашады. Бұл ойынды үлкендер де балаларда айтады. Бұл ойын кішігірім сабақ, дәріс.
Кәне, олай болса біз де осы ойынды ойнап көрейік.
Жылға дер ем ақпайды,
Жылан дер ем шақпайды (арқан).
Алты аяқты, төрт көзді
Екі ауызды, бір сөзді,
Ынтымақты ел кезді (ат мінген адам).
Көліксіз өмір сүрмейді,
Ғұмыры жаяу жүрмейді (ер тоқым).
Тәрбиеші: Балалар, «Қыз қуу» сүйікті ойынымызды ойнайық.
Қыз қуу
Ол – ұлттық ат спорты ойыны. Қазір бұл ойынның ережесі жасалып, бір жүйеге келтірілді. Қыз қуу жарысында атқа мінген ұл бала айналып қайтатын жерге дейін алдында атпен шауып бара жатқан қызды қуып жетіп, оның бетінен сүюге тиісті.
Бұл – ұл баланың жеңгені. Қуып жете алмаса, қайыра шапқанда қыз бала ұл баланы, оның атын қамшының астына алады. Бұл – қыз баланың жеңгені.

Тәрбиеші:
Сонымен ұлт ойындары – ата – бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің күнделікті тұрмысқа пайдаланудың маңызы өте зор. Ойын адамның алдынан өмірдің есігін ашып, оның творчествалық қабілетін оятып, өміріне ұштаса береді. Ойынсыз ақыл – ойдың қалыпты дамуы да жоқ, болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол баланың рухани сезімі жасампаз өмірімен ұштасып, өзін қоршаған ортаны тану арқылы түсінік алады.
Ойын дегеніміз тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойдан – ойға жетелейтін, адамға қиялымен қанат бітіретін осындай ғажайып нәрсе, ақыл – ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы.
- Сондықтан балалар, қай жерде жүрсекте қазақтың салт – дәстүрлерін, қазақтың ұлттық ойындарын, ырымдарын ұмытпай, дәріптеп жүрейік.
Наурыз – бақыттың бастамасы, ұлылықтың ұйтқысы, жақсылықтың жаршысы, ынтымақтың белгісі, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлеген, қасиетті ұлы күн.
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Қорытынды
Қорыта келгенде, қазақ халқының ұлттық мұраларының бірі – ұлт ойындары. Өйткені ұлттық ойындар арқылы біз болашақ жастарды рухани сезімге тәрбиелей аламыз.
Дәстүрлік таным-түсініктен туындайтын қазақ халқының ұлттық ойындары - баланы іс-әрекетке, адамгершілік әдептерді игеруге, ақыл-ойын жетілдіруге,отан сүйгіштікке баулуда, салауатты өмір сүруге тәрбиелеуде тендесі жоқ құрал.
Ойын — бiржағы, дене қозғалысы, шыныққан дененiң шеберлiгi, бiржағы көңiл көтеру, дем алу, бiржағы бас қосып бiрлесу, әдет-ғұрыпты жалғастыруға үндесу болып саналады. Ұлттық тәрбиенің негізі балаға ана сүтімен, ана тілімен, бесік жырының әлдиімен беріледі. Тәлімгерліктің бұлақ көзі де, тәрбиенің барып кұяр арнасы да мектепке дейінгі мекеме - балабақша екені белгілі. Еліміздін ертеңгі болашағы бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау баршамызға жүктелер жауапты міндет болмақ.
Балалар ойынында кейде өлең-тақпақтар жиі кездеседі. Ол өлең-тақпақтардың негізгі мақсаты тапқырлыққа, шапшаңдыққа, ептілікке баулу, қиялына қанат беріп, ойын ұштау, өз бетімен іскерлікке, қысылған жерде дұрыс шешім қабылдауға тәрбиелеу. Бұған қоса кез-келген ойынның аяғында жеңу бар да, жеңілу бар. Жеңгендер әрі қарай өз биігінде қалуға тырысса, жеңілгендер айып тартады. Ол көбінесе тақпақ айту, ән салу, би билеу түрінде болады. Бұдан қай ойынның да түпкі нысанасы - балалардың бойында өнердің, білімнің, тәрбиенің нұрын себу, өлең, тақпақ айтуға төселдіру екенін аңғару қиын емес.
Балаларға ұлттық ойындарды үйретіп, оған өзгеше әр беріп, жаңартып өткізіп отыруды ата-аналар, тәрбиешілер бір сәт те естен шығармағандары абзал. Ұлттық мұраның бай қазынасының бірі – халықтың ұлттық ойындары көп салалы, көп қырлы құбылыс, ол тек ойындық сала емес, мәні жағынан да балабақша тәрбиеленушілерінің рухани өресі кең өсіп- жетілуіне, эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелейтін негізгі құралдардың бірі. Ұлттық ойындар баланы тез ойлауға, тапқырлыққа баулып, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, сөз тіркесіне, ұйқастыруға дағдыландырады.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
Ғаламтор көзінен, А.Ш. Балапанова, «Мектеп жасына дейінгі балаларды халық ойындары арқылы ұлттық мәдениет көздеріне тарту» презентациясы, 2015 жыл.
2. Ғаламтор көзінен, Бекен Қайратұлы, «Асық ату» ойыны, «Асық түрлері».
3. Құрманбаева С.К. «Ұлттық ойындардың бүгіні мен келешегі», «Алматы» 2004 жыл, 209 б.
4. Несіпбаев Б.К. «Ұлт мәдениеті мен өнері», «Білім» 2003 жыл, 198 б.
5. Атабаев А.С. «Ұлттық ойындар- халық мұрасы», «Кітап» 2006 жыл, 275 б.
6. Наурызбаев Ж. «Ұлттық мектептің ұлы мұраты», «Алматы» 1995 жыл, 98 б.
7. «Қазақтың ұлттық ойындары» кітабы авторы: Базарбек Төтенаев. Алматы «Қайнар» баспасы 1994ж.
18