Тақырыбы: «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» (Тәрбие сағаты)
Мақсаты: Балаларға адамгершілікке, отанын сүюге, оны қорғауға баулу. Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру. Оларға патриоттық тәрбие беру. Балаларды Ұлы Отан соғысымен, қазақстандықтардың ерлік істерімен таныстырып, ой - өрісін дамыту. Балаларды үлкен адамдарды сыйлай білуге, оларды қадірлеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Ұлы Отан соғысы туралы кітаптар, гүлдер, шарлар, батырлардың суреттері, Ұлы Отан соғыс кезіндегі техникалар. Өтілу барысы: Сынып ішін безендіру. Музыка ойнап тұрады.
1 - жүргізуші: Жеңіс күні 9-мамыр – бүкіл дүниежүзі бойынша үлкен мейрам. Әсіресе, бұл мерекені екінші дүниежүзілік соғыстың бар ауыртпалығын өз мойнымен көтеріп, Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан, Жеңістің туын желбіреткен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ерекше мейрам.
2 - жүргізуші: Бүгінгі мерекелік шара Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің, мәңгі жас болып, жадымызда сақталған жауынгерлер мен офицерлер рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге, бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналады.
1 - жүргізуші:
Аз емес зар жылаған, егілген жан,
Аз емес өшкен өмір, төгілген қан.
Кеудеге зілді қасірет салды соғыс.
Қирады талай арман көңілге алған
Ұлы Отан соғысына қатысқан: Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов т.б.және де өз жерлестеріміз де бар. Ол кісілерге құрметпен бас иеміз. Ал осы бейбіт өмірге жете алмаған, ерлікпен қаза тапқан ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас иіп, еске алайық. Жеңіс туын желбіретуде қан кешіп, кеудесін оққа тосқан боздақтарымызды бір сәт үнсіздікпен еске алайық.
2 - жүргізуші:
Жабады дала төсін нала, қайғы,
Шын қайғы жөн кәріге қарамайды,
Қып-қызыл көлдің бетін сұңқылдаған
Аққулар қанатымен сабалайды
Би: «Катюша»
1 - жүргізуші:
Ашу менен кек оятты ел намысын,
Отан үшін жан пида болды үлкен сын.
Ер азамат жауменен арпалысса,
Әйелдер терін төкті майдан үшін
Аналар қоштасқанда асылымен,
Арулар қош айтысты ғашығымен
Балалықтың базарын ерте жауып,
Талай жұмыс істеді бала өркен.
Үдетіп соғыс оты қайғы мұңды,
Төрт жыл өтті, соғыс әлі бітпей қойды,
Кемпір шал, әйел бала ауылдағы,
Сеніммен күтуші еді Жеңіс тойды.
Ән: «Соғыстан қайтқан солдаттар»
1 - жүргізуші:
Батыр ұл есімдері ақталады
Жыр болып жүректерде сақталады.
Ғасырдан ғасырларға аңыз етіп,
Ұрпағы мәңгі бақи мақтанады.
2 - жүргізуші:
Бүгінгі күн – көптен күткен салтанатты күн, зымыраған уақыттың қанатында жеңістің міне 73-ші көктемі де келіп жетті. Ешкімде, ешнәрсе де ұмытылмақ емес. Бұл сөз өткенге емес, болашаққа арналған. Олай болса, Ұлы Жеңістің 74 жылдығында кездесейік.
1 - жүргізуші: Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналған салтанатты жиынымыз аяқталды.
2 - жүргізуші: Ардагерлерге мың тағзым!
1 - жүргізуші: Жеңістің туы мәңгі желбіресін!
2 - жүргізуші: Жер үстінің шуағы тарқамасын!
1 - жүргізуші: Жеңіс тойы мәңгі жасасын! Мерекелік бейбіт күнде кездескенше аман - сау болыңыздар!