- Әңгiмелеу (сұхбат).Балаларға сый
Аңыз әңгіме: «Базаршы жігіт пен ақылды қыз»Ертеде бір бидің жалғыз ұлы болыпты.Ақылдылығымен, әділдігімен ел аузына іліккен би ұлының болбыр өскеніне налиды. Бірде алыс сапар үстінде келе жатқан әке баласын сынамаққа «Қарағым, осы жолды қалай қысқартуға болады?» дегенде, аң-таң қалған ұлы мандыртып жауап бере алмайды. «Ой,жетесіз, әсерлі әңгіме айта білсең жолдың қысқарғаны сол!» деп қатты күйінген би ойланып-толғанып бір шешімге келеді.
Бір күні ұлының алдына жүз саулық салып, базарға айдатады. Сапарға шығар алдында шартын айтады:
-Балам,мына малды базарда ретін тауып үш рет сатып,пұл етерсің. Бір рет сатсаң сен маған ұл емессің, үйдің бетін көрме!..
Әкенің қатал сынына ұшыраған бала малын айдап базарға келсе, сатып алушылар көп екен. Саулықтардың құнын сұраған халыққа:
-Әр басты үш реттен сатамын, - дейді екен.
-Оу, бір қойды үш рет сатқанды кімнен көріп едің? – деп таңырқаған жұрт теріс айналып кете беріпті.
Күн артынан күн жылжып, малы өтпей, әбден қажып, шаршаған базаршы жігіт малының жанында бүктүсіп жата береді.
Жігіттің мұң басқан жүзін көріп аяп кеткен бір жас қыз одан:
-Неге сонша жабырқаусың? –деп сұрайды. Бала болған жайдың бәрін баяндайды. Сонда қыз былай депті:
- Қорадағы малыңды үш рет сату үшін менің айтқанымды бұлжытпай орындауың керек.Алдымен анау орманнан ағаш қиып әкеліп, қора жаса. Қойды сонда ұста.Уақыт өткенде, мезгіл жеткенде қораң қойға толады, малдың жүні өседі. Сонан кейін қиды бір сат, жүнді екі сат. Малдың өзін және сат. Бір басты үш рет сату деген осы.
Қыздың ақылына сүйсінген жігіт қуанып кетеді де, іске кіріседі:
Күнді –түнге ұластырып ерінбей тер төгеді де көп кешікпей-ақ қалтасын пұлға толтырып үйіне оралады.
Ұлының олжалы оралғанына риза болған би оның мұндай ақылды кімнен үйренгенін анықтағысы келеді. Жігіт сырын жасырмай, шынын айтады.
Би іздеу салып жүріп ақылына көркі сай сұлуды ұлына әпереді. Би баласы мен ақылды қыз өз алдына отау тігіп, дәулетті әрі бақытты ұзақ өмір сүреді.
Сұрақтар: 1.Әкесі баланы сынау үшін қандай талап қойды?
2.Әке талабын орындауға кімнің көмегі тиді?
3. Әке мен бала жүрегінде тыныштық орнады ма?
|