Аягөз қалалық № 2 бөбекжай- балабақша
Ертеңгілік
«Ардақтайық ананы!»
«Балапан» орта тобы
Тәрбиешілер: Жумабекова А.Б.
Садвакасова А.А.
2015-2016 оқу жылы
Тақырыбы: "Ардақтайық ананы"
Мақсаты: Балаларға көктем туралы, 8- наурыз мерекесі туралы түсінік беру, отбасындағы ананың орнын, анаға деген құрметті ұғындыру, еліне,жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, адамгершілікке, қамқорлыққа, достыққа, ұйымшылдыққа баулу және әдемілікті сезіне білуге тәрбиелеу.
Ертеңгіліктің барысы:
Жүргізуші: Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген тіршіліктің тірегі,
Армысыздар, құрметті аналар!
Қош, келдіңіздер! Аяулы аналар, қызғалдақ қыздар, қадірлі тәрбиешілер! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, 8 – наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі де келіп жетті. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар - өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналар мен ажарлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі өзің деп соқса, бүгінгі «Ардақтайық ананы» - атты ертеңгілігіміз сіздерге арналады.
Енді балаларымыздың өнерін тамашалаңыздар. Қошеметпен балаларды шақырайық.
Балалар залға қол ұстасып, жұптасып әдемі әуенде вальс ырғағында айналып, билеп өтеді. ( «Тәттім-ау» әуенімен)
Барлық балалар хормен: Құттықтаймыз анашым, 8 - ші Наурызбен!
Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Аялы қолда талпытқан,
Қаймақты сүттей қалқытқан
Суық болса жөргегі,
Қорғасындай балқытқан.
Айналасына ас қойып,
Өзенді көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан.
Бұл кім балалар?
Балалар: Ана, Ана, Ана.
Тәрбиеші: Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп,
Ән маржанын шашайық.
Ән: «Құттықтаймын мама, туған күніңмен».
Тәрбиеші: Бүгін наурыздың сегізі
Сұлулықтың негізі.
Әдемі сөз адамның
Анаға айтар лебізі
Тақпақтар
Тәрбиеші: -Балалар туған күнде, мерекелерде аналарымыз дастарханға қандай тәтті тағамдар салады.
-Дұрыс айтасыңдар, кәмпитті балалар да, үлкендер де жақсы көреді. Кәмпитсіз дастарханның сәні кірмейді. (әсем әуенмен залға «Кәмпит –Ханшайым» кіреді)
-Кәмпит-Ханшайым: (кіріп билейді)
Мен тәттімін,
Балалардың сүйікті дәмімін,
Мерекенің сәнімін,
Дастарханның әрімін.
-Сәлеметсіңдер ме, балалар, мені таныдыңдар ма? Мен , «Кәмпит Ханшайыммын» Балалар сендер өнерлеріңмен, үлгілі тәртіптеріңді көрсетіңдер.
Тәрбиеші: -Расында да, бізге тәтті «Кәмпит-Ханшайым» қонаққа келіпті. Қараңдаршы, кәмпиттері көп екен, тәтті десе тәтті екен. Қане өнерімізді көрсетейік.
Ой балалар, балалар
Ойналық та күлейік
Қане енді бұралып
Би билеп те берейік
Би: «Радуга» қыздардың орындауында
Кәмпит Ханшайым: Мен аналармен ойын ойнғым келіп тұр.
Ойын: Дастархан әзірлеу.
Шарты: Аналар 2 топқа бөлініп, дастархан әзірлейді. Бірінші ана алжапқышты тағып қоқысты жинайды, екінші ана дастарханды жаяды, үшінші ана вазаны қояды, төртінші ана кәмпитті қояды.
Тәрбиеші: -«Кәмпит-Ханшайым» , енді сіз біздің балаларымыздың аналарына дайындап келген тақпақтарын тыңдаңызшы.
Тақпақтар:
Ән: Жанботаның орындауында «Қошақаным қайда екен?»
Тәрбиеші:
Аналар ақ тілекті, сөз көп дейін,
Жылытар жүрегіңді көз көп дейін
Аналар ақ жаулықты бұл сіздерге
Қол соғып қарсы алайық «Үнді биін»
Би: «Үнді биі» Аружанның орындауында
Кәмпит ханшайым: Қандай жақсы би. Енді мен сендермен ойын ойнағым келіп тұр.
Ойын «Гүлді жина» эстафетасы
Ойынның шарты: Балалар екі топқа бөлінеді. Әр топ 5 баладан. Алдарында орындықтың үстінде бес гүл жатыр. Балалар сол гүлдерді кезек кезек бір бірден алады. Сосын құмыраға салады.
Тәрбиеші: Көйлек киіп әдемі
Тамсандырған әлемді
Тал шыбықтай бұралып,
Биші болам өскенде.
Би: «Большая стирка» ұлдардың орындауында
Тәрбиеші: Ана деген өмірдегі ұлы есім,
Бақ тілесе анадай-ақ тілесін.
Ана деген ардақты ат,сен оны,
Ана жайлы ән тыңдасақ білесің.
Ән: «Аналардың тілегі»
Тәрбиеші: Аналар ақ тілекті, сөз көп дейін,
Жылытар жүрегіңді көз көп дейін
Аналар ақ жаулықты бұл сіздерге
Қол соғып қарсы алайық «Вальс» биін.
Би: "Вальс"
Кәмпит-Ханшайым: Балалар, сендер өнерлі, әдемі, тәртіпті екенсіңдер, мен сендерге ризамын. Енді мына қолымдағы ыдысты тәрбиеші апайларыңа беремін. Сендерге әкелген көптеген әртүрлі кәмпиттерім бар. Соны сыйлыққа бергім келіп тұр. Мен енді сендермен қоштасайын, басқа да балабақшада мерекелер болып жатыр соған барайын. (Кәмпит-Ханшайым балалармен қоштасып шығып кетеді)
Тәрбиеші:
Бөбегіңнің сыйлығын,
Қабыл алшы анашым
Ұзақ өмір жүз жасап
Ауырмашы анашым!
Бәріміздің де анамыз бар, әжеміз, әпкеміз бар, қарындастарымыз бар. Жылына бір рет келетін осы аналар мейрамында аналарымызға қандай сыйлық жасасақ та жарасымды. Өйткені, бізді өмірге алып келген, бізге әлемнің жарығын сыйлаған - анамыз емес пе? Олай болса, әр баланың өзі дайындаған аналарына сыйлықтары бар екен, соны табыс етсін!
Аналар, қалқып бақыт аралында,
Лайым мұң қонбасын жанарыңа
Осымен кешімізді аяқтайық
Гүл бітсін бәріңіздің қадамыңа – дей отырып бүгінгі «Ана – өмір шуағы!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Ардақты аналар мейрамдарыңыз құтты болсын! Сау саламатта болыңыздар!
Балалар хормен: «Анамызға мың алғыс, баршаңызға мың алғыс!»
Қол ұстасып, әуенмен топқа кіреді.