Оқу үрдісінде ақпараттық – коммуникативтік технологиялардың ролі.
«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»
Н. Ә. Назарбаев
Қазіргі кезде біздің қоғамымыз дамудың жаңа кезеңіне көшіп келеді, бұл кезең ақпараттық кезең, яғни компьютерлік техника мен оған байланысты барлық ақпараттық коммуникациялық технологиялар педагогтар қызметінің барлық салаларына кірігіп, оның табиғи ортасына айналып отыр.
«Білім берудегі АКТ» ұғымы «оқытудың жаңа ақпараттық технологиялары», «қазіргі ақпараттық оқыту технологиялары», «компьютерлік оқыту технологиялары» және т. б, тіркестермен тығыз байланысты.
Қазіргі білім саласындағы оқытудың жаңа педагогикалық технологияларды меңгермейінше сауатты, жан — жақты білгір маман болу мүмкін емес. Жаңа педагогикалық технологияны меңгерту оқытушының зейін – зерделік, кәсіптік, адамгершілік, рухани т. б, көптеген ұстаздық қабілеттерінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін — өзі дамытып, оқу тәрбие үрдісін жүйелі ұйымдастыруына көмектеседі.
Оқытушы алғаш жаңа педагогикалық технологияларды оқып үйренеді, екіншіден меңгереді, үшіншіден тәжірибеде қолданады, төртіншіден оны дамытып нәтижесін көрсетеді.
Қазіргі таңда оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерін сабақ барысында пайдалана отырып сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде.“Инновация” ұғымын қарастырсақ, ғалымдардың көбі оған әртүрлі анықтамалар берген.
«Инновациялық» деген сөз — латының «novus» жаңалық және «in» енгізу деген сөзінен шыққан, ал оның қазақша аудармасы «Жаңару, жаңалық, өзгеру» деген мағынаны білдіреді.
Қазіргі инновациялық технология туралы айтсақ, «технология» грек сөзінен, яғни өнерпаздық, шеберлік, іскерлік деген ұғымды білдіреді.
Оқытушының басты мақсаты – алдындағы оқушыларға таза білімнің өзін бере білу емес, бүгінгі алған білімін өмірлік қажеттіліктеріне сай пайдаға асыра білуге үйрету. Осы тұрғыда оқытудың жаңа технологияларын жете меңгеріп, оны оқушылардың технологиялық жас ерекшеліктеріне орай орынды қолданудың мәні ерекше. Жаңа технологияны жетік меңгеру сонымен қатар оқытушының интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами қабілетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
«Технология» ұғымы соңғы кездері педагогикалық әдебиеттегі ең көп қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа пәнді тиімді ұғындырудың бірі-жаңа технология негіздері болып табылады. Қазіргі кезде 70-тен аса технологиялар бар.
Біздің колледждің оқытушылары да осы жаңа педагогикалық технология элементтерін өз сабақтарында қолданып келеді.Оны оқытушылардың күнделікті және ашық сабақтарына қатысу барысында байқауымызға болады. Оқытушылар көбіне деңгейлеп оқыту, модулдік, ұжымдық технологияларды қолданады.
Сонымен қоса қазіргі заманға сай ақпараттық- коммуникативтік технологияларды қолданып келеді.
Колледжде жұмыс жасаймын, еңбектенемін, жаңалық ашамын деген кісіге мол мүмкіндік бар деп айта кетуімізге болады. Мысалы: Колледждің ақпараттандыру орталығында 28 оқытушының автоматтандырылған жұмыс орны, 8 интерактивті тақтасы бар кабинет, 8 компъютерлік класс бар.
Кабинеттер заман талабына сай жабдықталған. Үйренемін деген оқушыға да үйретіп, білім нәрін беремін деген ұстанымы бар оқытушыға да толық мүмкіндік тұғызылған.
Ал, бұл компьютер кабинеттерінде жұмыс жүргізу үшін электронды оқулықтар мен әдістемелік құралдар жеткілікті болуға тиіс. Электронды оқу құралдары жалпы білім беретін пәндер бойынша жеткілікті болғанымен мамандықтар бойынша өте аз, жоқтың қасы деп те айтуымызға болады.Биылғы оқу жылы электронды оқулықтар мен әдістемелік құралдарды міндетті түрде жазу қолға алынды. Жыл басында барлық оқытушыларға ПЦК бойынша міндетті түрде 2-3 электронды оулық жазу міндеттелген болатын.
Ал, электронды оқулықтар жазу бойынша бұған оқытушыларымыз құзіретті.Өткен оқу жылында колледж базасында «Өрлеу» біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының маманы Коровина оқытушыларға арналған «Электронды оқулықтар мен әдістемелік құралдар құрастыру» тақырыбында семинар жүргізген болатын. Сонымен қоса, колледж оқытушыларының арасында колледжішілік семинар, Жәңгірхан атындағы университетінің мамандары жүргізген семинарда үнемі өз біліктіліктерін көтеріп отырды.
Біздің оқытушыларымыз жаңа педагогикалық технологияларды үнемі қолданып, жетік меңгерген, құзіретті маман екендіктерін де дәлелдеп келеді. Мысалы:өткен оқу жылында «Менің үздік сабағымның презентациясы» атты Республикалық байқауына қатысып, 29 оқытушы әр түрлі деңгейдегі жүлделі орындарға ие болса, биылғы оқу жылы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының ұйымдастыруымен өткізілген «Понарамалық сабақ» атты облыстық байқауына 6 оқытушы қатысып, 4 оқытушы диплом және номинацияға ие болды. «Жайық ұстазы» облыстық газеті бетінде жарияланды.
Білім мен тәрбие егіз демегендей топ жетекшілері де өз клас сағаттарында ақпараттық – коммуникативтік технологияларды үнемі қолданып отырады. Жас жеткіншектерді тәрбиелеуде, сапалы білім беруде алдына қойған басты мақсат- білім беру мен тәрбие үрдісіне инновациялық қызметті енгізу арқылы білім сапасын арттыру, өз ұлтының тарихын, мәдениеті мен тілін қастерлейтін және оны жалпы азаматтық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра білетін ұлтжанды тұлға тәрбиелеу.
Қорыта келе, оқу үрдісінде сабақта әр түрлі инновациялық технологиялар элементтерін қолдана отырып, қызықты, сапалы өткізу тікелей оқытушының шеберлігіне байланысты. Осы орайда белгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу», - деген өткен ғасырда айтылған сөздері ойға оралады.