Мазмұны
Кіріспе
І тарау Бастауыш сыныптарда мақал - мәтелді оқытудың тәрбиелік мәні
1.1. Мақал-мәтелдердің зерттелуі ..................................................................5-13
1.2. Мақал-мәтелдердің түп негізі – түркі тілдерінде .................................14-17
ІІ тарау Тәрбие үрдісінде мақал-мәтелдерді пайдалану
2.1. Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні ........................................................18-22
2.2. Мақал-мәтелдердің оқытылуы ................................................................23-26
Қорытынды ...................................................................................................27-29
Пайдаланған әдебиеттер тізімі .........................................................................30
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Бүгінгі таңда елімізде жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жалпыға бірдей білім беретін орта мектептердің алдына әлемдік өркениеттің барлық талаптарына сай келетін, парасатты, тәрбиелі жастарды тәрбиелеп дайындауды талап етуде. Бұл Отанымыздың келешек дамуымен, әлемнің алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуымен, қазіргі мектеп оқушыларының білім дәрежесімен, шығармашыл ойлай алу қабілеттерімен сабақтаса орайласады. Осыған орай білім беру салаларында оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын қолдану жұмыстары жедел қарқынмен жүруде.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында белгіленген орта білім берудің негізгі міндеттерінің бірі «...білім алушылардың еңбек рыногындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету» үшін тілдік фактілерді жалаң емес, қатысымдық тұрғыдан меңгерту қажет. Бұл оқушылардың ана тілінде жатық таза сөйлеуіне, өз ойын жүйелі, анық жеткізуге әсер етеді.
Бастауыш сыныптарда қазақ тілі, ана тілі сабақтарында мақал-мәтелдерді оқытып, оқушылардың шығармашыл ойлауын қалыптастыру – бүгінгі өмір талабына сай азаматты тәрбиелеудің негізгі жолдарының бірі. Себебі оқыту үрдісінде тиімді қолданылған мақал-мәтелдер оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырады, сол арқылы шәкірттердің ана тілінің терең қатпарларын игеруіне, асыл маржандарын түсінуіне жағдай жасайды. Сондықтан қазақ тілі, ана тілі пәндерінде мақал-мәтелдерді оқыту мемлекет тарапынан білім беру мекемелеріне қойылған талаптардың іске асуына игі әсерін тигізеді.
Оқушылардың сабақтағы белсенділігі олардың сабаққа қызығушылықтарының артуымен тығыз байланысты. Әсіресе, мақал-мәтелдер оқушылардың лидерлік қабілеттерін жетілдіріп, өз пікірін дәлелдеуге, сыныптастарымен еркін пікірлесуге ықпал етеді. Мақал-мәтелдер оқушыларды тілдік материалдарға қызықтырумен қатар ана тілінен алған білімдерін бекіту, тереңдету үшін де тиімді. Мұның өзі мақал-мәтелдер бастауыш сынып оқушыларының танымын кеңейтіп, оның ойлау қабілетін, ізденімпаздығын, еңбекқорлығын жетілдіруде, олардың жеке тұлғалық қабілеттерін тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Мақал-мәтелдерді меңгеру барысында оқушылар өздерін еркін сезінеді, басқа жолдастарымен тілдік қарым-қатынасқа оңай түседі. Бұл шәкірттердің жеке тұлғалық қабілеттерін жетілдіруіне, сабақтың тартымды өтуіне, жаңа материалды терең игеруіне ықпал етеді. Сондықтан оқыту барысында мақал-мәтелдерді қолдану – қазақ тілі, ана тілі пәндерін сапалы оқытудың, меңгертудің ұтымды жолдарының бірі.
Әр жасөспірімнің қалыптасып дамуына өзі күнбе-күн өмірден сезінетін, еститін, көретін заттары мен құбылыстары, оқиғалары үлкен орын алады. Соның ең негізгісі – қазақ халқының ұлттық-мәдени құндылықтары.
Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, танымдық мұрасы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, аңыз-ертегілері, жұмбақ, мақал-мәтел, өлең-жырлары, ұлттық ойындары ерекше тәрбиелік мәні бар, баға жетпес асыл қазына.
І Тарау Бастауыш сыныптарда мақал - мәтелді оқытудың тәрбиелік
мәні
Мақал-мәтелдердің зерттелуі
Қазақ мақал-мәтелдері – ертек, аңыз-әңгіме, батырлық-ғашықтық жырлар, қара өлеңдер секілді халық шығармаларымен қатар жасап келе жатқан көне жанр. Олай дейтініміз ХІІ-ХІІІ ғасырлардан сақталған сирек жазба деректерде мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Мәселен, Орхон жазуларында: «Жырақ болса жаман сыйлық берер, жақын болса жақсы сыйлық берер», «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» («Күлтегіннен»), «Жұқаны топтау оңай, жіңішкені үзу оңай», «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөктен») деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат – ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң кішік бол, халық үшін бәлік бол», «Кісі аласы ішінде, жылқы аласы сыртында», «Тай ат болса – ат тынар, ұл ер болса – ата тынар» дейтін мақалдарды, ал «Құдатғу біліктен»: «Біліп сөйлеген білікке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр», «Ауыздан бірде от, бірде су шығар, бірі жанса, бірі сөндірер» дейтін мақал-мәтелдерді оқимыз.
Алайда ертедегі құлпытастарда, сирек кітаптарда жазылып қалған бірен-сарандары болмаса, қазақ мақалдары мен мәтелдері, негізінде, халық жадында ауызша айтылып сақталған.
Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерге қатысты материалдарға шолу жасау барысында оларды жинақтау, сұрыптау, жүйелеу, жариялау ісінің екі кезеңнен тұратыны анықталды, оның алғашқысы – ХІХ ғасырдың екінші жартысы – Кеңес дәуірінің 1948 жылдарына дейін мақал-мәтелдерді тек халық аузынан жинап, жеке басылым ретінде шығару жұмыстары жүргізілген болса, екінші кезең – оларды тілдік тұрғыдан зерттеудің қалыптасуымен сипатталады.
Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Ш.Ш.Уәлиханов пен Л.И.Березин архивтерінде ХІХ ғасырдың елуінші жылдарында ел аузынан жазып алынған екі жүзден аса мақал-мәтел сақталған. Солардың ішінде күні бүгінге дейін құнын жоймаған «Ақыл – дария, көңіл – дүлдүл», «Тотықұс бойын көріп сырланады, аяғын көріп қорланады» деген сияқты ондаған мақал бар. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері әр түрлі жинақтарда, хрестоматияларда жазылып, жарияланып келеді. Қазақ фольклорының басқа түрлерімен бірге (кейде дербес) оны жинап жариялаушылар: Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, Ы.Алтынсарин, Я.Лютшь, Ф.Плотников, Н.И.Гродеков, А.А.Васильева, П.М.Мелиоранский, А.А.Диваев, Н.Ф.Катанов, Н.Н.Фантусов, В.В.Катаринский т.б. болды.
Қазақ ауыз әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде мақал-мәтелдер жарияланған Орынборда 1879 жылы шыққан, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ыбырай Алтынсарин хрестоматиясының алатын орны ерекше.
Хрестоматияда қазақ мақал-мәтелдерінің ең таңдаулары іріктеліп жарияланған және адам туралы, әйел, бала, ата-ана мен туыстар, байлық пен кедейлік, достық пен денсаулық деп он шақты тақырыпқа бөліп, жүйелеп түзілген. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин тек оқу-ағарту ісіне емес, сонымен қатар халық мұрасын іріктеп, сұрыптап, реттеп жариялауға да үлкен үлес қосты.
Сол сияқты В.Катаринскийдің Орынборда 1899 жылы «Памятная книжка Тургайской области на 1899 год» дейтін кітапта жарияланған қазақ мақалдарының жинағын да атай кеткен жөн. Бұл жинақта оған дейін жарық көрген қазақ мақалдары мен мәтелдері жинақталған – бір мың бес жүздей мақал-мәтел жарияланған.
Жоғарыда аталған жинақтардың бір артықшылығы – оларда мақал-мәтелдер ел арасында қалай айтылса, ешбір өңдеусіз, өзгертусіз сол қалпында жазып алынған да, іріктеп-сұрыптап жарияланған, көне, бөгде сөздерге түсініктер және қазақша мәтінімен қатар орысша аудармасы берілген. Сосын қай жерден жазып алынғаны көрсетіліп, әр уездің мақал-мәтелдері бөлек топталған.
Алайда халық шығармасын жинаушы жариялаушылардың осындай игілікті істерінде кейбір кемшіліктер де орын алған. Атап айтқанда, ауыз әдебиеті нұсқаларын жаттап, сақтап келген және жаздырған әңгімешілер мен жыршылардың аты-жөндері аталмаған, айтушы, жаздырушылар жөнінде ешқандай дерек, мәлімет берілмеген. Тағы бір кемшілік, аталған жинақтардың көбінде мақал-мәтелдің шығу тарихын, әдеби мәнін түсіндіргендей жарытымды түсініктер, алғы сөздер жазылмаған.
Ташкентте 1927 жылы «Қазақ мақалдары» (құрастырушы Әбубәкір Диваев), Алматыда 1935 жылы «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» (құрастырушы Өтебай Тұрманжанов), 1950 жылы «Қазақтың мақал-мәтелдері» (құрастырушы Балым Ақмұқанова) атты жинақтар басылды. Содан бері мақал-мәтел нұсқалары мезгіл-мезгіл қайталап, толықтырылып басылып келеді.
Бұл жерде қазақ ауыз әдебиетінің жанашыры жазушы Өтебай Тұрманжановтың еңбегін ерекше атау ләзім. Ол ескілі-жаңалы газет-журналдарда, жинақ-кітапшаларда бұрын-соңды жарияланған, әдеби-тарихи архивтерде қолжазба күйінде жатқан және ел аузынан өзі жинаған қазақ мақалдары мен мәтелдерін іріктеп-сұрыптап, белгілі жүйеге салып, үнемі толықтырып жариялап келді. Ө.Тұрманжанов құрастырған мақалдар мен мәтелдер жинақтары идеялық және көркемдік жағынан таңдап алынуымен, тақырыбы мен мазмұнына қарай жүйелеп берілуімен, басқа жинақтарға қарағанда толықтығымен дараланады.
С.Сейфуллин мақал-мәтелдері шешендік сөздердің бір саласы, жалғасы ретінде қарайды. Мақал-мәтел көшпелі елдің тұрмысынан туып, сол халық өмірінің барлық саласын қамтитынын, бейнелейтінін көрсете келіп, зерттеуші жалпы ауыз әдебиетіне ортақ бір ой тастайды. «Ауыз әдебиетінің қай бөлімі болса да, – дейді Сәкен, – сол заманның тұрмысының қандай болғанын, сол тұрмыстың әсерімен ол тұрмысқа ұсап туған сана, қандай сөз, қандай әдебиет болғанын көрсетеді. «Заманына қарай күлкісі, тауына қарай түлкісі», «Сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» деген ерекше сөздер – әр заманның тілі, көркем сөзі, әдебиеті сол заманның салт-санасына, сол заманның тұрмысына, ол заман тұрмысынан туған мұратына ұсай туды деген сөзді қуаттайды».
Демек, әдеби мұра оны тудырған уақытпен, қоғам мүддесімен, мұратымен тығыз байланыста қаралып, бағалануға тиіс.
Ұлы жазушы, ғұлама ғалым М.Әуезов – қазақ мақал-мәтелдерінің алғашқы зерттеушілерінің, оның ішінде ең беделді ғылыми пікір айтқандарының бірі. Ол «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген еңбегінде халық шығармашылығының бұл түрін жеке дербес тарау етіп алып, талдаған. Мақал-мәтелдердің басқа халықтарда да барын ескере келіп, М.Әуезов: «Мұның қазақтағы түрінің өзіндік ерекшеліктері мол... Қазақ мақал-мәтелдерінің, жұмбақтарының дені өлең түрінде келеді. Және сондағы сөздердің өзара үндесіп, ассонанс, аллитерациялардың мол болатындығына қайран қаласың. Мағына, мәні де мейлінше терең болады», – дейді. Сөйтеді де, «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» сияқты мақалдардың ішкі ұқсастықтарының күштілігіне жұртшылық назарын аударады.
Қазақ мақал-мәтелдерінің зерттелуі шын мағынасында «Қазақ әдебиетінің тарихында» (Алматы, 1948) басылған Белгібай Шалабаевтың «Мақал-мәтел» атты ғылыми очеркінен басталады. Онда зерттеуші қазақ мақал-мәтелдерін малшылық, аңшылық және егіншілік секілді негізгі тақырыптарға бөліп талдайды. Олардың тәрбиелік, білім берерлік мәніне, қызметіне көңіл бөледі. Мақал мен мәтелдің жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып, әрқайсысына тиісті анықтама береді. «Мақал дегеніміз, – дейді Б.Шалабаев, – тағлым берерлік, ырғағы бар, тәжірибеде көп қолданылатын бейнелі, қысқа, нақыл сөйлем... Мәтел дегеніміз де өнеге берерлік бейнелі, ырғағы бар сөйлем. Мұның мақалдан айырмашылығы – мағынасы ашық болмай, ишарамен айтылатындығы, сөйлемнің толымсыз болып келуі».
Жаңа мақалдар мен мәтелдерден көптеген мысалдар келтіре отырып талдау жасаған. Алайда қазақ мақалдары мен мәтелдері туралы әдебиет тарихы үшін жазылған соңғы очерк бола тұра, мұнда жаңа мәтелдердің шығу, қалыптасу жайы, әдеби-поэтикалық ерекшеліктері ашылмайды; тектес жанрлармен байланысты, көршілес халықтардың мақал-мәтелдерімен қарым-қатынасы анықталмайды.
Қазақ мақал-мәтелдерін ауыз әдебиетінің жанры ретінде зерттеу, табиғатын айқындау, көркемсөз өнеріне қатысты аспектілерімен қыр-сырларымен шұғылданушылар, негізінен, әдебиетші мамандар. Мақал-мәтелдердің өзіндік ерекшеліктерін айқындауға ат салысқан әдебиетші ғалымдардың қатарында М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Б.Адамбаев, М.Әлімбаев, Н.Төреқұлов, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, М.Базарбаев, С.Қасқабасаов, С.Нұрышев, Б.Ақмұқанова т.б. атауға болады.
Мақал-мәтелдердің табиғатын танып-білуге атсалушылардың екінші бір тобына тіл мамандарын жатқызуға болады.
Көптеген зерттеушілер мақал-мәтелдерді қашаннан зерттеп жатса да, түгел жинақтап, санын анықтау мәселесін күн тәртібіне қойған жоқ. Демек, қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер аз емес, баршылық. Халық жазушысы М.Әлімбаевтың, фольклоршы Ө.Тұрманжановтың, Б.Адамбаевтың т.б. фольклортанушылардың халық даналығына қатысты рухани мұрасын зерделеп жүйелеу – болашақтың ісі.
Бала тәрбиесінің түп негізі - мақал-мәтелдерде
Қазақтың көрнекті қайраткері, ірі тіл маманы Ахмет Байтұрсынұлы: «Кемшілік болмас үшін әр ұлт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, өзге тілді оқыта бастайды» – деген еді. Демек, жас ұрпақты ұлттық ерекшеліктеріндегі әдет, салт-дәстүрлерінен тәлім-тәрбие алуға негіз болатын ана тілі.
Қазақ халқы ауыз әдебиетінің бай мұрасында баланың дамуына, жалпы тәлім-тәрбиеге ықпал жасайтын мол мүмкіндіктер бар. Бұл бай мұраны мұғалім баланың жас кезеңіне, дара ерекшеліктеріне сай, ұғымына байланысты ертегі, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, аңыз-әңгімелер және алуан түрлі салт-дәстүрлерді педагогикалық тұрғыдан іріктей алуы керек.
Төменгі сынып оқушыларын ізеттілікке, қайырымдылыққа тәрбиелеу. Ұлттық тәлім-тәрбиені дер кезінде беру, меңгерту – ұстаздың басты міндеті. Бастауыш сынып оқушыларының өзара қарым-қатынас жасауының алғашқы әліппесі, қадамы сәлем беруден, амандасудан басталатынын білу керек. Қазақ халкының сәлемдесу рәсімі ата-ананың, ағайын туманың, түгелдей ел жұрттың амандығын саулығын қамтитын мазмұнда болады. Дәстүр бойынша сәлемдесу «Ассалаумағалейкум» деген сөзден басталады. «Сөз анасы -сәлем», «Көргенді бала алыстан сәлем береді» деген аталы сөздер баланы инабаттылықка, ізеттілікке тәрбиелейді. Бастауыш сынып оқушыларының психологиялық тұрғыдан бір ерекшелігі – олар өз айналасындағы адамдардың бәрімен бауырмалдылықпен қарым-қатынас жасайды. Олар балалармен дос болуды қалайды. Баланың жас кезеңіндегі табиғи ерекшелігі адамгершіліктің ең төл қасиетін дамытуға, қалыптастыруға негіз болады.
Қазақтың тұрмыс тіршілігінде, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, мәні зор ертеден мерекеленіп келе жатқан ұлттық мейрамының бірі – «Наурыз мейрамы». Наурыз – парсы сөзі. Бұл қазақ тілінде «Жаңа күн» деген сөз. Бұл күн жыл сайын наурыз айының 22-сі күні мерекеленеді, яғни, күн мен түннің теңесетін, қар еріп, көктің шыға бастайтын кезі. Осы кезде мал төлдеп, шаруаның арқа басы кеңіп, аузы аққа тиген. Сондықтан бұл уақытты жаңа жыл басы «Ұлыстың ұлы күні» деп есептеген, зор қуанышпен қарсы алып отырған. Осыған орай бастауыш сынып оқушыларына еңбек туралы алғашқы ұғымдарды, еңбектің қоғамдық мәнін, еңбек туралы баланың міндеттерін, оларға қамқорлық жасау, реттілікті, ұқыптылықты дағдыландыруда, нарықтық экономиканың алғашқы түсініктерін білуге, қазіргі жағдайда өзіне не қажет екенін білдіру арқылы оның ой-санасын, ақыл-есін, бағытын өмір сүруге дайындайды. Ол үшін, ауыз әдебиетінің «Еңбек-бәрін де жеңбек», «Байлықтың анасы-жер, атасы-еңбек» т.б. бай мұрасы арқылы ғасырлар бойы жинақталған қазақ халқының тұрмыс-тіршілік, еңбек саласындағы бай дәстүрін пайдалану керек. Қазақ халқы өзінің өмір тәжірибесінде баланы жастайынан еңбекке араластырудың мүмкіндіктерін ойластырған.
Қазақ халқының бала тәрбиелеудегі мұрасына көз жіберсек, отбасына байланысты тұнып тұрған дәстүрдің бар екенін көреміз. Ұлттық салттар мен дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың заманға сай, ұрпақтарымызды өркендетер өрнектерін халық жоғары бағалайды.
Төменгі сынып оқушыларының ерекшелігін ескере отырып, ұлттық-мәдени тәрбие берудегі негізгі жол – іс-әрекетті ұйымдастыру. Оқушының өзі жолдастарымен, кұрбыларымен, ересек адамдармен қарым-қатынас жасауда, халықтың дәстүрі негізінде балалардың қуанышты көңіл-күйін туғызатын қызықты іс-әрекеттерді педагогикалық, психологиялық талаптарға сай ұйымдастыру керек. Оқушыларды жан-жақты қабілетті адамзат етіп өсіруде халықтың салт-дәстүрінің тәлім-тәрбиелік, білім-танымдылык рөлі орасан зор. Өзге халықтар сияқты қазақ елінің де бала тәрбиесі жөнінде атам заманнан бері жиып-терген мол тәжірибесі бар. Аға буын өз бойындағы ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін-жерін, отансүйгіштік секілді ең асыл қасиеттерін жас ұрпаққа күнделікті тұрмыста үнемі үйреніп, қаны мен жанына сіңіріп келеді.
Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлері мен тағылымдарын оқып үйреніп, өнеге тұтпай тұрып, жастарды ізгілік пен парасаттылыққа баулу мүмкін емес. Қазақта әр бала әкесінің жеті атасын білетін болған. «Ассалаумағалейкум» деп екі қолын созып амандасқан ауылдың жасөспірімдерін ауыл қарттары немесе көрнекі ауыл ақсақалдары «Уағалейкумәссалам» деп жақсы сәлем қайтарып, алдымен «Айналайын кімнің баласысың?» деп сұрайтын.
Жеті атасын сол арада мүлт етпей атап шыққан бала неғұрлым жас болса, қарттар соғұрлым риза болатын-ды.
ІІ Тарау Тәрбие үрдісінде мақал-мәтелдерді пайдалану
2.1. Мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні
Мектеп – бұл оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін ерекше құнды, қайталанбайтын кезеңі. Сондықтан да бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы. Осыған сәйкес оқушыға белгілі бір көлемдегі білім, білік-дағдыларды меңгертумен бірге табиғат, қоршаған дүние туралы түсініктерін кеңейте отырып, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл әрине, мұғалімнен көп ізденісті талап етеді. Соңғы кездері Мектеп терде дәстүрлі емес сабақ түрлері, соның ішінде кіріктірілген сабақтар ерекше орын алуда. Жас бүлдіршіндерді халықтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрыптары арқылы оқытып-тәрбиелеу өте ұтымды. Себебі, жастайынан халықтық тәлім-тәрбие негізінде тәрбиеленген жеткіншек болашақта өз халқын, өз жерін ардақтайтын адал да парасатты азамат болып өсетіні сөзсіз.
И.Левитовтың пікірінше, оқушыларды, шығармашылық қабілеттері деп біз іс-әрекет қорытындысында жаңа бір нәрсені үйренулері және олардың даралық бейімділіктерінің, қабілеттерінің, тәжірибелерінің көрінуі болып табылады.
Педагогика ғылымы еш нәрсеге бейімі жоқ, қабілеті жоқ адам болмайды деп дәлелдейді. Сол себепті де балалардың қабілетін кеңінен өрістете дамытуға тек мектеп қана мақсатты түрде ықпал ете алады. Бірінші сыныптан бастап балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін қандай жұмыс түрлерін, әдіс-тәсілдерді пайдалануға болады деген мәселе туындайды. Мұнда ең алдымен, біздіңше, оқушыға түрлі тақырыпта, мазмұнды шығарма жаздырту жұмысы орын алады. Ескеретін бір мәселе – бұл оқушыға алдымен шығарманың үлгісін көрсету немесе тірек схема беру. Себебі, кез келген оқушы бірден шығарма жазуға қиналатыны сөзсіз. Екіншіден, ересектердің көмегінсіз оқушыға алдын-ала осы бағытта ізденуіне жағдай жасай отырып, шығарманы іште, яғни сыныпта жаздырту. Үшіншіден, ерекше бір ескеретін мәселе - бұл оқушы еңбегін бағалау. Мұғалім ең алдымен, окушының ізденісін, айтайын деген ойын бағалай білуі тиіс. Мектептегі оқу-тәрбие үрдісінде ұлттық-мәдениеттің озық үлгілерінің мүмкіндігі мол, сабақ барысында ұлттық мінез-құлық, әдет-ғұрып негізінде бата, аталы сөздер, тәрбиелік мақсатта мақал-мәтелдерді пайдалану қажет. Қазақ халқы – сөз қадірін біліп, оны қастерлеп, данышпан, ұлы адам сөзін өнеге ретінде өрнектеп, терең мағыналы сездермен зерлеп келе жатқан халық.
Әр халық тарихында бүкіл адамзатқа тән ортақ заңдылықтармен қоса, өзіндік ұлттық ерекшеліктердің, қайталанбас ерекше белгілердің, сол халық қана басынан өткізген ала бөтен жағдайлардың нәтижесінде қалыптасқан салт-дәстүрлердің болатыны тағы даусыз. Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту».
Халқымыздың қалыптасқан әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері, ұлттық мәдениет негіздері болғандықтан, мейрам-тойлар сол ұлттық мәдениеттің әдепті рәсімдері ретінде өтілетіндіктен, бұл үрдістердің тәрбиелік әсерін оқушылардың бойына сіңірудің алуан түрлі әдістемелерін қолданамыз. Ең әуелі отбасында ата-ана мен үйелменділерді бір-біріне үйрету, талап ету, талап қою арқылы әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді ұғындырып, оны дағдыға айналдырып, әдеттік ұғымын қалыптастырады. Халық мұрасы – ауыз әдебиетінің танымдық, тәрбиелік мәні шексіз, шектеусіз терең дүние және ол тұтастай алғанда жас ұрпақ үшін ғана емес, адам өмірінің барлық кезеңі үшін мәнді, адамзаттың рухани-эстетикалық қуатының қайнары. Бала тәрбиесіне бағытталып, сәбидің жан дүниесінің қалыптасуына, рухани марқаюына негізгі ұйтқы болатын шығармалар – балалар фольклоры деп аталады. Көне мәдениетіміздің қай саласының болмасын қайнар көзі деп біз әрқашан да фольклорды танимыз.
Мақал-мәтелдер қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде көлемі шағын, мазмұны бай, тілі көркем жанрға жатады. Мақал-мәтелдер өзін жасаушы халықпен бірге жасайды, біреулері ескіріп қолданудан шығып, екіншілері жаңарып туындап жатады. Мақал мен мәтел – егіз жанр. Халық шығармасының басқа түрлері сияқты мақал мен мәтелді де әуелде жеке адамдар шығарды. Оны біреуден біреу естіп айтып таратады, өңделеді, өзгертіледі, сөйтіп халыктық мұраға айналды. Демек, мақал-мәтелді белгілі бір халықтың өмірде көрген-білгенін жасаған қорытындысы, ақыл-ойы деуге болады. Ыбырай Алтынсариннің «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дейтін сөзі мақалға айналып кеткен.
Мақал-мәтелдерде баланың ақыл-ойын жетілдіруге, мінез-құлқын түзеуге айырықша көңіл бөлінген. Ол үшін еңбекке, өнер мен білімге үлкен мән берілген. Бұл тұрғыдан алғанда аталған дидактикалық жанрларды халық педагогикасы деуге болады. Баланың ойын дамытып, оны шапшаңдыққа, тапқырлыққа баулитын жұмыстың тағы бір түрі – жұмбақтар, ребустар, сөзжұмбақтар кұрастыру. Бұл оқушыдан салыстыру, жоспарлау сияқты бала үшін қиындау тәсілдерді колдануды талап етеді. Сондықтан да мұғалімнің үлгі, тірек схемасы, кеңесі қажет болатыны сөзсіз. Алайда мұғалім оқушыны шығармашылық бағытта өз бетімен жұмыстануға тек бағыт беруші екенін естен шығармауы керек. Сол себепті де шамадан тыс қамқорлық пен көмектің пайдасы мен зияны бар екенін ұмытпауы тиіс. Аталған жұмыс түрлеріне бөлек сағат бөлінбейтіні сөзсіз. Сондықтан бұл жұмыс түрлерін күнделікті сабақ кезінде сабақ тақырыбына сәйкес немесе сергіту сәттерінде, сабақтан тыс кезде тиімді пайдаланған мұғалімге беретін нәтижесі мол.
Отбасында ата-ана, мектепте мұғалім бала тәрбиесіне үлгі етіп, шешендік сөздерден мысалдар келтіріп, баланы әңгімеге тартып, оның ақыл-ойын қалыптастырып, ойлау, сөйлеу қабілеттерін оятады.
2.2. Мақал-мәтелдердің оқытылуы
Мақал-мәтелдер дегеніміз сөз арқылы ықшамды, өтімді түрде айтылатын белгілі бір күрделі ойлардың қорытындысы қоғамдық өмірдегі тұрмыс-салттағы болып өткен елеулі оқиғалар, мақал-мәтелдердің шығуына негіз қалаған. Өйткені көпшілік назарын аударатын кейбір іс-әрекеттер белгілі бір тиянақты ұғым, тұжырымды ой тудырып, мақал-мәтелге айналып отырған. Мақал-мәтелдер ықшам, бірақ толық бір ой-пікірді білдіріп, барынша жинақталған, бейнелі тіл байлығы болып есептеледі. Мақал-мәтелдер әркімнің құрғақ қиялының туындысы болмастан, қайта тұрмыстағы алуан түрлі құбылыстардан нәр алған өмір тәжірибесінің қорытындысы. Онда халықтың данышпандығы, асыл тәжірибелері және өткір де шынайы талғамдары бейнеленген. Көшпелі ата-бабаларымыз сонау ерте дәуірден-ақ мақал-мәтелге ерекше мән беріп, оларды ақылмен байыптай алатын адамды қастерлеген. Көшпелі тұрмыс салтында мақал-мәтелдер мектеп пен мұғалімнің, кітап пен баспасөздің қызметін атқарды. Ол айнала дүние туралы білімнің сығынды жиынтығы, өзінше шағын ауызекі энциклопедия ғана болып қоймай, ұстаздық, тәлімгерлік міндетті де атқарды. Адам бойындағы барлық жақсылықты паш етіп, жамандық атаулыны жерлеп, күлкіге, әзіл-оспақ, келекеге айналдырды. Ал мұндай ақыл-кеңестер қысқа да нұсқа, әрі иланымды болды.
Мақал-мәтелдер тілдің адам өміріндегі рөлі туралы аз айтпаған. Жалпы, бейнелі сөз, шешендік өнерге құрмет – о бастан-ақ қазақ психологиясына ерекше тән сипат. «Қазақ шешендікке құмар, ол сөз өнерін, әсіресе әзіл-оспақты қатты сүйеді» деп тегін айтпаған Ш.Уәлиханов.
Сөз – күшті, қуатты, құдіретті қару. Халқымыз ойға олақ, сөзге шорқақ жанды әжуалап, аз сөйлеп, көп ойлап, логикаға жүгініп отыру қажеттігін «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Сөз – сүйектен, таяқ еттен өтеді», «Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады», «Жүйелі сөз жүйесін табар» сияқты мақалдармен ерекше ескерткен. Сөйтіп, шебер де шешен сөйлей білу мәдениетті адамның асыл қасиеті болып табылған.
Мақал-мәтелдер өте терең мағыналы, бейнелі сөздер арқылы адамдарға ғибрат, сабақ, көптеген тәрбие береді. Адамдарды ар-намысты болуға, адамгершілікті қастерлеуге, еңбекшіл, ақыл-парасатты, төзімді, ынсапты, пәк, көркем де иманды болуға, шыншыл, өнерлі, білімді болуға тәрбиелейді. Мақал-мәтелдердің өсиеттік маңызы, иландыру қуаты өте күшті болады. Себебі мақал-мәтелдер халықтың ұзақ жылдық тұрмыс-тәжірибелерінің қорытындысы негізінде жинақталған ой-пікірлерінің гауһары болып саналады. Сондықтан мақал-мәтелдердің оқушының сөйлеу қабілетін жетілдіруде рөлі өте зор. Мақал-мәтелдердің көбі өлең формасында ұйқасып келетіндіктен оны есте сақтау оңай болады. Бастауыш мектеп ана тілі оқулығында мақал-мәтел өте көп. Бұлардың барлығы мәтіндердің ішінде кездеседі және көптеген мәтіндердің соңына, мәтін мазмұнына сәйкестендіріліп, арнаулы орналастырылған.
Мақал-мәтел – ата-бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі жағынан шағын болғанымен, мазмұны терең, уақыт өткен сайын мағынасы терең, құны артып, қымбат қазынаға айналып келеді. Мақал-мәтелдердің ұрпақ тәрбиесіндегі орны айрықша, тәрбиелік мәні зор рухани байлық.
Бастауыш сынып оқулықтарында берілген мақал-мәтелдерді қамтитын тақырыптар төрт түлік туралы, кішіпейілділік пен адамгершілік, еңбек пен кәсіп, өнер мен білім, батырлық пен ерлік, туған жер, ел табиғатына байланысты. Осыған шолу жасасақ:
І сыныпта: төрт түлік, кішіпейілділік, еңбек, батырлық, өнер жайындағы мақал-мәтелдер берілген;
ІІ сыныпта: төрт түлік, өнер-білім туралы, отан, туған жер, бірлік, еңбек жайында;
ІІІ сыныпта: адамгершілік, туған ел, еңбек, бірлік, табиғат жайында;
IV сыныпта: өнер-білім, ерлік пен батырлық, бірлік, достық, адамгершілік қасиеттері, т.б. туралы. Соның ішіндегі:
Адамгершілік, кішіпейілділік жайында:
Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергені.
Ағаны көріп іні өсер,
Апаны көріп сіңлі өсер. - Ұлтымызда тәлім-тәрбиеге, әдептілікке, адамгершілікке шакыратын айшықты сөздер аз емес. Тәрбиеге қатысты нақыл сөздердің мәнін ашу арқылы оқушыларды осы қасиеттерге үндейді.
Қорытынды
Бала тәрбиесі қай заманда, қай қоғам үрдісінде болсын үздіксіз ізденуде ізгі мұрат екені баршаға аян. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам қамын ойлаумен бала бойында үнемі үйретілетін ізеттілік, кайырымдылық, әдептілік, елін-жерін сүюшілік асыл қасиеттері салт-дәстүрден бастау алатыны белгілі. Әр халықтың көне заманнан бері келе жатқан өзіне тән әлеуметтік мәдени мұрасы бар.
Мақал-мәтелдер – ата-бабамыздың тәрбиеге қатысты асыл қоры, осы тұрғыдан ұрпақ тәрбиесінде алатын орыны ерекше. Сонымен қатар, қазақ поэзиясының бөлінбес бір бөлшегі. Оған қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, айтыс, ертегі, аңыздар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар жатады. Осындай асыл қазына – халық тәлімінсіз күнделікті өмірде жүзеге асуы мүмкін емес. Ұлтымыз өз ұрпағын «Балаларға оқу, білім берілсін, сұлу мінез әр өнермен өрілсін», – деп Баласағұн айтқандай, еліміздің көк байрағындай көлбеңдеп, тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін өз қолдарына мықтап ұстайтын азамат тәрбиелеуде, ғасыр бойы пайдаланып келген ауыз әдебиетіміздің асыл қорын бүгінгі күнге дейін құнын жоймай келген мұраны оқу-тәрбие үрдісінде тиімді пайдалану көкейкесті мәселе. Сонымен қатар бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – қазақ халқының ұлттық- мәдени құндылықтарымен үйлестіре оқытып, тәрбиелейтін халықтық-мәдени білім беру.
Халықтық-мәдени білім – төл мәдениет пен ана тілін келешек ұрпақ бойына сіңіріп, дамытуға бағытталған білім. Ол халықтың дәстүрлі мәдениеті сияқты жазу-сызусыз, күнделікті тірліктің, тұрмыс-салт пен әдет-ғұрыптың, халықтың дүниетанымына, табиғи жағдайларына, шаруашылықтың ерекшеліктеріне орай қалыптасып, өмір сүрудің, ұрпақ өсірудің машықтық әдіс- тәсілі ретінде пайда болып, өмір сүреді.
Мәдениетін қорғамайтын ұлт – ертеңін ойламайтын ұлт. Халықсыз мәдениет болмайды. Мәдениет те халықсыз өмір сүре алмайды. Оның негізгі тиянақ-тірегі – білім беру жүйесі. Қазақ мектебі мен білім жүйесі - ұлттық мәдениетті іске асыру тетігі, Оқу-тәрбие процесінде мақал-мәтелдерді пайдалану білім беру жүйесінің өрісін кеңейте түседі.
Халықтың салт-дәстүрі, тарихы ұрпақтың рухани қазынасының негізі. Әл-Фараби айтқандай «адам ләззәт іздеу, қызығу сияқты нәрселерден бойын аулақ ұстауы үшін рухани негізді түзету керек, адамның рухани негізі түзу болса, оның тілегі, қалауы дұрыс болады».
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат –міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам қамын ойлау болып табылады. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық азамат етіп тәрбиелеу, біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Мұндағы мақсат жас ұрпақты ұлтшылдық бағытта емес, ұлттық негізде тәрбиелеуде, халқымыздың мол мұрасын олардың бойына сіңіре білуде. Өйткені бала әлеумет мүшесі болғандықтан оның оқу тәрбиесі жеке-дара емес көппен бірге болу қажеттілігі негізгі назарда болады.
Қорыта келгенде, тіліміздегі мыңдаған мақал-мәтелдер тіл байлығымыздың сүбелі саласы, көркем сөз шеберлігін шыңдай түсуге, тілдік мүмкіншіліктердің өрісін кеңейте түсуге қажетті, әсерлі де әсем, бейнелі де айшықты сөз өрнегі болып саналатынына көзімізді жеткіздік.
Пайдаланылған әдебиет тізімі
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі Білім беруді дамыту тұжырымдамасы. //Егемен Қазақстан, 2003, 26 желтоқсан.
Байтұрсынов А. Ақ жол. - Алматы: 1991.
Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалар. –Алматы: ҚазССР Ғылым академиясы, 1955, -415 б.
Қашқари М. Дивани лұғат – ат түрік.
Катаринский В. Памятная книжка Тургайской области на 1899 год. Орынбор, 1899.
Диваев Ә. Қазақ мақалдары. Ташкент, 1927.
Тұрманжанов Ө. Қазақ мақал-мәтелдері. – Алматы, 1935.
Ақмұқанова Б. Қазақтың мақал-мәтелдері. Алматы, 1950.
Әуезов М. Шығармалар жинағы. ХХ том. - 401 б.
Сейфуллин С. Шығармалар, IV том. Алматы, 1964, - 295 б.
Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, 1948. – 286-287 б.
Абай. Қарасөздер. Поэмалар. Алматы: Ел, 1993.
Әлімбаев М. Халық – ғажап тәлімгер. - Алматы: Рауан, 1994.
24