1-о: Құрметтейік, о адамдар, аналарды,
Бізді өмірге әкелген даналарды.
Себебі Ана деген асыл жан ғой,
Ойлауменен істелік әр қадамды.
2-о: Еліммен бірге тілегім,
Өзің деп соғар жүрегім.
Жатқа айта білемін
Елімнің әнұранын.
1-о: Анашым, ортамызға келсең күліп,
Болады Алатаудай еңсем биік.
Балалық қарызымды өтеймін бе
Әлемнің жақсылығын берсем жиып.
2-о: Менің анам – мұғалім,
Күн секілді білгенге.
Шашырайды шуағы
Ол сыныпқа кіргенде.
3-о: Ана – біздің гүліміз,
Ана – біздің күніміз.
Ұландарды қуантып.
Ұзақ өмір сүріңіз.
4-о: Мәпелейсің мені, анам,
Қолыңдағы құсыңдай
Құлпыра өсіп дем алам,
Құшағыңда қысылмай.
5-о: Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.
6-о: Өнерлі боп өсеміз,
Өмір сырын шешеміз.
Өсіріп ой-сананы,
Қуантамыз ананы.
7-о: Біз доспыз гүлдермен,
Текке оны жұлмаймыз.
Той күні бір-бірден
Анамызға сыйлаймыз.
8-о: Бізді өсірген апатай,
Еңбегіңде зор екен.
Құтты болсын, апатай,
Құтты болсын мерекең.
9-о: Аялаған, саялаған,
Бар бақытым, берекем.
Апатайым, құттықтаймын,
Бүгін сенің мерекең.
10-о: Өлең айтып беремін,
Нан да алып келемін.
Өйткені мен анамды
Өте жақсы көремін.
11-о: Сен жалықпай жетектеп,
Мен жаттыға жетермін.
Айтқаныңды екіетпей
Ақ сүтіңді өтермін.
12-о: Бәрімізге анасың,
Біз үшін күн боп жанасың.
Құтты болсын мейрамың,
Құттықтаймын, анашым!
1-о: Ана – бізді дүниеге әкелген адам, «Ана» ең қастерлі, ең аяулы сөз.
2-о: Ана деген сөздің өзі ыстық.
3-о: Ана – өмір гүлі. Ана деген сөз барлық халықтың тілінде жылы естіледі.
4-о: Ана десе әр баланың тілегі ақ, мейірімі ұшаң теңіз. Анамыздың көңілі шат, жүзі жарқын, дені сау болуын әрқашан тілейміз.
5-о: Ана – сұлулықты, жарасымдылықты, көріктілікті, барша игілікті бойына сіңірген тұлға.
6-о: Ана – әлемдегі ең сұлу, ең мейірімді, ең қамқор адам.
7-о: Ана – әр үйдің алтын қазығы.
8-о: Ана ақылды болса, бала дана болады.
9-о: Ана тәрбиесі – қызға үлгі, әке тәрбиесі – ұлға үлгі.
10-о: Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде емес пе?
11-о: Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем.
12-о: Ана – тіршілік көзі, үлкен тағдыр, махаббат пен шабыттың нәрі.