«Алыстан орыс, қытай - ауыр салмақ.
Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.
Артында ор, алдында көр, жан-жағы жау
Сол кезде елге қорған болған Абылай,
Көп жаудың бірін шауып, бірін арбап».
М.Жұмабаев.
Абылай хан (шын есімі Әбілмансұр Уәлибақұлы) — 1771—1781 жылдар аралығында билік құрған Қазақ хандығының 18-ші ханы. Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі. Арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алады. Абылай онымен қоса Ұрыс хан, Барақ хан, Әз-Жәнібек хан сияқты билеушілердің тікелей ұрпағы. Абылай хан қазақ тарихындағы бірегей тұлға Кенесары ханның атасы.
Жоңғар агрессиясы.
1730-33 жылдар аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде күйеу баласы) Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.
Хан тұсындағы сыртқы саясат.
Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 жылы қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты. Пугачев соғысы кезінде 3 мың әскерімен «Қасірет белдеуі» бойындағы орыс бекіністерін шапты.
Абылай-күйші.
Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шаңды жорық» т.б. күйлердің авторы.
Тарихи жыр.
Абылай хан - тарихи жыр. Жыр Қытайдың Шыңжаң аймағында тұратын қазақтардың арасында кең таралған. Авторы белгісіз. Жыр Абылайдың балалык шағынан басталып, ер жету, қол бастау, ел билеу жолын коркем баяндап, соңын Абылайдың өлімімен аяқтайды. Жырда сөз болатын оқиғалар мен адамдар нактылы өмірде болған. Жыр Шыңжаң тұрғыны Шерияздан Сүлтанбайұлынан жазып алынып, тұңғыш рет Қытайдын "Ұлттар" баспасынан жарық көрген 4 томында (1985), одан кейін "Абылай хан" атты кітапта (А., 1993), "Казак халык әдебиеті" көптомдығының 1- ші томында (1995) жарияланды.
Мен бір жырды жырлайын,
Жырласам нені жырлайын?
Ертеде өткен Абылай,
Ханымды жырлайын!
Оныменен қоймайын,
Оның атысқан жауын жырлайын.
Қосқан малын жырлайын.
Мінгенде аты кер еді,
Есенқұл мен Ерсадыр
Қырғызда даңқы бірге шыққан ер еді. …Абылай ханым, жүруші ең,
Қаздай болып қарқылдап,
Бурадайын бұрқылдап,
Сай суындай сарқырап,
Жай тасындай жарқылдап.
Қолға да толды солқылдап …
Абылай хан резиденциясы.
«Абылай хан резиденциясы» — Петропавл қаласында орналасқан Абылай ханның мұражайлық кешені. 2008 ж. 21 тамызда резиденция Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Ақ үйдің алдында қоладан құйылған «Ат үстіндегі Абылай хан» ескерткіші бар. Авторы мүсінші Қазыбек Сатыбалдин. Ғимараттың өзі қазіргі күні екі қабаттан тұрады. Ресми атауы «Абылай хан резиденциясы».
Тарихи маңызы бар, киелі ғимаратқа басшылық жасап отырған Гүлнәр Андарбекқызының айтуынша Абылайдың ақ үйі 4 залдан тұрады. Бірінші қабатында кешеннің әкімшілігі, екінші қабатында тарихи залдар орналасқан. Тарихи залдың біріншісі Абылайдың балалық шағынан хан тағына отырғанға дейінгі өмірін қамтиды. Яғни, 1710-1771 жылдар. Екіншісі хандық құрған 10 жылына арналған. Бұл 1771-1781 жылдар арасы. Үшінші залы Тақ залы, төртіншісі Абылай тарихына арналған коллаждар, картиналар, кітаптарға арналған залы. Осылардың ішінде келгендерге әсер беріп, көз тартарлығы ғимараттың әуелде ағаштан жасағанын еске алатын Абылайдың тынығу бөлмесі. Бөлмеде бірнеше жәдігерлер қойылған. Ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, үстел, түкті-түксіз тоқыма кілемдер, жез құман, киім-кешек, сандықтар қойылып, үйдің ішкі көрінісі бейнелеген. Сонау ХVІІІ ғасырдан бері сақталып қалған адалбақан ағаштан, ілгешектері күмістен жасалған. Көне заттардың бірі кебеже ерекше көз тартады. Бірде-бір шегенің көмегінсіз ағаштан жасалып, сырты сүйекпен мәнерлеп жасалғаны таң қалыс тудырады. Екі жағы көтеріңкі керует төсекте жатқан батырлардың қан айналымын реттеу үшін пайдаланылған екен. Керует шымылдықпен көмкеріліп, жанына Араб Әмірлігінен әкелінген майшам тәрізді шамдалдар қойылған. Бөлмедегі көз тартар этнографиялық жәдігерлер Тақ залында жалғасын табады.