Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Әулиекөл ауданы білім бөлімінің «Қарлығаш» балабақшасы» КМҚК
Ересек «Көбелек» тобындағы ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі
Күні: 06.10.2021ж.
Психолог: Брянова Арузат Шарипжановқызы
Тақырыбы: «Көңіл-күй әлемі»
Мақсаты: Баланың өз эмоциясын білдіре білуге үйрету. Ұсақ қол моторикасын дамытып, түстерді ажырата білуге үйрету. Ойын жаттығулары арқылы білімдерін кеңейту.
Ресурстармен қамтамасыз ету: суреттер, әдістемелік материалдар, жағымды әуен, смайлик суреттері.
Ұйымдастырылған оқу қызметінің барысы:
1.Ұйымдастырушылық кезеңі:
Жылулық шеңбері
— Балалар, жылулық шеңберіне жиналайық! Бір-бірімізбен қол ұстасып, шеңберге тұрайық!
Барлығымыз жақсы көңіл күйде бір-бірімізге қарап, күлкімізді сыйлайық!
Тақтада (күн, алақан, жүрекше, смайлик) көрсетілген суреттерге қарап, бір-бірімізбен амандасайық.
2.Негізгі бөлім:
Жүрекшелер көрсетілген сәтте - бір-біріңізбен құшақтасып амандасамыз.
Алақан– бір-бірімізбен қол ұстасып амандасамыз.
Күннің бейнесі көрінсе – бәріміз қолдарымызды жоғары көтереміз.
Смайликтер шыққанда – бір-бірімізге күлкімізді сыйлаймыз.
- Қанекей балалар көңіл күйлерің қалай? Керемет!
Көңіл күйді көтере білу – үлкен өнер.
Балалар, көңіл күйдің қандай түрлерін білесіздер? Атап айтайықшы....
- Көңілді, қуану;
- Ашулы;
- Ренішті;
- Өкіну;
- Қайғыру, жылау;
- Таңдану т.б.
ІІ. «Көңіл күйді бейнеле» жаттығуы. (көңіл күй түрлерін көрсету) Тақтада.
ІІІ. «Топтарға тапсырма беру»
1-топ «Үстел үсті ойындары» (материалдар үлестіріледі; танымдық ойындар)
2-топ «Ұсақ қол моторикасын дамытуға арналған түрлі заттардан бейне құрастыру» (түймелерден ағаш, ғажайып макарондардан – күн, керемет бұршақтардан – үйдің суреттерін, моншақтар бейнелейміз).
ІҮ. Релаксация. «Әдемі көбелек»
Жағымды, жайлы әуен ойнайды.
Ыңғайланып отырып, көздерімізді жұмайық. Сіздер өздеріңді жағалауда, күнге қыздырынып жатқандай сезініңдер. Иегімізді күнге қыздырайық, міне, кішкентай қаңқыз ұшып жүр. Біреуіңнің тіліне қонғысы кеп тұр. Аузымызды қаттырақ жауып, тыныстамай жатайық......Ол да ұшып кетті. Демімізді шығарып, аузымызды сәл ашайық.
Мұрнымызды күнге тосайық. Көбелек ұшып келеді. Ол біреуіңіздің мұрындарыңызға қонғалы тұр. Көбелек мұрнымызға қонбас үшін мұрнымызды тыржитып, ернімізді алға созайық. Көбелекте ұшып кетті. Ерніміз бен мұрнымыздың бұлшықеттерін босаңсытайық. Көбелек қайтадан ұшып келді.... Әлпеншек жасайық. Ол үшін қастарымызды жоғары-төмен қозғайық. Көбелек ұшып кетті. Біздің ұйқымыз келді. Барлық бұлшықеттерімізді босатайық. (Үзіліс)
Әуен тоқтатылып, балалар көздерін ашады, бір-біріне қарап күлімсірейді.
Алған әсерімен бөліседі.
3. Қорытынды.
«Менің көңіл күйім».
Барлығымыз алдымыздағы көңіл күйге байланысты смайликтерді таңдап алайық.
Әрқашанда осындай жылы сөздермен және әдемі күлкімізбен бір-бірімізді қуанта берейік. Сау болыңыздар