Менің атым Қожа
Үзінді (1-топқа)
Сонымен, мен өзім ес білгелі Қожамын. Ауыл-аймақтың бәрі солай атайды.
Біз бір класта екі Қожа бармыз. Сүттібайдың үлкен баласының аты да Қожа. Оқушылар екеуімізді шатастырып алмас үшін, өңімізге қарап, мені Қара Қожа, оны Сары Қожа деп атайды.
Әуел баста мен бұған да шамданып қалатын едім. Бірақ жүре-бара құлағым үйреніп, дағдыланып кеттім. «Қара Қожа» дегендерге «әу» деп, жалт қарайтын болдым.
Жантас тәрізді қылжақтар осының өзін де дұрыс айтпайды, әдейі бұзып, келемеждеп, «Қара Қожа» деудің орнына «Қара Көже» дейді. Мен байқамай қалып, «әу!» деймін. Бірақ бұл қылығы үшін, бейшараның обалы нешік, тиісті сыбағасын менен талай рет алды...
Фамилиям Қадыров. Бір кезде «Қадырұлы» деп те жазып жүрдім. Бірақ жұрттың бәрі «ов» болып жатқанда, менің олардан алабөтен жырылып шыққаным жарамас дедім де, «Қадыровқа» қайтып келдім.
Қадыр — менің әкем. Ех, шіркін дүние-ай десеңші! «Әке» деген сөзді айтқанда, жүрегім қарс айрыла жаздайды-ау. Қандай жақын, қандай ыстық! Балалар: «Менің әкем өйтті, менің әкем бүйтті. Менің әкем ананы сатып әперетін болды, менің әкем мынаны сатып әперетін болды» деп мақтаныш етіп жатады. Ал мен болсам, әкемнің қандай адам екенін де білмеймін. Өйткені ол майданға аттанғанда, мен екі жастамын. Екі жасар ақымақ не біледі, не түсінеді? Сол кеткеннен абзал әкем мол кетті, оралмады...
Менің атым Қожа
Үзінді (2-топқа)
Ex, қайран әкем! Егер сен тірі болсаң, мүмкін, мен бұдан гөрі басқадай болар ма едім. Кім біледі, жер-әлемді шулатып, сотқар Қожа атанып жүргенім әкесіз жетім өскендігімнен де шығар.
Кімге де болса бір әке әбден керек. Тіпті селкілдеген шалдардың өздері кейде: «Жарықтық, әкем анандай еді, әкем мынандай еді» деп еске алып, армандап отырмай ма?
...Кейде Миллат мамам әкемнің суреттерін ақтарып қарап отырады да, мұңға батып, біртүрлі егіліп кеткендей болады. Кірпігі жасқа шыланады... Мен сол кезде маматайымды керемет аяп кетем. Бірақ аяғанмен не пайда, білем, сезем неге күйзелетінін.
Сөйтіп, мен сендерге өзімнің аты-жөнімді айттым. Ал көркем шығармада кейіпкердің кім екені аталып қана қоймай, сырт бейнесі қоса сипатталатын дәстүр бар ғой. Енді соған көшейін. Тоқтаңыз, бұл үшін әуелі өзімді өзім айнадан байыптап қарап алайын... Мынау, міне, мұрным. Әжем кейде менің атымды атамай, «тәмпіш неме» дейді. Оның айтқаны ып-рас екен ғой. Екі танауыма екі саусағым еркін сыйып кетерлік, қосауыз мылтықтың аузындай үңірейіп тұр. Екі шекемнің шығыңқылығы болмаса, басым қарбыз тәрізді доп-домалақ, тап-тақыр. Шашымды Әубәкір шал кеше ғана ұстарамен сыпырып алып тастаған.
Менің атым Қожа
Үзінді (3-топқа)
Ох, менің шашым! Қаттылығы, қайраттылығы шошқаның қылшығынан бір кем емес. Осы ауылда оны алуға жарайтын бір ғана ұстара бар — ол Әубәкірдікі. Оның өзі де алғаш салған бетте тұтқырланып, жүрмей қалады. Шашымды әр алған сайын, Әубәкір мені бірінші рет кездестірген адамдай таң қалып бітеді.
— Япыр-ай, мұндай да шаш біте береді екен-ау! Мынау шаш емес, тікенек қой. Тікенек. Мінезіңнің шатақтығы осыдан-ақ көрініп тұр.
Сипатталмаған енді нем қалды! Қаралығымды әуел баста-ақ айтқанмын. Сол жақ құлағымның астына таман бір түйір қалым бар. Бәтшағардың бітпейтін жерге бітуін қарашы. Одан да бетімнің ұшына таман болсашы. Сонда әдемірек көрінер ме едім. Бір азуымды былтыр... жә, оны айтудың қажеті де болмас. Кімнің тісін құрт жемейді дейсің және ол былай қарағанда көрінбейді де.
Ал бойымды біреулер орта бойлы дейді. Әжем болса, әкең тәрізді сұңғақ боласың дейді. Кімдікі рас екенін құдайым білсін. Өткен күзде мектепте дәрігер қарап өлшегенде, бір жүз отыз тоғыз сантиметр шыққан едім. Егер шашым болса, жүз қырық шығуы сөзсіз еді. Тақыр бас жүргеннің осындай залалы да бар. Жасым он екіде. Бесінші класты бітіріп отырмын.