САБАҚТАҒЫ КЕРІ БАЙЛАНЫСТЫҢ ТИІМДІ ТҰСТАРЫ.
Болашақтың бүгіннен де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімде ғана. Қай ел болсын, өсіп-өркендеуі, әлемде өзіндік орнын алуы сол мемлекеттің біліміне, білім сапасына байланысты екенін ел Президенті Н.Ә. Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында ерекше айтуы да сондықтан. Қазақстан Республикасының білім берудегі басты мақсаты-жан-жақты дамыған, білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-толғамы бар, адамгершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін оқушыға білім мазмұнын терең игертудің тиімді жолдарын іздестіріп, шығармашылыққа жетелейтін қазіргі заман талабына сай ғылыми-әдістемелік біліммен қаруланған, білікті маман, шебер мұғалім дайындау қажет. (1,37-б) Ал жаңа формация мұғалімі-оқыту технологиясының жүйесімен оқушыларды өмірге дағдыландыру құзырлығын айқындау бағытындағы әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген тұлға. Жаңа формация мұғалімі болып білімімізді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламалар бойынша курстан өттік. Осы курс бағдарламасы негізінде жеті модулді сабақта қалай ықпалдастырып пайдалану жолдарын және оқушылармен кері байланыс жүргізе отырып, сабақтың өтілу барысына талдау жасауды үйрендік.
Кері байланыс оқушының оқыту үрдісі қалай өткені және қандай нәтижеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс сабақтың соңында ғана емес, сабақ барысында оқушылардың өз бетімен орындайтын тапсырмаларының соңында жүргізіліп отыруы керек. Рефлексия мақсаты-еске түсіру, өзінің сабақ бойындағы іс-әрекетіне баға беру, талдау және мәселелердің шешу жолдарын іздестіру. Мұғалім оқушының кез келген кері байланыс парағын оқи отырып, жұмысының сәтсіз шыққан тұсын және сәтті шыққан қадамын, ендігі іс-әрекетін қалай жақсартуға болатынын алдын-ала біледі. (1,37-б) Сонымен қатар кері байланыс парағы арқылы оқушының үніне құлақ түріп, оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуына түрткі болады.
Сабақтағы кері байланыстың үш түрі бар.
1. Көңіл-күймен эмоциялық жағдайды анықтауға арналған кері байланыс. Көңіл-күйді білдіретін әр түрлі суреттер, смайликтер және бояу түстерімен анықтау. Мысалы: «Ауа райы», «Бағдаршам», «Алма ағашы». Мысалы «Алма ағашы» әдісінде оқушыларға сабақ басында түрлі-түсті алма беріледі. Сабақ соңында оны алма ағашына ілу керек. Жасыл түсті алма – мен бүгін бәрін жақсы орындадым, сондықтан көңіл-күйім көтеріңкі, қызыл түсті алма - мен тапсырманы орындай алмадым, көңіл-күйім жоқ дегенді білдіреді. «Бір сөзбен» әдісі барысында оқушылар берілген сөздердің ішінен бүгінгі сабақтағы жағдайын сипаттайтын үш сөзді таңдайды. (қуаныш, немқұрайлылық, шабыт, зерігу, сенімсіздік,сенімділік,рахаттану,алаңдау)
2. Сабақтағы іс-әрекетке байланысты кері байланыс. Мысалы: «Табыс сатысы» әдісінде кәдімгі сатының суреті беріледі. 1-ші баспалдағы Мен............. БІЛЕМІН, 2-ші баспалдағы Мен ............ ТҮСІНЕМІН, 3-ші баспалдағы Мен ............... ЖАСАЙ АЛАМЫН.
3. Оқу материалының мазмұнына берілетін кері байланыс. Бұрын мен білмеуші едім. Енді мен білемін деген сияқты ой-пікірлерін білдіру боп табылады. Мысалы: «Плюс, Минус, Қызықты». «Плюс»-оң әсер еткен фактілерді, алған білімдері жайлы жазады. «Минус»-қолымнан келмей жатыр немесе түсініксіз болып тұр деген ойларын жазады.
«Қызықты» - деген бағанға өздеріне не қызықты болды соны жазады немесе не жайында көбірек білгісі келетінін жазады.
«Аяқталмаған сөйлемдер» әдісінде:
Мен бүгін білдім....
Мен бүгін сезіндім..
Мен келесі сабақта білгім келеді..............-деген сөйлемдерді аяқтап жазады.
Кері байланысты жасағанда мына жайттарды есте ұстаған жөн: кері байланысты жұмысымызды жақсартудың ең тиімді нысаны ретінде сабырлылық таныту, кері байланыстың субъективті болатынын ескеру,кері байланыс жасалған істі бағалау емес, не жасалу керектігін көрсету. Сонымен бірге кері байланыс оқумен оқытудың қалай жүріп жатқандығын, оның сапасын анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен, кері байланыстың тиімділігіне тоқталар болсақ:
Оқушылар үшін: 1-ден, рефлексия-оқушыны өз-өзіне есеп беруге баулиды; 2-ден, рефлексия арқылы оқушының қажеттілігін біле аламыз; 3-ден, рефлексия арқылы оқушының өзіндік көзқарасы қалыптасады; 4-ден, рефлексия арқылы білім беру барысының сапасын жақсартуға болады және рефлексияның нәтижесінде оқушының сыни көзқарасы қалыптасады, өз-өзіне баға бере алады.
Мұғалімдер үшін тиімді жағы:1-ден,оқытудағы кемшін тұстарын анықтайды; 2-ден, келесі сабақтың жоспарына өзгерістер енгізуге, түзетуге яғни оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін таңдауға мүмкіндік береді; 3-ден, уақытты үнемді пайдалануға мүмкіндіктер береді.(3.15-б)
Кері байланыстан күтілетін нәтижелер:
-мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жақсарады;
-оқушы өзінің мықты, осал тұсын анықтайды және алға жылжуға ықпал етеді;
-оқушы тек бағалауды ғана емес, өз жұмысынан хабардар бола отырып, оқуға қызығушылығын арттырады;
-мұғалім мен оқушы кері байланысына қарай өз жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталады;
Сондықтан да кері байланыстың тиімділігі арқылы оқыту мен оқу сапасын жақсартуға болады деп ойлаймын.