Сабақтың тақырыбы: Сөз тіркесі қайталау
Сабақтың мақсаты: 1) Білімділік: Сөз тіркесі синтаксисін қайталап, бүкіл алған білімдерін бекіту. Соның ішінде, әсіресе, сөз тіркесінің өзіне тән ерекшеліктерін, синтаксистік қатынастарын, сөздердің байланысу тәсілі мен түрлерін, тұрақты, күрделі сөздерден айырмашылықтарын еске түсіре отырып, сөз тіркесі синтаксисін бекіту.
2) дамытушылық: сөз тіркесіне синтаксистік талдау жолдарын меңгерту, сөйлем ішінен сөз тіркестерін рет-ретімен талдату, анализ шығара білдіру, өз ойын дәлелді жеткізуге машықтау, көркем сөйлеуге үйрету, топпен дұрыс жұмыс істеуге бағыттау.
3) тәрбиелік: оқудың маңызын түсіндіре отырып, ешуақытта одан жалықпауға тәрбиелеу
Сабақтың түрі: қайталау сабағы
Сабақтың типі: дәстүрлі
Сабақтың әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, анализ-синтез, салыстыру, тексеру
Сабақтың барысы:
1) Оқушыларды топ-топқа бөліп, «Сабақ оқудан жалықтың ба?» тақырыбында ой қозғау.
I. Қызығушылық кезеңі
Сабаққа дайындық ретінде ойға шабуыл жасау.
А) ЕСЕП
Жақшада берілген бағыныңқы сөздерге (1. Мал тұратын орын, 2. кісі, 3. Сәби, 4. Тамақ пісіретін, құятын зат, 5. Тілдесу, 6. Жаңа төлдеген малдың алғашқы сүті) басыңқы сөздер тауып, сөз тіркесін жасаңдар. Өздерің ойлап тапқан бірінші сөздің бірінші әріптері төмен қарай оқығанда сөз байланысының бірінің аты шығу керек.
II. Ой-толғаныс кезеңі
Үш топқа бірдей бір сөйлем оқылады. Оқушылар сол сөйлемнен сөз тіркесін рет-ретімен табады.
Дарынды да, талантты оқушылардың оқу мен тәрбиесінде ешқандай кемшілік болмауы тиіс.
Кемшілік болмауы тиіс
оқу мен тәрбиесінде болмауы тиіс
ешқандай кемшілік
оқушылардың оқу мен тәрбиесінде
талантты оқушылардың
дарынды оқушылардың
Аталмыш кезеңде оқушыларға сөз тіркесіне талдау үйретіліп, саралау және анализ жұмыстары жүргізіледі.
Сөз тіркесіне синтаксистік талдау
Сөз тіркесінің байланысу тәсілі – орын тәртібі, шылау, жалғау, дауыс ырғағы
Сөз тіркесінің байланысу түрлері – қиысу, матасу, меңгеру, жанасу, қабысу
Сөз тіркесінің синтаксистік қатынасы – анықтауыштық, пысықтауыштық, толықтауыштық
Сөз тіркесінің құрамы – дара, күрделі
Сөз тіркесінің басыңқы сыңарының
ерекшелігіне байланысты – есімді, күрделі
Жалғау арқылы матаса байланысқан анықтауыштық қатынастағы дара есімді сөз тіркесі.
(Оқушыларға саралауға және қорытынды шығаруға үйрету )
Сөз тіркесіне осы үлгідегі синтаксистік талдау жасалу үшін мәтін беріледі.
А) Бұл жолы Асан мен Үсеннің кездесулері бұрынғы уақыттардан жиіленіп, әңгімелер әр кезде ұзақ уақыт болысты. Абай әкесінің мұнымен сөйлесер сөзі жоқ екенін білгендіктен, күні бойы үнсіз отырды. Күріш бой алған сайын, оның суы да көбейтіле түседі. Ана мен баланың бақытына бөгет болғысы келмей, жүріс-тұрысының сыбдырын сездірмеуге тырысты. Бүгін бірер керек кітабын алып шықсын деп, сонда әдейі апарған едім. Қыздың қарасынан көз жайзбайын деп, өзі де қатты ағызып келеді. Тұрмыс жақсы болу үшін, еңбеккүн көп болуға тиіс. Білмегенім білсін деп, оқушылар ынтығар. Қорқынышты бастан кешірсін деп, сонда ертіп апартқан едім.
Ә) Баласын оқытқан қай үйге барсам да, жылы-жұмсағы менің аузымда. Жаңа әдіспен оқытқанда, балалары тез түсінетінін аңғарған әрбір ата-ана мені әрқашан жылы шыраймен ұарсы алады.
Бұл ауылдан бірнеше адамды жақсы көріп кеттім, соның бірі – Балғабайдың Ахметі. Жаз айларында ол лашын салады. Үйрек алу лашынға сөз емес екен. Үйректер шалшықты көлдерде, тамырларда көп болады. Шалғында тығылып отыра берсе, оларды лашын түгіл бидайық та ала алмас еді. Әрбір құс салатын адамның қолында дабылы болады. Оны қамшының сабымен қақса, күңгірлеген даусы маңайды шулатын жібереді.
Б) Үй іші күзектің суық күндерінде бейімделіп жиналған. Биік төсек, жүкаяқтар жоқ. Мол жастық, қалың көрпеше, жер төсек пен айнала тұтқан қалың текемет, тұскиіз, кілемдер бар. Төр жақта сырмақ үстіне салынған арқар терісі, жүні ұзын сеңсең бөстектер жатыр. Іргеден жел соқпастай етіп қымталып-шымқалған жылы жайдың қонақ отыратын да әрі жұмсақ, әрі сыз өткізбес қалың. Маздап жанған қидың оты қызуын үлкен үйге кең жайып, даланың салқынын бұл мекенге кіргізбей тұр.
III. Қорытындылау кезеңі
Дұрыс сөйлемнің алдына «Д», қате сөйлемнің алдына «Қ» белгісін қойыңыз.
1. ( Д ) Сөз тіркесі – кемінде екі сөздің мағыналық әрі тұлғалық жақтан байланысуы.
2. ( Қ ) қабысу – сөздердің жалғау арқылы байланысуы
3. ( Қ ) орын тәртібі – еш қошымсасыз шылау арқылы байланысуы
4. ( Д ) матасу – зат есім мен немесе заттанған сөз ілік септік жалғауында, екінші сөз тәуелдік жалғауында келу арқылы байланысуы
5. ( Қ ) есімді сөз тіркесі – басыңқы сөздің сын есімде, сан есімде, етістікте келуі
6. ( Қ ) анықтауыштық қатынас – қабыса байланысқан есімді, етістікті сөз тіркестерінің сыңарларының байланысуы
7. ( Д ) қиысу – бастауыш пен баяндауыштың байланысуы
8. ( Қ ) жанасу – іргелес тұрып байланысуы
9. ( Д ) толықтауыштық қатынас – меңгеріле байланысқан есімді, етістікті сөз тіркестерінің сыңарларының байланысуы
10. ( Д ) дауыс ырғағы – сөздердің еш қосымшасыз байланысуы
11. ( Қ ) меңгеру – сөздердің атау, ілік септіктерінде байланысы
12. ( Д) изафет – ілік септікті сөздің тәуелді жалғаулы сөзбен байланысы
13. ( Қ ) синтаксис – тізбек, рет деген мағынаны білдіреді
14. ( Қ ) күрделі сөз тіркесі – кем дегенде екі сөздің тіркесі
15. ( Д ) пысықтауыштық қатынас – меңгеріле, қабыса, жанаса байланысқан етістікті сөз тіркестерінің сыңарлары пысықтауыштық қатынаста жұмсалады
IV. Бағалау. V.Үй тапсырмасын беру