Сейдахметова Ляйля Жармыш орта мектебі математика пәні мұғалімі
Ертеңіңді ойласаң- есірткіге жолама
Мақсаты: табиғаттың адам баласына сыйлаған басты байлығы денсаулықты сақтауды, оқушыларды зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстауға, әлем дерті нашақорлық ауруынан сақтануға , оқушылардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға, денсаулықтың қадіріп түсініп сақтай білуге тәрбиелеу.
Тәрбиелік бағыты; салауатты өмір салты
Жоспары:
Кіріспе «Есірткі жас өмірді улайды.»
«Ажалыңмен ойнама, айналайын!» көрініс
Дәрігер кеңесі
Ертеңіңді ойласаң –есірткіге жолама.
Қорытынды.
Барысы:
1-жүргізуші
Құрметті ұстаздар, ата-аналар,оқушылар! Бүгінгі 7- сынып оқушылары өткізгелі отырған «Ертеңіңді ойласаң- есірткіге жолама»атты тәрбие сағатымызды бастаймыз.
2-жүргізуші:
Нашақорлық - ғасырымыздың дерті. Ұлтымызды азғындатып, адамды кісілік қасиетінен айыратын тажал дертіне қарсы күрес отбасынан, мектептен басталуы тиіс. Сондықтан біздер заманымыздың қасіретіне айналып отырған есірткеге қарсы тәрбие сағатын өткізгелі отырық. Осы шарамызға мектеп медбикесі де қатысып отыр.
Есірткі жас өмірді улайды.
1-оқушы: Есірткі - ғасыр тажалы. Онымен қазір бүкіл әлем болып күресуде. Бірақ ол оңай алдырыр жау емес екен. Күн өткен сайын шырмалып, ауруды ауыздықтауға қанша күш салса да, оның жарасы асқынып бар жатқан секілді. Есірткі адам баласына құмарлық үшін ежелгі заманнан таныс. Ғалымдар сөзімен айтқанда , есірткі алғаш рет Жерорта теңізін мекендеген халықтар пайдаланған екен. Көкнәр, зығыр т.б құрамында есірткі заттары бар өсімдіктер дүниежүзінің кез-келген түкпірінде өсіріледі. Есірткінің түрлері; гашиш, морфин, кокаин, апиын, героин. Осылардың барлығы да аса күшті наркотикалық әсері бар заттар болып табылады.
2- оқушы:
Есірткі түрлерінің әрқайсысының әсері әр түрлі . Ацетон мен желім секілді түрлі еріткіштерді иіскеп ләззат алатындар да бар, нашақорлықтың бұл түрін «токсомания» деп атайды. Токсикоман болған баланың қимыл-қозғалысы босаңдау, әрекеттері баяу болады, орынсыз күле береді. Жиі иіскеу салдарынан еске сақтау қабілеті бұзылып, ызақор болып кетеді. Транквилизаторларды, яғни тыныштандырғыш дәрі дәрмектерді пайдаланса, баланың өңі қашып, сөйлеу мәнері өзгеріп, дөрекілік таныта бастайды. Гашиш пен қарасора бала психикасына алғашында қоздырғыштық сипатта әсер етеді. Күтпеген жерден күлкі қысады, қисынсыз нәрселерді айтып сандырақтай бастайды. Бұл жағдай біраз уақыттан соң түнеріткен көңіл күйге ұласады,көзінің көруі күрт нашарлайды. Апиын тектес заттарды пайдаланса бала әлсіреп, басы ауырып құсқысы келеді. Есірткінің әсер етуі кезінде көз қарашығы кішірейе түсіп, жарыұты ажырата алмайды. Ал, есірткі тілеп,буын-буындары сынып ауырғанда көз қарашығы ұлғая түседі. Егу жолымен пайдаланатындар үнемі , тіпті аптап ыстықта да ұзын жеңді киім киіп жүреді. Жалғыздықты ұнатады,достарымен кездесуден бас тартады. Нашақорларды осы белгілері арқылы анықтауға болады.
3-оқушы :
Жасөспірімдердің осы жолға түсіп тығырыққа тірелуінің себебі неде? Қатыгез әлемде пана іздеген бала ақша табу мақсатында есірткі сатып күнелткендердің құрығына оп-оңай –ақ түседі. Бала іші бауырына еніп жылы сөйлейтін жылпостарға бауыр басып, дегеніне көне береді. Жеткіншектер үнемі әр нәрсеге, әркімге еліктегіш. Нашақорлық өмірдегі қиындыққа шыдамаған, сәтсіздікке төзе алмаған адамнан шығады. Нашақор бір мезеттік рахат үшін бүкіл өмірін сарп етуге дайын . бір рет шегіп немесе иіскеп көрген адамның нашаны өз еркімен тастап кетуі мұң. Сондықтан осы бастан есірткіден бойымызды аулақ ұстайық!
ІІ. «Ажалыңмен ойнама, айналайын!»
1-жүргізуші : Есірткі –ғасыр тажалы. Онымен қазір бүкіл әлем болып күресуде. Бірақ ол оңай алдырар жау емес екен. Есірткі бір басын кессең екінші басы шыға келетін жеті басты жалмауыз сияқты.
2-жүргізуші:
Есірткі бар жерде есірткіні таратушы да бар. Олар-кісінің көз жасынан, қайғы –қасіретінен алтан ақша тауып отырған қаныпезерлер.
1-жүргізуші: Сол қаныпезерлердің ең алдымен айналдыратыны-өсіп келе жаткан көк өрім жастар.
2-жүргізуші:Көкнәр деген шөп болады.Есірткінің біразын осы шөптен жасайды. «Көкнәрдін көз жасын ішкен адам өмір бойы жылап өтеді»деген сөз бар халықта.
1-жүргізуші:Ия,есірткіге бір берілген адам өмір бойы жылап өтеді.Тек өзі ғана емес, ата-анасын,бауырларын,жанашыр жақындарының бәрінде қоса жылатады.
Бала:Апа кешір мені.Кешір.Мен осындай күйге ұшырадым.Білесіз бе?мен....мен-нашақормын.Мен үшін бұл дүниенің қызығы жоқ.Атып келе жатқан таңға қарап қуана алмаймын.Адамша сөйлесіп,адамша күле алмаймаймын,апа-а!Мен үшін өмірдің....бар қызығы-наша...наша.Наша тауып берші,апа.Наша тапшы.Жанымы қоярға жер таба алмай өліп барам.Өліп барам,апа.Наша,наша... Мені аясаң, мені балам десең наша тауып берші,апа...(жылайды)
Анасы:Құлыным-ай, құлыным... Қалай тап болдың бұл пәлеге.Наша дегенің көрініп келген ажал еді ғой. Соны біле тұра...соррлы балам...ажалмен ойнағаның не болғаның?!Өміріңнің бар қызығынан,қуанышынан айырып,сені қасіреттің қара құрдымына батырған қаныпезер кім?! Сені осыншама сорлатқан қай тасжүрек?
Есірткі таратушы: Ол қаныпезер кім еді деймісің?Ол мен...мен. Мына менмін.Не істейсің маған,байғұс?!
Ана:Сен бе едің? Сен бе едің жүзіқара!Құлынымды адамдық жолдан тайдыратындай не істеп еді ол саған?Не жазығы бар еді?
Есірткі таратушы:Рас, оның еш жазығы жоқ.Сенің балаңда ұзында өшім,қысқада кегім жоқ.Брақ...Қазір дүниені ақша билеген заман...Оны өзің де жақсы білесің.Ақша ақша,ақшa!..Егер сенің балаң сияқтылар болмаса сол ақшаны мен қайдан алам? Кім береді маған оны?
Анасы:Ақша,ақша дейсің.Ақшаңдап қалғыр...Қай заманда адамнан ақша қымбат болып еді?!Ақшаның жолында құрбандыққа шалынардай не күнәсі бар еді құлынымның?!
Есірткі таратушы:Күнәсі не деймісің?Күнәсі-әлсіздігі.Балаң «керек емес» деген сөзді айта алмайды екен. «Керек емес» деген сөзді айтуды үйретпепсің балаңа.Маған да керегі-осындай адамдар.Мен оны балаңды айтам,дискотикада қармаққа іліндірдім.Қасында үріп ауызға салғандай әп-әдемі қыз бар екен. Мен оған экстази ұсындым.Ақша сұрағам жоқ. Тегін бердім. Әуелі ол алғысы келмей қашқақтап еді. Мен «Е,е сені жігітпе десем,аузынан ана сүті кеппеген сарыауыз балапан екенсің ғой» деп едім ол менің қолымды қайтара алмады.Сол сөзді үзілді-кесілді айта алмауы сенің балаңның түбіне жетті.
Ана:Экстази бердім дейсің... Ол неменесі тағы да?!
Есірткі таратушы:Экстази деген-есірткінің осындай жас балаларға арналған түрі.Оны қабылдаған бала шаршағанын,қарнының ашқанын,шөлдегенін білмейді,били береді,били береді...
Ана:Құлынымның мойынына тұзақты ең алдымен осылай салдым десеңші...Жүзіқара!
Есірткі таратушы:Ия,балаңның мойнына алғашқы тұзақ осылай салынды.Кейін сол тұзақтың ұшын тарта берді,тарта бердім. Балаң осылайша менің құлақкесті құлыма айналды. Құлға айналғаны емей немене,есірткіге үйренгені соншалық,айналшықтап қасымнан шықпайтын болды. Мен енді одан ақша сұрадым. Ол есірткіден ақша аямайтын. Бірте-бірте ол есірткінің ең күшті түрлеріне ауыз салды. Тамырына шприц сұғып барып жаны жай табатын болды. Ол үшін көп ақша керек еді.Ақша! Балаң енді өзінің үйіне өзі ұры болып түсті. Үйіндегі қымбат заттардың бәрін сатты.Міне, көрдің бе,балаңның түбіне өзінің көрсеқызарлығы, әуесқойлығы жетті.
Ана:Жоғал! Жоғал қарабет! Жоғал, жүзіқара!Сен ажал әкелуші,ұрпаққа өлім себуші нағылетсің. Мен жалғызымды сенің қандықол шеңгеліңе тастай алмаймын.Жоғал!
Есірткі таратушы:Ей, бейшара әйел!Сенікі құр далбаса!Көрдің бе ана баланың хәлін.Өлгелі тұр ғой.Оған қазір керегі-наша. Оған дәл қазір анасынана наша қымбат.Сен оған наша бере алмайсың. Ал мен берем. Тегін берем.
Бала:Тегін дейсін бе? Тегін бе?
Есірткі таратушы:Наша керек па саған?
Бала: Ия,керек.Өліп барам. Берші. Өлтірмейін десең,берші!
Есірткі таратушы:Егер наша алғың келсе таскенедей абысқан шешеңді әрі алып кет.Айтпадым ба саған. Оған қазір анасынан гөрі наша қымбат.
2-жүргізуші:Ия, атын естігеннен кейін есіңді алып, төбе шашың тік тұрғызатын есірткі деген індетті талай шаңырақты ортасына түсіріп жатқаны кез-келген адамның жан дүниесін шайқап өтері анық.Есірткі дерті-ұрпақты уландырып ағзасын аздыра,тектілігін тоздырып отырған кесел.Осы жиналған көпшілігіміз балаңызға бір қарап қойып, «Жоқ, бұған менің балам ұқсамайды, одан құдай сақтасын»деп отырсыздар. Ата-ана, есірткі дерті осы отырған әрқайсыңыздың үйіңіздің қақпасын қағып тұр. Ол үнсіз келіп кез-келген жасты өз апанына тығып жатыр.(Көрініс көрсетіледі)
1-жүргізуші:Бұл көрініс ғана емес,осы күнің ащы шындығы. Ал ата-аналар, өздеріңіз айтыңыздаршы, бір шаңырақтың үкілеген үміінің үзілуіне не себеп? Бұл қайғы-қасіретке кім кінәлі? Жасөспірім бала ма, жоқ әлде баласына қарамаған ана ма?
2-жүргізуші;Ата-анаың пікірін тыңдадық,енді оқушылардың ойларын тыңдайық. Ортаға 3 оқушыны шақырамыз.
Кездейсоқтан шығу
1.Сен өте жақсы көретін досыңның есірткі қабылдағанын бір-екі рет байқадың.Ол сені сезеді деп ойлаған жоқ.Ата-анасына немесе ұстазына айтайын десең досыңның көңілін қимайсың. Сен досыңды қалай құтқарасың?
2. Өткен жылы ғана мектепті бітіріп , қалаға кеткен бір көршің саған есірткімен ауызданғанын және оны шеккенде керемет күй кешетінін айтты. Тіпті сені де ауыздандырғысы келеді. Сен оның уытты зат екенін білген жоқсың. Сен қабылдар ма едің?
3. саған 11 сынып оқушысы «Маған есірткі әкеліп бер. Екеуміз бірлесіп шегеміз. Мұны тек екеуміз ғана білетін болайық. Әйтпесе....» деп жұдырығын көрсетіп шарт қойды. Өзіңді қалай құтқарасың?
Оқушылардың ойлары ортаға салынады
Дәрігер кеңесі.
1-жүргізуші:
Енді біздің тәрбие сағатымызға қатысып отырған медбикелердің нашақорлық туралы ойларын тыңдайық. Дәрігерге сұрақ:
Нашақорлық ауру ма , әлде әдет пе?
Нашақорлықтан емделгеннен кейін де, ол қайтадан қайталану мүмкін бе?
Есірткі таратушыларға қарсы қандай ұйымдарды білесіз? Олардың атқарған жұмыстары септігін тигізе ме?
Ертеңіңді ойласаң - есірткіге жолама.
1-оқушы :
Есірткі адамның қас жауы. Осы әсерлі затты адамдар шприц арқылы пайдаланып , нәтижесінде қаһарлы ауруға ұшырайды. Мұны пайдаланған адам арықтап, жұмыс істеу қабілеті төмендейді . жүйке жүйесіне әсер етіп, өз әрекетіне жауап бере алмай, қылмысқа барады.жаман әдеттердің бірі болып табылатын есірткіні қолдана отырып адам денсаулығына ғана емес, рухани жан дүниесіне де нұқсан келтіріп, хайуандарша ғұмыр кешіп ақыл-ой жүйесі бұзылады.
2-оқушы:
Есіркі мен шылым болып тарқаның ,
Ішіп алып жұмыссыз боп жатқаның .
Шетелдіктің мазағы болып аруың,
Ұрпағыңды жөн бе жатқа сатқаның.
Қайран жастар қайда кетіп барасың,
Тағдыр тәлкек, дайындап тұр жазасың.
Есірткі мен никотинге уланған
Әкеліңдер кеміс қазақ баласын.
Ән «Жаса Қазақстан»
Қорытынды.