Димаш пен Бейбіт айтысы
Димаш:
Ассалаумағалейкүм, халқым менің,
Амандасу – ежелден салтым еді.
1Май ауылым қасиетті,
Дәстүр мен қазынаның алтын кені!
Армысың, замандасым Бейбіт досым,
Атыңа затың сай меймандосым.
Қорықпай қалай келдің бұл айтысқа
Бойына батылдықты жиған досым.
Бейбіт:
Армысыз, алқалы жұрт, әлеуметім,
Иіліп өзіңе мен сәлем еттім.
Қарсыласым Димашжан өзіңменен
Айтыссам деп асығып әрең жеттім.
Ә дегеннен аптығып тиістің ғой,
Сөзіңді естіп жабырқау күй іштім ғой.
Ұзақ уақыт күттім деп ренжимісің,
Жігіт болсаң күтуге тиіссің ғой.
Димаш:
Бейбіт-ай, жұтамысың, шайнамай-ақ,
Қит етсе бұрқылдайсың қайнамай-ақ,
Әзілімді орынсыз деп санасаң
Қойдым онда өзіңмен ойнамай-ақ,
Шыдамсызсың, айтайын ақ бетіңе,
Күліп неге жүрмейсің мерекеде?
Сұлу жүзің мұң шалмай күлімдеші
Өз өзіңді теңемей дөрекіге.
Бейбіт:
Ойпырым-ай, мына сабаз оңдырмады-ау,
Тұғырыма биіктегі қондырмады-ау.
Мінезімінің міні бар, бірақ айым,
Сенен ешбір мен көмек сұрамаймын.
Отырғам жоқ шақырып ашуымды,
Тау суындай бұрқырап тасуымды.
Тек қалайда халыққа жеткізсем деп
Асықтым ғой арнауға шашуымды.
Димаш:
Бәрекелді, бұл ойың жарасымды,
Білдіре алмай отырмын таласымды.
Келіп жеткен Ұлыстың ұлы күні,
Берекеге бөлесін Алашымды!
Сен үшін мен Бейбітжан, көк тіреймін,
Әзіліміз жарассын деп көп тілеймін.
Келесі бір айтыста кездескенде
Ұрыссуға келмеші деп тілеймін!
Бейбіт:
Аққа толсын, ұсынған ыдысымыз,
Арта берсін несібе-ырысымыз.
Ауыл – аймақ көркейіп, гүлдей жайнап
Толастамай көбейсін кірісіміз!