Просмотр содержимого документа
«Кинематика. Механическое движение.»
§1. Қозғалыс материяның ажырамас қасиеті.
Жалпы алғанда, қозғалыс табиғаттағы кез келген өзгерісті білдіреді. Біз кинематикада осындай өзгерістердің ең қарапайым әрі кең тараған түрі — денелердің орын ауыстыруына байланысты туындайтын механикалық қозғалысты қарастырамыз. Расында да айналамызға көз жүгіртсек, бізді қоршаған ортадағының бәрі де үздіксіз козғалыста болатынын байқаймыз. Қала мен ауыл көшелеріндегі адамдар, дала мен орман-таулардағы жан-жануарлар, теңіздер мен көлдердегі балықтар — осылардың бәрі де козғалыста болады. Сондай-ақ өсімдік бойындағы органикалық заттар, адамның қан тамырларындағы қан үнемі козғалыста болады. Заттарды құрайтын молекулалар мен атомдар да үздіксіз қозғалыста болатыны өздеріңе мәлім.
Алайда бізді қоршаған ортада қозғалмайтын денелерді де көреміз. Мысалы, бөлмедегі үстел, оның үстінде жатқан кітап, аялдамаға келіп тоқтаған автобус, құрылыстағы кран, әуежайдағы ұшақтар жерге қатысты қозғалмай тұрады.
Дегенмен бұл мысалдар "дүниедегі барлық нәрселер қозғалыста болады деген пікірді жоққа шығара алмайды. Өйткені жер бетіне қатысты қозғалмай тұрған дене Жермен қоса оның осін айналады әрі онымен біргеКүнді де айнала қозғалады.
Бұдан шығатын қорытынды: дене кейбір денеге қатысты тыныштықта болғанымен, басқа бір денеге қатысты қозғалыста болады, сондықтан денелердің тыныштығы да салыстырмалы болып табылады. Демек, табиғатта абсолют қозғалмайтын дененің болуы мүмкін емес, болмайды да.
Бізді қоршаған ортадағы үйлер, машиналар, жанжануарлар, өсімдіктер, су, ауа, дыбыс, жарық, атомдар мен молекулалар, радиотолқындар, т.б. ғылым тілінде материя деп аталады. Материяның негізгі касиеттерінің бірі — қозғалыс. Материясыз козғалыс, қозғалыссыз материя болмайды. Қозғалыс — материялық дүниенің айғағы. Табиғат немесе әлем — қозғалыстағы материя болып табылады.
Материяның қасиеттерін, оның өзгерістерін зерттеу барысында көптеген физикалық шамалар енгізіледі. Бұл шамалардың арасындағы ең маңызды байланыстар ашылады да, олар математикалық қатынастар арқылы өрнектеледі. Сөйтіп, материя қасиеттерін сипаттайтын заңдар тағайындалады.[1]
Материя (лат. materіa — зат) — әлемдегі алуан түрлі нысандар мен олардың жүйелерін, дүниедегі сан алуан құбылыстар мен оқиғалардың, қандай да болсын қатынастар мен байланыстардың, қасиеттер мен формалардың негізін, ішкі мәнін, себебін білдіретін философиялық ұғым. Айналадағы бүкіл дүние — мәңгі қозғалыстағы Материяның алуан түрге түсіп, құбылып өзгеруінің, шексіз байланыстары мен қатынастарының көрінісі.
Ежелгі қытай, үнді, грек философиясында Материя дүниедегі барлық заттардың негізі, дүниенің алғашқы тегі деп түсіндірілді.
Антик. философтар Материяны жеке заттарға: Фалес — суға, Анаксимен — ауаға балады. Гераклит дүниенің алғашқы тегі және оны үздіксіз өзгеріске түсіріп, ұдайы жаңартып тұратын күш лаулаған от, алғашқы зат пен қозғаушы күштің тегі бір деп, диалект.натурфилософияның негізін қалады.
Материя мен қозғалыстың бірлігі жөніндегі мәселені Демокрит өзінің атомистік жүйесі арқылы шешеді. Ол біртекті элементтер атомдарының әр түрлі қосылысынан дүниедегі алуан түрлі заттар пайда болады деп түсіндіреді.
Аристотель Материяны алуан түрлі заттық дүниенің болу мүмкіндігі ғана деп қарайды. Аристотельдің Материяны бастапқы ырықсыз зат, ал рухты белсенді жасампаз құдіретті күш деп дуалистік тұрғыда анықтауы кейінгі философия тарихында маңызды орын алды.
Жаңа заман философтарынан Декарт субстанция жөніндегі теориясында Материяны оның көлемімен барабар деп қарады. Бруно мен Спиноза субстанция ретінде бүкіл дүние, әлем табиғатпен барабар деп санады. Спиноза жеке заттар сыртқы себептің нәтижесінде ғана қозғалысқа түседі, ал табиғат болса өздігінен қозғалып өзгереді дейді. Дидро мен Гольбах “материя — табиғат”, “материя мех. қасиеттердің жиынтығы” деген тұжырымдамаларды ұштастыруға тырысты және Материя ұғымының сыңаржақтылығын аңғарып, Материя дегеніміз — біздің түйсіктерімізде бейнеленетін және осы түйсіктерді тудырушы себеп деп, оған танымдық тұрғыдан анықтама берді. М. анықтамасын оған қарама-қарсы тұрған материалды дүниемен емес, идеалды дүниемен қатысы арқылы да ашуға болады. Материядан өзге мұндай бейматериалдылыққа тек сана ғана жатады.
Зат өзінің санада бейнеленуіне байланысты, біріншіден, ойдың нысаны болса, екіншіден, сол зат жөніндегі ойдың нәтижесі, ұғым. Сөйтіп, ол қосмәнділікке ие болады. Бұл екі ұғым — материя мен сана диалектиканың бір-біріне қарама-қарсы жалпы категориялары. Материя ұғымында объективті дүниені тану кезінде айқындалған оның ең жалпы қасиеттерін сипаттайтын белгілері анықталады.
Осы заманғы ғыл. түсінік бойынша Материяның маңызды қасиеттері:
сақталу мен өзгеру (қозғалыс),
үздіктілік пен үздіксіздік,
кеңістік пен уақыт.
Бұл қасиеттер объективті дүниеде бірімен-бірі ажырамас диалект. бірлікте болады. Материалдық дүниедегі объектілердің ішкі құрылымы тәртіпке келіп реттелген элементтерден түзілген жүйелер болып келді. Материяның біртұтастығы оның әмбебап қасиеттерінен айқын көрінеді. Ол қасиеттерге жататындар: Материяның жаңадан пайда болмайтындығы мен жойылмайтындығы, уақыт өлшемінде мәңгі өмір сүретіндігі, кеңістіктегі шексіздігі, құрылымының алуан түрлілігі.