Ақиқат құндылығына арналған аңыз әңгіме
Екі қасқыр (аңыз)
Баяғының қарттары енді ғана ес біліп келе жатқан немерелерін алдына алып, өнегелі өсиеттерді ақылды аңыз, есті ертегі түрінде жастайынан келер ұрпақтың құлағына сіңіре береді екен. Сондай кемеңгер қариялардың бірі немересіне өмір сырын былай деп айшықтап айтып жатыр екен:
-Әр адамның көкірегінде екі қасқырдың өзара тайталасына ұқсас тартыс жүріп жатады. Оның бірі күншілдік, қызғаныш, өзімшілдік, өтірік сияқты жаман қасиеттерді бейнелесе, екіншісі – сенім, шындық, мейірім, адалдық секілді жақсы қасиеттерді бейнелейді. Бұл екі қасқыр сәт сайын, қадам сайын айқасып, өмір бойы күресумен болады ...
Сонда зерделі немересі атасының сөзін бөліп, былай деп сұрапты:
-Ал ең соңында қай қасқыр жеңеді?
Атасы сәл ойланып, немересінің пайымдылығына сүйсіне отырып, жауап беріпті:
-Сен қайсысын көбірек қоректендірсең, сонысы жеңеді.
Бұл аңыздан не түсіндіңдер?
Атасы немересіне аңыз арқылы не түсіндіргісі келді?
Баланың сұрағына сендер қалай жауап берердеіңдер?
Аңыз әңгіме:
Адам ақиқатты қалай таниды?
Ертеде шығыс елінің бір шаһарға піл әкелген екен. Естігені болмаса өмірлерінде көрмеген мақұлықты көруге ынтызар жұрт қаптап алаңға жиналады. Сөйтсе пілді көрем деушілерден ақы алмаққа оны иелері қараңғы қораға жасырып қойса керек. Бірен – саранында болмаса, көпшілігінде қаражат жоқ, олар тым болмаса қораға кіріп, пілді өз көзімен көріп шыққандардан сұрап білмекші болады. Ең алдымен кіріп шыққан адам жан-жағына қоқилана қарап Пілдің дәл қасына барып, қолыммен ұстап көрдім, құдды бөренеден аумайды дейді. Екінші шыққан адам оған сенбеңдер, қайдағы бөрене, тура жалпақ тақта дерсің дейді. Үшіншісі алғашқы екеудікі де жалған, аумаған құбыр сияқты екен дейді.
Сөйтсе үшеуі де қараңғыда түртінектеп, қолдарымен бірі аяғын, бірі жотасын, ал үшіншісі тұмсығын сипалап көрген ғой. Егер де бір кішкене балауыз шамды жаққанда үшеуі де анық көре алар еді. Долбарларының дұрыс емес екендігіне көздері жетер еді. Иә, өтірікке сенейін деп сенбейді, қисынына сеніп қалады деп ескертпеп пе еді аталарымыз. Ақиқат жалғыз, бірнешеу болмайды, әрбір тұжырым не – ақиқат, не – жалған. Ақиқат бірнешеу болса жаңағы үшеудікі де дұрыс болар еді, екі жерде екіміз төрт, бес, тағы басқа кез келген сан болар еді, су нөл градуста да, жүз градуста да қайнайды десек ақиқат болар еді. Онда тіпті кез келген адамның өз ойына сүйеніп айтқан кез келген топшылауы, долбары дұрыс болар еді, әсіресе қоғамтанудың әр саласындағы «ғалымдардың», қаптаған «сәуегей сарапшылардың», сезімтал жазғыштардың, ойсоқты пәлсапашылардың.
Иә, ақиқат біреу-ақ, яғни ақиқатқа апаратын жол да біреу-ақ, қалған жолдардың барлығы одан алыстатады. Жарықсыз көру де жоқ, яғни ақиқатқа апаратын жол міндетті түрде жарық нұрлы жол, ал қалған жолдардың барлығы керісінше түнектегі жолдар. Ал, қараңғыда көзің мың жерден өткір болса да жол табу, ақиқатты тану жоқ. Мейлің тіріл, мейлің өл, ақиқат деген осы!
Ақиқат құндылығына арналған
Бір күні аспанда данышпандар жиналып адамды жасап, оны жер бетіне жібереді. Содан соң, олар адамға жер бетінде мәнді өмір сүру үшін не керек деген сұрақты талқылауға кіріседі. Бір данышпан: «адамға бақыт жіберейік»,- дейді, екіншісі «ақыл жіберейік»,- дейді. Сөйтіп адамның жер бетінде мәнді өмір сүру үшін керек жақсы қасиеттерді жіберіп жатады. Сол кезде бір данышпан ойланып: «АҚИҚАТТЫ жіберейік»,- дейді. Ал екіншісі: «ақиқатты адамға жайдан-жай жібере салмайық, олар оны өздері іздеп тапсын, сонда ғана адам үшін ақиқаттың мәні болады», -дейді.
Данышпандар АҚИҚАТТЫ біресе күннің артына, біресе айдың артына тығуды ұсынады.
Сол кезде бір данышпан: «Біз одан да АҚИҚАТТЫ адамның жүрегіне тығайық, сонда тек Ар-ұждан дауысын ести білген адам ғана өз жүрегіндегі ақиқатты тани алады. » – деген екен. Ақиқат бізге тумысымыздан берілген сый екен.
Данышпандар не себепті Ақиқатты бірден бере салмай,оны жүрекке жасырып қоюды ұйғарды?
Ар-ұждан дауысын есту дегенді қалай түсінесіңдер?
Сонымен ақиқат дегеніміз не?