Тіл қай елде, қай ұлтта болмасын қадірлі де, құдіретті. Ұлттың болмысын, ұлылығын, кісілік келбетін, биік парасатын танытуда тілден артық күш жоқ.
ҚР «Тілдер туралы» Заңында «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы – тілдлің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» делінген.
Тіл – ойдың тікелей шындығы, тіл – барша білімдердің қазынасы. Тілдің көмегімен өнер-білімді, ғылымды игереміз, өткен-кеткен тарихымызды саралап, сабақ аламыз. Тіл арқылы рухани байлығымызды меңгереміз, өзіміз танып қоймай, сол асыл қазыналарымызды әлемге танытамыз. Әлемді танимыз. Сондықтан да адам баласының байлығының бірі – сөз өнері. «Өнер алды – қызыл тіл» деген аталы сөздің астарында қаншама сыр бар?!
Әрбір елдің қуатты күші, байлық – бақыты экономикалық даму деңгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өрісімен айқындалады. Ал мәдени өре, рухани талғам деген халықтың ақыл-ойының көрінісі – тілге тәуелді екені белгілі. Атадан балаға жеткен ұлы құбылыс ретінде тіліміз талай сыннан сүрінбей өтті, дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, өткір, таза, терең, күшті, кең тіл – ана тілімізден артық халқымыз үшін қасиетті ештеңе болмаған. Себебі, тіл – тарихымыз, тіл – мәдениетіміз, тіл – әдебиетіміз. Тауып айтылған бір ауыз сөзге бір қауым ел тоқтаған. Бұл – халықтың тіл өнеріне деген ыстық сүйіспеншілігінің белгісі. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған.