Бүгінгі оқушы- мемлекеттің болашағы, ертеңгі күннің азаматы. Ал, оның бақытқа жетер даңғыл жолы- туған Отанын, туған тілін сүюден басталады. Сондықтан да, бүгінгі байқауымыздың мақсаты- ұлтшыл емес, ұлттық сана- сезімі мол, Отанын, ана тілін өз анасынан кем сүймейтін азамат пен азаматша тәрбиелеу.
Дүбірлетсін өңірді,
Дүрілдетсін дүлдүлі.
Қазақ деген елімнің
Құтты болсын, бұл күні!- дей отырып, байқауымызды ашу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалсын.
Гимн орындалады.
Ана тілін білмеуің, ананың арын төкендей,
Тілді бұзып сөйлеуің, өзіңді өзің сөккендей.
Тілде олқылық бой алса, тым алысқа бармассың,
Ана тілің жойылса, халық болып қалмассың.
Міне, сондықтан да біздер, бүгінгі жастар, ана тілін біліп, құрметтеп, қастерлеуді өзімізге басты міндет етіп қоюымыз керек. Болашақта егеменді ел болып, халық болып қалу- қалмауымыз бізге, мына өсіп келе жатқан жас ұрпақ сіздерге тікелей байланысты. Олай болса, бүгінгі кешімізде шама- шарқымызша туған тіліміз жайлы ой толғайық.
Бүгінгі кешіміз екі бөлімнен тұрады:
1- бөлімі «Тіл және біз» атты дөңгелек үстел басындағы ой бөліс;
2- бөлімі «Жасай бер, ана тілім- қазақ тілі!» атты әдеби- сазды қойылым.
Мұғалім: Қайырлы күн, қымбатты қонақтар!
Қуан далам, қуанатын күн бүгін,
Серпіп таста мұңды көңіл түндігін.
Тіл туралы заңым енді күшіне,
Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.
Қуан халқым, күшіне енді тіл заңы,
«Сүйінші» деп ақындарың жырлады.
Ел елдігі сыналады тілімен
Сол арқылы жайқалады гүл бағы,- дегендей, «Тіл және біз» атты дөңгелек үстел басындағы ой бөліске қош келдіңіздер!
Ей, тәкаппар дүние,
Маған да бір қарашы.
Танимысың сен мені
Мен қазақтың баласы!- деп ақын Қ. Аманжолов ағамыз айтқандай өзімізді таныстырып өтейін. Бүгін бізде қонақта- №7 Сарысу орта мектебінің ана тілінің бір топ жанашырлары және тізгінші, мен- Бұхарова Анаркүл Оразқызы.
Аружан:Ана тілі- біздің туған анамыз,
Анамыздай сыйлап бағып- қағамыз,
Ана тілін бағаласақ қалай біз
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.
Ана тілін кім аялай білмесе
Анасынан безген ұл деп қараңыз,- дегендей, мен үшін қазақ тілі- менің мәртебем. Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе, басқа ұлт қайда барады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демей ме халық. Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақ тілін біліп, еркін сөйлесу- әр халықтың міндеті болуға тиіс. Ол үшін әр қазақтың жүрегі елім деп, туған тілім деп соғуы керек. Сонда ғана, біз бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан ойып орын аламыз.
Балғын: Әрбір тілде сөйле әлемді таң қылып,
Ана тілін білмеу- қандай заңдылық?
Өсер болсаң байтақ далаң тұрғанда,
Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.
Қазақ тіліне мемлекеттік тіл статусын берген- Республика Парламенті. Ендеше, алдымен Парламент қазақ тілінде сөйлеуі керек, сонан кейін Президент аппараты, үкімет мүшелері. Бұл қағида қатаң сақталуы керек. Балық басынан шірімеуі керек. Тіл үйренгісі келген адамға барлық жағдай бар. Оқулық та, сөздік те, әдістемелік құрал да- бәрі жеткілікті. Жоғы- ықылас пен ынта. Ал ондайларға қатты жаза қолдану керек. Себебі, орыстар немесе өзге ұлт өкілдері біздің қисығымызды түзеп бермейтіні белгілі. Ендеше қышыған жерімізді өзіміз қасуымыз керек. Ұлттық намысы, ары, қаны бар қазақ өзінше үлес қосса, иншалла, шаруамыз ілгері басар.
Латын әліпбиіне көшу дегеніміз- қазақ тілін құрту деген сөз. Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақ әліпбиін өзгертуге болмайды»,- деген сөзі бар. Егер латынға көшсек, осы кезге дейін жинаған асыл мұраларымыз бен байлығымыздан айырылып, жеткен биігімізден кері кетеміз. Латынға көшу- бүкіл халқымызды қайта оқыту деген сөз. Одан әрі ХХ ғасырдың басындағыдай сауатсыздықты жою күресі басталмақ. Онда бүгінгі күндегі мұқалған тілімізді қалпына келтіру жұмыстары жайына қалмақ. «Сау басына сақина тілеп алу» деген осы болар. Меніңше, кириллица әліпбиінің біздің тілімізге еш зияны тиіп тұрған жоқ.
Қазақ халқының 30%- ға жуығы, яғни 5 миллиондай қазақ шетелде дейміз. Шынайы жағдайды айтар болсақ, шетелдегі қазақтардың жағдайы өте күрделі. Мәселен, Ресейде қазір бірде бір қазақ мектебі жоқ. Онда қазақша білетін азаматтар өте аз, ал олардың балаларының көбісі орыс тілді. Мысалы, Өзбекстандағы қазақтар шоғырланған жерлердегі қазақ мектептерінің саны екі есе қысқарды. Қытайда да осындай жағдай қалыптасқан. Жалпы, бұл- қазақтар үшін үлкен мәселе. Қазіргі уақытта шекарамыз ресми түрде белгіленді. Енді қысқа мерзімде шетелдегі қазақтарды қайтарып алмасақ, біз оларды жоғалтып аламыз. Әрине, олар келуі үшін жағдай жасауымыз керек. Кең байтақ жерімізде саны аз халық мекендейтінін ескергенде, қазақтар үшін ең бірінші мәселе- тіл және қазақ халқының санын көбейту болып табылмақ.
«Жасай бер, ана тілім- қазақ тілі!» атты әдеби- сазды қойылым
Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
«Қазақпын» деп досқа айтам ұғысатын,
Мақтан етсін атақты туыс атын.
«Қазақпын» деп жауға айтам қасақана
Біліп қойсын болса ойы жұғысатын.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» алғашқы заңы 1989 жылы
22- қыркүйекте қабылданды. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7- бабында «Қазақ тілі- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі»,- деп жазылған. Тіл- атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл- еліміздің іргетасы, ұлттың қуаты. Тіл- халық тарихы, тіл- мәдениет, тіл- әдебиет. Тіл- біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.
Ендеше, бүгінгі ұрпақ, яғни ертеңгі күннің келері тіл туралы ой толғайды.
1- оқушы: Бейбіт елде болмаса да қатал күн,
Бейқам жүріп шала қазақ атандың.
Арғы тегін анық білмей атаңның,
Ар- намыссыз шала қазақ атандың.
Қасиетін қастерлемей сақалдың,
Қас надандай шала қазақ атандың.
Мағынасын түсіне алмай мақалдың,
Масқара боп шала қазақ атандың.
Құса болып құстың талай, қақалдың,
Бәрібір де шала қазақ атандың.
Өз баласы болам қалай Отанның,
Өз үйімде шала қазақ атандым.
Ұят болар «Шала қазақ» атанба,
Жүрген жоқсың алыс елде, жапанда.
Осы менің саған айтар ақылым,
Осы менің саған берер батам да.
Әкең қазақ, шешең қазақ, қарағым,
Сен ұлысың мынау дархан даланың.
Әр халықта ұлттық намыс деген бар,
Оны биік қасиет деп санағын.
2- оқушы: Е, адамдар, тыңда мені, құлақ түр,
Ана тілім- Қазақ тілі- бір-ақ тіл!
Арғы тегім кедей- кепшік болса да,
Кедейліктің белгісі емес бірақ бұл!
Ана тілім- аялайтын бір гүлім,
Ана тілім- саялайтын тірлігім.
Ана тілім- әнші құсым, бұлбұлым,
Сайрап кетсе сарқылмайтын жыр бүгін!
Жүргізуші: Тілім менің- тірегім, тінім менің,
Тілсіз қандай болады, күнім менің?
Өз халқыма жетеді өз мәнінде,
Өз тілімде оқылса жырым менің.
Тілім менің- асылым, арым менің,
Арым кетсе не пайда барым менің?
Бас кескендер тілімді кесе алмаған,
Тілден бұрын бітеді жалын демім.
Тіл туралы шағын көріністерден үзінді көрсетіледі.
3- оқушы: Сол тіліммен дүниені аттадым,
Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.
Жатты онда уыз сүті ананың
Жатты онда аманаты атаның.
Сол тіліммен махаббатқа тіл қаттым,
Сол тіліммен талай гүлді жылаттым.
Сол тіліммен сәбилерді сөйлеттім,
Сол тіліммен көз жастарын құрғаттым.
Сол тіліммен аспан көрдім, жер көрдім,
Сол тіліммен көгершінге жем бердім.
Сол тіліммен дүниеге мен келдім,
Сол тіліммен дүниеден кетемін.
С. Мәуленов.
4- оқушы: «Төрт ана»
Тамырыңды тамырсыздық індетінен қалқала.
Әр адамда өз анасынан басқа да
Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада
Болу керек құдіретті төрт ана.
Туған жері- түп қазығы, айбыны,
Туған тілі- сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт- санасы тірегі,
Қадамыңа шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы, еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Төрт анаға әнін жалғай алмаған,
Пенделердің басы қайда қалмаған,
Төрт анасын қорғамаған халықтың
Ешқашанда бақ- жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана- тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес- күрестердің ұлысы.
Ән: «Үш бақытым».
Жүргізуші:
Тілім менің- қазынам, қасиетім,
Қасиетім бар әлем бас иетін.
Тілі жоқтың түгі жоқ, түбірі жоқ,
Бола көрме Ана тіл қасіретім.
Тілім менің- қуатым, күшім менің,
Күшім кетсе, не болар ісім менің?
Бас кескендер тілімді кесе алмаған,
Тілден бұрын бітеді жалын демім,- деп ақын жырлағандай, тіл туралы мақал- мәтелдер мен даналардан қалған сөздерге құлақ түрейік.
Слайдтармен жұмыс.
Жүргізуші: «Өнер алды- қызыл» дейді халық. Десек те сол тілдің талай- талай қызығы мен алуан түрлі сыры бар екенін көпшілігі біле бермейді. Пайымдап қарап, тереңірек талдасақ біздің ана тіліміздің сөздік қоры өте бай, мағынаға мол, оралымды тіл екенін көреміз. Бұған дәлел ретінде Мақалбай атайдың сұрақтарына мақал- мәтелмен жауап беріп, сөзге шешенді анықтайық.
Слайдтармен жұмыс.
Жүргізуші: Бүгінгі «Жасай бер, ана тілім- қазақ тілі!» атты кешімізді осымен аяқтай отырып, қорытынды сөзді қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіс бірлестігінің жетекшісі Лязат Болатқызына береміз