СДЕЛАЙТЕ СВОИ УРОКИ ЕЩЁ ЭФФЕКТИВНЕЕ, А ЖИЗНЬ СВОБОДНЕЕ
Благодаря готовым учебным материалам для работы в классе и дистанционно
Скидки до 50 % на комплекты
только до
Готовые ключевые этапы урока всегда будут у вас под рукой
Организационный момент
Проверка знаний
Объяснение материала
Закрепление изученного
Итоги урока
«Өмір бойы ойлап табу керек, жетілдіріп, дамыта түсу керек – міне, мұғалім өмірінің ең жалғыз жолы осы.» К.Д. Ушинский. Мұғалімдік қызмет еткеніме, міне 24 жылдай уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде қанатым қатайып, білімім нығайып, біліктілігім артып, әр жыл өткен сайын шыңдала да ширыға түсіппін. Алғаш дәріс берген жылдарымнан бастап осы күнге дейін бірнеше біліктілікті арттыру курстарынан өттім, жаңашыл педагогикалық технологиялар туралы білдім, үйрендім, тәжірибеде қолдандым. Сондағы түйгенім: ұстаз кез келген заманның, уақыттың талабына сай келуі керек. Жаңалыққа жаны құмар ұстаз бір орында тұрмайды. Оның тежелуге, тоқырауға құқы жоқ. Себебі заман қарқындап дамып барады, уақыт озған сайын өзгеріс легі мол. Ия, қазіргі мұғалімдердің алдында тұрған ең басты мәселе: «Мұғалімдер оқушыларды қалай дайындайды?» деген маңызды сауал. Бұл мәселені шешуге деңгейлі оқу бағдарламасы бағытталған. Бүгінгі таңда деңгейлі оқу бағдарламасын меңгерту үшін үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әр мектептен үш деңгейден мұғалімдер курстан өтіп, біліктіліктерін арттырып жатыр. Мен де бірінші деңгей оқу бағдарламасын оқып шықтым. Көп жайттарға басқаша қарайтын болдым, оқушыларыма дайын білім бермей, соған бағыттаудың жолын, әдісін үйретуді басшылыққа алатын болдым. Оқушы өзінің оқуы үшін жауапты болуын сезінуге мұғалім жағдай жасайды, сондай ортаны қалыптастырады. Мұғалімде Шульманның айтқан «үш көмекшісі»: бас, қол, жүрек болуы керек. Кәсіби түсінігіміз мол, дамыған, жетілген, оқу мен оқытуға негізделген болса, оқытудың тәжірибелік дағдыларын жетік меңгерген болсақ, оқушының көздеген нәтижелі жұмыс жасауына ұмтылыс жасауына қолайлы орта қалыптастырсақ, өзіміз моральдық құндылықтарды ұстанып, оқушыларымызға мейірім мен әділдік көрсете білсек, алдымызға қойған міндетті дұрыс атқарған боламыз. Ойшыл Абай атамыздың адам баласына ақыл, жүрек, қайрат үшеуінің басын біріктіріп жүрекке билетуді жөн санау туралы ойы осы мәселеге дәл келіп тұрғандай. Педагог үнемі дамып, жетіліп отырады. Бірақ оның бейнесі қандай болмақ? Педагогикалық білім беру мақсатында ұсынылған заманауи педагогтің бейнесі ретінде күрделі әлеуметтік-мәдени жағдайда еркін бағдарлануға, өзекті білім беру міндеттерін шешу жағдайында жауапты және кәсіби әрекет етуге қабілетті педагог үлгісі ұғынылады. Мұғалімнің заманауи кәсіби іс-әрекетінің табиғаты жаңа педагогикалық ойлауды, оның құндылық бағдары бірыңғай ойлаудан жеке ойлаудың басым болуын талап етеді. Педагогикалық әдебиеттерде педагогтар дамуының 4 түрлі технологиясы туралы айтылады. Олар: тұлғалық-кәсіби даму технологиясы, педагогтардың кәсіби дамуын Интернет қолдауы, ғылыми-әдістемелік іс-әрекет үдерісінде педагогтің кәсіби дамуы, педагогтің құзыреттіліктерін үздіксіз дамыту технологиясы. Тұлғалық-кәсіби даму технологиясы дегеніміз мұғалімнің шығармашылық белсенділігі, өзін-өзі жетілдіруге, дамытуға ұмтылысы. Педагогтардың кәсіби дамуын Интернет қолдауы дегеніміз ақпараттық технологияларды қолдануы, кәсіби білімдерінің талап етілуі. Ғылыми-әдістемелік іс-әрекет үдерісінде педагогтің кәсіби дамуы дегеніміз оқу-тәрбиелеу үдерісінің алуан түрлі әдістері, құралдарын, технологияларын қолдану арқылы оқушылардың оқуы, тәрбиеленуі, дамуы бойынша жүзеге асатын іс-әрекет. Педагогтің құзыреттіліктерін үздіксіз дамыту технологиясы дегеніміз біліктілікті арттыру, қайта даярлаудан өту. Бұл технологиялар бізге жат емес. Біз осы негізде өсіп, жетіліп, дамып келеміз. Олай болса, мен толықтай, қазіргі заман педагогімін деп айтуыма болады. Осы бір сөйлем айтар ауызға жеңіл көрінгенімін салмағы өте ауыр. Ия, мен осы жаһандану заманында өмір сүріп жатырмын. Мен осы заманның өзгерісімен бірге алға жылжып келемін. Бір апталық, екі апталық, тіпті үш айлық оқу курстарынан да өтіп, білімімді жетілдіріп жатырмын. Өйткені менің алдымда отырған әрбір оқушыны менің ұлтымның ертеңі, мемлекетімнің келешегі, болашақтың тірегі деп білемін. Мен – жауапты қызмет иесімін. Өйткені жас ұрпақтың қалай ойлай алатындығына, алған білімін қажетіне жарата алуына бастау болатын бізбіз. Сондықтан да мұғалімнің қай заман да болса да артар жүгі өте ауыр. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне салмақ көбірек түседі деп ойлаймын. Өйткені, біріншіден, оқушылардың өз тілін сүйіп, мақтан тұтып, қадірлеп, құрметтеп, өз тілінде еркін сөйлей алуына жауаптымыз. Екіншіден, әдебиет пәнінің негізгі нысаны – адам, олай болса, біз адам болып, жеке тұлға болып қалыптасуына, адами қасиеттерінің жоғары талапқа сай болуына, бойларына ұлттық құндылықтарды жинақтай білуіне, жалпы толық адам тәрбиелеп шығаруға жауаптымыз. Бұл жауапкершіліктерді мен бар жан-тәніммен сезінемін, бар болмысыммен түсінемін. Бірінші деңгей оқу бағдарламасын оқып бітіргеннен бері көптеген жайттарға көзқарасым өзгерді. Біріншіден, «біз» дегеннен «мен» деп айтуды, сөйлеуді, екіншіден, оқушыға серік, дос ретінде қарауды, сабақ үстінде еркін қозғалыс жасауды, үшіншіден, әріптестеріме ойымды ашық айтуға, оларды кәсіби әңгімеге тартуды, төртіншіден, көшбасшылықты үйрендім. Педагогикалық шеберлік – тек қана мұғалімнің жалпы, жан – жақты және әдістемелік сауаттылығы ғана емес, ол – әр сөзді оқушылырға жеткізе білу, олардың толық қабыл алуы. Ұстаздық шеберлік біріншіден, мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымды, моральды бойына сіңірген адам екендігі, екіншіден, пәнді жетік білген, ойын толық жеткізетін және оқушылардың бойында әдеп, әдет, дағды сияқты моральдық нормаларды сіңіре білгендігі, үшіншіден, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс – тәсілдерін меңгерген, білгенін қызықты да, тартымды өткізе алатын, педагогикалық әдеп пен талантын ұштастырған адам ғана шеберлікке ие болады. Бұл жолда менің мақсатым айқын, жоспарым нақты, болжамым шынайы. Академик З.Қабдолов «Шебер шеберленген сайын шыңдала түседі. Ал шеберлік – шексіз» деген сөзі ұстаздар қауымына қатысты секілді. Өйткені ұстаздық та – ізденген сайын ашыла түсетін, ішкен сайын шөлдей түсетін, енген сайын кеңейе түсетін, жақындаған сайын алыстай түсетін шексіз дүние іспеттес. Заман ағысына сай біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған маман – уақыт талабы. «Мұғалімдер- қоғамның ең білімді, ең отаншыл, білгілеріңіз келсе, ең «сынампаз» бөлігі болып табылады», – деп Елбасы Н. Ә. Назарбаев бекер айтпаса керек. Сондықтан да бүгінгі таңда тәуелсіз елімізге білікті маман, өз ісінің шебері болуымыз өте маңызды және қажет.
© 2018, Асаубаева Алтын Кувандыковна 1504