Сынып 7
Күні 7.12.2016
Тақырыбы: Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет
Мақсаты:
Білімділік: Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды айыра отырып әдеп әліппесін бойына дарыту, тіл байлығын, таным белсенділігін арттыру.
Тәрбиелік: «Үлкенге- құрмет , кішіге- ізет» ұранымен оқушыларды қарттарды сыйлауға, құрметтеуге, қадірлеуге тәрбиелеу;
Дамытушылық: Балаларды кішіпейілділікке, үлкендерді сыйлауға, көмектесуге үйрету, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, жаман қасиеттерден жирену сезімін дамыту;
Көрнекілігі: нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, суреттер, слайдтар.
Барысы:
Ата-анаңның тілегі – адам болып өскенің;
Адамдықтың тірегі – адал болып өскенің.
Үлкендерді құрметтеп,
Көрінер кіші ізетің.
Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса
Сыйлы болмақ өзі де
Үлкен болған кезінде.
Көп жасаған қария –
Ақылы теңіз дария.
Көп өнеге сөзі бар,
Сөзі – соқпақ, сөзі – нәр.
Ата салты ардақты,
Әрбір сөзі салмақты.
Сол сөздерді ұқпасаң,
Тістерсің бір күн бармақты.
1-оқушы: Үлкенге үнемі сәлем бер.
2-оқушы: Үлкенге қарсы шықпа
3-оқушы: Үлкеннің батасын қабыл ал.
4-оқушы: Атаға бөлінгендер адыра қалады.
Көпті қорлаған көмусіз қалады.
5-оқушы: Үлкен кісіні ренжітпе.
6-оқушы: Ауылыңда қария болса,
Жазып қойған хатпен тең.
7-оқушы: Кәрі келсе асқа,
Жас келсе іске.
8-оқушы: Кәрі, кәрінің сөзі – дәрі.
9-оқушы: Ақылды қария – ағып жатқан дария.
10-оқушы: Кәріліктің алды, жігіттіктің соңы.
11-оқушы: В. А Сухомлинский: «Қарттардың адамдық осалдықтарына кешірімді бола біліңдер»
12 – оқушы: Махмуд Қашғари: «жасы үлкенді қадірлесе – құт болар.»
13- оқушы: Махмуд Қашғари: «кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі»
14- оқушы Фарид – ад – дин Аттар: «қартайған шағыңда өзіңді басқалар құрметтеу үшін жас кезіннен қауқары қайтып, сақал – шашы ағарған кісіге ізет қыл.»
15- оқушы: Өткен менен кеткенді,
Көп жасаған қарт білер. Шал ақын.
16- оқушы: А. Поп: «Кішіпейілдіктің кетімсіздігі – ақылдың жетімсіздігі.»
Үлкендіктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ кәріліктің өзінің сәні – мәні бар. Ұлықпан Хакім мың жасаған дейді, ешкім мың жасамайды, тек өсіп-өнген, тәрбиелі ұрпағымен мың жасайды. Ия, ұрпағының өсіп, жетіліп, айналасына үйіріп отырған көреген қарияда не арман бар?
Қазақтың басқа халықтардан айырмашылығы – “Ұрпағым” деп шыр-пыр болатыны. Ол үшін көзсіз көбелектей отқа түсетіні. Бұл- біздің ең ұлы ұлттық қасиеттеріміздің бірі.
Жас ұлғайып, кәрілік кезеңге аяқ аттау – қазақ қауымын қай уақытта да
ойлантып, толғандырған. Өзі де дәулетті әулеттен, не ішем, не кием деп бас қатырмай ән қанатына тербелген Біржан сал: «Әудем жер баса алмаймын аяғымнан, Ұстаймын екі қолдап таяғымнан. Кәрілік келіп қалдың қай жағынан?»-деп жырласа, Абай атамыз да: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», — деп күңіренген. Ащы айқайымен Сыр бойын ұйқыдан оятқан ер Нартай да: «Қартайдым, елім, қартайдым, Келе де береді жантайғым»,- демеп пе еді.Ия, кәрілік дегенің, бажайлап көрсең, қуанышы аз кезең сыңайлы. Дегенмен өлі арыстаннан тірі тышқан артық дегендей, бір- бірімізге ұзақ ғұмыр тілеп, «жүз жаса», «жағың түскенше, жаманшылық көрме», «шөбереңнің алақанынан су іш» деп жатамыз.
Орыс жазушысы Лев Толстойдың «Қарт пен немере» мысалы естеріңде ме? Бір үйде төрт адам. Ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен береді. Бір күні шалдың немересі ағаш жоныпты.
Әке-шешесі:
-Балам, не істеп отырсың?- деп сұрайды.
— Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын, – депті баласы.
: «Әкесін сыйламағанды, баласы сыйламайды»,- деген бар емес пе? Ата-анаға қатыгездік жасаған адам дүниедегі ең күнәсі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Қазақ халқында ондай пенделер қатаң жазаға, қатты қарғысқа ұшыраған.
Алайда, «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада», – демекші, өзінің перзенттік борышын түсінбеген, сөйтіп, ата-анасын жерге қаратып, көкіректерін қарс айырғандар бұрын да болған, қазір де жоқ емес. Құдайға шүкір, ер азаматтар мен көне көз қарияларымыздың жөн-жосық тәлімдері арқылы мұндай өрескел істерге жол берілмейді.
Қорытынды:
«Бала өсіргің келсе, дана жүректі қатты ұста, үйрет білім, ізетті», — деп Әбу Насыр әл-Фараби айтпақшы, аталардан қалған ұлағатты ғибрат аларлық сөздерді балаларға халықтың асыл қазынасы саналатын қарттарымыз жас ұрпаққа үйретіп, айтып отырайық, — деп бүгінгі сабағымызды аяқтайық.
Мұғалім:
«Бабаларым, рахмет сендерге!
Балаларым болмасын деп бос кеуде,
Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,
Өмірге мен мылқау болып енгенде
Бабаларым, рахмет сендерге!»,- деп Мұқағали Мақатаев атамыз айтқандай міне, балалар, біз өзіміздің ата-әжелеріміз алдында қарыздармыз. Ол қарызымызды тек жақсы тәрбие арқылы, адамгершілігі мол, мейірімді болу арқылы ғана, оларды көрген жерде құрметтеп сыйлау арқылы ғана қайтара аламыз.